№6001-24-00-6ап/1234
ҚАУЛЫ
2024 жылғы 27 маусым Астана қаласы
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:
төрағалық етуші – алқа судьясы С.Ү.Баймаханов, судьялар – Е.Д.Өмірәлиев, Ш.Т.Даниярова болып, Қазақстан Республикасы Бас Прокуратураның прокуроры
М[...],
талап қоюшының өкілі С[...], жауапкердің өкілдері К[...], К[...], мүдделі тұлғаның өкілдері И[...], Ә[...]
қатысуыларымен
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында ашық сот отырысында талап қоюшы «Қазақстан Республикасы Оқу - ағарту министрлігі» мемлекеттік мекемесінің (бұдан әрі – Министрлік) «Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Ішкі мемлекеттік аудит комитеті» мемлекеттік мекемесіне (бұдан әрі – Комитет) 2023 жылғы 13 қыркүйектегі нұсқаманың күшін жою туралы әкімшілік іс бойынша қабылданған,
Астана қаласы сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 6 наурыздағы қаулысына талап қоюшының келтірген кассациялық шағымымен келіп түскен әкімшілік істі қарап,
АНЫҚТАҒАНЫ:
Талап қоюшы жоғарыда көрсетілген талап қоюмен сотқа жүгінген. Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2023 жылғы 4 желтоқсандағы шешімімен талап қоюы ішінара қанағаттандырылған. Комитеттің 2023 жылғы 13 қыркүйектегі нұсқамасының 1) тармақшасының күші жойылған.
Талап қоюдың қалған бөлігін қанағаттандырудан бас тартылған.
Астана қаласы сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 6 наурыздағы қаулысымен бірінші сатыдағы шешімі өзгертіліп, шешімнің талап қою ішінара қанағаттандырылған бөлігі жойылып, осы бөлікте талап қоюды қанағаттандырудан бас тарту туралы жаңа шешім қабылданған.
Шешімнің қалған бөлігі өзгеріссіз қалдырылған.
Талап қоюшы кассациялық шағымда апелляциялық сот алқасы іс бойынша материалдық және процестік құқық нормаларын елеулі түрде бұзғанын көрсетіп, қабылданған сот қаулының күшін жоюды сұраған.
Сот алқасы кассациялық шағым бойынша тараптардың пікірлерін, прокурордың қорытындысын тыңдап, іс құжаттарын зерттеп, төмендегідей тұжырымға келеді.
Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 169 - бабының бірінші бөлігіне сай кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.
АПК-нің 452-бабының бірінші бөлігіне сай, кассациялық сатыдағы соттың қаулысы осы Кодексте апелляциялық сатыдағы сот қаулысы үшiн белгiленген талаптарға сәйкес келуге тиiс.
АПК-нің 426-бабының екінші бөлігіне сай, жаңа дәлелдердің болмауына байланысты апелляциялық шағым, прокурордың өтінішхаты қанағаттандырусыз қалдырылған кезде қаулының уәждеу бөлігінде бірінші сатыдағы соттың шешіміне өзгерістер енгізу не оның күшін жою үшін осы Кодексте көзделген негіздердің жоқ екендігі ғана көрсетіледі.
АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.
Іс бойынша мұндай кемшіліктерге апелляциялық сот алқасымен жол берілмеген.
Соттармен анықталғандай, Комитет Министрліктің жылдық қаржылық есептілігіне мемлекеттік аудит жүргізген. Аудитпен қамтылған кезең 2022 жылғы 1 қаңтарынан 31 желтоқсан аралығы.
Аудиттің мақсаты – мемлекеттік аудит объектісі қаржылық есептілігінің, бухгалтерлік есебінің және қаржылық жай-күйінің анықтылығын, негізділігін бағалау.
Жүргізілген аудит барысында мемлекеттік бюджет қаражатынан үнемделген сомасы сыйлық беруге, материалдық көмек көрсетуге және үстемеақылар белгілеуге қарастырылмайтынын, бірақ бұл сомасы Министрлікпен сыйлықақы беруге бағытталғаны анықталған.
2023 жылғы 12 қыркүйектегі Комитеттің бұйрығымен аудиттің нәтижелері бойынша аудиторлық қорытынды бекітілген.
Министрліктің аудиторлық есепте көрсетілген бұзушылықтары бойынша қарсылығын Қаржы министрлігінің апелляциялық комиссиясы қанағаттандырудан бас тарту туралы шешім қабылдаған. 2023 жылғы 13 қыркүйекте Комитет Министрлікке қатысты № КВ[...] анықталған бұзушылықтарды жоюға және оларға жол берген адамдардың жауапкершілігін қарау туралы нұсқама (бұдан әрі – даулы нұсқама) енгізген.
Нұсқамада 2023 жылғы 1 желтоқсанға дейін Министрлікке: 1) бюджетке 206 108 бюджеттік сыныптама кодына 372 191,1 мың теңге сомасын өтеу (аудару); 2) анықталған бұзушылықтарға жол берген лауазымды адамдардың тәртіптік жауаптылығын қарау тапсырылған.
Министрлік даулы нұсқамамен келіспей, дау айту туралы талап қоюмен сотқа жүгінген.
Бірінші сатыдағы сот даулы нұсқаманың орындау объективті мүмкін емес, осыған байланысты, даулы нұсқаманың 1)-тармақшасы заңсыз және оның күші жойылуға жатады деген тұжырымға келген.
Осыған қоса, даулы нұсқаманың 2)-тармақшасы заңды болып табылады, себебі аудит барысында Комитет рәсімдік бұзушылықтарға жол берілгені анықталған, ал анықталған бұзушылықтарға жол берген лауазымды адамдардың тәртіптік жауаптылығын қарауды талап ету заңды. Өз кезегінде тәртіптік жауаптылық мәселесін қарау Министрліктің қалауында және айрықша құзыреті болып табылатынын көрсеткен.
Апелляциялық сот алқасы бұл тұжырыммен келесі негіздер бойынша келіспеген.
Мемлекеттік қызметкерлерге сыйлықақы беру тәртібі Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2001 жылғы 29 тамыздағы № 1127 қаулысымен (бұдан әрі - №1127 Қаулы) бекітілген, мемлекеттiк бюджет қаражаты есебінен Қазақстан Республикасы органдарының қызметкерлеріне сыйлықақы беру, материалдық көмек көрсету және лауазымдық жалақыларына үстемеақылар белгілеу, сондай-ақ мемлекеттік әкімшілік қызметшілерге бонустар төлеу қағидаларымен (бұдан әрі - Қағидалар) айқындалған.
Қағидалардың 13-тармағымен үнемдеу есебінен жүзеге асырылатын сыйлықақы беру, материалдық көмек көрсету және үстемеақылар белгіленетін шығыстардың түрлері белгіленген.
Апелляциялық сот алқасы даулы нұсқаманы заңды болып табылады деп, осы №1127 Қаулының 14-тармағында шығыстардың қалған түрлері бойынша мемлекеттік бюджет қаражатын үнемдеуден сыйлық беруге, материалдық көмек көрсетуге және үстемеақылар белгілеуге жол берілмейді деп көрсеткен.
Сонымен қатар, 2022 жылдың желтоқсан айында №1127 Қаулы бойынша рұқсат етілмеген ерекшеліктерден жалпы сомасы 367 879,0 мың теңгені 112 «Қосымша ақшалай төлемдер» (сыйақы беруге арналған ерекшелік) ерекшелігіне ауыстырылып, қызметкерлерге негізсіз сыйақы төленген.
Осыған қоса, ұстаздардың үздік қызметіне берілетін қаражатты үнемделген қаражат есебінде қарастырып, аталған шараға бөлінген қаражаттың 97% сыйақы шығыстары ретінде негізсіз пайдаланғанын анықтаған.
Апелляциялық сот алқасының бұл тұжырымы іс материалдарымен негізделген. Қабылданған шешімнің негіздері мен уәждері қолдануға жататын заңның нақты нормаларын келтіре отырып, апелляциялық сот актісінде толығымен баяндалған.
Кассациялық шағым өзінің мазмұны мен мәні пікірлерде келтірілген дәлелдермен, уәждермен сонымен қатар сот отырысында берілген түсіндірмелермен біріңғай.
Бұл дәлелдемелерге апелляциялық сотпен тиісті құқық баға берілген, сот актісін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болатын материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы орын алмаған.
Бұндай жағдайда, кассациялық шағымда жаңа дәлелдердің жоқтығын ескере отырып, іс бойынша сотта анықталған мән-жайларға баға бере отырып, сот алқасы дауланып отырған сот актісі ақылға қонымды, парасатты және мөлшерлестік қағидатына сай қабылданған деп санайды.
Сондықтан сот актісінің күшін жоюға негіздер жоқ. ӘРПК-нің 169 бабын және АПК-нің 451-бабы 2-бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы
Астана қаласы сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 6 наурыздағы қаулысы күшінде қалдырылсын.
Талап қоюшы «Қазақстан Республикасы Оқу - ағарту министрлігі» мемлекеттік мекемесінің кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Төрағалық етуші Судьялар
С. Баймаханов Е. Өмірәлиев Ш. Даниярова
Көшірмесі дұрыс. Судья
Ш. Даниярова
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.