6001-20-00-3г/854
ҚАУЛЫ
10 наурыз 2020 жыл
Нұр-Сұлтан қаласы
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының судьясы Б.Мақұлбековтың,
талап қоюшы Д[...] жауапкерлер Б[...], Б[...], Ж[...] және Т[...], үшінші тұлға «ЗК[...]» өндірістік кооперативіне өтеулі пайдалануға (жалға) алу құқығымен 10 жыл мерзімге берілген кадастрлық №[...] жер учаскесінен шығарып тастау және жауапкерлерді жер учаскесін иеленуге, пайдалануға кедергі келтірмеуін міндеттеу туралы азаматтық ісі бойынша қабылданған
Түркістан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2019 жылғы 3 қазандағы қаулысына «ЗК[...]» өндірістік кооперативінің басшысы Ж[...] келтірген өтінішхатын істі алдыру арқылы алдынала қарап,
АНЫҚТАҒАНЫ:
Д[...] сотқа жоғарыда көрсетілген талап қою арызымен жүгінген.
Түркістан облысы, Қазығұрт аудандық сотының 2019 жылғы 3 маусымдағы шешімімен талап қою арызы қанағаттандырусыз қалдырылған. Түркістан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2019 жылғы 3 қазандағы қаулысымен сот шешімінің күші жойылып, талап қою арызын қанағаттандыру туралы жаңа шешім қабылданған.
Өтінішхат иесі апелляциялық сот алқасының қаулысымен келіспейтіндігін, соттың тұжырымдары істің мән-жайына сәйкес келмейтінін көрсетіп, қаулының күшін жойып, бірінші сатыдағы соттың шешімін күшінде қалдыруды сұрайды.
Анықталғандай, Қазығұрт ауданы әкімдігінің 08 ақпан 2002 жылғы қаулысымен Жаңа базар ауылдық округінде орналасқан 97,5 га жер учаскесі «ЗК[...]» өндірістік кооперативіне 49 жылға жалға берілген.
Кейіннен, 2013 жылы Қазығұрт аудандық әкімдігінің қаулысымен «ЗК[...]»» өндірістік кооперативіне жер учаскесін беру туралы 08 ақпан 2002 жылғы қаулының күші жойылып, жер учаскесі аудан қорына қайтарылған.
Қазығұрт ауданы әкімдігінің 2019 жылы 11 ақпандағы №47 қаулысына сәйкес талап қоюшы Д[...] шаруа немесе фермер қожалығын, не ауыл шаруашылығы өндірісін жүргізу үшін уақытша өтеулі жер пайдалану (жалға алу) құқығымен 10 жыл мерзімге 10,0 га егістік жер берілген.
2019 жылдың 12 сәуіріндегі жер учаскесін жалға беру туралы келісім шарт негізінде талап қоюшы Д[...] Қазығұрт ауданы, Жаңабазар а/о, кар 052,тіз 3136, кадастрлық номер: [...] жалпы көлемі 10,0
га (егістік 10,0 га), нысаналы мақсаты: шаруа немесе фермер қожалығын жүргізу үшін уақытша өтеулі жер пайдалану (жалға алу) құқығы 2029 жылдың 11 ақпанына дейін берілген.
Өтінішхат иелері 2013 жылғы №350 санды Қазығұрт аудандық әкімдігінің қаулысы әлі күнге дейін орындалмағандығын, себебі Қазығұрт аудандық әкімдігі Жаңабазар ауылдық округіндегі «ЗК[...]» ӨК-не тиесілі жер учаскесі аудан қорына есепке алынсын деген қаулы шығармағандығына назар аударады.
Сонымен қатар, олар жер учаскесін 2002 жылдан бастап қазіргі уақытқа дейін пайдаланып келе жатқандығын, жер учаскесінің салықтары төленгенін және жер толығымен игеріліп отырғандығын мәлімдеген.
Сол сияқты, өтінішхатта жер учаскесін алу мақсатында Қазығұрт аудандық әкімдігі өткізген конкурсқа мемлекеттік қызметкер Ж[...] есімді азамат жұбайы, яғни талапкер Д[...] атын жамылып қатысқан және өзінің қызмет бабын пайдалана отырып, жер учаскесіне иелік еткендігі, «Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет туралы» Заңының 13-бабы 3-бөлігіне сәйкес, кәсiпкерлiк қызметпен айналысуға, оның iшiнде коммерциялық ұйымды басқаруға тiкелей қатысу Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес оның лауазымдық өкілеттіктеріне кiрмейтiн болса, ұйымдық-құқықтық нысанына қарамастан, коммерциялық ұйымды басқаруға қатысуға шектеу қойылғандығы көрсетілген. Сонымен қатар, өтінішхатта Қазақстан Республикасының Жер кодексінің 100 бабының 1 бөлігіне сәйкес, жердi ауыл шаруашылығы өнiмiн өндiрушiлердiң арасында қайта бөлу мақсатымен ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер мен босалқы жер есебiнен арнайы жер қоры құрылатындығы, санитарлық нормалар мен талаптарға сай келетiн ауыл шаруашылығы өнiмiн өндiруге мүмкiндiк бермейтiн жер учаскелерi арнайы жер қорына енгiзiлмейтіндігі көрсетілген.
Арызданушылар сот отырысына «ЗК[...]» ӨК-і жеке тарап ретінде тартылмағандығына, даулы жер учаскелері өздеріне 2000 жылдары пай ретінде берілгендігіне, сондықтан өздеріне тиесілі жерден заңсыз айырылып отырғандығына, жерден өнім алу жанұяның негізгі табыс көзі екендігіне назар аударған.
Іс материалдарына қарағанда Қазығұрт әкімдігінің 2013 жылы № 350 шешімінің қабылданғандығы туралы «ЗК[...]» ӨК-не 2019 жылға дейін, яғни даулы жер учаскелері талап қоюшыға табысталғанға дейін хабарланбаған.
Даулы жерге арызданушылар иелік етіп, егін шаруашылығымен айналысқан.
Іс бойынша жиналған құжаттармен, өтінішхатта келтірілген уәждермен танысып, судья төмендегідей тұжырымға келеді.
Өтінішхат иесінің осы азаматтық дауды реттейтін материалдық және процестік заңнамаларды сот алқасы дұрыс қолданбады деген уәждері ескерілуге және тексерілуге жатады.
Судья көрсетілген жағдайлар сот актісін қайта қарауға негіз болатынын басшылыққа алып, азаматтық істі алқа отырысында қарауға беру қажет деп санайды.
АПК-нің 444-бабының 1-бөлігінің 1)-тармақшасын басшылыққа алып,
судья
ҚАУЛЫ ЕТТІ:
Ж[...] Түркістан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2019 жылғы 3 қазандағы қаулысын қайта қарау туралы өтінішхаты іспен бірге Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасына қарау үшін берілсін.
Қаулының көшірмесі өтінішхатты берген тұлғаға жолдансын.
Судья Б. Мақұлбеков
Көшірме дұрыс.
Б. Мақұлбеков
Судья
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.