№6003-25-00-2к/4707 4707 (2) Қ А У Л Ы
2026 жылғы 23 ақпан Астана қаласы
Азаматтық істер жөніндегі кассациялық соты құрамында: төрағалық етуші судья Г.С.Джаппарова, судьялар А.К.Есдаулетов, Н.Б.Ормаханов болып, талап қоюшы Л.С.Дюсенбаеваның, өкілі Н.К.Кенжебаеваның,
жауапкер өкілдері А.Н.Бақтыбаевтың, А.С.Илановтың қатысуларымен, бейне-байланыс құрылғысы арқылы, ашық сот отырысында, Атырау қалалық сотының 2025 жылғы 4 ақпандағы шешімі мен ұйғарымына, Атырау облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 14 мамырдағы қаулысы мен ұйғарымына талап қоюшының кассациялық шағымымен түскен,
талап қоюшы Ляззат Серикбаевна Дюсенбаеваның жауапкер «Binom Atyrau» (бұдан әрі - Серіктестік) жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне бұйрықты заңсыз деп танып күшін жою, бұрынғы жұмысына қайта орналастыру, бос жүруге мәжбүр болған бүкіл уақыты үшін жалақысын өндіру, моральдық зиянның өтемақысын өтеу туралы электрондық азаматтық ісін қарап,
А Н Ы Қ Т А Д Ы:
Л.С.Дюсенбаева сотқа талап қоюмен жүгініп, онда заңсыздығына байланысты 2024 жылғы 25 қыркүйектегі №BNM-ORD-48 еңбек шартын бұзу туралы бұйрықтың күшін жоюды, «Binom Schooi» Д.Қонаев атындағы мектеп - лицейі (бұдан әрі-Лицей) директоры лауазымына қайта орналастыруды, бос жүруге мәжбүр болған бүкіл уақыты үшін жалақысын және 1 000 000 теңге моральдық зиянның өтемақысын өндіруді сұраған.
Атырау қалалық сотының 2025 жылғы 4 ақпандағы шешімімен талап қою қанағаттандырусыз қалдырылған.
Осы соттың 2025 жылғы 4 ақпандағы ұйғарымымен Л.С.Дюсенбаеваның жауапкер «Bi group LTD» және «Esil Town» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерінің 2024 жылғы 25 қыркүйектегі №000000680 қызметтік тексеріс қорытындысын жарамсыз деп тану туралы талап қоюы бойынша іс жүргізу тоқтатылған.
Атырау облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 14 мамырдағы қаулысы мен ұйғарымымен аталған бірінші сатыдағы сот актілері өзгеріссіз қалдырылған.
Талап қоюдың қанағаттандырусыз қалдырылуына, соттардың талап қоюшының материалдық жауапты тұлға бола тұра жұмыс берушінің оған деген сенімнің жоғалуына әкеп соқтырған әрекеттердің жасалуына жол берілгені жөнінде тұжырымға келуі негіз болған.
Бірінші сатыдағы соттың ұйғарымының өзгеріссіз қалдырылуына, даулы қызметтік тексеру қорытындысы іс бойынша дәлелдемелердің бірі болғандықтан, азаматтық сот ісін жүргізу тәртібімен даулануға жатпайтындығы негіз болған.
Талап қоюшы кассациялық шағымын, сот түйіндерінің істің мәнжайларына сәйкес келмеуіне, материалдық құқық нормаларының бұзылуына, қудалауға ұшырағанына, қызметтік тексерістің өзінің еңбекке уақытша жарамсыз болған уақытта жүргізілуіне, шамадан тыс ауыр тәртіптік жазасының қолданылуына, отбасылық жағдайының, жұмыстағы жетістіктерінің ескерілмеуіне негіздеп, талап қоюын қанағаттандыру туралы жаңа шешім шығаруды сұраған.
Жауапкер кассациялық шағымға байланысты пікірінде, еңбек шартын бұзуда барлық материалдық құқық нормалары сақталғандықтан және оған сенімнің жоғалуына негіз болған әрекеттері толығымен расталғандықтан, дауланған сот актілерін күшінде қалдыруды сұраған.
Кассациялық сот істегі бар дәлелдемелерді зерттеп, сотқа қатысушылардың түсініктерін тыңдап, кассациялық шағымның дәлелдерi шегiнде соттар шығарған сот актiлерiнiң заңдылығын тексерiп, шағым уәждерін талқылап, төмендегідей тұжырымға келді. Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әріАПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы, заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.
Іс бойынша мұндай заң бұзушылықтарға соттармен жол берілмеген.
Дауды қарауда қолданыста болған «Соттардың еңбек дауларын шешу кезінде заңнаманы қолдануының кейбір мәселелері туралы» Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2017 жылғы 6 қазандағы № 9 нормативтік қаулысының 23-тармағында көзделген түсіндірме бойынша, еңбек кодексінің 52-бабы 1-тармағының 13) тармақшасы бойынша жұмыстан шығарылған адамдарды жұмысқа қайта алу туралы істерді қарай келе, соттар ақшалай немесе тауарлық құндылықтарға тікелей қызмет көрсететін (қабылдау, сақтау, тасымалдау, бөлу және т.б.) жұмыскерлер ғана емес, өздеріне жүктелген еңбек міндеттеріне орай ақша операцияларына тікелей қол жеткізе алатын, өздеріне деген сенімнің жоғалуына негіз болатын кінәлі әрекет не әрекетсіздік жасаған басқа жұмыскерлер де осы негіз бойынша жұмыстан шығарылуы мүмкін екенін ескеруі керек.
Мұндай әрекеттерге, атап айтқанда: тиісті құжаттарсыз көрсетілген қызметтер үшін ақы алу, ұзындықты дұрыс өлшемеу, салмақты дұрыс өлшемеу, дұрыс есептемеу, спирт ішімдіктерін сату немесе есірткілі дәрілік заттарды беру қағидаларын бұзу, бағаларды өсіру, мүлікті иемдену немесе оның жетіспеушілігі мен артық шығуына кінәлі түрде жол беру, белгіленген тәртіпті бұза отырып жүргізілген банктік операциялар жатқызылуы мүмкін.
Соттармен анықталған істің мән-жайларына қарағанда, Л.С.Дюсенбаева 2023 жылғы 18 шілдедегі №5 еңбек шартымен Лицей директоры болып
жұмысқа қабылданған, онымен 2023 жылғы 1 қыркүйекте толық материалдық жауапкершілік туралы шарты жасалған.
Жүргізілген тергеп тексерудің 2024 жылғы 25 қыркүйектегі №000000680 қорытындысымен Л.С.Дюсенбаеваның Лицей директоры қызметін атқарған уақытта мектеп қызметкерлерінен, заңды тұлғалардан, оқушылардың ата-аналарынан заңсыз ақшалай сыйақылар алып келгені анықталған.
Тергеп тексерудің қорытындысымен Л.С.Дюсенбаева сол күні танысқан, оған қарсылық білдірмеген, керісінше оқушылардың ата-аналарынан алған, мектептің бөлмелерін жалға беруден түскен қаражаттарды ішінара қайтарып, жасаған өз ісіне өкініш білдірген.
Яғни, Л.С.Дюсенбаевамен еңбек шартын бұзуға негіз болған кінәлілік әрекеттер Кодекстің 53-бабының 7-2 тармағының талабына сәйкес, жұмыскердің ішкі тергеп тексеру актісімен расталған.
Тәртіптік жаза қолдануда Кодекстің 65-бабының талаптары сақталған, Л.С.Дюсенбаевадан жаза қолданар алдында түсінік алынған, еңбек шартын бұзу туралы бұйрықпен 2024 жылғы 26 қыркүйекте таныстырылған.
Сонымен бірге соттардың тергеп тексеру қорытындысы іс бойынша дәлелдемелердің бірі болғандықтан, азаматтық сот ісін жүргізу тәртібімен даулануға жатпайтындығы туралы тұжыры да заңды болып табылады.
Себебі талап қоюшы қорытындыны емес соған сәйкес қабылданған шешімнің, бұл жерде еңбек шартын бұзу туралы жұмыс берушінің бұйрығының заңдылығын даулауға құқылы.
Соттардың тұжырымдары сот актілерінде ашып көрсетілген, кассациялық сотқа бұрын соңды зеттелмеген жаңа дәлелдер ұсынылмаған, уәждер келтірілмегендіктен олар осы қаулыда қосымша уәждеуді қажет етпейді.
Осы мән-жайларға байланысты сот актілеріне өзгерістер енгізу не оның күшін жою үшін заңда көзделген негіздердің болмауына байланысты кассациялық шағым қанағаттандырусыз қалдырылуға жатады.
АПК-нің 451-бабының 2-бөлігінің 1)-тармағын басшылыққа алып, кассациялық сот
ҚАУЛЫ ЕТТІ:
Атырау облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 14 мамырдағы қаулысы мен ұйғарымы күшінде, кассациялық шағым қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Төрағалық етуші
Г.Джаппарова
Судьялар
Н.Ормаханов
А.Есдаулетов
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.