ҚАУЛЫ
2025 жылғы 14 мамыр 6001-25-00-6ап/225 Астана қаласы
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:
төрағалық етуші – алқа судьясы С.Ү. Баймаханов,
судьялар – Ш.Т. Даниярова, Е.Ж. Өмірәлиев болып,
Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының Басқарма прокуроры Н.Молдахановтың,
«Қызылорда облысының мемлекеттік сатып алу басқармасы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің (бұдан әрі – Басқарма) өкілдері Ә.С.Серікбай мен Д.Орманбектің,
мүдделі тұлғалар:
«Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Ішкі мемлекеттік аудит комитетінің Қызылорда облысы бойынша ішкі мемлекеттік аудит департаменті» республикалық мемлекеттік мекемесінің (бұдан әрі – Департамент) өкілі Ж.Үсеновтың,
«Актаева Айжамал Ануарбековна» жеке кәсіпкерінің (бұдан әрі – ЖК «Актаева») өкілі Б.Сералиевтың қатысуларымен,
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында ашық сот отырысында талап қоюшы «НУРМАХАНОВА Н.» жеке кәсіпкері атынан әрекет етуші Нурсулу Китабалиевна Нурмаханованың (бұдан әрі – ЖК «Нурмаханова Н.») жауапкер Басқармаға 2024 жылғы 10 шілдедегі №12482140-1, №12455819-1 конкурс қорытындылары туралы хаттамадарды заңсыз деп танып, күшін жою туралы әкімшілік іс бойынша қабылданған,
Қызылорда облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 26 қарашадағы қаулысына мүдделі тұлға ЖК «Актаеваның» кассациялық шағымымен келіп түскен әкімшілік істі қарап,
АНЫҚТАҒАНЫ:
Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 15 қазандағы шешімімен талап қою арызы қанағаттандырылған.
Басқарманың 2024 жылғы 10 шілдедегі №12482140-1 және №12455819-1 конкурс қорытындылары туралы хаттамалары заңсыз деп танылып, күші жойылған.
Басқарманың Қызылорда қаласы бойынша білім бөлімінің «Абай атындағы үш тілде оқытатын дарынды балаларға арналған мамандандырылған сыныптары бар мектеп» коммуналдық мемлекеттік мекемесі (бұдан әрі – Абай атындағы мектеп) мен ЖК «Актаева» араларында 2024 жылғы 7 тамызда жасалған №54 қызмет көрсету туралы шарты жарамсыз деп танылған.
«Қызылорда облысының білім басқармасының Қызылорда қаласы бойынша білім бөлімінің «Әли Мүсілімов атындағы №101 мектеп-лицейі» коммуналдық мемлекеттік мекемесі (бұдан әрі – №101 мектеп) мен ЖК «Актаева» араларында 2024 жылғы 5 тамызда жасалған №50 қызмет көрсету шарты жарамсыз деп танылған. Басқармаға Абай атындағы мектепте және №101 мектепте балаларды тамақтандыруды ұйымдастыру қызметіне конкурсты қайта жариялау міндеттелген.
Қызылорда облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 26 қарашадағы қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімі күшінде қалдырылған.
Сот шешімінің қарар бөлігінен Басқармаға Абай атындағы мектепте және №101 мектепте балаларды тамақтандыруды ұйымдастыру қызметіне конкурсты қайта жариялау міндеттелсін» деген сөздер алынып тасталған.
Мүдделі тұлға ЖК «Актаева» кассациялық шағымында апелляциялық сатыдағы соттың қаулысымен келіспейтінін көрсетіп, оның күшін жойып, бірінші сатыдағы соттың шешімін күшінде қалдыруды сұраған. Мүдделі тұлғалар «Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Ішкі мемлекеттік аудит комитеті» республикалық мемлекеттік мекемесінің (бұдан әрі – Комитет), «Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі» мемлекеттік мекемесінің (бұдан әрі – Қаржы министрлігі) өкілдерінен істі өздерінің қатысуынсыз қарау туралы арыздары түсті.
Қалған сотқа қатысушылардың өкілдері Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының сот алқасы (бұдан әрі – сот алқасы) отырысына келмеді, сотқа келмеу себептерін хабарламады.
Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 115-бабының бірінші бөлігіне сәйкес әкімшілік іске қатысатын адамдардың келмеуі оларға тиісінше хабарланған жағдайда сот отырысын өткізуге кедергі болып табылмайды.
Сот алқасы талап қоюшы өкілінің шағымды қолдаған, Басқарма мен мүдделі тұлғалар өкілдерінің пікірлерін, прокурордың қорытындысын тыңдап, іс құжаттарын зерттеп, төмендегідей тұжырымға келеді.
ӘРПК-нің 169-бабына сай кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.
АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.
Іс бойынша соттар тарапынан мұндай кемшіліктер орын алмаған.
Сот актілеріне ЖК «Актаевадан» басқа әлеуетті өнім берушілер кассациялық шағым бермеген. Сондықтан іс АПК-нің 449-бабына сай ЖК «Актаева» шағымы шегінде қаралады.
Жергілікті соттардың ЖК «Актаеваға» қатысты жасаған тұжырымдары негізді болып табылады.
Сотта анықталған мән-жайларға қарағанда Басқарма № 101 және Абай атындағы мектептерінде балаларды тамақтандыруды ұйымдастыру бойынша қызметтерді сатып алу конкурстарын жариялаған. №101 мектеп конкурсының қатысушылары: ЖК «Актаева», ЖК «Ниязова Камшат Ермековна», «GOLD STEEL» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі (бұдан әрі – ЖШС), ЖК «Досаханова», ЖК «Нурмаханова», «Қызылорда-ЭМС» ЖШС-гі. ЖК «Нурмахановадан» басқа әлеуетті өнім берушілер конкурсқа қатысуға рұқсат алған.
2024 жылғы 10 шілдедегі конкурс қорытындысымен жеңімпаз ретінде ЖК
«Актаева» танылған.
Әлеуетті өнім берушілердің шағымдары Департаментпен 2024 жылғы 31 шілдедегі жауап хатымен қанағаттандырудан бас тартылған.
2024 жылғы 5 тамызда №101 мектеп пен ЖК «Актаева» арасында №50 қызмет көрсету туралы шарты жасалған.
Абай атындағы мектеп конкурсының қатысушылары: ЖК «Актаева», ЖК
«Ниязова», ЖК «Нурмаханова».
2024 жылғы 10 шілдедегі конкурс қорытындысымен жеңімпаз ретінде ЖК
«Актаева» танылған.
Әлеуетті өнім берушілердің шағымдары Департаментпен 2024 жылғы 31 шілдедегі жауап хатымен қанағаттандырудан бас тартылған.
2024 жылғы 7 тамызда №101 мектеп пен ЖК «Актаева» арасында №54 қызмет көрсету туралы шарты жасалған.
Конкурс қорытындыларымен келіспеген ЖК «Нурмаханова» жоғарыда көрсетілген талаптармен сотқа жүгінген.
Соттар талап қоюды қанағаттандырғанда аталған конкурсқа қатысқан әлеуетті өнім берушілердің барлығы да біліктілік талаптарына сәйкес келмейді деген қорытындыға келген.
Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2018 жылғы 31 қазандағы №598 бұйрығымен бекітілген «Мемлекеттік орта білім беру ұйымдарында, мектептен тыс қосымша білім беру ұйымдарында білім алушыларды тамақтандыруды ұйымдастыру, сондай-ақ мемлекеттік мектепке дейінгі ұйымдарда, жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған білім беру ұйымдарында, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарында тәрбиеленетін және білім алатын балаларды тамақтандыруды қамтамасыз етуге байланысты тауарларды сатып алу қағидаларының» (бұдан әрі – Қағида) 20-тармағының 4-тармақшасына сәйкес конкурсты ұйымдастырушы осы Қағидаларға 2-қосымшаға сәйкес нысан бойынша Өнім берушіні таңдау жөніндегі үлгілік конкурстық құжаттамаға (бұдан әрі – Үлгілік конкурстық құжаттама) сәйкес конкурстық құжаттаманы әзірлейді және бекітеді, ол мыналарды қамтиды:
төмендегі есеппен бар екендігін растайтын құжаттардың көшірмелерін қоса бере отырып, үлгілік конкурстық құжаттамаға 6-қосымшаға сәйкес нысан бойынша әлеуетті өнім берушінің біліктілігі туралы мәліметтер:
150-ге дейін білім алушысы бар білім беру ұйымдарында – кемінде 1 аспаз, 1 ас үй жұмысшысы;
151-ден 350-ге дейін білім алушысы бар білім беру ұйымдарында – кемінде 1 аспаз, 2 ас үй жұмысшысы; 351-ден 650-ге дейін білім алушысы бар білім беру ұйымдарында – кемінде 1 аспаз, 3 ас үй жұмысшысы;
651-ден 1300-ге дейін білім алушысы бар білім беру ұйымдарында – кемінде 2 аспаз, 4 ас үй жұмысшысы;
1301-ден 2500-ге дейін білім алушысы бар білім беру ұйымдарында – кемінде 3 аспаз, 5 ас үй жұмысшысы;
2501 және одан да көп білім алушысы бар білім беру ұйымдарында – кемінде 4 аспаз, 7 ас үй жұмысшысының болуы туралы растайтын құжаттардың көшірмелерін тапсыруы тиіс.
Бұл нормаға сай конкурсқа қатысушыларға жоғарыдағы есеппен аспаз бен ас үй жұмысшыларының ғана міндетті болуы талап етіледі.
Қағиданың үлгілік конкурстық құжаттамасының 7-қосымшасында диетолог немесе диеталық бикенің, технолог немесе техник – технолог болған жағдайда тиісті балл қойылады. Болмаған жағдайда балл қойылмайды.
№101 мектеп бойынша.
Қағиданың 20-тармағына сәйкес №101 мектеп бойынша 2 380 білім алушысы бар білім беру ұйымына, сәйкесінше 3 аспазшы мен 5 ас үй жұмысшысы қажет болған. ЖК «Актаева» 4 аспазшы, 5 ас үй жұмысшысы, 2 диетолог пен 2 өндіріс меңгерушісін ұсынған.
Қазақстан Республикасының Еңбек кодексінің 23-бабының 27) тармақшасына сай жұмыс беруші еңбек шартын жасасу және тоқтату, оған енгізілетін өзгерістер және (немесе) толықтырулар туралы ақпаратты еңбек шарттарын есепке алудың бірыңғай жүйесіне (бұдан әрі -ЕШЕБЖ) енгізіп отыруға міндетті.
ЕШЕБЖ-ден мәліметтер еңбек жөніндегі уәкілетті мемлекеттік орган арқылы электрондық немесе қағаз түрінде сұрау салу негізінде беріледі. Конкурстық комиссиямен әлеуетті өнім берушілердің өтінімдерінде қамтылған мәліметтерді, оның ішінде еңбек ресурстарына қатысты мәліметтерді нақтылау мақсатында ақпарат алуға мүмкіндігі болғанымен бұл мәліметтерді тиісті түрде тексермеген.
ЕШЕБЖ-ден алынған мәліметтерге қарағанда ЖК «Актаеваның» Абай атындағы мектепке ұсынған 3 ас үй қызметшілері: Б.Баекеева, К.Апбазова, Р.Алдабаевамен еңбек шарттары 2024 жылғы 3 қаңтарда жасалғанымен ЕШЕБЖ-ға 2024 жылғы 24 қыркүйекте тіркелгені анықталды. Ал, №101 мектеп лицейі бойынша ұсынылған 2 ас үй қызметшілері: Г.Ермаханова мен Г.Аяхметова тіркелмегені анықталған.
Сонымен қатар, «Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің Қызылорда облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті» республикалық мемлекеттік мекемесінен сұратылған 2023-2024 жылдардағы салық есептіліктерінде ЖК «Актаевамен» Абай атындағы мектеп бойынша ұсынылған жоғарыда көрсетілген 3 ас үй жұмысшысы, №101 мектеп-лицей бойынша аталған 2 ас үй жұмысшысы оның қызметкерлері ретінде көрсетілмеген. ЖК «Актаева»-ның ұсынған қызметкері Г.Ермахановаға 2024 жылғы 6 мамырында (ЖК «Актаева»-мен еңбек шарты 2024 жылғы 3 қаңтарда жасалынған) төлем А.Накипова деген азаматшадан түсіп тұрғаны анықталған.
Г.Аяхметоваға 2024 жылғы 10 қыркүйекте (еңбек шарты 2024 жылғы 3 қаңтарда жасалынған) «Шуақ-орда» жеке балабақшасынан түскен. Р.Алдабаеваға ЖК «Актаева»-мен зейнетақы төлемдері аударылмаған, К.Апбазова мен Б.Баекееваға осы іс сотта қаралу барысында, яғни 2024 жылғы 11 қазанда ЖК «Актаева»-дан зейнетақы төлемдері аударылған.
Бұл мән-жайлар ЖК «Актаева» еңбек ресурстарына толық көлемде ие емес екендігін көрсетеді.
Соттардың келтірген басқа да негіздемелері сот актілерінде толық көрсетілген.
АПК-нің 452-бабының бірінші бөлігіне сәйкес кассациялық сатыдағы соттың қаулысы осы Кодексте апелляциялық сатыдағы сот қаулысы үшiн белгiленген талаптарға сәйкес келуге тиiс.
Осы Кодекстің 426-бабының екінші бөлігіне сай жаңа дәлелдердің болмауына байланысты апелляциялық шағым, прокурордың өтінішхаты қанағаттандырусыз қалдырылған кезде қаулының уәждеу бөлігінде бірінші сатыдағы соттың шешіміне өзгерістер енгізу не оның күшін жою үшін осы Кодексте көзделген негіздердің жоқ екендігі ғана көрсетіледі.
Кассациялық шағым иесінің келтірген уәждеріне апелляциялық саты сотымен тиісті құқықтық баға берілген, шағымда жаңа дәлелдер мен негіздемелер келтірілмеген.
Тараптың сот тұжырымымен келіспеуі заңды және істің мән-жайларына сәйкес келетін сот актілерінің күшін жоюға негіз бола алмайды.
ӘРПК-нің 169-бабын және АПК-нің 451-бабы екінші бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы
ҚАУЛЫ ЕТТІ:
Қызылорда облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының
2024 жылғы 26 қарашадағы қаулысы күшінде қалдырылсын.
Мүдделі тұлға «Актаева Айжамал Ануарбековна» жеке кәсіпкерінің кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Төрағалық етуші С. Баймаханов Судьялар Ш. Даниярова Е. Өмірәлиев Көшірмесі дұрыс Судья С. Баймаханов
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.