ВС РК - Постановление от 26.09.2023 по делу 6001-23-00-6ап/841 (Административное)

6001-23-00-6ап/841

Қ А У Л Ы

2023 жылғы 26 қыркүйек

Астана қаласы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:

төрағалық етуші - судья Н.Ү.Қайыпжан,

судьялар Б.Т.Нажмиденов, Ж.Б.Ермағамбетова болып,

жауапкер өкілдері Т[...], Т[...]

қатысуларымен,

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында талап қоюшы Түркістан облысы жер ресурстарын басқару департаментінің бастығы М[...] жауапкер Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің жер ресурстарын басқару комитетінің төрағасы Т[...] аумақтық бөлімшелердің қызметіне ішкі бақылау жүргізу жөніндегі 2022 жылғы 1 қарашадағы №143 н/қ бұйрығымен құрылған жұмыс комиссиясының ішкі бақылау қорытындысын заңсыз деп танып, күшін жою туралы талап қою арызы бойынша қабылданған,

Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2023 жылғы 4 қаңтарындағы ұйғарымына және Астана қаласы сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 24 ақпанындағы ұйғарымына талап қоюшының келтірген кассациялық шағымымен түскен әкімшілік істі қарап,

АНЫҚТАДЫ:

Талап коюшы М[...] талап қою арызымен сотқа жүгініп, арызында Түркістан облысы әкімінің 2022 жылғы 8 маусымдағы №1-32ө-н/қ өкімімен Түркістан облысының пайдаланылмай жатқан ауыл шаруашылығы мақсатындағы және Қазақстан Республикасының заңнамасын бұза отырып пайдаланып жатқан жерлерді алып қою жөнінде ведомствоаралық топ құрылғандығын көрсеткен. Осы тапсырманы орындаудың екі ай мерзімінің бар екеніне қарамастан, Комитеттің аумақтық бөлімшелердің қызметіне ішкі бақылау жүргізу жөнінде 2022 жылғы 1 қарашадағы №143 бұйрығымен құрылған жұмыс комиссиясының қорытындысында көрсетілген кемшіліктерді негізге ала отырып талап қоюшыға және жауапты

Департамент қызметкерлерін жауапқа тарту туралы ұсыныс берілгенін көрсеткен. Соған байланысты, Қазақстан Республикасы [...] жер ресурстарын басқару комитетінің аумақтық бөлімшелердің қызметіне ішкі бақылау жүргізу жөніндегі 2022 жылғы 1 қарашадағы №143 н/қ бұйрығымен құрылған жұмыс комиссиясының ішкі бақылау қорытындысын заңсыз деп танып, күшін жою туралы талап қою арызымен сотқа жүгінген.

Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2023 жылғы 4 қаңтардағы ұйғарымымен талап қою арызы Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекстің (бұдан әрі - ӘРПК) 138-бабы 2-бөлігінің 11) тармақшасына сәйкес қайтарылған.

Астана қаласы сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 24 ақпанындағы ұйғарымымен бірінші саты сотының ұйғарымы өзгеріссіз қалдырылған.

Талап қоюшы М[...] кассациялық шағымында жергілікті соттардың іс бойынша қабылдаған сот актілерін заңсыз деп танып күшін жоюды, талап қою арызды толық қанағаттандыруды сұраған.

Әкімшілік іске қатысатын адамдардың келмеуі оларға тиісінше хабарланған жағдайда ӘРПК-нің 115-бабының бірінші бөлігіне сәйкес сот отырысын өткізуге кедергі болып табылмайды.

Жауапкер өкілдері іс бойынша қабылдаған сот актілерін өзгеріссіз қалдыруды сұраған пікірлерін тыңдап, іс құжаттарын зерделеп, қассациялық сот алқасы төмендегі негіздерге байланысты дау айтылған сот актілері күшінде, шағым қанағаттандырылусыз қалдырылуға жатады деген қорытындыға келді.

ӘРПК-нің 169-бабының 1-бөлігіне сәйкес кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) қағидаларымен айқындалады.

АПК-нің 438-бабының 5-тармағына сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы, заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.

Осы іс бойынша аталған заң бұзушылықтарға жол берілмеген.

Бірінші сатыдағы сот талап қою арызын қайтарып, оны ӘРПК-нің 138бабы 2-бөлігінің 11)-тармақшасының негізінде іс әкімшілік сот ісін жүргізу тәртібімен қарауға жатпайтындығымен негіздеген.

Апелляциялық сатыдағы сот бірінші сатыдағы соттың тұжырымымен келісіп, ұйғарымды өзгеріссіз қалдырған.

ӘРПК-нің 4-бабы 1-бөлігінің 9)-тармақшасына сәйкес әкімшілік талап қою жария-құқықтық қатынастардан туындайтын, бұзылған немесе дау айтылатын құқықтарды, бостандықтарды немесе заңды мүдделерді қорғау және қалпына келтіру мақсатында сотқа берілетін талап. ӘРПК-нің 102-бабының 2-бөлігіне сәйкес жария-құқықтық қатынастардан туындайтын, Кодексте көзделген даулар әкімшілік сот ісін жүргізу тәртібімен соттардың соттылығына жатады.

Алайда, талап қоюшы мен жауапкердің арасында қандай да бір құқықтық қатынастар болмаған және жауапкердің заңсыз әрекеттерінің нәтижесінде талап қоюшының заңмен қорғалатын құқықтары мен бостандықтарына ешқандай нұқсан келмеген, яғни жауапкер тарапынан ауыртпалық салатын әкімшілік акт, талап қоюшының құқығын іске асырудан бас тартатын, шектейтін, тоқтататын немесе оған міндет жүктейтін, сондайақ оның жағдайын өзгеше түрде нашарлататын акт немесе құқықтары мен міндеттерін іске асыратын шешім қабылданбаған.

Бұл ретте жергілікті соттардың тараптар арасында талап коюшының өзінің қызметтік міндеттерін орындауына байланысты еңбек дауы туындап отырғандықтан, дау жария-құқықтық қатынастарға жатпайды деген тұжырымы негізді болып табылады. ӘРПК-нің 3-бабы 7-бөлігі 2-тармағына сәйкес, іс жүргізу тәртібі Қазақстан Республикасының қылмыстық-процестік, азаматтық процестік заңнамасында және Қазақстан Республикасының әкімшілік құқық бұзушылық туралы заңнамасында көзделген істер әкімшілік сот ісін жүргізу тәртібімен қаралуға жатпайды. Қазақстан Республикасының АПК-нің 23-бабы 2-бөлігінде, азаматтық, отбасылық, еңбек, тұрғын үй, қаржы, шаруашылық, жер қатынастарынан және басқа да құқықтық қатынастардан туындайтын даулар бойынша талап қою ісін жүргізудің азаматтық істері соттардың ведомстволығына жататындығы көрсетілген.

Алқа талап қоюшыға азаматтық сот ісін жүргізу тәртібімен жұмыс берушінің оны тәртіптік жауапкершілікке тарту туралы актілеріне шағымдануға құқылы екенін түсіндіреді, оның шеңберінде оның лауазымдық міндеттерін тиісінше атқару мәселелері қаралуға тиіс. ӘРПК-нің 138-бабы 2-бөлігінің 11) тармақшасына сәйкес, іс әкімшілік сот ісін жүргізу тәртібімен қарауға жатпаса сот талап қою арызын қайтару туралы ұйғарым шығарады.

Жоғарыдағы негізде жергілікті соттардың істі әкімшілік сот ісін жүргізу тәртібімен қарауға жатпайды деген тұжырымдары заң талаптарына сай келеді, шығарылған сот актілері күшінде қалдырылуға, ал кассациялық шағым қанағаттандырусыз қалдырылуға жатады.

Қазақстан Республикасы ӘРПК-нің 169-бабының бірінші бөлігінің, АПК-тің 451-бабының екінші бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы

ҚАУЛЫ ЕТТІ: Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2023 жылғы 4 қаңтарындағы ұйғарымы және Астана қаласы сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 24 ақпанындағы ұйғарымы өзгеріссіз, талап қоюшының кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Төрағалық етуші Судьялар

Н. Қайыпжан Б. Нажмиденов Ж. Ермағамбетова

Көшірмесі дүрыс Судья Ж. Ермағамбетова

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.