ВС РК - Постановление от 25.12.2024 по делу 6001-24-00-3гп/516 (Гражданское)

6001-24-00-3гп/516

ҚАУЛЫ

2024 жылғы 25 желтоқсан Астана қаласы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасы құрамында:

төрағалық етуші Н.К.Шәріповтің,

судьялар М.Ж.Бектұрғановтың, А.С.Савинованың,

прокурор Н.А. Молдахановтың,

жауапкерлер Саид Рашидович Нуриевтің өкілі - Ш. Турсыбековтің, «Корно-1» өндірістік кооперативінің (бұдан әрі - Кооператив) өкілі – Ж. Бошановтың,

талап қоюшының өкілі Д. Мухамедиевтің қатысуымен,

ашық сот отырысында мобильді бейне-байланыс құрылғысы арқылы талап қоюшы «Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің Жер ресурстарын басқару комитеті Шымкент қаласының жер ресурстарын басқару департаменті» республикалық мемлекеттік мекемесінің (бұдан әрі - Департамент) жауапкерлер Кооперативіне, С.Р. Нуриевке, жеке нотариус Бауыржан Алтынбаевич Пернебаевқа, Шымкент қаласының әкімдігіне (бұдан әрі - Әкімдік), «Шымкент қаласының сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасы» мемлекеттік мекемесіне (бұдан әрі - Басқарма) жер учаскесін жалға беру туралы үлгілік шарттарын, әкімдіктің қаулыларын, сатып алу-сату шартын жарамсыз деп тану туралы талап қоюымен қозғалған азаматтық ісі бойынша қабылданған

Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2024 жылғы 25 сәуірдегі шешімін, Шымкент қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 26 маусымдағы қаулысын, Шымкент қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 26 маусымдағы қосымша қаулысын кассациялық тәртіппен қайта қарау туралы жауапкерлер С.Р.Нуриевтің, Кооперативтің өкілі Д.П.Доматовтың келтірген өтінішхаттары бойынша азаматтық істі қарап,

АНЫҚТАҒАНЫ:

Департамент сотқа жоғарыда көрсетілген талап қоюмен жүгінген.

Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2024 жылғы 25 сәуірдегі шешімімен талап қою ішінара қанағаттандырылған.

Басқарманың 2013 жылғы 4 ақпандағы № 001/016 санды жер учаскесін жалға беру туралы үлгілік шарты жарамсыз деп танылған.

Шымкент қаласы әкімдігінің 2023 жылғы 20 ақпандағы № 357 санды қаулысының 33 тармағы жарамсыз деп танылған.

Басқарманың 2023 жылғы 21 ақпандағы № 001/374 санды үлгілік шарты жарамсыз деп танылған.

Шымкент қаласы әкімдігінің 2023 жылғы 20 ақпандағы № 357 қаулысының 32 тармағы жарамсыз деп танылған.

Басқарманың 2023 жылғы 21 ақпандағы № 001/375 санды үлгілік шарты жарамсыз деп танылған.

Талап қоюдың қалған бөлігін қанағаттандырудан бас тартылған.

Кооперативтен мемлекеттің пайдасына 9 230 теңге мемлекеттік баж өндірілген.

Шымкент қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 26 маусымдағы қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімі өзгертіліп, талап қоюын қанағаттандырудан бас тарту бөлігінің күші жойылып, бұл бөлігінде қанағаттандыру туралы жаңа шешім шығарылған.

2022 жылғы 14 қазандағы Кооператив және С.Р.Нуриевтің арасында жасалған, нотариус Б.А.Пернебаев тізілімде № 2417 санымен куәландырған жер учаскесінің уақытша ақылы жер пайдалану (жалға алу) құқығын сатып алу-сату шарты жарамсыз деп танылған.

Шымкент қаласы әкімдігінің 2022 жылғы 5 желтоқсандағы № 2453 қаулысының Шымкент қаласы, Ынтымақ шағын ауданы, № 20/6 мекенжайындағы, кадастрлық нөмірі 22-327-019-008 жер учаскесінің нысаналы мақсатын өзгерту туралы 69-тармағы жарамсыз деп танылған.

Сот шығыстары туралы мәселе шешілген.

Шешімнің қалған бөлігі өзгеріссіз қалдырылған.

Шымкент қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 26 маусымдағы қосымша қаулысымен Басқарма мен С.Р.Нуриевтің арасында 2022 жылғы 6 желтоқсанда жасалған № 001/2220 жер учаскесін уақытша өтеулі пайдаланудың (жалдаудың) үлгілік шарты жарамсыз деп танылған.

Сот шығыстары туралы мәселе шешілген.

Арызданушы С.Р.Нуриев өтінішхатында қабылданған апелляциялық сатыдағы соттың қаулысымен және қосымша қаулысымен келіспей, сот істі қарау барысында материалдық құқық нормаларын бұзғанын, іс бойынша мәнжайларды дұрыс анықтамағанын көрсетіп, қабылданған сот актілерінің күшін жойып, бірінші сатыдағы соттың шешімін күшінде қалдыруды сұраған.

Арызданушы Кооперативтің өкілі Д.П.Доматов өтінішхатында қабылданған сот актілерімен келіспей, жергілікті соттар істі қарау барысында материалдық және процестік құқық нормаларын бұзғанын, іс бойынша мәнжайларды дұрыс анықтамағанын көрсетіп, қабылданған сот актілерінің күшін жойып, талап қоюын қанағаттандырусыз қалдыру туралы жаңа шешім шығаруды сұраған.

Жауапкерлер С.Р.Нуриевтің өкілі - Ш. Турсыбековтің, Кооперативтің өкілі - Ж. Бошановтың өтінішхаттарын қолдаған пікірлерін, талап қоюшы өкілінің қарсылығын, прокурордың өтінішті қанағаттандыру туралы қортындысын тыңдап, іс-құжаттарын зерттеп, өтінішхат уәждерін талқылап, сот алқасы төмендегі негіздерге байланысты апелляциялық сот алқасының қаулыларының күші жойылуға жатады деген тұжырымға келді.

АПК 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.

Аталған азаматтық іс бойынша мұндай заң бұзушылықтарға жол берілген.

Іс құжаттарына сәйкес, Кооперативке Шымкент қаласы әкімінің 2000 жылғы 25 желтоқсандағы № 2213 шешімімен (бұдан әрі - № 2213 шешім) Кооперативке Шымкент қаласы аумағынан алаңы 82,30 га суарылмайтын егістік жері және 67,70 га жайылым жері «шаруашылық өнімдерін өндіру үшін» 10 жылға (2010 жылғы 25 желтоқсанға дейін) уақытша жер пайдалану құқығы берілген.

Аталған шешімнің негізінде 2017 жылғы 19 шілдеде жер учаскесін жалға беру туралы № 68 үлгілік шарты рәсімделіп, кадастрлық нөмірлері 19-309-059-020 (147,692 га) және 19-309-059-019 (2,341 га) жер учаскелеріне сәйкестендіру құжаттары табысталған.

Шымкент қаласының жер қатынастары бөлімі Шымкент қаласы әкімінің 2000 жылғы 25 желтоқсандағы № 2213 санды шешімін негізге ала отырып, 2013 жылғы 4 ақпандағы № 001/016 санды жер учаскесін жалға беру туралы үлгілік шарты негізінде 40 жыл мерзімге, яғни 2053 жылғы 4 ақпанға дейін жер пайдалану құқығын созған.

Басқарманың 2020 жылғы 20 тамыздағы № Б-56-Ө бұйрығымен кадастрлық нөмірі 19-309-059-020 (147,6920 га) жер учаскесі екі бөлікке:

  • 22-327-018-551 (2,5296 га);

  • 22-327-019-001 (145,1624 га) бөлінген.

  • Басқарманың 2021 жылғы 10 желтоқсандағы № Б-82-Ө бұйрығымен

  • кадастрлық нөмірі 22-327-019-001 (145,1624 га) жер учаскесі екі бөлікке:

    • 22-327-018-614 (8,4990 га);

    • 22-327-019-002 (136,6634 га) бөлініп, уәкілетті органда 2022 жылғы 18 қаңтарда № 0318290127/23 тіркелген.

  • Басқарманың 2020 жылғы 20 тамыздағы № Б-56-Ө бұйрығы негізінде

  • кадастрлық нөмірі 22-327-019-002 (136,6634 га) жер учаскесі 7 бөлікке: - 22-327-019-005, алаңы 2,9 га;

  • 22-327-019-006, алаңы 3,6 га;

  • 22-327-019-007, алаңы 2,9 га;

  • 22-327-019-008, алаңы 2,8 га;

  • 22-327-019-009, алаңы 6,5 га;

  • 22-327-019-010, алаңы 2,6 га;

  • 22-327-019-011 (125 га) жер учаскелеріне бөлініп, олардың әрқайсысына дербес сәйкестендіру актілері рәсімделген.

Басқарманың 2023 жылғы 16 ақпандағы № Б-11-Ө бұйрығымен кадастрлық нөмірі 22-327-019-011 (125 га) жер учаскесі 2 бөлікке:

  • 22-327-019-012 (1,69 га);

  • 22-327-019-013 (114,8134 га) жер учаскелеріне бөлінген.

Әкімдіктің 2023 жылғы 20 ақпандағы № 357 қаулысының 32 және 33-тармақтары негізінде:

  • кадастрлық нөмірі 22-327-019-005 жер учаскесінің нысаналы мақсаты «құрылыстар мен ғимараттарға қызмет көрсету үшін» өзгертіліп, 2023 жылғы 21 ақпанда Басқарма мен Кооперативтің арасында № 001/374 үлгілік шарты жасалған.

  • кадастрлық нөмірі 22-327-019-010 жер учаскесінің нысаналы мақсаты «құрылыстар мен ғимараттарға қызмет көрсету үшін» өзгертіліп, 2023 жылғы 21 ақпанда Басқарма мен Кооперативтің арасында № 001/375 үлгілік шарты жасалған.

2022 жылғы 14 қазандағы сатып алу-сату шартына сай Кооператив С.Р.Нуриевке кадастрлық нөмірі 22-327-019-008 (2,8 га) жер учаскесінің уақытша жер пайдалану (жалға алу) құқығын сатқан. Осы шартты нотариус Б.А.Пернебаев куәландырып, тізілімде № 2417 нөмірімен тіркеген.

Әкімдіктің 2022 жылғы 5 желтоқсандағы № 2453 қаулының 69-тармағына (бұдан әрі № 2543 қаулының 69-тармағы) сәйкес кадастрлық нөмірі 22-327019-008 (2,8 га) жер учаскесінің нысаналы мақсаты: «жанар-жағармай құю бекеті, автогаз құю бекеті, техникалық қызмет көрсету ғимараты, автокөлік жуу, кеңсе, дүкен, кафе, қонақ үй және халыққа қызмет көрсету ғимаратын салу үшін» өзгертіліп, жер учаскесінің уақытша пайдалану мерзімі өзгеріссіз қалдырылған.

№ 2543 қаулының 69-тармағы негізінде Басқарма мен С.Р.Нуриевтің арасында 2022 жылғы 6 желтоқсанда № 001/2220 жер учаскесін уақытша өтеулі пайдаланудың (жалдаудың) үлгілік шарты жасалған.

Бірінші сатыдағы сот Департаменттің талап қоюын ішінара қанағаттандыра отырып, онда Шымкент қаласының жер қатынастары бөлімі 2010 жылы жер пайдалану құқығының жалға алу мерзімі өткендігіне қарамастан заң талаптарын бұза отырып, Кооперативке жер учаскесінің

мерзімін негізсіз созып берген деген тұжырымға келген. Сонымен қатар, сот С.Р.Нуриевті адал сатып алушы деп таныған.

Апелляциялық сатыдағы сот бірінші сатыдағы соттың заң бұзылғандығы туралы тұжырымымен келіскен. Бірақ, қаралған даудың мәні мәмілелерді жарамсыз деп тану болғандықтан, бірінші сатыдағы соттың осы дау бойынша Азаматтық Кодекстің 261-бабында көзделген адал сатып алушыдан мүлікті қайтарып алуға шектеу қолдануы негізсіз болып табылады деген қорытындыға келген. Сондықтан апелляциялық сатыдағы сотпен сот шешімі өзгертіліп, Департаменттің 2022 жылғы 14 қазандағы сатып алу-сату шартын және № 2453 қаулының 69-тармағын жарамсыз деп тану туралы талап қоюын қанағаттандырудан бас тарту бөлігінде күшін жойып, бұл бөлігінде қанағаттандыру туралы жаңа шешім шығарылуға жатады деген тұжырымға келген. Жоғарғы Соттың сот алқасы материалдық және процесстік құқық нормаларының бұзылуына жол берілуіне байланысты апелляциялық сатыдағы соттың тұжырымдарымен келіспейді.

АПК-нің 129-бабының 1-тармағына сәйкес соттың шақыру қағазы немесе өзге де хабарлама электрондық пошта мекенжайы бойынша немесе ұялы байланыстың абоненттік нөміріне не пошта арқылы жеткізіледі немесе судья оларды жеткізуді тапсыратын адам жеткізеді.

Алайда, аталған талаптар апелляциялық сот алқасымен сақталмаған. Іс құжаттарына сәйкес, 2024 жылғы 26 маусымда өткізілген сот отырысына Кооперативтің өкілі Ж.С.Башанов тиісті түрде хабарланбаған. Сот отырысы өтетіні туралы хабарлама SMS арқылы +7 707 90 99 881 нөміріне тек 2024 жылғы 28 маусымда түскен. 28 маусымда аталған нөмірге екі SMS хабарлама келген:

Шымкент қалалық соты, Республиканское ММ "Департамент по управлению земельными ресурсами города Шымкент" - НУРИЕВ С. Р. т.б. қатысты ісі № 2а/1250 бойынша, ПК "Корно 1" жауапкер ретінде 26.06.2024 10:50 шақырады. Хатшы СЕРМАНИЗОВА А. т.99-75-48 www.sud.kz шакыру қағазын шығару коды - 332284;

Шымкент қалалық соты, РММ "Департамент по управлению земельными ресурсами города Шымкент" - НУРИЕВ С. Р. т.б. қатысты ісі №2а/1250 бойынша, ПК "Корно 1" жауапкер ретінде 03.07.2024 14:45 шақырады. Хатшы Серманизова А. т.99-75-48 www.sud.kz шакыру қағазын шығару коды - 471137.

Өтінішхат авторының Zbashanov@gmail.com электрондық поштасына, ЖСН 810928300410 сот кабинетіне сот отырысы өтетіні туралы ешқандай хабарлама түспеген.

Бұл тұрғыда, Кооперативтің өкілі Д.П.Доматовтың өтінішхатта келтірілген уәждері, яғни өткізілетін сот отырысының уақыты тиісті түрде хабарланбаған деген уәжі, іс құжаттарымен дәлелденеді. Мұндай жағдайда, кассациялық алқа жауапкердің өкілі Кооперативтің құқықтары мен мүдделерін сотта қорғауға құқығы бұзылған деп есептейді. «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жер қатынастарын реттеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының 2018 жылғы 4 мамырдағы № 151-VI Заңымен Қазақстан Республикасы Жер кодексінің (бұдан әрі - Жер кодексі) 37-бабының 2-тармағына өзгерістер енгізілген. Осы Заң талаптары өзгергенге дейін бұл тармақ былайша көрсетілген: «2. Егер Қазақстан Республикасының заң актілерінде немесе шартта өзгеше белгiленбесе, өз мiндеттерiн тиiсiнше орындаған уақытша өтеулi жер пайдаланушы (жалға алушы) шарт мерзiмi аяқталғаннан кейiн, басқа тең жағдайларда, жаңа мерзiмге шарт жасасуға басқа тұлғалар алдында басым құқығы болады. Жалға алушы осындай шарт жасасу ниетi туралы жалға берушiнi шартта көрсетiлген мерзiмде, егер шартта мұндай мерзiм көрсетілмесе, шарттың қолданылу мерзiмi аяқталғанға дейiн үш ай мерзiмде жазбаша хабардар етуге мiндеттi».

«Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне Қазақстан Республикасында кәсіпкерлік қызмет үшін жағдайды түбегейлі жақсарту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының 2014 жылғы 29 желтоқсандағы № 269-V Заңымен жаңа талаптар пайда болды: Жер кодексінің 37-бабы мынадай мазмұндағы 2-1тармағымен толықтырылған:

«2-1. Жаңа мерзімге шарт жасасу кезінде жер учаскесіне құқық беру, осы Кодекстің 43-бабы 1-тармағының 2), 3), 5) және 8) тармақшаларында белгіленген талаптарды қоспағанда, осы жер учаскесінің шекаралары өзгермейтін жағдайда осы Кодекстің 43-бабында көзделген тәртіппен жүргізіледі».

Яғни, 2014 жылға дейін жер учаскесін жаңа мерзімге беру Жер кодексінің 43-бабында көрсетілген талаптарға сүйене отырып берілмеген. Ол үшін ешқандай жаңа қаулы шығару талаптары болған жоқ.

Даулы болып отырған № 2213 шешім негізінде 2001 жылғы 5 қаңтарда жалға беру № 08 шарты 1 жылға жасалынған. Осы шарттың 2 тармағына сәйкес тараптар жасалған шартты қосымша келісім арқылы созуға құқылы. Жер учаскесін жалға алу құқығын созу № 2213 шешімнің 1-тармағында да көрсетілген.

2007 жылғы 19 шілдедегі № 68 жалға беру туралы шарты негізінде Кооперативке жалпы көлемі 150 га жер учаскесі 49 жылға, яғни 2056 жылға дейін жалға берілген. Бұл шарт Оңтүстік Қазақстан облысының Әділет Департаментінде 2011 жылғы 7 қарашада тіркеліп, № 14913 уақытша (ұзақ мерзімді, қысқа мерзімді) өтеулі жер пайдалану (жалға алу) құқығын беретін акті берілген. Аталған акті «Шымкент қаласының жер қатынастар бөлімі» мемлекеттік мекемесінде тіркелген және оған тиесілі мөр қойылған.

2010 жылғы 18 наурыздағы Шымкент қаласы әкімінің № 388 қаулысы негізінде 2011 жылғы 10 қарашада № 001/1293 жалға беру туралы шарты жасалынып, № 264843 уақытша өтеулі жер пайдалану құқығы туралы мемлекеттік акті берілген.

2012 жылғы 14 мамырда мемлекеттік қажеттілігі аясындағы «СамараШымкент» автокөлік тас жолының 32-м, 2057-2260 км. Республикалық мағынадағы автокөлік жолдарын қайта құру жобасы бойынша жол құрылысына байланысты, жоғарыда аталған 2,308 га жер учаскесі мәжбүрлі түрде мемлекеттік қажеттілігі үшін алынған. Жерді пайдаланудағы уақытша құқығының тез арада жойылуынан, келтірілген шығындардың төлемінің орнын толтыру туралы № 66 шарт жасалынған. Бұл шарт бойынша Кооперативке 8 951 700 теңге төленген.

Осыған байланысты, жер учаскесінің азаюына байланысты, 2013 жылғы 4 ақпанда № 001/016 жер учаскесін (147,692 га) жалға беру туралы шарты жасалған, 2053 жылға мерзімге дейін. Осы шарт дауланып отырған сот шешімімен жарамсыз деп танылған.

Жергілікті соттар 2001 жылы жасасқан шартты және онда көрсетілген жалға алу мерзімін созу туралы құқығын, сонымен қатар, 2010 жыл мен 2013 жылдың аралығында тараптар арасында 2007 жылғы № 68 жалға беру шартын және 2011 жылғы 10 қарашадағы жалға беру туралы № 001/1293 шартын ескермеген. 2014 жылға дейін жер учаскесін жаңа мерзімге беру Жер кодексінің 43-бабында көрсетілген талаптарға сүйене отырып берілмеген. Бұл жағдайда, жергілікті соттармен істің ауқымы мен мәні дұрыс анықталмай, тиісті түрде баға берілмеген.

Сонымен қатар, Жер кодексінің 148-бабы 1-тармағының 4 тармақшасына сәйкес жердi пайдалану мен қорғауды мемлекеттiк бақылауды жүзеге асыратын лауазымды адамдардың Қазақстан Республикасының жер заңнамасын бұзу салдарынан келтірілген залалды өтеу, мақсаты бойынша пайдаланылмай жатқан және игерілмеген не Қазақстан Республикасының заңнамасын бұза отырып пайдаланылып жүрген жер учаскелерiн мәжбүрлеп алып қою, жер учаскелерін беруге, нысаналы мақсатын өзгертуге, алып қоюға, мемлекет мұқтажы үшін мәжбүрлеп иеліктен шығаруға байланысты құқыққа сыйымсыз

шешімдердің күшін жою, сондай-ақ жердің пайдаланылуы мен қорғалуына мемлекеттік бақылауды жүзеге асыратын органдардың лауазымды адамдары Қазақстан Республикасы жер заңнамасының талаптарын бұзушылықтарды жою туралы берген нұсқамаларын осы нұсқама берілген тұлғалар нұсқамада көрсетілген мерзімде орындамаған не тиісінше орындамаған жағдайларда оларды орындау және жеке тұлғалардан, лауазымды адамдар мен заңды тұлғалардан айыппұл өндіріп алу мәселелері бойынша сотқа талап қоюды дайындауға және беруге құқығы бар.

Бұдан басқа, апелляциялық сот алқасымен С.Р.Нуриевтың өтінішхатта келтірген уәждері, атап айтқанда оның жерді адал және ашық иеленіп келгенін, мемлекетке ешқандай материалдық залал келтірмегенін, иеліктен шығармағанын немесе басқа жолмен алған мүлікті жасыруға әрекет жасамағанын, осы уақытқа дейін барлық қажетті төлемдерді уақытылы және толық көлемде төлеп келгенін, жерді сатып алған уақыттан бастап бір жыл шамасында толық игергенін кассациялық алқа іс үшін маңызы бар екендігін және даулы сот актілерін қайта қарауға негіз болады деп санайды.

Жоғарыдағылар негізінде, апелляциялық алқамен іс үшін маңызы бар мән-жайлар ауқымы дұрыс, толық айқындалмаған, дәделдемедерге объективті түрде баға берілмеген, өтінішхат иелерініне өз құқықтары мен мүдделерінін қорғауға апелляциялық алқада мүмкіндік бермеген.

Бұл тұрғыда, Шымкент қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 26 маусымдағы қаулысының, Шымкент қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 26 маусымдағы қосымша қаулысының күші жойылып, іс Шымкент қалалық сотына басқа құрамда жаңадан қарауға жолдануға жатады. Істі жаңадан қарау барысында, істің соттылығына баса назар аударып, даудың қай соттың қарауына жататындығын анықтау қажет.

АПК-нің 451-бабы 2-бөлігінің 4)-тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы

Шымкент қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 26 маусымдағы қаулысының, Шымкент қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 26 маусымдағы қосымша қаулысының күші жойылсын.

Азаматтық іс Шымкент қалалық сотына басқа құрамда жаңадан қарауға жолдансын.

Жауапкерлер С.Р.Нуриевтің, Кооперативтің өкілі Д.П.Доматовтың өтінішхаттары ішінара қанағаттандырылсын.

Төрағалық етуші

Судьялар

Н.К. Шәріпов

М.Ж. Бектұрғанов

А.С. Савинова

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.