ВС РК - Постановление от 02.10.2023 по делу 6001-23-00-3Г/3331(2) (Гражданское)

6001-23-00-3г/3331(2)

Қ А У Л Ы

2023 жылғы 02 қазан А с т а н а қ а л а с ы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының судьясы И[...] талап қоюшылар М[...], Н[...] жауапкер «Арал аудандық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімі» коммуналдық мемлекеттік мекемесіне жұмыстан босату бұйрықтарын заңсыз деп танып күшін жою, бұрынғы жұмыстарына қайта орналастыру, бос жүруге мәжбүр болған күндері үшін орташа жалақы өндіру, төленбеген міндетті зейнетақы жарнасын жеке зейнетақы шоттарына аудару, моральдық зиянның өтемін өндіру туралы талап қоюмен қозғалған азаматтық ісі бойынша қабылданған

Қызылорда облысы Арал аудандық сотының 2023 жылғы 20 наурыздағы шешімін, Қызылорда облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 07 маусымдағы қаулысын кассациялық тәртіппен қайта қарау туралы талап қоюшылардың өкілі Р[...] өтінішхатын істі алдырту арқылы алдын ала қарап,

Талап қоюшылар М[...], Н[...] жауапкер «Арал аудандық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімі» коммуналдық мемлекеттік мекемесіне (бұдан әрі – Бөлім / жұмыс беруші) жұмыстан босату бұйрықтарын заңсыз деп танып күшін жою, бұрынғы жұмыстарына қайта орналастыру, бос жүруге мәжбүр болған күндері үшін орташа жалақы өндіру, төленбеген міндетті зейнетақы жарнасын жеке зейнетақы шоттарына аудару, моральдық зиянның өтемін өндіру туралы талаптарымен сотқа жүгінген.

Қызылорда облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 07 маусымдағы қаулысымен өзгеріссіз қалдырылған Қызылорда облысы Арал аудандық сотының 2023 жылғы 20 наурыздағы шешімімен талап қоюшылардың талап қоюы қанағаттандырудан бас тартылған.

Талап қоюшылардың өкілі Р[...] өтінішхатында бірінші сатыдағы сот шешімінің және апелляциялық сатыдағы сот қаулысының тұжырымдары істің мән-жайларына сәйкес келмейтінін, материалдық заң нормаларына қайшы екенін, жергілікті соттармен қолдануға жататын материалдық құқық нормалары дұрыс қолданылмаған көрсетіп, сот актілерінің күшін жоюды сұраған.

Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы

заңды күшіне енген сот актісін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.

Анықталғандай, Бөлімнің 2021 жылғы 05 қаңтардағы №№ 21-ж/қ, 22-ж/қ бұйрықтарымен М[...], Н[...] мекеменің балалар мен он сегіз жастан асқан адамдарға үйде әлеуметтік қызмет көрсету бөлімшесінің әлеуметтік қызметкерлері ретінде жұмысқа қабылданған.

2021 жылғы 05 қаңтарда аталған бұйрықтар негізінде бір жағынан жұмыс берушінің атынан Бөлім басшысы Т[...] және екінші жағынан М[...], Н[...] № 16 және № 17 еңбек шарттары жасалған.

Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің 2015 жылғы 26 наурыздағы № 165 бұйрығымен бекітілген «Халықты әлеуметтік қорғау саласында арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету стандарттарын бекіту туралы» бұйрықтың 15-тармағының 4), 8) тармақшаларына сай қызметтерді алушы басқа елді мекенге көшкен кезде және білім беру ұйымдарында арнаулы әлеуметтік қызметтер алған жағдайда арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету тоқтатылады.

Бөлімнің 2022 жылғы 26 желтоқсандағы № 219-ж/қ, № 220-ж/қ бұйрықтарымен Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің (бұдан әрі - Еңбек кодексі) 49-бабының 3) тармақшасы негізінде жұмыс берушінің бастамасы бойынша еңбек шарттары бұзылып, М[...] және Н[...] жұмыстан шығарылған.

Еңбек шарттардың бұзылуына аталған жұмыскерлердің Бөлімнен қызмет алушыларына қызмет көрсетуге бармай, кестеге қызмет көрсеткендері туралы көрсетулері, атап айтқанда

  • М[...] бұрын Бөлімнен қызмет алушы ретінде есепте болған, бірақ 2022 жылғы 20 қарашада Қызылорда облысы, [...]на қоныс аударған Б[...] 2022 жылғы 20 қараша мен 23 желтоқсан аралығында қызмет жасамаған күндеріне 22 сағаттық қызмет көрсеткені туралы мәліметті,

  • Н[...] бұрын Бөлімнен қызмет алушы ретінде есепте болып, 2022 жылғы 02 желтоқсаннан бастап № 71 мектеп-интернатына орналастырылған Р[...] 2022 жылғы 02 желтоқсан мен 22 желтоқсан аралығында қызмет жасамаған күндеріне 19 сағаттық қызмет көрсеткені туралы мәліметті

кестеге енгізгендері негіз болған.

Аталған қызмет алушыларға қатысты арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету 2022 жылғы 22 желтоқсанға дейін тоқтатылмай, М[...] мен Н[...] қызмет алушыларға барғандарын кестелеріне көрсетіп келген. Сол себепті, жұмыс беруші қызметкерлер өздерінің функционалдық міндеттерін атқармаған деп, Еңбек кодексінің 49-бабының 3) тармақшасына сәйкес оларды жұмыстан шығарған.

Жергілікті соттар талап қоюды қанағаттандырусыз қалдыра отырып, талап қоюшылар өздері қызмет көрсетпейтінін біле тұра, арнаулы қызмет алмайтын балаларды оларға бару кестесіне көрсетіп келгенін, сол себепті жұмыс берушінің өздеріне деген сенімін жоғалтқанын, сонымен қатар, сот отырысында кестені талап қоюшылар жасайтыны анықталғанын, талап қоюшылар өздері қызмет көрсететін балалардың біреуі басқа қалаға көшіп кеткені, бір баланың мектеп-интернатқа орналастырылғаны, оларға қатысты қызмет көрсету тоқтайтыны туралы басшыларына ұсыным бермегенін, осыған байланысты талап қоюшылармен еңбек шарты Еңбек кодексінің 52-бабы 1-тармағының 13) тармақшасы негізімен тоқтатылуға жатады деп көрсеткен.

Еңбек кодексінің 61-бабының 2-тармағына, Қазақстан Республикасының Жоғарғы Сотының «Соттардың еңбек дауларын шешу кезінде заңнаманы қолдануының кейбір мәселелері туралы» 2017 жылғы 06 қазандағы № 9 нормативтік қаулысының (бұдан әрі – нормативтік қаулы) 10-тармағына сай, жұмыс берушінің актісінде Еңбек кодексіне сәйкес еңбек шартын тоқтату үшін негіз көрсетілуге тиіс. Осыған байланысты соттардың жұмыс берушінің еңбек шартын тоқтату немесе бұзу туралы актісін жарамсыз деп танығаны және одан кейін жұмыскерді жұмысқа қайта алу мәселесін шешкені жөн.

Өтінішхат иесі, жоғарыда келтірілген заң нормаларына сілтеме жасап, жұмыс берушінің актісінде еңбек шартын тоқтатудың нақты негіздері көрсетілу керек екендігін, алайда 2022 жылғы 26 желтоқсандағы № 219-ж/қ, № 220-ж/қ даулы бұйрықтарда шарттардың тек Бөлімнің бастамасы бойынша бұзылғаны туралы жазылғанын, соған қарамастан жергілікті соттар жұмыс берушінің орнына негіздеме ойластырып жасап, еңбек шарттардың Еңбек кодексінің 52-бабы 1-тармағының 13) тармақшасына сәйкес тоқтатылғаны туралы заңсыз тұжырымдағандарын көрсеткен.

Еңбек кодексінің 52-бабы 1-тармағының 13) тармақшасына сәйкес жұмыскермен еңбек шарты жұмыс берушінің бастамасы бойынша ақшалай немесе тауарлық құндылықтарға қызмет көрсететін, сондай-ақ өзінің қызмет бабын өзі немесе басқа адамдар үшін материалдық немесе өзге де пайда алу үшін жұмыс берушінің мүдделеріне қарамастан өз мүддесінде немесе үшінші тұлға мүддесінде пайдаланатын жұмыскер кінәлі әрекеттер жасаған немесе әрекетсіздігі, егер бұл әрекеттер немесе әрекетсіздік жұмыс берушінің тарапынан оған деген сенімнің жоғалуына негіз болса бұзылуы мүмкін.

Еңбек кодексінің 53-бабының 7-2-тармағына сай Еңбек кодексінің 52-бабының 1-тармағының 13) тармақшасында көзделген негіз бойынша еңбек шартын бұзу жұмыскердің кінәлілік әрекеттер немесе әрекетсіздік жасағанын растайтын негіздемелер көрсетіле отырып, ішкі тергеп-тексеру актісімен расталуға тиіс. Ішкі тергеп-тексеру тәртібі жұмыс берушінің актісінде белгіленеді.

Өтінішхат иесі, М[...] мен Н[...] кінәлілік әрекеттер немесе әрекетсіздік жасағанын растайтын негіздемелерді анықтау жөнінде

ішкі тергеп-тексеру жүргізілмегенін, актімен расталмағанын, Бөлім басшысының ішкі тергеп-тексеру тәртібін белгілеу жөніндегі актісі қабылданбағанын, аталған жағдайлар сот ісін жүргізу кезінде өз дәлелін тапқандығын мәлімдеген.

Сонымен қатар, сот талқылауы барысында жұмыс беруші ішкі тергептексеру тәртібін белгілеу туралы дәлелдемелерді ұсына алмай және ішкі тергеп-тексеру тәртібін белгілеу жөніндегі актілер рәсімделмегендігін жауапкер өкілі мойындағанын қоса көрсеткен.

Соған қарамастан, жергілікті соттар істі қарау барысында қызметтік тергеп-тексеру комиссиясының құзыретін ала отырып, М[...] мен Н[...] Бөлімнің өздеріне деген сенімін жоғалтуға алып келген әрекеттер бойынша кінәлілігін өз беттерінше танып, жұмыс берушінің орнына қорытынды жасаған.

Нормативтік қаулының 23-тармағына сәйкес Еңбек кодексінің 52-бабы 1-тармағының 13) тармақшасы бойынша жұмыстан шығарылған адамдарды жұмысқа қайта алу туралы істерді қарай келе, соттар ақшалай немесе тауарлық құндылықтарға тікелей қызмет көрсететін (қабылдау, сақтау, тасымалдау, бөлу және т.б.) жұмыскерлер ғана емес, өздеріне жүктелген еңбек міндеттеріне орай ақша операцияларына тікелей қол жеткізе алатын, өздеріне деген сенімнің жоғалуына негіз болатын кінәлі әрекет не әрекетсіздік жасаған басқа жұмыскерлер де осы негіз бойынша жұмыстан шығарылуы мүмкін екенін ескеруі керек.

Мұндай әрекеттерге, атап айтқанда: тиісті құжаттарсыз көрсетілген қызметтер үшін ақы алу, ұзындықты дұрыс өлшемеу, салмақты дұрыс өлшемеу, дұрыс есептемеу, спирт ішімдіктерін сату немесе есірткілі дәрілік заттарды беру қағидаларын бұзу, бағаларды өсіру, мүлікті иемдену немесе оның жетіспеушілігі мен артық шығуына кінәлі түрде жол беру, белгіленген тәртіпті бұза отырып жүргізілген банктік операциялар жатқызылуы мүмкін.

Өтінішхат иесі жергілікті соттар нормативтік қаулының 23-тармағына назар аудармағанын, әлеуметтік қызметкерлер болып табылатын талап қоюшалар Еңбек кодексінің 52-бабы 1-тармағының 13) тармақшасында көзделген субъектілерге жатпайтындарын, еңбек шартын бұзуда аталған заң нормасын негізге алу жөніндегі соттардың тұжырымдамасы М[...] мен Н[...] әрекеттері нормативтік қаулының 23-тармағында көрсетілген әрекеттердің бірде-біріне жатпайтынына қарамастан жасалғанын көрсеткен.

Нормативтік қаулының 22-тармағына сәйкес егер сот еңбек тәртібін бұзғаны үшін еңбек шарты бұзылған адамды жұмысқа қайта алу туралы істі қарау кезінде теріс қылық шынында да орын алған, бірақ еңбек шартын бұзу Еңбек кодексінде белгіленген тәртіптік жаза қолдану тәртібін немесе мерзімін бұза отырып жүргізілген деген тұжырымға келсе, сот жұмыскерді жұмысқа қайта орналастыруы мүмкін.

Өтінішхат иесі, жұмыс беруші 2022 жылғы 26 желтоқсандағы № 219-ж/қ және № 220-ж/қ бұйрықтарымен еңбек шартын бұзу туралы тәртіптік жаза

қолданғанға дейін жұмысшыларға тәртіптік теріс қылық фактісі бойынша түсініктеме беру туралы талап жазбаша немесе электрондық цифрлық қолтаңба (ЭЦП) арқылы куәландырылған электрондық құжат нысанында рәсімделмегенін, тәртіптік теріс қылық фактісі бойынша түсініктеме беру туралы жазбаша немесе электрондық құжат нысанында талап ету міндеті орындалмағанын, М[...] мен Н[...] түсініктеме алу бойынша ешқандай шаралар қолданбағанын, сонымен бірге жұмыс берушімен түсініктеме беруден жалтаруы немесе бас тартуы туралы факт бойынша акт жасалмағанын мәлімдеген.

Судья өтінішхатта көрсетілген осы және басқа уәждердің іс үшін маңызы бар екендігін және даулы сот актілерін қайта қарауға негіз болатынын ескере отырып, оны іспен бірге алқа отырысында қарауға жолдау қажет деп санайды.

АПК-нің 444-бабы 1-бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының судьясы

қ а у л ы е т т і :

Қызылорда облысы Арал аудандық сотының 2023 жылғы 20 наурыздағы шешімін, Қызылорда облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 07 маусымдағы қаулысын кассациялық тәртіппен қайта қарау туралы талап қоюшылар М[...], Н[...] өкілі Р[...] өтінішхаты азаматтық іспен бірге Қазақстан Республикасының Жоғарғы Соты азаматтық істер жөніндегі сот алқасына сот отырысында қарау үшін берілсін.

Қаулының көшірмесі өтінішхат берген тұлғаға, тараптарға жолдансын.

Судья

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.