ВС РК - Постановление от 22.11.2023 по делу 6001-23-00-3гп/469 (Гражданское)

6001-23-00-3гп/469

ҚАУЛЫ

2023 жылғы 22 қараша Астана қаласы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасы құрамында: алқа төрағасы Н.К.Шәріпов,

судьялар Ш.С.Иманиязова, Е.Ж.Исмаилов,

талап қоюшының өкілі М[...],

жауапкердің өкілі Б[...],

жауапкер З[...] қатысуымен,

мобилді бейнеконференцбайланыс арқылы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында, ашық сот отырысында талап қоюшы «Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министірлігінің Жер ресурстарын басқару комитеті Батыс Қазақстан облысының жер ресурстарын басқару департаменті» республикалық мемлекеттік мекемесінің (бұдан әрі - Жер ресурстарын басқару департаменті) жауапкерлер «Бөкей ордасы ауданы әкімі аппараты» мемлекеттік мекемесіне (бұдан әрі - Әкім аппараты), «Бөкей ордасы ауданы жер қатынастар бөлімі» мемлекеттік мекемесіне (бұдан әрі - Жер қатынастары бөлімі), «ГН[...]» шаруа қожалығының басшысы З[...] жер учаскелерін жалға беру туралы шарттарды жарамсыз деп тану туралы талап қоюымен қозғалған азаматтық іс бойынша қабылданған

Батыс Қазақстан облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2023 жылғы 23 ақпандағы шешімін және Батыс Қазақстан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 10 мамырдағы қаулысын қайта қарау туралы талап қоюшы өкілінің келтірген өтінішхатымен келіп түскен азаматтық істі қарап,

АНЫҚТАҒАНЫ:

Талап қоюшы жоғарыда аталған талап қоюмен сотқа жүгініп, жергілікті атқарушы органның тарапынан жер учаскесі сауда-саттықсыз берілгенімен негіздеген.

Батыс Қазақстан облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2023 жылғы 23 ақпандағы шешімімен талап қою қанағаттандырусыз қалдырылған. Батыс Қазақстан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 10 мамырдағы қаулысымен сот шешімі өзгеріссіз қалдырылған.

Өтінішхат иесі сот актілерімен келіспейтіндігін, соттың тұжырымдары істің мән-жайына сәйкес келмейтінін көрсетіп, аталған сот актілерінің күшін жойып, талап қоюды қанағаттандыру туралы жаңа шешім шығаруды сұраған.

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасы (бұдан әрі - сот алқасы) өтінішхат уәждерін талқылап, іс бойынша талап қоюшы өкілінің өтінішхат уәждерін қолдаған түсініктерін, жауапкер өкілінің және жауапкердің өтінішхатқа қарсы пікірлерін тыңдап, іс құжаттарын тексеріп, мынадай тұжырымға келді.

Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы осы Кодекстің 434-бабының бірінші бөлігінде көрсетілген, заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.

Іс бойынша сот сатылары мұндай заң бұзушылықтарға жол берген.

Іс құжаттарына қарағанда, 2017 жылғы 14 тамыздағы Бөкей ордасы ауданының әкімі аппаратының қаулысымен «ГН[...]» шаруа қожалығының басшысы Г[...] Бөкей ордасы ауданы, Саралжын ауылдық округінен көлемі 1200 гектар, соның ішінде жайылым - 1198 гектар, басқа жер - 2 гектар жер учаскесі шаруа қожалығын жүргізу үшін өтеулі жер пайдалану құқығымен 49 жыл мерзімге жалға берілген.

Осы қаулының негізінде 2017 жылғы 28 тамызында Жер қатынастары бөлімі және «ГН[...]» шаруа қожалығы арасында жер учаскесін жалға алу шарты жасалған.

Содан, 2021 жылғы 12 қазанда «ГН[...]» шаруа қожалығының басшысы Г[...] денсаулық жағдайына байланысты оның ұлы З[...] тағайындалып, 2021 жылғы 4 қарашада аталған қаулыға шаруа қожалығының басшысы З[...] деп өзгеріс енгізілген.

Осыған байланысты 2021 жылғы 17 қарашада Жер қатынастары бөлімі және «ГН[...]» шаруа қожалығының басшысы З[...] арасында жер учаскесін жалға алу шарты жасалған.

Алайда, Батыс Қазақстан облысы прокуратурасының ұсынуымен Жер ресурстарын басқару департаментінің 2022 жылғы 10 қазандағы актісінің негізінде жүргізілген тексеру барысында аталған жер учаскесі саудасаттықсыз беріліп, Қазақстан Республикасы Жер кодексінің (әрі қарай - Жер кодексі) 48-бабының талаптары бұзылғаны анықталған. Бұл туралы 2022 жылғы 10 қазанда ұйғарым шығарылып, Әкім аппаратына орындауға жолданып, ұйғарымдағы аталған бұзушылықтар жойылмаған.

Бірінші сатыдағы сот талап қоюды қанағаттандырусыз қалдыру туралы шешім шығарып, жер учаскесінің сауда-саттықсыз берілгенін және аталған шарттың 2017 жылғы жасалғанын біле тұра, талап қоюшы сотқа тек 2022 жылғы желтоқсан айында ғана жүгініп, талап қою мерзімін өткізіп алғанын алға тартқан.

Апелляциялық сатыдағы сот талап қоюшы өзінің өкілеттігі шегінде жер заңнамасы аясында жіберілген бұзушылықтарды дер кезінде анықтап, талап қою арқылы бұзушылықтарды жоймағанын келтіріп, бірінші сатыдағы соттың тұжырымдарымен келіскен.

Алайда, соттардың бұл тұжырымдары заң талаптарына қайшы келеді.

Жер кодексінің 147-бабының 14-тармағына сәйкес жерді пайдалану мен қорғауды мемлекеттік бақылауды жүзеге асыратын орган, жергілікті атқарушы органдардың Қазақстан Республикасының жер заңдары саласындағы қабылдаған шешімдерінің заңдылығына мемлекеттік бақылауды ұйымдастырады және жүргізеді.

Осы Кодекстің 48-бабының 1-тармағында тізбеленген ерекше жағдайлардың қатарына кірмесе мемлекеттік меншіктегі және жер пайдалануға берілмеген жер учаскелерін немесе жер учаскелерін жалға алу құқығын беру тек сауда-саттықта (аукциондарда) жүзеге асырылатыны көрсетілген.

Талап қоюшының бастапқыда «ГН[...]» шаруа қожалығына жер учаскесіне құқықты Жер кодексінің 48-бабының 1-тармағында көзделген тәртіппен, яғни аукцион немесе конкурс арқылы берілмеген деген уәжі сотта толығымен расталған.

Сонымен қатар, соттар Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің 177, 178, 180-баптарының талаптарына сүйеніп, талаптың ескіруіне байланысты талап қоюды қанағаттандырусыз қалдырған.

Қазақстан Республикасы Кәсіпкерлік кодексінің 144-бабы 3-тармағының 3) тармақшасына сәйкес мемлекеттік мекемелер немесе жеке және заңды тұлғалардың өтініштері түскен жағдайда, яғни тексеру негіз болған кезде ғана бақылау амалдарын жүзеге асырады.

Сол себепті прокуратураның 2022 жылғы 19 қыркүйектегі ұсынымы негізінде тексеріс жүргізіліп, заң бұзышылықтар сол кезде ғана анықталғандықтан сот сатыларының талаптың ескіруін негізге алуы дұрыс емес болып табылады.

Сондықтан, сот алқасы жоғарыдағылардың негізінде, жергілікті соттар іс бойынша материалдық құқық нормаларының бұзылуына жол берген деп санайды.

Істің мұндай тұрғысында қабылданған сот актілерін заңды және негізді деп тануға болмайды, осыған орай олардың күші жойылып, іс бойынша талап қоюды қанағаттандыру туралы жаңа шешім шығаруды қажет етеді.

Талап қоюшының өтінішхаты қанағаттандырылуға жатады.

АПК-нің 451-бабы 2-бөлігінің 8) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы

ҚАУЛЫ ЕТТІ:

Батыс Қазақстан облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2023 жылғы 23 ақпандағы шешімінің және Батыс Қазақстан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 10 мамырдағы қаулысының күші жойылсын. Іс бойынша талап қоюды қанағаттандыру туралы жаңа шешім қабылдансын.

«Бөкей ордасы ауданы жер қатынастары бөлімі» ММ-сі мен «ГН[...]» шаруа қожалығының басшысы Г[...] арасында жер учаскесін жалға алу туралы 2017 жылғы 24 тамызда жасалған №72 шарты және «Бөкей ордасы ауданы жер қатынастары бөлімі» ММ-сі мен «ГН[...]» шаруа қожалығының басшысы З[...] арасында жер учаскесін жалға алу туралы 2021 жылғы 17 қарашада жасалған №69 шарты жарамсыз деп танылсын.

Талап қоюшы өкілінің өтінішхаты қанағаттандырылсын.

Төрағалық етуші Н. Шәріпов

Судьялар Ш. Иманиязова

Е. Исмаилов

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.