ВС РК - Постановление от 21.01.2025 по делу 6001-24-00-6ап/1304 (Административное)

6001-24-00-6ап/1304

ҚАУЛЫ

2025 жылғы 21 қаңтар Астана қаласы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:

төрағалық етуші - судья Ғ.Ө.Әлжанов,

судьялар - Ж.Б.Ермагамбетова, Б.Т.Нажмиденов болып,

мүдделі тұлға өкілі С.Г.Уткиннің,

аудармашы М.А.Мусабекованың қатысуларымен,

ашық сот отырысында талап қоюшы Шардара ауданы прокурорының жауапкер «Шардара аудан әкімдігі» мемлекеттік мекемесіне Шардара аудандық әкімдігінің аудан прокурорының 2022 жылғы 22 сәуірдегі прокурорлық қадағалау актісін қарау нәтижесімен қабылдаған шешімін заңсыз деп тану және аудан әкімдігінің 2021 жылғы 1 сәуірдегі және 2022 жылғы 7 ақпандағы қаулыларын заңсыз деп танып күшін жою туралы талап қоюы бойынша қабылданған

Түркістан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 15 ақпандағы қаулысына мүдделі тұлға «Шардарақұм» жауапкершілігі шектеулі серіктестігімен (бұдан әрі - ЖШС) келтірілген кассациялық шағымымен келіп түскен әкімшілік істі қарап,

АНЫҚТАҒАНЫ:

Талап қоюшы сотқа жауапкерге жоғарыда көрсетілген талап қою арызымен жүгінген.

Түркістан облысы Шардара аудандық сотының 2022 жылғы 25 тамыздағы шешімімен талап қоюы қанағаттандырылған.

Аудан прокурорының 2022 жылғы 22 сәуірдегі №2-12-23-00381 санды прокурорлық қадағалау актісін қарау нәтижесімен қабылдаған аудан әкімдігінің шешімі заңсыз деп танылған.

Аудан әкімдігінің 2021 жылғы 1 сәуірдегі №125 санды және 2022 жылғы 7 ақпандағы №47 санды қаулылары заңсыз деп танылып, күштері жойылған.

Соттың 2022 жылғы 25 тамыздағы жеке ұйғарымымен аудан әкімдігінің лауазымды тұлғаларына қатысты процестік шешім қабылдауды аудан прокурорына тапсырылған.

Соттың 2022 жылғы 25 тамыздағы ұйғарымымен талап қоюдың «Шардара-кум» ЖШС-не жер учаскесін беру мәселесін қарау үшін жерге орналастыру ісін өз шешімімен бірге жоғары тұрған органға жіберуін міндеттеу туралы бөлігі кері қайтарылған.

Түркістан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 28 желтоқсандағы қаулысымен бірінші сатыдағы шешімнің күші жойылып, іс бірінші сатыдағы сотқа жаңадан қарауға жолданған.

Осы соттың 2022 жылғы 28 желтоқсандағы ұйғарымымен бірінші сатыдағы жеке ұйғарымның күші жойылған.

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 17 қазандағы қаулысымен апелляциялық сатыдағы соттың 2022 жылғы 28 желтоқсандағы қаулысы мен ұйғарымның күштері жойылып, іс Түркістан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасына басқа құрамда жаңадан қарауға жолданған.

Түркістан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 15 ақпандағы қаулысымен Шардара аудандық сотының 2022 жылғы 25 тамыздағы шешімінің, жеке ұйғарымының күштері жойылып, талап қоюды қанағаттандырусыз қалдыру туралы жаңа шешім қабылданған. Мүдделі тұлға «Шардара-құм» ЖШС-гі кассациялық шағымында апелляциялық сатыдағы сотымен қабылданған қаулысымен келіспей, сотпен материалдық және процестік құқық нормаларын дұрыс қолданбағанын көрсете отырып, оның күшін жойып, бірінші сатыдағы сот шешімін күшінде қалдыруды сұраған.

Мүдделі тұлға өкілінің түсінігін тыңдап, кассациялық шағым уәждерін талқылап, іс құжаттарын зерттеп, сот алқасы төмендегідей тұжырымға келеді.

Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі - ӘРПК) 169-бабының бірінші бөлігіне сәйкес кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) қағидаларында айқындалады.

АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, АПК-нің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулі түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негіз болып табылады.

Осы іс бойынша аталған заң бұзушылықтарға жол берілмеген.

Соттармен анықталған мән-жайларға қарағанда 2021 жылғы 30 желтоқсанда «Шардара-кум» ЖШС-не Түркістан облысының инвестиция және экспорт басқармасымен (бұдан әрі - Басқарма) Шардара ауданы, Қоссейіт ауылдық округінің аумағынан жалпы көлемі 24,2 га жер теліміне кең таралған пайдалы қазбаларды өндіруге арналған №52 лицензия берілген.

2022 жылғы 25 қаңтарда жер комиссиясы «Шардара-кум» ЖШС-нің Шардара ауданы Қоссейіт ауылдық округіндегі 24,2 га жер теліміне құқығын табыстау жөніндегі өтінішті қарап, оны қанағаттандырудан бас тартқан.

Аудан әкімдігінің 2022 жылғы 7 ақпандағы №47 қаулысымен «Шардара-кум» ЖШС-не аталған жер учаскесіне құқықты табыстаудан бас тартылған , себебі жер учаскесі аудан әкімдігінің 2021 жылғы 1 сәуірдегі №125 қаулысымен халыққа мал жаюға ортақ пайдалануға уақытша ұзақ мерзімге 20 жылға резервке қалдырылғаны негіз болған. «Шардара-кум» ЖШС-нің арызы негізінде, аудан прокуратурасымен аудан әкімдігіне заңдылықты жою туралы ұсыну енгізген.

Ұсыну түпкілікті 2022 жылдың 10 маусымында қаралып, қанағаттандырусыз қалдырылған.

Талап қоюшы даулы қаулыларымен келіспей, сотқа жүгінген.

Қазақстан Республикасы Жер кодексінің (бұдан әрі - ЖК) 43-бабы 1-тармағы 6) тармақшасына сәйкес, облыстың, облыстық маңызы бар қаланың (оның әкімшілік бағынысына берілген аумақта), ауданның жергiлiктi атқарушы органымен және кент, ауыл, ауылдық округ әкіммен жер учаскесiне құқық беру туралы шешiм қабылданады .

ЖК-нің 17-бабының 4-1) тармақшасымен аудан шекарасының шегiнде жер қатынастарын реттеу саласында аудандық (қалалардағы аудандардан басқа) атқарушы органның құзыретiне жерді резервте қалдыру кіретіндігі бекітілген .

ЖК-нің 49-2-бабының 1-тармағына сәйкес жерді резервке қою жеке ауладағы ауыл шаруашылығы жануарларын жаю бойынша халық мұқтажын қанағаттандыру мақсатында жайылымдық және шабындық алқаптарды пайдалану және бақша шаруашылығы үшін мемлекеттік меншіктегі жерде резервтік аумақтар құру арқылы жүзеге асырылады.

Яғни, ЖК-не сәйкес халықтың мұқтажын қанағаттандыру мақсатында жерді резервке қою өкілеттілігі жергілікті атқарушы органға тиесілі.

ӘРПК-нің 155-бабының төртінші бөлігімен сот, егер талап қоюды қарау кезінде даулы әрекет (әрекетсіздік) жасалғанын, шешім құзыретіне және Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қабылданғанын анықтаса, оны қанағаттандырудан бас тартатындығы қарастырылған.

Келтірілген мән-жайлар мен заң нормалары аясында апелляциялық сатыдағы соттың қаулысы заңды әрі негізді, өйткені дауланып отырған шешімді қабылдау барысында жауапкер тарапынан заң бұзушылықтарға, оның ішінде процедуралық сипаттағы кемшіліктерге жол берілмеген.

Керсінше, жауапкер даулы шешімді әкімшілік қалаудың шеңбері аясында қабылдаған (ӘРПК-нің 11-бабының бірінші бөлігі) .

Осыған орай, сот алқасы сот актісі материалдық және процестік құқық нормаларына негізделіп шығарылған, апелляциялық сатыдағы сотымен заң нормалары дұрыс қолданылған, іс бойынша дәлелдемелерге заң тұрғысынан дұрыс баға берілген деп санайды.

Дауланып отырған сот актісінің күшін жоюға не өзгертуге негіздер

жоқ.

ӘРПК-нің 169-бабының бірінші бөлігін және АПК-нің 451-бабының 2-бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы

ҚАУЛЫ ЕТТІ:

Осы іс бойынша Түркістан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 15 ақпандағы қаулысы күшінде қалдырылсын.

Мүдделі тұлға «Шардара-құм» ЖШС-нің кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Төрағалық етуші

Ғ. Әлжанов

Ж. Ермагамбетова

Судьялар

Б. Нажмиденов

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.