ВС РК - Постановление от 14.11.2022 по делу 6001-21-00-3г/4803 (Гражданское)

6001-21-00-3г/4803

Қ А У Л Ы

2022 жылғы 14 қараша

А с т а н а қ а л а с ы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының судьясы Е.Ж.Исмаилов талап қоюшы Е[...] жауапкер Сырдария ауданының әкіміне жұмыстан босату туралы өкімнің күшін жою, бұрынғы жұмысына қайта орналастыру, лажсыз бос жүрген уақытына еңбек ақысын өндіру туралы талап қою арызымен қозғалған азаматтық ісі бойынша қабылданған

Қызылорда қалалық сотының 2022 жылғы 06 маусымдағы шешімін, Қызылорда облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 07 қыркүйектегі қаулысын кассациялық тәртіпте қайта қарау туралы Е[...] өкілі Ж[...] өтінішхатын алдын ала қарап,

а н ы қ т а ғ а н ы :

Е[...] Сырдария ауданы әкімінің 2021 жылғы 28 маусымдағы № 120-Ө өкімінің күшін жою, «Сырдария аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімі» КММ-нің басшысы лауазымына қайта орналастыру, лажсыз бос жүрген уақытына еңбек ақысын өндіру туралы талабымен сотқа жүгінген.

Қызылорда қалалық сотының 2022 жылғы 03 ақпандағы шешімімен талап қою қанағаттандырылып, Сырдария ауданы әкімінің 28 маусымдағы № 120-Ө өкімі заңсыз деп танылып, Е[...] бұрынғы лауазымына қайта орналастырылып, оның пайдасына лажсыз бос жүрген уақытына 2 018 579 теңге жалақы өндірілген.

Қызылорда қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 31 наурыздағы қаулысымен аталған сот шешімімен іске қатысуға тартылмаған «Сырдария аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімі» КММ-нің құқықтары мен міндеттері туралы мәселе шешілгеніне байланысты бірінші сатыдағы сот шешімінің күші жойылып, азаматтық іс сол сотқа қайта қарау үшін жолданған.

Қайта қараудың нәтижесі бойынша Қызылорда облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 07 қыркүйектегі қаулысымен өзгеріссіз қалдырылған Қызылорда қалалық сотының 2022 жылғы 06 маусымдағы шешімімен талап қою арызы қанағаттандырудан бас тартылған.

Өтінішхат беруші жергілікті соттардың Е[...] талап қоюын қанағаттандырудан бас тарту туралы тұжырымдарымен келіспей, олардың істің мән-жайларына сәйкес келмейтінін, соттармен материалдық құқық нормалары дұрыс қолданылмағанын көрсетіп, іс бойынша қабылданған сот актілерінің күшін жойып, талапты қанағаттандыру туралы жаңа шешім қабылдауды сұраған.

Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.

Іс бойынша анықталғандай, Е[...] «Сырдария аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімі» КММ-нің (әрі қарай - Мекеме) басшысы лауазымында қызмет атқарған.

2013 жылғы 01 қазаннан бастап 2015 жылғы 31 наурыз аралығындағы кезең ішінде Мекемеде анықталған бұзушылықтарға байланысты Е[...] қатысты «Қызылорда облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің қаржы саласындағы құқық бұзушылықтарды тергеу басқармасы» ММ-мен Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің (әрі қарай - ҚК) 189-бабы 2-бөлігінің 3) тармағы бойынша қылмыстық іс қозғалып, 2015 жылғы 16 қазандағы қаулымен Е[...] әрекеті бұрын қолданыста болған ҚК-нің 307-бабы 2-бөлігіне қайта сараланған.

Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Қызылорда облысындағы тәртіп кеңесінің 2015 жылғы 17 қыркүйектегі № 58 шешімі негізінде Қазақстан Республикасы «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» Заңының 12-бабы 1-тармағының 10-тармақшасымен көзделген сыбайлас жемқорлық құқықбұзушылық жасағаны үшін Е[...] өз қызметінен төмендету түріндегі тәртіптік жазасы қолданылып, Сырдария ауданы әкімінің 2015 жылғы 22 қыркүйктегі № 348-Ө өкімімен ол төмен тұрған бос - бас маман лауазымына ауыстырылған.

Қылмыстық қудалау органның 2015 жылғы 18 қазандағы қаулысымен күдікті Е[...] келтірілген шығынды толық өтеп, кінәсін мойындап, әрекетіне шынайы өкінуіне байланысты ҚК-нің 65-бабы негізінде Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің (әрі қарай - ҚПК) 35-бабы 1-бөлігінің 12) тармағына сәйкес қылмыстық іс-өндірісі тоқтатылып, Е[...] қылмыстық жауаптылықтан босатылған.

М.Е[...] басшысы мемлекеттік әкімшілік лауазымы бос болғанына байланысты конкурсқа қатысып, 2016 жылғы 13 маусымдағы конкурстық комиссияның қорытындысы негізінде Сырдария ауданы әкімінің 2016 жылғы 20 маусымдағы № 215-Ө өкімімен аталған бос лауазымға тағайындалған.

«Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаменті» ММ-нің 2021 жылғы 25 наурыздағы № 04-15/486, 13 мамырдағы № 04-15/761 және 14 маусымдағы № 04-02/909 хаттарының негізінде сыбайлас жемқорлық құқықбұзушылық жасағаны үшін Сырдария ауданы әкімінің 2021 жылғы 28 маусымдағы № 120-Ө өкімімен Е[...] «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» Заңының (бұдан әрі – № 416-V Заң) 61-бабы 1-тармағының 15) тармақшасына сәйкес атқарып отырған қызметінен босатылған.

№ 416-V Заңның 61-бабы 1-тармағының 15) тармақшасына сай мемлекеттiк әкiмшiлiк қызметшiлердiң мемлекеттiк қызметтi олардың сыбайлас жемқорлық қылмыс жасағаны үшін қылмыстық істің ҚПК-нің 35-бабы 1-бөлігі 3), 4), 9), 10) және 12) тармақтарының немесе 36-бабының негізінде тоқтатылуы негіз боп табылады.

Е[...] қызметінен босатылған соң өзін босатуға негіз болған қаулы бойынша Сырдария ауданының прокурорына жүгініп, ҚПК-нің 105-бабы 1- бөлігіне сәйкес тергеушінің әрекетін шағымдаған.

2021 жылғы 29 желтоқсандағы Сырдария ауданы прокурорының қаулысымен қылмыс оқиғасында тұлғалардың кінәлілігін растайтын дәлелдемелердің жеткіліксіз болуына байланысты ҚПК-нің 35-бабы 1-бөлігінің 2) тармағына сәйкес тергеп-тексеру тоқтатылып, ҚК-тің 65-бабының 1-бөлігін қолданудың негіздері жоқ екендігін көрсетіп, Е[...] қатысты 2015 жылғы 18 қазандағы қаулының күші жойылған.

Қызылорда қалалық соты азаматтық істің бірінші сатыда қаралу барысында Е[...] қатысты қозғалған қылмыстық іс ҚПК-нің 35-бабы 1-бөлігінің 12)тармақшасына сәйкес тоқтатылғанын, 2015 жылғы 18 қазандағы қаулы заңды күшіне енгенін көрсетіп, даулы бұйрық заңға сәйкес қабылданғаны жөнінде тұжырымға келіп, 2022 жылғы 06 маусымда талап қоюды қанағаттандырудан бас тарту туралы шешім қабылдаған.

Қызылорда облыстық сотымен бірінші сатыдағы сот шешімінің тұжырымдары заңды деп танылған.

Өтінішхат иесі Е[...] жасаған тәртіптік бұзушылық үшін бас маман лауазымына төмендетіліп, оған тиісті тәртіптік жаза қолданылғанын, Қазақстан Республикасының Еңбек кодексінің (бұдан әрі – Еңбек кодексі) 65-бабының 3- тармағына сәйкес әрбір тәртіптік теріс қылық үшін екі рет шара қолданылмайтындығын, кейін конкурстық іріктеу барысында «Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері Қызылорда облысы бойынша департаменті» ММ-нің және Сырдария ауданы әкімінің келісімімен бос тұрған лауазымға тағайындалғанын ескеруді сұраған. Сонымен қатар, Ж[...] өтінішхатында Е[...] қатысты сыбайлас жемқорлық құқықбұзушылық жасағаны үшін шығарылған қаулының күші 2021 жылғы 29 желтоқсандағы Сырдария ауданы прокурорының қаулысымен жойылғанын, қылмыстық іс ақтау негіздерімен тоқтатылғанын көрсетіп, алайда жергілікті соттар аталған талап бойынша шешім қабылдау барысында Е[...] қылмыстық қудалаудан бас тартылғаны туралы ескермегенін атап өтті.

Судья өтінішхатта көрсетілген уәждердің іс үшін маңызы бар екендігін және даулы сот актілерін қайта қарауға негіз болатынын ескере отырып, оны іспен бірге алқа отырысында қарауға жолдау қажет деп санайды.

АПК-тің 444-бабы 1-бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының судьясы

қ а у л ы е т т і :

Қызылорда қалалық сотының 2022 жылғы 06 маусымдағы шешімін, Қызылорда облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 07 қыркүйектегі қаулысын кассациялық тәртіппен қайта қарау туралы Е[...] өкілі Ж[...] өтінішхаты іспен бірге Қазақстан Республикасының Жоғарғы Соты азаматтық істер жөніндегі сот алқасына сот отырысында қарау үшін берілсін.

Қаулының көшірмесі өтінішхат берген тұлғаға жолдансын.

Судья Е.Исмаилов Көшірмесі дұрыс.Судья

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.