ВС РК - Постановление от 09.04.2025 по делу 6001-24-00-6ап/2963 (Административное)

6001-24-00-6ап/2963

ҚАУЛЫ

2025 жылғы 9 сәуір Астана қаласы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:

төрағалық етуші – судья Г.Б. Дуйсенбаев, судьялар – Г.К. Нұрбаев, Е.Ж. Өмірәлиев,

жауапкер өкілі А.Б.Измагамбетованың қатысуымен,

өзінің ашық сот отырысында Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының сот мәжіліс залында арқылы «Журналистік зерттеулер агенттігі» қоғамдық бірлестігінің «Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы» мемлекеттік мекемесіне, «Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының Активтерді қайтару жөніндегі комитеті» республикалық мемлекеттік мекемесіне (бұдан әрі - Комитет), «Қазақстан Республикасының Қаржы министрлігі» мемлекеттік мекемесіне, «Қазақстан Республикасының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі» мемлекеттік мекемесіне, «Қазақстан Республикасының Қаржылық мониторинг агенттігі» мемлекеттік мекемесіне, «Қазақстан Республикасының Ұлттық банкі» республикалық мемлекеттік мекемесіне «Аяла» қорының қаражатты оффшорға шығаруы туралы ақпаратты тексермеу жөніндегі, тыңдау жүргізбеу жөніндегі әрекетсіздіктерін заңсыз деп тану, тыңдау жүргізіп, хаттама жасауға міндеттеу туралы әкімшілік ісі бойынша қабылданған,

Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 19 тамыздағы ұйғарымына және Астана қалалық сотының әкімшілік істері жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 17 қыркүйектегі ұйғарымына талап қоюшының кассациялық шағымымен келіп түскен әкімшілік істі қарап,

АНЫҚТАҒАНЫ:

Талап қоюшы «Журналистік зерттеулер агенттігі» қоғамдық бірлестігі (бұдан әрі – Бірлестік) сотқа аталған талап арызбен жүгінген.

Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 19 тамыздағы ұйғарымымен талап арыз қараусыз кері қайтарылған.

Астана қалалық сотының әкімшілік істері жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 17 қыркүйектегі ұйғарымымен бірінші сатыдағы соттың ұйғарымы өзгеріссіз қалдырылған.

Талап қоюшы кассациялық шағымында іс бойынша қабылданған сот актілерімен келіспей, жергілікті соттардың құқық нормаларын дұрыс қолданбағанын көрсете отырып, олардың күшін жойып, істі негізінен қайта қарауға жолдауды сұраған. Тиісті түрде хабарланған талапкер өкілінің кассациялық саты сотының отырысына келмеуі Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 115-бабының бірінші бөлігіне сай істі мәні бойынша қарауға кедергі келтірмейді.

Сот алқасы, жауапкер өкілі А.Б.Измагамбетованың кассациялық шағымды қолдамаған пікірін тыңдап, әкімшілік іс құжаттарын зерттеп, шағымның уәждерін талқылап, келесі қорытындыға келді.

ӘРПК-нің 169-бабының бірінші бөлігіне сәйкес кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.

АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, АПК-нің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.

Іс бойынша мұндай кемшіліктер орын алмаған.

Іс құжаттарына қарағанда, талап қоюшы тарапынан жауапкерлерге «Аяла» жекеменшік қоры оффшорға шығуына байланысты, тексеру комиссиясын тағайындап, ведомстволық топ құрып, тексеру жүргізуді сұраған.

Талап қоюшының сұрауы бойынша Комитет 2024 жылғы 26 шілдеде және 7 тамызда, Қаржылық мониторинг агенттігінің Алматы қаласы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаменті 2024 жылғы 26 шілдеде, Министрліктің Мемлекеттік кірістер комитеті 2024 жылғы 31 шілдеде, Ұлттық Банк 2024 жылғы 2 тамызда түсіндірме сипатындағы жауаптар берілген.

Жергілікті соттар талапкердің талап арызын кері қайтарып, оны ӘРПКнің 138-бабы 2-бөлігінің 11) тармақшасының негізінде іс әкімшілік сот ісін жүргізу тәртібімен қарауға жатпайтындығымен негіздеген.

Сот алқасы төменгі саты соттарының тұжырымдары материалдық және процестік құқық нормаларына сай дұрыс қабылданған деп таниды. ӘРПК-нің 102-бабының 2-бөлігіне сәйкес, жария-құқықтық қатынастардан туындайтын даулар әкімшілік сот ісін жүргізу тәртібімен қаралатыны қарастырылған.

ӘРПК-нің 138-бабының 2-бөлігінде, егер тараптар арасындағы дау әкімшілік сот ісін жүргізу тәртібімен қарауға жатпаса, сот талап қоюды қайтару туралы ұйғарым қабылдау қажет екені көзделген.

Сотта анықталған мән-жайларға қарағанда тараптар арасындағы дау жария-құқықтық қатынастар орын алмаған, әкімшілік рәсім жауап хаттар берумен аяқталған.

Істің бұндай тұрғысында жергілікті соттардың талап арызды қайтару туралы тұжырымдары заңды әрі негізді болып табылады. Төменгі сатыдағы соттармен іс үшін маңызы бар мән-жайлар ауқымы дұрыс айқындалған, материалдық құқық нормалары дұрыс қолданылған, процестік құқық нормалары бұзылмаған.

Талап қоюшының кассациялық шағымында көрсетілген уәждері төменгі саты соттарымен жан-жақты зерттеліп, оларға тиісті құқықтық баға берілген, ал тараптардың сот тұжырымдарымен келіспеуі, сот актілерін өзгертуге немесе бұзуға негіз болып табылмайды.

Сондықтан, сот алқасы іс бойынша қабылданған сот актілерінің күшін жоюға, кассациялық шағымды қанағаттандыруға негіздер жоқ деп тапты.

ӘРПК-нің 169-бабын және АПК-нің 451-бабының екінші бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы

ҚАУЛЫ ЕТТІ:

Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 19 тамыздағы ұйғарымы және Астана қалалық сотының әкімшілік істері жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 17 қыркүйектегі ұйғарымы өзгеріссіз қалдырылсын. Талап қоюшы «Журналистік зерттеулер агенттігі» қоғамдық бірлестігінің кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Төрағалық етуші Дуйсенбаев Г.Б. Судьялар Нұрбаев Г.К. Өмірәлиев Е.Ж. Көшірмесі дұрыс. Судья Дуйсенбаев Г.Б.

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.