№ 6003-25-00-2к/1029
2025 жылғы 10 қараша Астана қаласы
Азаматтық істер жөніндегі кассациялық соты құрамында: төрағалық етуші - судья Г.С.Джаппарова, судьялар А.К.Айкенова, Д.Д. Махметова, талап қоюшы И[...], жауапкердің өкілі П[...]
үшінші тұлғалардың өкілдері Т[...], Д[...] аудармашы Қ[...] қатысуларымен,
ашық сот отырысында талап қоюшы И[...] жауапкер «Қонаев қаласының қалалық көпсалалы ауруханасы» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнына бұйрықты заңсыз деп тану және күшін жою, жұмысқа қалпына келтіру, еңбек ақыны өндіру туралы талабы бойынша қабылданған,
Алматы облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 19 наурыздағы қаулысына жауапкердің кассациялық шағымымен түскен азаматтық істі қарап,
А Н Ы Қ Т А Д Ы:
Талап қоюшы И[...] сотқа аталған талап қоюымен жүгінген. Алматы облысы Қонаев қалалық сотының 2024 жылғы 6 желтоқсандағы шешімімен талап қою қанағаттандырусыз қалдырылған.
Алматы облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 19 наурыздағы қаулысымен шешімнің күші жойылып, талап қоюды қанағаттандыру туралы жаңа шешім қабылданған.
«Қонаев қаласының қалалық көпсалалы ауруханасы» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының 2024 жылғы 7 маусымдағы №14 бұйрығы заңсыз деп танылып, күші жойылған.
И[...] «Қонаев қаласының қалалық көпсалалы ауруханасы» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорны Қонаев қалалық орта мектеп гимназиясы мейірбике ретінде қайта жұмысқа орналастырылған.
И[...] пайдасына амалсыз бос жүрген екі ай мерзімдегі уақытына 200 000 теңге еңбек ақысы өндірілген.
Жауапкер кассациялық шағымда сот алқасы, бірінші сатыдағы сотпен дұрыс қолданылған заң нормаларын елемей, заңды шығарылған шешімді бұзғанын, тәртіптік комиссия отырысы барысында И[...] жұмыс орнында болмағанын растағандықтан оған ескерту түріндегі тәртіптік жаза қолданылғанын көрсеткен. Сонымен қатар, Қ[...] өтінішінде көрсетілген уәждер жартылай расталып, еңбек міндеттерін қайтадан орындамағаны және тиісінше орындамағаны үшін еңбек шартын бұзу түрінде тәртіптік жаза қолданылғанын ескермей, сот алқасының еңбек және азаматтық
процестік заңнама нормаларын айтарлықтай бұзуына байланысты қаулының күшін жойып, бірінші сатыдағы соттың шешімін өзгеріссіз қалдыруды сұраған. Кассациялық сот істегі дәлелдемелерді зерттеп, іске қатысушылардың түсініктерін тыңдап, кассациялық шағым уәждерін талқылап, төмендегі тұжырымға келеді.
Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы, заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.
Іс бойынша мұндай заң бұзушылықтарға жол берілмеген.
Анықталғандай, И[...] 2020 жылы 12 қазанда еңбек шарты негізінде «Қонаев қаласының қалалық көпсалалы ауруханасы» МКК-не (бұдан әрі - Кәсіпорын) мектеп медбикесі қызметіне қабылданып, жұмыс орны Қапшағай (қазіргі Қонаев қаласы) қаласы, 4 шағын аудан, 62/2 ғимаратында орналасқан «Алматы облысы білім басқармасының Қонаев қаласы бойынша білім бөлімі» мемлекеттік мекемесінің «Орта мектеп-гимназиясы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі болып бекітілген.
Кәсіпорынның 2024 жылғы 22 мамырдағы №13 бұйрығымен И[...] ескерту түріндегі тәртіптік жазаға тартылған. Кәсіпорынның 2024 жылғы 7 маусымдағы №14В бұйрығымен И[...] еңбек шарты Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің (бұдан әрі - Кодекс) 52-бабы 1-тармағы 16) тармақшасына сәйкес бұзылған. Талап қоюшы жұмыстан босатылуымен келіспей сотқа жүгінген.
Бірінші сатыдағы сот, талап қоюды қанағаттандырудан бас тартып, өз шешімін жұмыс берушімен даулы бұйрық заңды шығарылғанымен негіздеген.
Апелляциялық сот бұл тұжырыммен келіспей, талап қоюшыда қайталанудың және жазаға тартылғаны туралы міндетті белгілері болған жоқ, жұмыс берушінің еңбек шартын бұзу түріндегі қолданылған тәртіптік жазасы орын алған теріс қылықтардың ауырлығына сәйкес келмейтінін, талап қоюшы жұмыс атқарған уақытта 2024 жылдың мамырына дейін бірде-бір тәртіптік жауапкершілікке тартылмағандығын көрсетіп, талап қоюды қанағаттандыру туралы жаңа шешім қабылдаған.
Іс құжаттарына қарағанда, талап қоюшыға ескерту тәртіптік жазасы қолдануға оның себепсіз 2024 жылғы 10 мамырда сағат 15.00-ден 15.35-ке дейін, яғни 35 минут жұмыс орнында болмауы негіз болған.
2024 жылғы 4 маусымдағы тәртіптік комиссиясының отырысында Е[...] 20 мамыр 2024 жылғы арызы мен мектеп мейірбикесі Қ[...] 17 мамыр 2024 жылғы арызы орын алған.
Жауапкер тарапынан 2024 жылы 2 сәуірде, санитариялық-эпидемия талаптарын бұза отырып, И[...] 15 жасқа толмаған Ж[...] туберкулезді анықтау мақсатында флюрографиялық зерттеуге жіберген деп көрсеткен.
Сот алқасымен анықталғандай, оқушы Ж[...] 22 сәуір 2024 жылы
15 жасқа толады, яғни орын алған оқиғадан кейін 20 күннен кейін, сонымен қатар апелляциялық сот отырысында 15 жасқа толмаған Ж[...] флюрографиялық зерттеуден өтпеген және зерттеуден өтетін тізімде көрсетілмеген, бұл мән-жайды жауапкердің өкілі жоққа шығармаған.
И[...] өз тарапынан Ж[...] флюрографиядан өтуге жібермегенін, баланың сыныптастарына ілесіп өзі кетіп қалғанын көрсеткен, талап қоюшының бұл уәждері ескерусіз қалған.
Тәртіптік комиссия кезінде мейірбике К[...] талап қоюшы И[...] жұмыс істей алмаймын деген шағымы да қаралған. Әріптесі К[...] екеуі арасындағы мәселені шешу үшін И[...] 2024 жылдың мамыр айының 10, 13, 24 күндері директордың қабылдауына барғанын тәртіптік комиссия ескермеген.
Істің мұндай тұрғысында, апелляциялық соттың талап қоюды қанағаттандырып, И[...] бұрынғы жұмысына қайта орналастыруы негізді.
Сол себепті сот, апелляциялық сатыдағы соттың қаулысы күшінде, кассациялық шағым қанағаттандырусыз қалдырылуға жатады деп санайды.
АПК-нің 451-бабы 2-бөлігінің 1)-тармақшасын басшылыққа алып, кассациялық сот
Қ А У Л Ы Е Т Т І:
Алматы облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 19 наурыздағы қаулысы күшінде қалдырылсын.
Жауапкердің кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Төрағалық етуші Г.С.Джаппарова судьялар А.К.Айкенова
Д.Д. Махметова
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.