Кассационный суд Республики Казахстан по гражданским делам - Постановление от 09.02.2026 по делу 6003-25-00-2к/4637 (Гражданское)

№6003-25-00-2к/4637

ҚАУЛЫ

2026 жылғы 9 ақпан Астана қаласы

Азаматтық істер жөніндегі кассациялық сот құрамында: төрағалық етуші судья Г.С.Джаппарованың, судьялар А.К.Есдаулетовтың, Н.Б.Ормахановтың, талап қоюшы Ж.А.Калмахановтың және оның өкілі С.К.Назымбекованың,

жауапкердің өкілдері С.Бердыбаевтың, Т.Казбековтың қатысуларымен, ашық сот отырысында бейне-байланыс құрылғысы арқылы талап қоюшы Жаркин Абитаевич Калмахановтың жауапкер Жамбыл облысы әкімдігінің ветеринария басқармасының «Жамбыл облысының ветеринариялық станциясы» шаруашылық жүргізу құқығындағы коммуналдық мемлекеттік кәсіпорнына жұмыстан босату туралы бұйрықтың күшін жою, бұрыңғы лауазымына қайта орналастыру, бос жүруге мәжбүр болған уақыты үшін жалақысын өндіру туралы талап қоюы бойынша Жамбыл облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 1 шілдедегі қаулысына талап қоюшының кассациялық шағымымен түскен азаматтық істі қарап,

АНЫҚТАҒАНЫ:

Ж.А.Калмаханов сотқа аталған талап қоюмен жүгінген.

Тараз қалалық сотының 2025 жылғы 19 наурыздағы шешімімен талап қою қанағаттандырылып, Жамбыл облысы әкімдігінің ветеринария басқармасының «Жамбыл облысының ветеринариялық станциясы» шаруашылық жүргізу құқығындағы коммуналдық мемлекеттік кәсіпорынның 2024 жылғы 29 қарашадағы №561 бұйрығының күші жойылып, талап қоюшы бұрыңғы лауазымына қайта орналастырылған. Жауапкерден Ж.А.Калмахановтың пайдасына бос жүруге мәжбүр болған уақыты үшін 1 498 244 теңге еңбекақысы өндірілген. Үш айдың еңбекақысы 1 164 456 теңгені өндіру және бұрыңғы лауазымына қайта орналастыру сот шешімінің бөлігі дереу орындалу жөнінде шешім шығарылған. Сот шығындары шешілген.

Жамбыл облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 1 шілдедегі қаулысымен сот шешімінің күші жойылып, талап қоюды қанағаттандырудан бас тарту туралы жаңа шешім шығарылған.

Талап қоюшы аталған қаулымен келіспей, оның күшін жойып, бірінші сатыдағы сот шешімін күшінде қалдыруды сұраған.

Кассациялық сатыда тараптар аталған дауды медиация тәртібімен реттеу туралы келісімге келіп, медиациялық келісімді ұсынды. Келісімнің шарттары:

  • талап қоюшы жұмысқа қайта орналастыру, жұмыстан босату туралы бұйрықтың күшін жою және бос жүруге мәжбүр болған уақыты үшін жалақысын өндіру талабынан бас тартады;

  • жауапкер Жамбыл облысы Тараз қалалық сотының 2025 жылғы 19 наурыздағы шешімін орындау сатысында Жаркин Абитаевич Калмахановтың

пайдасына төленіп кеткен үш айлық еңбек ақысы 1 164 456 теңгені кері талап етпейді.

Тараптар аталған медиациялық келісімді бекітіп, іс бойынша іс жүргізуді тоқтатуды сұрады.

Тараптарға Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) 179-180-баптарына, 278-бабына сәйкес медиация тәртібімен реттеу туралы келісімге келудің, іс бойынша іс жүргізуді тоқтатудың салдары тараптарға түсіндірілді.

Медиациялық келісімнің шарттары заңға қайшы келмейді және басқа тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделерін бұзбайды.

Мұндай жағдайда кассациялық сот тараптар арасында жасалған медиациялық келісімді бекітіп, іс бойынша іс жүргізу тоқтатылуға жатады деп санайды.

АПК-нің 451-бабының 2-бөлігінің 6)-тармақшасын басшылыққа алып,

сот

ҚАУЛЫ ЕТТІ:

Тараз қалалық сотының 2025 жылғы 19 наурыздағы шешімі мен Жамбыл облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 1 шілдедегі қаулысының күші жойылсын.

Талап қоюшы Жаркин Абитаевич Калмаханов пен жауапкер «Жамбыл облысының ветеринариялық станциясы» шаруашылық жүргізу құқығындағы коммуналдық мемлекеттік кәсіпорны арасында жасалған дауды медиация тәртібімен реттеу туралы келісім бекітілсін.

Келісімнің шарттары:

  1. Талап қоюшы жұмысқа қайта орналастыру, жұмыстан босату туралы бұйрықтың күшін жою және бос жүруге мәжбүр болған уақыты үшін жалақысын өндіру талабынан бас тартады.

  2. Жауапкер Жамбыл облысы Тараз қалалық сотының 2025 жылғы 19 наурыздағы шешімін орындау сатысында Жаркин Абитаевич Калмахановтың пайдасына төленіп кеткен үш айлық еңбек ақысы 1 164 456 (бір миллион бір жүз алпыс төрт мың төрт жүз елү алты) теңгені Ж.Калмахановтан талап етпейді.

Егер тараптардың бірі өз міндеттемелерін ерікті түрде орындамаған жағдайда сот берген атқару парағының негізінде мәжбүрлеп орындатуға жатады.

Іс бойынша іс жүргізу тоқтатылған жағдайда сол тараптар арасындағы дау бойынша, сол нысана туралы және сол негіздер бойынша екінші рет сотқа жүгінуге жол берілмейді.

Іс бойынша іс жүргізуді тоқтатудың салдары тараптарға түсіндірілді.

Азаматтық іс бойынша іс жүргізу тоқтатылсын. Қаулы жарияланған күннен бастап заңды күшiне енедi.

Төрағалық етуші Г.Джаппарова Судьялар А.Есдаулетов Н.Ормаханов

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.