ВС РК - Постановление от 01.11.2022 по делу 6001-22-00-3гп/399 (Гражданское)

6001-22-00-3гп/399

Қ А У Л Ы

2022 жылғы 01 қараша А с т а н а қ а л а с ы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасы құрамында төрағалық етуші – алқа төрағасы Н.К.Шәріпов,

судьялар А.А.Савинова, Е.Ж.Исмаилов,

Қазақстан Республикасының Жоғарғы Сотының ғимаратында мобилді бейнеконференцбайланыс арқылы өткізілген ашық сот отырысында жауапкер М[...], оның өкілдері К[...] пен С[...] қатысуларымен арыз беруші Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрлігі «Атырау облысының полиция Департаментінің Атырау қаласының полиция басқармасы» ММ-нің жауапкер шетелдік М[...] Қазақстан Республикасының шегінен тыс шығару туралы арызымен қозғалған азаматтық іс бойынша қабылданған

Атырау қалалық сотының 2022 жылғы 01 тамыздағы шешіміне келтірген кассациялық тәртіппен қайта қарау туралы М[...] өтінішхаты бойынша келіп түскен азаматтық істі қарап,

а н ы қ т а ғ а н ы :

Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрлігі «Атырау облысының полиция Департаментінің Атырау қаласының полиция басқармасы» ММ (бұдан әрі – Полиция басқармасы) Өзбекстан Республикасының азаматы М[...] Қазақстанның заңнамасын бұзғаны үшін республиканың аумағынан тыс шығарып жіберу туралы арызбен сотқа жүгінген.

Атырау қалалық сотының 2022 жылғы 01 тамыздағы шешімімен арыз қанағаттандырылып, М[...] Қазақстан Республикасының шегінен тыс шығарылып, шешімді өз еркімен орындау үшін оған бес күн мерзім белгіленген. Жауапкерден мемлекет кірісіне 1532 теңге мемлекеттік баж өндірілген.

Өтінішхат беруші бірінші сатыдағы соттың тұжырымдары зерттелген дәлелдемелерге және істің нақты мән-жайларына сәйкес келмейтінін, істің бір жақты қаралғанын, жауапкер тарапында бар деректер мен дәлелдемелер назарға алынбағанын және материалдық құқық нормалары дұрыс қолданылмағанын көрсетіп, Атырау қалалық сотының 2022 жылғы 01 тамыздағы шешімінің күшін жойып, Полиция басқармасының арызын қанағаттандырудан бас тарту туралы жаңа шешім қабылдауды сұраған.

Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) 445-бабының 3-бөлігіне сәйкес кассациялық сатыдағы соттың істі қарау уақыты мен орны туралы тиісті түрде хабарландырылған Полиция басқармасы өкілінің келмеуі және мобильді бейнеконференцбайланыс арқылы отырысқа қатыспағаны істі қарауға кедергі болмайды.

Қазақстан Республикасының Жоғарғы Сот алқасы жауапкер М[...] пен оның өкілдері К[...], С[...] өтінішхатты қолдап келтірген уәждерін тыңдап, іс құжаттарын зерделеп, тараптардың уәждерін талқылап, дауланған Атырау қалалық сотының 2022 жылғы 01 тамыздағы шешімінің күші жойылуға жатады деген тұжырымға келеді.

АПК-нің 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес, заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.

Іс бойынша мұндай заң бұзушылықтар орын алған.

Полиция басқармасы ұсынған деректердің негізінде анықталғандай, Өзбекстан Республикасының азаматы М[...] Қазақстанда тұру барысында екі рет әкімшілік жауапкершілікке тартылған.

Атап айтқанда, 2022 жылғы 08 наурызда Полиция басқармасының қаулысымен М[...] тәулiктiң жарық мезгiлiнде басқаруындағы көлiк құралының сыртқы жарық түсiру аспаптарын пайдалану қағидаларын бұзғаны үшін «Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы» Қазақстан Республикасы Кодексінің (әрі қарай – ӘҚБтК) 602-бабының 1-бөлігімен әкімшілік жауапкершілікке тартылып, оған ескерту жасалған.

2022 жылғы 17 маусымда М[...] қатысты көлiк құралдарын бүлінуіне алып келген, материалдық залал келтiрген көлiк құралдары жүргiзушiлерінiң жол жүрісі қағидаларын бұзу фактісі бойынша жолпатрульдік полиция қызметкерімен ӘҚБтК-нің 610-бабының 1-бөлігімен хаттама жасақталған.

Атырау қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған сотының (ӘҚБжМ соты) 2022 жылғы 05 шілдедегі қаулысымен М[...] ӘҚБтК-нің 610-бабының 1-бөлігімен көзделген әкімшілік құқық бұзушылықты жасағаны үшін кінәлі деп танылып, оған ӘҚБтК-нің 829-11-бабының 2-бөлігін қолдану арқылы 42882 теңге әкімшілік айыппұл салынған.

2022 жылғы 11 шілдедегі түбіртекке сай М[...] айыппұлды толық төлеген.

«Шетелдіктердің құқықтық жағдайы туралы» Қазақстан Республикасының 1995 жылғы 19 маусымдағы № 2337 Заңының (бұдан әрі - № 2337 Заң) 28-бабына сәйкес, егер шетелдік Қазақстан Республикасының заңнамасын бұзса, оның iс-әрекетi мемлекеттiк қауiпсiздiктi қамтамасыз ету немесе қоғамдық тәртiптi қорғау мүдделерiне қайшы келетiн болса, егер бұл халықтың денсаулығы мен адамгершiлiк қасиетiн сақтау, Қазақстан азаматтарының және басқа адамдардың құқықтары мен заңды мүдделерiн қорғау үшiн қажет болса, ол республика шегiнен қуылуы мүмкiн.

Қаралудағы азаматтық іс бойынша Атырау қалалық соты Полиция басқармасының арызын қанағаттандыру туралы шешімін Өзбекстанның азаматы М[...] Қазақстан аумағында тұру кезінде республика

заңнамасын бұзып, әкімшілік құқық бұзушылық жасағаны үшін жауаптылыққа тартылуымен негіздеген.

Сонымен қатар, сот М[...] іс-әрекеті және өмір салты өзінің Қазақстанның заңына бағынуға және адал тұрғыны болуға ниетін білдірмейтіні туралы пікір жасап, ӘҚБжМ сотының 2022 жылғы 05 шілдедегі қаулысымен анықталған жағдай заңдылықты нығайту, шетелдіктің құқық бұзушылықтарының жолын кесу және алдын алу мақсатында оны Қазақстан Республикасы шегінен тыс шығарып жіберуге негіз болып табылады деп қорытындылаған.

Қазақстан Республикасының Жоғарғы Сот алқасы төмендегі негіздер бойынша Атырау қалалық сотының тұжырымдары істің мән-жайларына сәйкес келмейтіні, даулы сот актісін қабылдау барысында материалдық құқық нормалары дұрыс қолданылмағаны туралы қорытындыға келді.

Өтінішхат берушінің өз жайында бар деректерді бірінші сатыдағы сот назарға алмағаны туралы уәждері іс бойынша зерттелген дәлелдемелермен бекітіледі.

Анықталғандай, Өзбекстан Республикасының азаматы М[...] 2006 жылдан бастап Қазақстанның аумағында тұрып, содан бері он бес жыл бойы 2022 жылғы наурызға дейін іс-әрекеттерімен және өмір салтымен Қазақстан заңдарын бұзбаған, ешқандай әкімшілік құқықбұзушылық және қылмыстық әрекеттер жасамаған, яғни Қазақстанның заңына бағынбаушылық білдірмеген.

Ішкі істер органдарынан Қазақстан аумағында жеке тұлғаларға жұмысқа жалдануға ресми түрде рұқсат алып, жоғарыда аталған қаулылармен әкімшілік жауапкершілікке тартылған кезде жеке еңбек шарты бойынша жұмыс жасаған, асырауында 2021 жылы заңды некеден туылған баласы бар, Қазақстан Республикасының азаматтығын алуға ниет білдіруде.

Азаматтық іске көшірмелері тіркелген 2022 жылғы 08 наурыздағы және 2022 жылғы 05 шілдедегі қаулыларда көрсетілгендей, М[...] бірінші рет көлiк құралын тәулiктiк күндізгі жарық шамын жақпай жүргізгені үшін, екінші рет өзге көлiк құралдарын бүлінуіне алып келген жол апатына ұшыратқан жол жүрісі қағидаларын метерологиялық жағдайларға байланысты абайсыздықтан бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылған.

Яғни М[...] тарапынан мемлекеттiк қауiпсiздiктi қамтамасыз ету немесе қоғамдық тәртiптi қорғау мүдделерiне қайшы келетін құқық бұзушылықтар орын алмаған, жалпы республиканың шегінен тыс шығарып жіберу негізгі немесе қосымша әкімшілік жазалар ретінде қолданылуы мүмкін әкімшілік құқық бұзушылықтарға жол берілмеген.

Полиция басқармасы АПК-нің 72-бабына сай жауапкердің іс-әрекеттері халықтың денсаулығы мен адамгершiлiк қасиетiн сақтау, Қазақстан Республикасы азаматтарының және басқа адамдардың құқықтары мен заңды мүдделерiн болашақта қорғау үшiн шетелдікті республика шегінен тыс шығару қажеттілігін тудыратын мән-жайлар туралы жеткілікті дәлелдемелерді ұсынбаған.

Атырау қалалық соты М[...] Атырау қаласының аумағында тиісті түрде тіркелгенін, жеке кәсіпкермен жасалған 2022 жылғы 03 маусымдағы еңбек шарты негізінде жұмысшы болып қызмет жасап жүргенін, 2021 жылы туылған баласын асырайтынын, Полиция басқармасының арызында оны республиканың шегінен тыс шығарып жіберу үшін негіз ретінде көрсетілген құқықбұзушылықты абайсызда жасағанын, салынған айыппұлды өз еркімен төлегенін, 2022 жылға дейін әкімшілік құқықбұзушылық немесе қылмыстық әрекеттер жасамағанын, оның әрекетінен Қазақстан Республикасының, оның азаматтарының құқықтары мен заңды мүдделері бұзылмағанын, жауапкер тарапынан мемлекеттiк қауiпсiздiктi қамтамасыз ету мүддесiне қайшы келетін құқық бұзушылықтар орын алмағанын, жалпы республиканың шегінен тыс шығарып жіберу негізгі немесе қосымша әкімшілік жазалар ретінде қолданылуы мүмкін әкімшілік құқық бұзушылықтарға жол бермегенін, Қазақстанның азаматтығын алуға ниеті бар екенін ескермеген.

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2013 жылғы 13 желтоқсандағы № 4 «Шетелдіктерді немесе азаматтығы жоқ адамдарды Қазақстан Республикасының шегінен шығарып жіберу істерін қараудың сот практикасы туралы» нормативтік қаулысының 15-тармағында берілген түсіндірмелерге сәйкес, шетелдікті немесе азаматтығы жоқ адамды Қазақстан Республикасының шегінен тыс шығарып жіберу туралы өтінішті сот прокурордың міндетті түрде қатысуымен қарайды.

Алайда, аталған норма бірінші сатыдағы сотпен назардан тыс қалдырылып, іс прокурордың қатысуынсыз қаралған.

Істің мұндай тұрғысында Атырау қалалық сотының № 2337 Заңының нормаларын дұрыс қолданбай, елеулі түрде бұзуы және нақты мән-жайларға тиісті құқықтық баға бермеуі салдарынан іс бойынша қабылданған сот актісін заңды және негізді деп тануға болмайды.

Осыған байланысты, АПК-нің 427-бабы 1-бөлігінің 3), 4) тармақшаларына сәйкес кассациялық сот алқасы даулы сот актісінің күшін жойып, Полиция басқармасының шетелдік М[...] Қазақстанның шегінен тыс шығарып жіберу туралы арызын қанағаттандырусыз қалдыру туралы жаңа шешім қабылдап, өтінішхатты қанағаттандыруды дұрыс деп есептейді.

АПК-нің 451-бабы 2-бөлігінің 8) тармақшасын басшылыққа ала отырып, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасы

қ а у л ы е т т і:

Атырау облысы Атырау қалалық сотының 2022 жылғы 01 тамыздағы шешімінің күші жойылып, азаматтық іс бойынша жаңа шешім қабылдансын.

Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрлігі «Атырау облысының полиция Департаментінің Атырау қаласының полиция басқармасы» ММ-нің шетелдік М[...] Қазақстан Республикасының шегінен тыс шығару туралы арызы қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Жауапкердің өтінішхаты қанағаттандырылсын.

Төрағалық етуші

Н.Шәріпов Е.Исмаилов

Судьялар

А.Савинова

Көшірмесі дұрыс.

Судья

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.