ҰЙҒАРЫМ
2025 жылғы 17 қараша №6003-25-00-4к/38 Астана қаласы
Қазақстан Республикасы Әкімшілік істер жөніндегі кассациялық сотының судьясы Ә.Ж.Назарова
Қарағанды облыстық соты төрағасының Өркен Серікбайұлы Жарастың Шымкент қаласы атқарушылық округінің жеке сот орындаушысы Э.А. Бекжигитоваға 2025 жылғы 2 қыркүйектегі алимент берешегін анықтау туралы қаулысының күшін жою туралы талап қоюы бойынша әкімшілік істің соттылығын айқындау туралы ұсынысын қарап,
АНЫҚТАДЫ:
Талап қоюшы Ө.С.Жарас сотқа берген талап қоюында Шымкент қаласы атқарушылық округінің жеке сот орындаушысы Э.А. Бекжигитованың 2025 жылғы 2 қыркүйектегі алимент берешегін анықтау туралы қаулысын заңсыз деп танып, оның күшін жоюды сұраған. Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2025 жылғы 8 қазандағы ұйғарымымен әкімшілік іс соттылығы бойынша қарау үшін Қарағанды облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотына жіберілген.
Сот істі соттылығы бойынша жіберген кезде жауапкер ұсынған атқарушылық өндіріс құжаттарынан дауланып отырған қаулының және оған өзгерістер енгізу туралы 2025 жылғы 2 қазандағы қаулы электрондық форматта шығарылғанын анықтаған, тиісінше дау Қарағанды облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының соттылығына жататынын атап көрсеткен.
Өз ұсынысында Қарағанды облыстық сотының төрағасы осы әкімшілік істің соттылығын айқындауды сұрайды.
Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі - ӘРПК) 109бабының бірінші бөлігіне сәйкес соттар арасындағы соттылық туралы дауларды жоғары тұрған сот шешеді, оның шешімі түпкілікті болып табылады және қайта қарауға жатпайды.
Ұсынысты қарап, іс құжаттарды зерттеп, судья төмендегідей тұжырымға келді.
ӘРПК-нің 106-бабының үшінші бөлігінде электрондық құжат нысанында шығарылған әкімшілік акт талап қоюшының тұрғылықты (орналасқан) жері бойынша қаралатыны көзделген.
ӘРПК-нің 108-бабы екінші бөлігінің 1) тармағының талаптарына сай, егер әкімшілік істі осы сотта қарау кезінде оның іс жүргізуге соттылық қағидалары бұзыла отырып қабылданғаны анықталса, сот әкімшілік істі басқа соттың қарауына беруі тиіс.
Іс материалдарында анықталғандай, талап қоюшы Ө.С.Жарас сотқа берген талап қоюында жеке сот орындаушысы Э.А. Бекжигитованың 2025 жылғы 2 қыркүйектегі алимент берешегін анықтау туралы қаулысын заңсыз деп танып, оның күшін жоюды сұраған.
«Атқарушылық iс жүргiзу және сот орындаушыларының мәртебесi туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 127-бабына сәйкес өндiрiп алушы немесе борышкер сот орындаушысының атқарушылық құжатты орындау жөнiндегi шешiмiне және әрекетiне (әрекетсiздiгiне) немесе осындай әрекеттер жасаудан бас тартуына сотқа шағым жасауы мүмкiн.
Мұндай шағым сотқа Қазақстан Республикасының әкімшілік сот ісін жүргізу туралы заңнамасында белгіленген тәртіппен берiлуі тиіс.
ӘРПК-нің 106-бабының талаптарына сай, әкімшілік істер әкімшілік актінің шығарылған орны бойынша немесе жауапкердің орналасқан жері бойынша қаралуға жатады.
«Соттардың атқарушылық іс жүргізу туралы заңнаманың кейбір нормаларын қолдануы туралы» Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2017 жылғы 31 наурыздағы №1 Нормативтік қаулысының 2-тармағында көрсетілгендей, жеке сот орындаушысының әрекеттеріне (әрекетсіздіктеріне) шағым оның тіркелген жері бойынша аудандық (қалалық) сотқа берілуге жатады. Атқарушылық іс жүргізу туралы арнайы заңының жоғарыда келтірілген нормаларының, Жоғарғы Соттың Нормативтік қаулысының және ӘРПК-нің 106-бабының бірінші бөлігінің мазмұнына сәйкес, сот орындаушысының іс-әрекеттеріне шағым жасау жөніндегі әкімшілік істер бойынша айрықша соттылық жауапкердің орналасқан (тіркелген) жері бойынша белгіленеді.
Мұндай санаттағы істерге талап қоюшының тұрғылықты (орналасқан) жері бойынша істі қарау қағидасы қолданылмайды.
Демек, аталған әкімшілік іс жауапкер жеке сот орындаушысы Э.А. Бекжигитованың орналасқан (тіркелген) жері бойынша қаралуы тиіс, сол себепті бұл іс Қарағанды облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының соттылығына жатпайды.
Осыған байланысты Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты осы әкімшілік істі соттылық қағидаларын сақтай отырып қабылдаған, істі Қарағанды облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотына жіберуге негіз жоқ.
Соттар арасында туындаған істің соттылығы туралы дауды қараған кезде жоғары тұрған сот осы істің соттылығы мәселесіне қатысты шығарылған сот актілерінің күшін жоймайды, тек істің нақты бір соттың соттылығына жататынын айқындайды.
ӘРПК-нің 109-бабының бірінші бөлігін басшылыққа алып, судья
ҰЙҒАРДЫ:
Өркен Серікбайұлы Жарастың Шымкент қаласы атқарушылық округінің жеке сот орындаушысы Э.А. Бекжигитоваға 2025 жылғы 2 қыркүйектегі алимент берешегін анықтау туралы қаулысының күшін жою туралы талап қоюы бойынша әкімшілік іс Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотына жіберілсін. Қарағанды облыстық соты төрағасының ұсынысы қанағаттандырылсын.
Ұйғарым түпкілікті, шағым берілуге және наразылық келтіруге жатпайды.
Судья:
Ә.Назарова
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.