№6001-23-00-6ап/1594
ҚАУЛЫ
2024 жылғы 27 ақпан Астана қаласы
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:
төрағалық етуші – алқа судьясы С.Ү.Баймаханов, судьялар – Ғ.Ө.Әлжанов, Ш.Т.Даниярова, талап қоюшы С[...] және оның өкілі М[...]., жауапкерлердің өкілдері С[...], Ә[...], мүдделі тұлғалардың өкілдері А[...], Қ[...]
қатысуыларымен
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында ашық сот отырысында талап қоюшы С[...] жауапкерлер Түркістан қаласының әкіміне, Түркістан қаласының әкімдігіне, «Түркістан қаласы әкімінің аппараты» мемлекеттік мекемесіне, «Азаматтарға арналған Үкімет» мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамының Түркістан облысы бойынша филиалының Түркістан қалалық тіркеу және жер кадастры бөліміне:
2020 жылғы 28 сәуірдегі №779 қаулының күшін жою, сәйкестендіру актісін жасаудан бас тарту әрекетін заңсыз деп тану, жер теліміне қатысты қолайлы акт қабылдауды міндеттеу туралы әкімшілік іс бойынша қабылданған,
Түркістан облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2023 жылғы 6 ақпандағы ұйғарымы мен Түркістан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 22 мамырдағы ұйғарымына талап қоюшының келтірген кассациялық шағымымен келіп түскен әкімшілік істі қарап,
АНЫҚТАҒАНЫ:
Талап қоюшы жоғарыда көрсетілген талап қоюмен сотқа жүгінген.
Түркістан облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2023 жылғы 6 ақпандағы ұйғарымымен талап қою кері қайтарылған.
Түркістан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 22 мамырдағы ұйғарымымен бірінші сатыдағы ұйғарымы өзгеріссіз қалдырылған.
Талап қоюшы кассациялық шағымда іс бойынша соттар материалдық және процестік құқық нормаларын елеулі түрде бұзғанын көрсетіп, шығарылған сот актілерінің күшін жоюды сұраған.
Сот алқасы тараптардың пікірлерін тыңдап, іс құжаттарын зерттеп, төмендегідей тұжырымға келеді. Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 169 - бабының бірінші бөлігіне сай кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.
АПК-нің 452-бабының бірінші бөлігіне сай, кассациялық сатыдағы соттың қаулысы осы Кодексте апелляциялық сатыдағы сот қаулысы үшiн белгiленген талаптарға сәйкес келуге тиiс.
АПК-нің 426-бабының екінші бөлігіне сай, жаңа дәлелдердің болмауына байланысты апелляциялық шағым, прокурордың өтінішхаты қанағаттандырусыз қалдырылған кезде қаулының уәждеу бөлігінде бірінші сатыдағы соттың шешіміне өзгерістер енгізу не оның күшін жою үшін осы Кодексте көзделген негіздердің жоқ екендігі ғана көрсетіледі.
АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.
Іс бойынша мұндай кемшіліктерге соттармен жол берілмеген.
Соттармен анықталғандай, 2014 жылғы 10 ақпандағы жылжымайтын мүлікті сыйға тарту шартына сәйкес Түркістан қаласы, [...] мекенжайда орналасқан жер учаскесі мен осы жер учаскесінде орналасқан ғимаратқа С[...] меншік құқығы пайда болған.
2019 жылғы 22 қазандағы сатып алу-сату шартына сәйкес С[...] атынан берілген сенімхат негізінде К[...] даулы мүлікті О[...] сатқан, сатып алу-сату шарты заңда көзделген тәртіпте тиісті түрде тіркеуден өткен.
2019 жылғы 26 желтоқсандағы Түркістан қаласы әкімдігінің «Мемлекеттік мұқтажы үшін жер учаскелерін және өзге де жылжымайтын мүліктерді мәжбүрлеп иеліктен шығарудың басталуы туралы» қаулысына сәйкес 2020 жылғы 17 наурызында Түркістан қаласы әкімдігі мен О[...] арасында жер учаскесінің және жер учаскесінде орналасқан құрылыс нысанына төлеу туралы келісім шарты жасалған.
Талап қоюшы даулап отырған Түркістан қаласы әкімінің 2020 жылғы 28 сәуірдегі №779 қаулысының қабылдануына Түркістан қаласы әкімдігінің 2019 жылғы 26 желтоқсандағы №1890 «Мемлекет мұқтажы үшін жер учаскелерін және өзге де жылжымайтын мүліктерді мәжбүрлеп иеліктен шығарудың басталуы туралы» қаулысы негіз болған.
Бірінші сатыдағы сот талап қоюды ӘРПК-нің 138-бабы екінші бөлігі 12) тармақшасына сәйкес кері қайтарып, бұдан бұрын сол тараптар арасындағы сол нысана туралы дау бойынша және сол негіздер бойынша шығарылған заңды күшіне енген сот шешімі қабылданғанын көрсеткен.
Апелляциялық сот алқасы, талап қоюды кері қайтару туралы шешімімен келісіп, алайда кері қайтару туралы негізін келесі себептер бойынша өзгерткен. Заңды күшіне енген Түркістан қалалық сотының 2020 жылғы 25 мамырдағы шешімімен талап қоюшы С[...] жауапкерлер К[...], О[...], Шымкент қаласының нотариалдық округінің нотариусы Б[...], Түркістан қаласының жеке нотариусы К[...] қатысты азаматтық іс бойынша 2019 жылғы 10 қазанда берілген сенімхатты, 2019 жылғы 22 қазанда жасалған сатып алу-сату шарты жарамсыз деп танылып, ал жылжымайтын мүліктің (даулы жер телімі) құқықтық жағдайын қалпына келтіру туралы талабы қанағаттандырудан бас тартылған.
Яғни талап қоюшы С[...] даулы қаулының қабылданғаны жоғарыда көрсетілген азаматтық іс қаралу барысында белгілі болған, сондықтан ол аталған қаулыға шағым келтіру мерзімін өткізіп алған. ӘРПК-нің 136-бабының бесінші бөлігіне сәйкес құқықтары, бостандықтары мен заңды мүдделері әкімшілік актіде қозғалатын, әкімшілік рәсімге қатыспаған адам әкімшілік актінің қабылданғаны туралы адам білген немесе білуі мүмкін болған күннен бастап бір ай ішінде, бірақ ол қабылданған күннен бастап бір жылдан кешіктірмей сотқа талап қоюды беруге құқылы.
Талап қоюшы С[...] әкімшілік рәсімге қатысушы болып табылмайды, себебі әкімшілік акті басқа тұлғаға қатысты қабылданған.
С[...] іс бойынша талап арыз сотқа 2023 жылғы 31 қаңтарда тапсырырылған, сондықтан талап қоюшы тарапынан даулы әкімшілік актіге сотқа шағым келтіру мерзімі өтіп кеткен.
Апелляциялық сот алқасының бұл тұжырымы негізді, материалдық және процестік құқық нормаларына сәйкес келеді.
Кассациялық шағым өзінің мазмұны мен мәні талап қоюда келтірілген дәлелдермен, уәждермен сонымен қатар сот отырысында берілген түсіндірмелермен біріңғай. Бұл дәлелдемелерге соттармен тиісті құқық баға берілген, сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болатын материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы орын алмаған.
Бұндай жағдайда, кассациялық шағымда жаңа дәлелдердің жоқтығын ескере отырып, іс бойынша сотта анықталған мән-жайларға баға бере отырып, сот алқасы дауланып отырған сот актілері ақылға қонымды, парасатты және мөлшерлестік қағидатына сай қабылданған деп санайды.
Сондықтан сот актілерінің күшін жоюға негіздер жоқ.
ӘРПК-нің 169 бабын және АПК-нің 451-бабы 2-бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы
Түркістан облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2023 жылғы 6 ақпандағы ұйғарымы мен Түркістан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 22 мамырдағы ұйғарымы күшінде қалдырылсын. С[...] кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Төрағалық етуші Судьялар
С. Баймаханов
Ғ. Әлжанов Ш. Даниярова
Көшірмесі дұрыс. Судья
Ш. Даниярова
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.