Кассационный суд Республики Казахстан по гражданским делам - Постановление от 02.07.2026 по делу 6003-26-00-2к/2783 (Гражданское)

Қ А У Л Ы

2026 жылғы 2 шілде №6003-26-00-2к/2783 Астана қаласы

Азаматтық істер жөніндегі кассациялық соты құрамында

төрағалық етуші судья Г.Б.Бастаубаев, судьялар Н.А.Жумагулова, Н.О.Косанов,

талап қоюшы өкілдері Б[...] және Т[...], жауапкер өкілі Б[...], аудармашы Т[...] бейнебайланыс арқылы қатысуларымен,

ашық сот отырысында талап қоюшы Қазақстан Республикасы Су ресурстары және ирригация министрлігінің «Қазсушар» шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорны филиалының (бұдан әрі - Филиал) жауапкер «МК[...]» жауапкершілігі шектеулі серіктестігін (бұдан әрі - Cеріктестік) мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушы деп тану туралы электрондық азаматтық істі жауапкердің Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2026 жылғы 28 қантардағы шешіміне және Астана қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2026 жылғы 9 сәуірдегі қаулысына берген кассациялық шағымымен қарап,

А Н Ы Қ Т А Д Ы :

Филиал сотқа аталған талап қоюмен жүгініп, оны Серіктестік шарт бойынша міндеттемелерін орындамағанымен негіздеген.

Апелляциялық сот алқасының қаулысымен өзгеріссіз қалдырылған бірінші сатыдағы соттың шешімімен талап қою қанағаттандырылып, Cеріктестік мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушы деп танылған және мемлекет пайдасына 1 966 теңге мемлекеттік баж өндірілген.

Cеріктестік кассациялық шағымында соттармен материалдық және процестік құқық нормалары бұзылғанын көрсетіп, аталған сот актілерінің күшін жоюды, талапты қанағаттандырудан бас тарту жөнінде жаңа шешім шығаруды сұраған.

Кассациялық сот істегі дәлелдемелерді зерттеп, іске қатысушылардың жауаптарын тыңдап, кассациялық шағым уәждерін зерделеп, төмендегі тұжырымға келді.

Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес Заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы осы Кодекстің 434-бабының бірінші бөлігінде көрсетілген, заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.

Іс бойынша мұндай бұзушылықтарға жол берілген.

АПК-тің 449-бабының 2-бөлігінде кассациялық сатыдағы сот заңдылық мүддесiнде кассациялық шағымның немесе наразылықтың шегiнен шығуға және шағым жасалған, наразылық келтірілген сот актісінің заңдылығын толық көлемде тексеруге құқылы екені бекітілген.

Анықталғаны, 2025 жылғы 14 тамызда тараптар арасында №872 «Жобалау (жобалау-сметалық) құжаттамасын әзірлеу» жөніндегі жұмыстарды мемлекеттік сатып алу туралы шарт жасалып (бұдан әрі - Шарт), оған сәйкес Серіктестік 27 667 946,88 теңге құрайтын ««Қаныш Сәтпаев атындағы канал» филиалының №3 СС-да АҮҚ-220/35/6кВ КРУ-6 кВ, ЩСН-0,4 кВ басқару, өлшеу панельдерін және кабельдік байланыстарды реконструкциялау» жұмыс жобасына жобалау-сметалық құжаттаманы (бұдан әрі - ЖСҚ) әзірлеуді Шарт жасалған күннен бастап 8 ай ішінде, яғни 2026 жылғы 14 сәуірге дейін орындауға, ал Филиал орындалған жұмысты қабылдап, төлем жүргізуге міндеттенген.

Шарттың ажырамас бөлігі болып табылатын техникалық ерекшелікке сай Шарт жасалғаннан кейін Серіктестік Филиалға:

  • 3 жұмыс күні ішінде жобаның бас инженерін тағайындау туралы бұйрықты, осы жобаны әзірлеуге жауапты өз қызметкерлерінің тізімін, олардың міндеттері мен өкілеттіктерін жазбаша түрде беру;

  • 5 жұмыс күні ішінде жұмыс жүргізу кестесін ұсыну, жоба сараптамасының оң қорытындысын алу үшін көрсетілген шарттармен шектелмей, барлық жұмыстарды орындау;

  • 10 жұмыс күні ішінде өзінің жауапты қызметкерлерінің тексеру және ақпарат жинау үшін жобалау объектісіне шығуын ұйымдастыру қажет болған.

Алайда, Серіктестік тарапынан аталған мерзімдер бұзылып, тиісті ақпараттар Филиалға берілмеген.

Филиал бұл жөнінде Серіктестікке 2025 жылғы 19 тамызда №27-2817/1279 хат арқылы ескертіп, тиісті ақпарат беру жөнінде сұрау салған, Серіктестік сол күнгі №73 хатымен тек ғана жұмыс жүргізу кестесінің жобасын ұсынып, Шарт бойынша жұмыстарды атқару үшін бастапқы деректерді ұсынуды сұраған.

Филиал 2025 жылғы 26 тамыздағы №27-28-17/1313 хатымен Серіктестікке сұратылған бастапқы деректерді ұсынып, бір қатар ескертулер болуына байланысты (оларды көрсете отырып) жұмыс жүргізу кестесі бекітілмегенін хабарлаған және техникалық ерекшелікке сай тапсыруы тиіс ақпаратты жолдауды сұраған.

Осыған қарамастан, Серіктестік техникалық ерекшелікке сай тапсыруы тиіс ақпаратты жолдамағаны себепті Филиал 2025 жылғы 2 қыркүйекте №2728-17/1354 тағы да ескерту хат жолдаған.

Серіктестік 2025 жылғы 3 қыркүйектегі №77 хатымен техникалық ерекшелікке сай тапсыруы тиіс ақпаратты жолдай отырып, өзінің жауапты қызметкерлерінің тексеру және ақпарат жинау үшін жобалау объектісіне шығуын 2025 жылғы 5 қыркүйекте ұйымдастыратынын хабарлаған.

2025 жылғы 3 қыркүйекте Филиал Серіктестікке мемлекеттік сатып алу порталы арқылы Шартты бұзу туралы хабарлама жіберген.

2025 жылғы 29 қазанда ЖСҚ әзірлеу жөніндегі мерзімдердің сақталмауына байланасты Филиалмен Шарт біржақты бұзылған.

Осыған орай, Филиал 2025 жылғы 5 қарашада Серіктестікпен Шарт бойынша міндеттемелер орындалмауына байланысты осы талап қоюмен сотқа жүгінген.

Алайда, бірінші сатыдағы сот істі қараған кезде аталған талап қою тиісті емес талап қоюшымен берілгенін ескермеген. Апелляциялық сатыдағы сот осы мән-жайға дұрыс баға бермеген.

АПК-тің 41-бабының 1-бөлігінде өздерінің бұзылған немесе даулы құқықтары мен бостандықтарын, заңды мүдделерін қорғап талап қою берген немесе осы Кодексте көзделген тәртіппен өзге де тұлғалар оларды қорғап талап қою берген азаматтар мен заңды тұлғалар талап қоюшылар болып табылатыны бекітілген.

Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің 43-бабының 3-тармағына сәйкес филиалдар мен өкiлдiктер заңды тұлғалар болып табылмайды. Оларға өздерiн құрған заңды тұлға мүлік бөліп береді және олар оның бекiткен ережелері негiзiнде әрекет етеді.

Филиал тиісті талап қоюшы бола алмайды, себебі Филиал заңды тұлға емес, ал талап қоюшының заңды тұлға болуы міндетті шарт, мұндай жағдайда талап қою құқығы «Қазсушар» шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына тиесілі.

Осы мән-жайларға соттар дұрыс баға бермеген, істі қараған кезде соттармен материалдық және процестік құқық нормалары елеулi түрде бұзылған. Сол себепті, сот актілерінің күші жойылып, талап қою қанағаттандырусыз қалдырылуға, кассациялық шағым қанағаттандырылуға жатады.

АПК-тің 451-бабының 2-бөлігінің 8) тармақшасын, 452-бабын басшылыққа алып, сот

Қ А У Л Ы Е Т Т І:

Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2026 жылғы 28 қантардағы шешімінің және Астана қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2026 жылғы 9 сәуірдегі қаулысының күші жойылып, талап қоюды қанағаттандырудан бас тарту жөнінде жаңа шешім шығарылсын.

Жауапкер «МК[...]» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің кассациялық шағымы қанағаттандырылсын.

Төрағалық етуші Г.Бастаубаев

Судьялар Н.Жумагулова

Н.Косанов

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.