КСАД РК - Постановление от 04.03.2026 по делу 6003-25-00-4к/2254 (Административное)

ҚАУЛЫ

2026 жылғы 4 наурыз №6003-25-00-4к/2254 Астана қаласы

Қазақстан Республикасының Әкімшілік істер жөніндегі

кассациялық соты құрамында: төрағалық етуші – судья Д.А.Әбдіғалиев,

судьялар – А.Ж.Назарова, Г.М.Ыдырысова,

өкілдер: талап қоюшы - Ж.А.Күдебаевтың, жауапкер «Түркістан облысының мемлекеттік сатып алу басқармасы» мемлекеттік мекемесі – А.А.Абуовтың,

мүдделі тұлға «Келес ауданының білім беру бөлімі» мемлекеттік мекемесі – Е.Ж.Ермановтың қатысуымен:

талап қоюшының Түркістан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 8 шілдедегі қаулысына берген кассациялық шағымы бойынша келіп түскен,

«didar corporeishen»жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің (бұдан әрі – ЖШС) «Түркістан облысының мемлекеттік сатып алу басқармасы» мемлекеттік мекемесіне (бұдан әрі – ММ) шағым бойынша шешімді заңсыз деп тану туралы, қорытынды хаттаманы заңсыз деп тану және оның күшін жою туралы, мемлекеттік сатып алу шартын жарамсыз деп тану туралы талап қоюы бойынша ашық сот отырысында әкімшілік істі қарап,

АНЫҚТАДЫ:

«didar corporeishen» ЖШС жоғарыда көрсетілген әкімшілік талап қоюмен сотқа жүгінді.

Түркістан облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2025 жылғы 6 мамырдағы шешімімен талап қою қанағаттандырылып, «Түркістан облысының мемлекеттік сатып алу басқармасы» мемлекеттік мекемесінің 2025 жылғы 18 наурыздағы шешімі заңсыз деп танылды. 2025 жылғы 18 наурыздағы № 14096571-ОК қорытынды хаттама заңсыз деп танылды және оның күші жойылды. «Келес ауданының білім беру бөлімі» мемлекеттік мекемесі мен «Авто Қорғаныс» ЖШС-ның арасында жасалған 2025 жылғы 20 наурыздағы № 244 мемлекеттік сатып алу шарты жарамсыз деп танылды.

Түркістан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 8 шілдедегі қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімінің күші жойылып, талап қоюды қанағаттандырудан бас тарту туралы жаңа шешім шығарылды. Кассациялық шағымда талап қоюшы апелляциялық сатыдағы соттың қаулысының күшін жоюды, бірінші сатыдағы соттың шешімін күшінде қалдыруды сұрайды.

Мүдделі тұлға «Авто Қорғаныс» ЖШС-ның өкілі Т.Ч. Анарбаев Астана қаласына баруға мүмкіндіктің жоқтығына уәж келтіріп, бейнеконференцбайланыс режимінде сот отырысына қосылу туралы өтінішхатпен жүгінді. Алайда бұл өтінішхат қанағаттандырылуға жатпайды, өйткені сот отырысы Қазақстан Республикасының Әкімшілік істер жөніндегі кассациялық сот ғимаратында іске барлық қатысушының міндетті түрде жеке қатысуымен өткізілетін болып тағайындалды, бұл туралы іске қатысушылардың барлығы алдын ала хабарландырылған. Аталған мән-жай кассациялық сатыдағы сотта сот отырысын өткізу форматын өзгертуге негіз болмайды.

Іске қатысатын, тиісінше хабарландырылған басқа тұлғалар кассациялық сатыдағы сот отырысына келмеді.

Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 115-бабының бірінші бөлігіне сәйкес әкімшілік іске қатысатын адамдардың келмеуі оларға тиісінше хабарланған жағдайда сот отырысын өткізуге кедергі болып табылмайды. Тараптар мен мүдделі тұлға өкілдерін тыңдай отырып, кассациялық шағымның дәлелдерін талқылап, іс материалдарын зерттеп, кассациялық сот мынадай түйінге келді.

ӘРПК-нің 169-бабы бірінші бөлігінің талаптарына сәйкес кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.

АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, АПК-нің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы АПК-нің 434-бабының бірінші бөлігінде көрсетілген, заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады. Апелляциялық сатыдағы сот мұндай бұзушылықтарға жол берген.

Іс материалдары бойынша «Түркістан облысының мемлекеттік сатып алу басқармасы» ММ «Келес ауданының білім беру бөлімі» ММнің тапсырысы бойынша оқушыларды тасымалдау қызметтерін көрсету бойынша конкурс жариялаған (24 лот, 211 575 500 теңге сомасына).

Конкурсқа «ADI Business Group» ЖШС, «DETA Group» ЖШС, «Авто Қорғаныс» ЖШС, «АВК СТРОЙ СЕРВИС» ЖШС, «didar corporeishen» ЖШС қатысқан.

2025 жылғы 11 наурыздағы хаттамамен «Авто Қорғаныс» ЖШСның, «АВК СТРОЙ СЕРВИС» ЖШС-ның және «didar corporeishen» ЖШС-ның өтінімдері біліктілік талаптарына сәйкес келмейді деп танылған. «didar corporeishen» ЖШС мен «Авто Қорғаныс» ЖШС мемлекеттік сатып алу веб-порталы арқылы ұйымдастырушыға шағым жасаған. 2025 жылғы 18 наурызда ұйымдастырушы «didar corporeishen» ЖШС-ның шағымын Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2024 жылғы 9 қазандағы № 687 бұйрығымен бекітілген Мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру қағидаларының (бұдан әрі – Қағидалар) 596тармағының 3) тармақшасына сілтеме жасап, шағымда бұзушылықтардың нақты фактілері жоқ деп көрсетіп, қараусыз қайтарған.

Сонымен бір мезгілде «Авто Қорғаныс» ЖШС-ның шағымы қанағаттандырылған, оның өтінімі қатысуға жіберілді. Конкурс қорытындыларын қайта қарау нәтижесінде 2025 жылғы 18 наурыздағы хаттамамен «Авто Қорғаныс» ЖШС жеңімпаз деп белгіленді. 2025 жылғы 20 наурызда Білім беру бөлімі мен «Авто Қорғаныс» ЖШС-ның арасында мемлекеттік сатып алу шарты жасалды.

«didar corporeishen» ЖШС конкурс қорытындыларымен келіспей сотқа талап қоюмен жүгінді.

Бірінші сатыдағы сот талап қоюды қанағаттандыру туралы шешім қабылдай отырып, сатып алуды ұйымдастырушы талап қоюшының шағымын қараусыз негізсіз қайтарғаны, шағымдағы дәлелдерді тексермегені және шағымның мәні бойынша шешім қабылдамағаны жөнінде түйінге келген.

Бұдан басқа сот конкурсқа қатысушылардың құжаттары конкурстық құжаттамада белгіленген біліктілік талаптарына сәйкес келмегенін анықтады. Атап айтқанда жеңімпаз «Авто Қорғаныс» ЖШСның еңбек ресурстары (жүргізушілер) бойынша құжаттары балаларды тасымалдау қағидаларында көзделген қажетті еңбек өтілі мен біліктілікті растамады. Конкурсқа қатысушылар мәлімдеген көлік құралдарының бір бөлігінде міндетті техникалық тексеруден өткені туралы растама болмады.

Апелляциялық сатыдағы сот бірінші сатыдағы соттың шешімімен келіспеген, ұйымдастырушы талап қоюшының шағымын қараусыз заңды негізде қалдырған, конкурс жеңімпазы біліктілік талаптарына сәйкес келеді, ал талап қоюшының өзі сәйкес келмейді, сондықтан оның құқықтары бұзылмаған деп санады. Осыған байланысты бірінші сатыдағы соттың шешімінің күші жойылып, талап қоюды қанағаттандырудан бас тартылған.

Апелляциялық сатыдағы соттың көрсетілген түйіндерін кассациялық сот мынадай негіздер бойынша қате деп санайды.

«Мемлекеттік сатып алу туралы» 2024 жылғы 1 шілдедегі Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі – Заң) 25-бабының 1- тармағына сәйкес ұйымдастырушының әрекеттері (әрекетсіздігі) әлеуетті өнім берушінің құқықтары мен заңды мүдделерін бұзса, әлеуетті өнім беруші хаттама орналастырылған күннен бастап үш жұмыс күні ішінде веб-портал арқылы шағым жасауға құқылы.

Қағидалардың 596-тармағына сәйкес шағымда бұзушылықтардың нақты фактілері қамтылуға тиіс.

2025 жылғы 12 наурызда веб-портал арқылы жасалған шағым мәтінінен талап қоюшы нақты бұзушылықты тікелей көрсеткен: «DETA Group» ЖШС ұсынған 545 AVT 05, 471 AZL 02, 522 BAL 02, 987 AVR 05 мемлекеттік тіркеу нөмірлерімен автобустарда 16 отыратын орын бар, ал конкурстық құжаттаманың біліктілік талаптарында (8-қосымша) кемінде 20 орны бар автобустар болуы көзделген. Бұл мән-жайды кейіннен бірінші сатыдағы сот зерттелген құжаттардың негізінде растаған. Демек шағымда ұйымдастырушы тексеру жүргізуге мүмкіндік беретін нақты бұзушылық факті болған.

ӘРПК-нің 129-бабының екінші бөлігіне сәйкес дау айтылған әкімшілік актінің (оның ішінде шағымды қайтару туралы шешімнің) заңдылығын дәлелдеу ауыртпалығы оны қабылдаған мемлекеттік орган жауапкерге жүктеледі. Жауапкер шағымда бұзушылықтардың нақты фактілерінің бар екенін жоққа шығаратын дәлелдемелер ұсынған жоқ.

Осындай мән-жайларда «didar corporeishen» ЖШС-ның шағымын мәні бойынша қараусыз қайтару заңсыз болып табылады.

Конкурстық құжаттамаға 8-қосымшада еңбек ресурстарына қойылатын біліктілік талаптары бөлігінде Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрінің міндетін атқарушының 2015 жылғы 26 наурыздағы № 349 бұйрығымен бекітілген Автомобиль көлігімен жолаушылар мен багажды тасымалдау қағидаларының (бұдан әрі – Тасымалдау қағидалары) 273 және 274-тармақтарының талаптарына сәйкес он жүргізушінің болуы көзделген.

Тасымалдау қағидаларының 273-тармағына сәйкес балаларды тасымалдау үшiн мынадай: жасы жиырма бес жастан кем емес, тиiстi санаттағы жүргiзушi куәлiгi және жүргiзушiнiң бес жылдан кем емес жұмыс өтiлi бар; автобустың жүргiзушiсi ретiндегi кемiнде соңғы үш жыл үздiксiз жұмыс өтiлi бар; соңғы жылдары еңбек тәртiбiн және қозғалысы ережесiн өрескел бұзбаған жүргiзушiлерге рұқсат етiледi. Балаларды тасымалдауды жүзеге асыратын ұйымдағы жүргізушінің жұмыс өтілі кемінде үш жыл болуы тиіс.

Тасымалдау қағидаларының 274-тармағына сәйкес ұйымда балаларды тасымалдауға рұқсат етiлген жүргiзушiлердiң жыл сайын жаңартылатын және тиiстi бұйрықпен бекiтiлетін тiзiмi болуы тиіс. Бірінші сатыдағы сот «Авто Қорғаныс» ЖШС-ның конкурстық өтінімін зерттеу негізінде ұсынылған он жүргізушінің еңбек өтілі Қағидалардың 78-тармағында белгіленген тәртіппен (Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан аударылған міндетті зейнетақы жарналары туралы үзінді көшірмелермен немесе Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорының мәліметтерімен, сондай-ақ Еңбек кодексінің 35-бабы 1-тармағының 1), 2), 3), 4), 5) және 8) тармақшаларында көзделген құжаттармен) расталмағанын анықтады. Автобус жүргізушісінің үздіксіз үш жылдық жүргізу өтілі, балаларды тасымалдауға рұқсат етілген ұйымдағы үш жылдық өтілі, сондай-ақ еңбек тәртібі мен Жол қозғалысы қағидаларын өрескел бұзу фактілерінің жоқтығы туралы мәліметтер де құжаттамалық тұрғыда расталмады.

Апелляциялық сатыдағы сот «Авто Қорғаныс» ЖШС-ның жүргізушілердің өтіл мен жас бойынша талаптарға сәйкестігін растағанын көрсетіп, осы түйінді растайтын іс материалдарындағы нақты дәлелдемелерге сілтеме жасамаған.

Бірінші сатыдағы сот ӘРПК-нің 16-бабында бекітілген соттың белсенді рөлі қағидатын басшылыққа ала отырып, «Қазақстан Республикасы Көлік министрлігі Автомобиль көлігі және көліктік бақылау комитетінің «Түркістан облысы бойынша көліктік бақылау инспекциясы» республикалық мемлекеттік мекемесіне сұрау салу жіберді.

Тексеру нәтижелері бойынша алынған жауапта «Авто Қорғаныс» ЖШС-ның 149AYL13 және 780AYY13 мемлекеттік тіркеу нөмірлі автобустарының, сондай-ақ «DETA Group» ЖШС-ның 544AUJ05 және 471AZL02 нөмірлі автобустарының Мiндеттi техникалық байқаудың бірыңғай ақпараттық жүйесіне енгізілмегені, яғни олардың техникалық тексеруден өткені туралы деректердің жоқтығы көрсетілген.

Конкурстық құжаттамаға 2–3-қосымшада («Сатып алынатын қызметтердің техникалық сипаттамасы») балаларды тасымалдауға Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес техникалық тексеруден өткен көлік құралдары жіберілетіні тікелей көзделген.

Осының негізінде техникалық тексеруден өтпеген автобустардың балаларды тасымалдауға жіберілуі конкурстық құжаттаманың талаптарын бұзады.

Бірінші сатыдағы сот «DETA Group» ЖШС-ның өтінімінде (тіркеу нөмірлері 545 AVT 05, 471 AZL 02, 522 BAL 02, 987 AVR 05) ұсынылған төрт автобуста 16 отыратын орын бар екенін анықтады. Конкурстық құжаттаманың біліктілік талаптарында (8-қосымша) кемінде 20 орны бар автобустардың болуы (Тасымалдау қағидаларының 244–245тармақтарына сәйкес) көзделген. Демек «DETA Group» ЖШС-ның өтінімі материалдық ресурстар бөлігінде белгіленген талаптарға сәйкес келмейді. Апелляциялық инстанция бұл мән-жайды жоққа шығармаған.

Заңның 5-бабының 1-тармағының 2), 3), 4) тармақшаларына сәйкес мемлекеттік сатып алу әлеуетті өнім берушілерге мемлекеттік сатып алуға қатысу үшін тең мүмкіндіктер беру, олардың арасындағы адал бәсекелестік, ашықтық және жариялылық қағидаттары негізінде жүзеге асырылады. Өтінімдері біліктілік талаптарына сәйкес келмейтін «Авто Қорғаныс» ЖШС мен «DETA Group» ЖШС-ны конкурсқа қатысуға жіберіп, сонымен бір мезгілде басқа қатысушыларды (оның ішінде талап қоюшыны) қатысудан шеттете отырып, ұйымдастырушы тең қарымқатынас пен адал бәсекелестіктің аталған қағидаттарын бұзды.

Апелляциялық сатының талап қоюшының өзінде бұзушылықтар болды деген дәлелі (жүргізуші С.А. Бердібаев «D» санаты талап етілмей мәлімделген) ұйымдастырушыны барлық қатысушының өтінімдерін тексерудің бірыңғай стандарттарын сақтау міндетінен босатпайды. Талап қоюшының бұзушылығы оны шеттетуге дербес негіз болды, алайда ол басқа қатысушылардың біліктілік талаптарын бұза отырып жіберілуін құқықтық тұрғыдан негіздеуге болмайды. Теңдік қағидаты барлық қатысушыға бағалаудың бірдей стандарттарын қолдануды талап етеді. Бұл мән-жайды апелляциялық сот зерттемеген.

Осылайша, жоғарыда көрсетілген бұзушылықтардың жиынтығы материалдық және процестік құқық нормаларының дұрыс қолданылмағанын куәландырады, бұл АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес апелляциялық сатының қаулысының күшін жоюға негіз болып табылады.

Бірінші сатыдағы сот істің нақты мән-жайларын толық және дұрыс анықтаған, материалдық және процестік құқық нормаларын дұрыс қолданған, осыған байланысты бірінші сатыдағы соттың 2025 жылғы 6 мамырдағы шешімі күшінде қалдыруға жатады.

ӘРПК-нің 169-бабының бірінші бөлігін, АПК-нің 451-бабы екінші бөлігінің 2) тармақшасын басшылыққа ала отырып, кассациялық сот,

ҚАУЛЫ ЕТТІ:

Осы іс бойынша Түркістан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 8 шілдедегі қаулысының күші жойылсын, Түркістан облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының шешімі күшінде қалдырылсын.

Талап қоюшы «didar corporeishen» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің кассациялық шағымы ішінара қанағаттандырылсын.

Төрағалық етуші Д. Әбдіғалиев

Судьялар А. Назарова Г. Ыдырысова

⚠️ Текст документа получен на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан.