Кассационный суд Республики Казахстан по гражданским делам - Постановление от 16.02.2026 по делу 6003-25-00-2к/4492 (Гражданское)

№6003-25-00-2к/4492

Қ А У Л Ы

2026 жылғы 16 ақпан Астана қаласы

Азаматтық істер жөніндегі кассациялық соты құрамында: төрағалық етуші судья Г.С.Джаппарова, судьялар А.К.Есдаулетов, Н.Б.Ормаханов болып, талап қоюшы өкілдері С.А.Абдраимов пен Б.Т.Салыбековтың, жауапкер өкілі Х.А.Урмановтың,

үшінші тұлға өкілі М.С.Темірбаеваның қатысуларымен, бейне-байланыс құрылғысы арқылы ашық сот отырысында Сайрам аудандық сотының 2025 жылғы 13 маусымдағы шешімі мен Түркістан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 14 тамыздағы қаулысына талап қоюшының кассациялық шағымымен түскен,

талап қоюшы Дилбар Фуркатовна Ахназарованың жауапкер Түркістан облысының білім басқармасының Сайрам аудандық білім бөлімінің «Сабыр Рахимов атындағы жалпы білім беретін мектебі» коммуналдық мемлекеттік мекемесіне бұйрықты заңсыз деп танып күшін жою, жұмысына қайта орналастыру, бос жүруге мәжбүр болған бүкіл уақыты үшін жалақысын өндіру жайлы электрондық азаматтық ісін қарап,

Д.Ф.Ахназарова сотқа талап қоюмен Сайрам аудандық білім бөлімінің «Сабыр Рахимов атындағы жалпы білім беретін мектебі» коммуналдық мемлекеттік мекемесіне (бұдан әрі - Мектеп) жүгініп, онда заңсыздығына байланысты жұмыстан босату туралы 2025 жылғы 31 қаңтардағы № 37 бұйрықтың күшін жоюды, мектептің педагог-психологы жұмысына қайта орналастырып, бос жүруге мәжбүр болған бүкіл уақыты үшін жалақысын өндіруді сұраған.

Сайрам аудандық сотының 2025 жылғы 13 маусымдағы шешімімен талап қою қанағаттандырусыз қалдырылған.

Мектептің 2025 жылғы 31 қаңтардағы № 37 бұйрығымен Д.Ф.Ахназарованы 2025 жылғы 4 ақпаннан бастап жұмыстан босатылған болып есептеу жайлы шешім етілген.

Түркістан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 14 тамыздағы қаулысымен сот шешімі өзгеріссіз қалдырылған.

Талап қоюды қанағаттандырудан бас тартылуына, соттардың жұмыскердi алмастыру уақытына жасалған еңбек шартының мерзiмiнiң өтуінің, заңнамаға сәйкес еңбек шартын тоқтатудың негіздемесі болып табылатыны жайлы тұжырымға келуі негіз болған.

Талап қоюшының кассациялық шағымы, соттармен материалдық құқық нормаларының бұзылуына, сот актілерінде баяндалған сот түйіндерінің істің мән-жайларына сәйкес келмеуіне негізделіп, іс бойынша талап қоюды қанағаттандыру жайлы жаңа шешім шығару сұралған.

Жауапкер кассациялық шағымға байланысты пікірінде, оның уәждерімен келіспей, талап қоюшының талаптары мен қарсылықтарының негізі ретінде сілтеме жасаған мән-жайлары дәлелденбегендіктен, шағым берілген сот актілерін күшінде қалдыруды сұраған.

Кассациялық сот істегі бар дәлелдемелерді зерттеп, сотқа қатысушылардың түсініктерін тыңдап, кассациялық шағымның дәлелдерi шегiнде соттар шығарған сот актiлерiнiң заңдылығын тексерiп, шағым уәждерін талқылап, төмендегідей тұжырымға келді. Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әріАПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы, заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.

Іс бойынша мұндай заң бұзушылықтарға жол берілмеген.

Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің (бұдан әрі-Кодекс) 99, 100баптарының талаптарына сәйкес жүкті әйелдерге, бала (балаларды) туған әйелдерге, жаңа туған баланы (балаларды) асырап алған әйелдерге (еркектерге) баланың туылуына байланысты мынадай демалыстар беріледі: 1) жүктілікке және босануға байланысты демалыс; 2) жаңа туған баланы (балаларды) асырап алған жұмыскерлерге демалыс; 3) бала үш жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты жалақы сақталмайтын демалыс.

Жұмыскер бала күтіміне байланысты демалысты бала үш жасқа толғанға дейін толық немесе бөліп пайдалана алады.

Бала үш жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты жалақы сақталмайтын демалыс уақытында жұмыскердің жұмыс орны (лауазымы) сақталады.

Кодекстің 51-бабының 4-тармағының талабы бойынша, уақытша болмаған жұмыскердi алмастыру уақытына жасалған еңбек шарты мерзiмiнiң өткен күнi жұмыс орны (лауазымы) сақталған жұмыскердiң жұмысқа шығатын күнi не жұмыс орны (лауазымы) сақталған жұмыскермен еңбек шарты тоқтатылған күн болып табылады.

Соттармен анықталған істің мән-жайларына қарағанда, Мектепте штаттық кестеге сәйкес екі бірлік педагог- психолог мамандығы лауазымы көзделген.

Оларға Мектептің 2006 жылғы 1 ақпандағы №133 бұйрығымен С.Хасанов және 2019 жылғы 2 қазандағы №204 бұйрығымен Д.Сиддикова жұмысқа қабылданған.

Мектептің 2020 жылғы 3 қарашадағы №163 бұйрығымен Д.Сиддикованың ақысыз демалысқа шығуына байланысты, оның бірлік жүктемесін атқаруға Д.Ф.Ахназарова жұмысқа алынған.

Мектеппен осы уақыттан бастап Д.Сиддикова мен Д.Ф.Ахназароваға қатысты қабылданған бұйрықтардың реттілігін талдағанда:

2020 жылғы 2 қарашадағы №161 бұйрығымен Д.Сиддикова өз өтінішіне байланысты 02.11.2020 - 01.09.2022 жылдары аралығына ақысыз демалысқа шығарылған;

2022 жылғы 1 қыркүйектегі №159 бұйрығымен жұмысқа қайта түскен; 2023 жылғы 1 ақпандағы №41 бұйрығымен 01.02.2023 - 06.06.2023 жыл аралығында жүктілігіне және босануына арналған демалыста болған;

  • 2023 жылғы 1 ақпандағы №43 бұйрығымен бала күтіміне шығуына

  • байланысты оның бірлік жүктемесі Д.Ф.Ахназароваға берілген;

  • 2023 жылғы 6 маусымдағы №142 бұйрығымен 07.06.2023 - 03.01.2024

  • жылдары аралығына жалақысы сақталмайтын демалысқа шығарылған;

    • 2024 жылғы 3 қаңтардағы №5 ж/қ бұйрығымен 03.01.2024 - 31.08.2024
  • жылы аралығына бала күтіміне байланысты ақысыз демалысқа шығарылған;

    • 2024 жылғы 22 тамыздағы №197 ж/қ бұйрығымен 31.08.2024 -
  • 03.01.2025 жылдары аралығына ақысыз демалысқа шығарылған;

  • 2024 жылғы 31 желтоқсандағы №320 ж/қ бұйрығымен 05.01.2025 -

  • 03.02.2025 жыл аралығына отбасылық жағдайына байланысты ақысыз демалысқа шығарылған;

2024 жылғы 31 қаңтардағы №36 бұйрығымен өз өтініші негізінде 2025 жылғы 4 ақпаннан бастап жұмысқа түсуіне рұқсат берілген.

Д.Ф.Ахназароваға қатысты:

Мектептің 2020 жылғы 3 қарашадағы №163 бұйрығымен Д.Ахназароваға ақысыз демалысқа шыққан Д.Сиддикованың педагог-психолог жүктемесі берілген;

2022 жылғы 1 қыркүйектегі №165 бұйрығымен өтініші негізінде 2023 жылғы 1 наурызға дейін ақысыз демалысқа шығарылған;

2023 жылғы 1 ақпандағы №42 бұйрығымен жалақысы сақталмайтын демалысы уақыты аяқталуына байланысты жұмысқа түсуіне рұқсат берілген;

2023 жылғы 1 ақпандағы №43 бұйрығымен жалақысы сақталмайтын демалысқа шыққан Д.Сиддикованың педагог-психолог бірлік жүктемесі берілген;

2023 жылғы 3 сәуірдегі №95 бұйрығымен 03.04.2023 – 06.08.2023 жыл аралығына дейін жүктілігіне және босануына байланысты демалысқа шығарылған;

2023 жылғы 3 сәуірдегі №96 бұйрығымен И.Отапбергеноваға ақысыз демалысқа шыққан Д.Ф.Ахназарованың бірлік педагог-психолог жүктемесі берілген;

2023 жылғы 2 тамыздағы №188 бұйрығымен 06.08.2023ж.-01.01.2024 жылдары аралығына бала күтіміне байланысты жалақысы сақталмайтын демалысы берілген;

2024 жылғы 8 қаңтардағы №14 бұйрығымен өз өтініші негізінде жұмысқа түсті деп есептелген;

Даулы 2025 жылғы 31 қаңтардағы №37 бұйрығымен, ақысыз демалыстағы Д.Сиддикова жұмысқа түсуіне байланысты, Д.Ф.Ахназарова 2025 жылғы 3 ақпаннан бастап жұмыстан босатылған.

2025 жылғы 4 ақпаннан бастап Д.Сиддикова жоғарыда аталған бұйрыққа сәйкес бірлік педагог-психолог жүктемесі бойынша жұмысына кіріскен.

Осы екі жұмыскерге қатысты жұмыс берушімен қабылданған бұйрықтардың хронологиясына, кезектілігіне, негіздеріне қарағанда, олар бір уақытта бірге мектепте педагог-психолог болып жұмыс атқармаған, яғни талап қоюшы уақытша болмаған жұмыскердi алмастыру үшін жұмысқа алынғаны расталған.

Соттардың бұл тұжырымдары, талап қоюшымен АПК-тің 72-бабының талабына сәйкес іске қатысты, жол беруге болатын, анық дәлелдемелер жиынтығымен жоққа шығарылмаған.

Еңбек шарты жұмыс берушінің бастамасымен емес еңбек шартының мерзімі аяқталуына байланысты тоқтатылғандықтан, бұйрықтың дұрыс рәсімделмеуі, талап қоюшының еңбекке жарамсыз болуы өздігінен жұмыс берушімен еңбек қатынастарын жалғастыруға негіз болып табылмайды.

Себебі, Д.Ф.Ахназаровамен еңбек шарты белгіленбеген мерзімге жасалмаған, жұмыс орны сақталған Д.Сиддикованың жұмысқа түсетін уақыты, Д.Ф.Ахназаровамен жасалған еңбек шартының тоқтатылған күні болып есептеледі.

Сәйкесінше Д.Ф.Ахназарованы жұмысына қайта орналастыруға, бос жүруге мәжбүр болған бүкіл уақыты үшін жалақысын өндіруге құқықтық негіздер болмаған.

Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің 8-бабының 4- тармағының талабы бойынша, азаматтар мен заңды тұлғалар өздерiне берiлген құқықтарды жүзеге асырған кезде адал, парасатты және әдiл әрекет жасап, заңдардағы талаптарды, қоғамның адамгершiлiк қағидаттарын, ал кәсiпкерлер - бұған қоса iскерлiк әдептiлiк ережелерiн сақтауға тиiс. Бұл мiндеттi шарт арқылы алып тастауға немесе шектеуге болмайды. Азаматтық құқық қатынастарына қатысушылардың адал, парасатты және әдiл әрекет жасауы көзделедi.

Талап қоюдың қанағаттандырылуы, уақытша болмаған, жұмыс орны сақталған жұмыскердiң еңбек құқықтарының бұзылуына әкеп соқтырады.

Бұл тұрғыда соттармен шешім шығарған кезде дәлелдемелерге дұрыс баға беріліп, іс үшін маңызы бар мән-жайлар, тараптардың құқықтық қатынастары дұрыс анықталып, дауды шешуге тиісті заңдар қолданылып, талап қоюды қанағаттандырудан бас тарту жайлы заңды және негізді шешім қабылданған.

Осыған орай, сот актілеріне өзгерістер енгізу не оның күшін жою үшін заңда көзделген негіздер болмағандықтан кассациялық шағым қанағаттандырусыз қалдырылуға жатады.

АПК-нің 451-бабының 2-бөлігінің 1)-тармақшасын басшылыққа алып, кассациялық сот

ҚАУЛЫ ЕТТІ:

Түркістан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 14 тамыздағы қаулысы күшінде, кассациялық шағым қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Г.Джаппарова

Судьялар Н.Ормаханов

А.Есдаулетов

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.