№6003-25-00-2к/5215(2)
ҚАУЛЫ
2026 жылғы 6 сәуір Астана қаласы
Азаматтық істер жөніндегі кассациялық сот құрамында: төрағалық етуші судья Г.С.Джаппарова, судьялар А.К.Есдаулетов, Н.Б.Ормаханов, талап қоюшы Д.Е.Копбаевтың, жауапкердің өкілі Қ.Ж.Оразаевтың,
ашық сот отырысында бейне-байланыс құрылғысы арқылы талап қоюшы Даурен Есенболатович Копбаевтың жауапкер «KUSA-Бетон» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне материалдық залалды және моральдық зиянды өндіру туралы талап қоюы бойынша Алматы қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 22 қазандағы қаулысына жауапкердің кассациялық шағымымен түскен азаматтық істі қарап,
АНЫҚТАДЫ:
Д.Е.Копбаев сотқа талап қоюмен жүгініп, 2024 жылғы 3 қарашада «KUSA-Бетон» жауапкершілігі шектеулі серіктестігімен М300 маркалы бетонды 182 750 теңгеге сатып алғанын, алайда тәуелсіз зерттеу нәтижесінде бетонның нақты маркасы М150 екені анықталғанын көрсеткен. Сапасыз бетон салдарынан құрылыс жұмыстары тоқтап, қалпына келтіру шығындары туындағанын негізге алып, жауапкерден 182 750 теңге бетонның құны мен 1 620 573 теңге материалдық шығынды, 200 000 теңге моральдық зиянды және сот шығындарын өндіруді сұраған.
Алматы қаласы Наурызбай аудандық сотының 2025 жылғы 14 шілдедегі шешімімен талап қою толық көлемде қанағаттандырусыз қалдырылған.
Бірінші сатыдағы сот бетонды жеткізу және құю барысында талап қоюшының өзі бетонды шелектермен тасымалдап, оған су немесе өзге заттар қосылғанын, соның салдарынан бетон сапасының төмендеуіне талап қоюшының әрекеттері әсер еткенін негізге алған. Осыған байланысты талап қоюшы зиян келтірілгенін дәлелдей алмаған деп тұжырым жасаған.
Алматы қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 22 қазандағы қаулысымен бірінші сатыдағы сот шешімі өзгертіліп, жауапкерден талап қоюшының пайдасына 1 803 323 (182750+1 620 573) теңге материалдық залал және 180 033 теңге мемлекеттік баж өндірілген, моральдық зиян өндіру бөлігінде шешім өзгеріссіз қалдырылған.
Апелляциялық сот бетон сапасының шарт талаптарына сәйкес келмейтіні сынақ хаттамаларымен расталатынын, жауапкер өнім сапасын дәлелдей алмағанын, келтірілген залал мөлшері сметалық есеппен негізделгенін көрсетіп, талап қоюды материалдық залал бөлігінде қанағаттандыру қажет деген тұжырымға келген.
Жауапкер кассациялық шағымында апелляциялық сот дәлелдемелерді дұрыс бағаламағанын, ұсынылған құжаттар сараптама қорытындысы емес, тек сынақ хаттамалары екенін, олар заң талаптарына сәйкес жүргізілмегенін, сондай-ақ сметалық есеп тиісті дәлелдеме болып табылмайтынын көрсетіп,
апелляциялық қаулының күшін жойып, бірінші сатыдағы сот шешімін күшінде қалдыруды сұраған. Кассациялық сот тараптардың түсініктерін тыңдап, іс құжаттарын зерттеп, төмендегідей қорытындыға келеді.
Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес материалдық және процестік құқық нормаларының елеулі бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негіз болып табылады.
Іс бойынша апелляциялық сатыдағы сотпен мұндай бұзушылықтар орын
алған.
Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің (бұдан әрі – АК) 917бабына сәйкес тұлғаның мүлкіне келтірілген зиян оны келтірген тұлға тарапынан толық көлемде өтелуге тиіс.
Іс құжаттарынан 2024 жылғы 12 қарашадағы және 2024 жылғы 6 желтоқсандағы сынақ хаттамаларымен бетон құрамының шарт талаптарына сәйкес келмейтінін, маркасының төмен екенін растайтыны анықталған.
Бұл дәлелдемелер заңсыз немесе жарамсыз деп танылмаған, жауапкер оларды бірінші сатыдағы сотта дауламаған және оларды жоққа шығаратын өзге дәлелдемелер ұсынбаған.
АПК-нің 72-бабына сәйкес әр тарап өз талаптары мен қарсылықтарының негізін дәлелдеуге міндетті.
Жауапкер бетон сапасының шартқа сәйкес екенін дәлелдейтін құжаттарды ұсынбаған.
Осыған байланысты кассациялық сот апелляциялық соттың бетонның сапасыз болғаны туралы тұжырымын дұрыс деп таниды.
Сондықтан төлем құжаттарымен расталған бетонның құны 182 750 теңгені өндіру туралы талаптың қанағаттандырылуы заңды және негізді.
Алайда, талап қоюшы ұсынған «Kaz Story Alliance» ЖШС-нің сметалық есебі бойынша 1 620 573 теңге мөлшеріндегі шығындар бөлігінде апелляциялық соттың тұжырымымен келісуге болмайды.
АПК-нің 63-бабына сәйкес дәлелдемелер заңды тәсілмен алынған және істің мән-жайларын растайтын болуы тиіс.
Ұсынылған сметада тапсырыс беруші, жұмыс орны, мерзімі және шарттық қатынастар туралы мәліметтер көрсетілмеген, сондай-ақ нақты төлем жүргізілгенін растайтын құжаттар ұсынылмаған.
Сонымен қатар, сот отырысында талап қоюшы келтірілген шығын сметалық есепте көрсетілген сомасындай болуы мүмкін деп болжам ретінде сотқа ұсынғанын айтып көрсетті.
Осы мән-жайлар талап қоюшы көрсеткен шығындардың нақты және дәлелденгенін растамайды.
«Азаматтық істер бойынша сот шешімі туралы» 2003 жылғы 11 шілдедегі №5 Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының нормативтік
қаулысының 11-тармағына сәйкес шешiм iстiң мән-жайлары туралы болжамдарға негiзделуі мүмкін емес.
Сондықтан аталған сметалық есеп іс бойынша жарамды дәлелдеме болып табылмайды.
Осыған байланысты апелляциялық соттың 1 620 573 теңге мөлшеріндегі қалпына келтіру шығындарын өндіру туралы тұжырымы негізсіз болып табылады және бұл бөлікте қаулының күші жойылуға жатады.
АПК-нің 449-бабының 1-бөлігіне сай істi кассациялық тәртiппен қарау кезiнде сот iстегі материалдар бойынша кассациялық шағымның дәлелдерi шегiнде соттар шығарған сот актiлерiнiң заңдылығын тексередi.
Істің мұндай тұрғысында, сот актілерін өзгертіп, жауапкерден талап қоюшының пайдасына өндірілген 1 803 323 теңге материалдық залал 182 750 теңгеге дейін және 180 033 теңге баж 1827 теңгеге дейін төмендетілуге, қаулының қалған бөлігі өзгеріссіз қалдырылуға, шағым ішінара қанағаттандырылуға жатады.
АПК-нің 451-бабы 2-бөлігінің 8) тармақшасын басшылыққа алып, сот
ҚАУЛЫ ЕТТІ:
Алматы қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 22 қазандағы қаулысы – өзгертілсін.
Жауапкер «KUSA-Бетон» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінен талап қоюшы Даурен Есенболатович Копбаевтың пайдасына өндірілген 1 803 323 (бір миллион сегіз жүз үш мың үш жүз жиырма үш) теңге материалдық залал 182 750 (бір жүз сексен екі мың жеті жүз елу) теңгеге дейін және 180 033 (бір жүз сексен мың отыз үш) теңге баж 1827 (бір мың сегіз жүз жиырма жеті) теңгеге дейін төмендетілсін.
Қаулының қалған бөлігі өзгеріссіз қалдырылсын. Кассациялық шағым ішінара қанағаттандырылсын.
Төрағалық етуші: Г.Джаппарова
Судьялар:
А.Есдаулетов
Н.Ормаханов
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.