ВС РК - Постановление от 22.02.2021 по делу 6001-20-00-3Г/7073 (Гражданское)

6001-20-00-3г/7073

ҚАУЛЫ

2021 жылғы 22 ақпан Нұр-Сұлтан қаласы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының судьясы Б.Р.Ералиева,

талап қоюшы «Түркістан облысының жер инспекциясы басқармасы» мемлекеттік мекемесінің (бұдан әрі – Басқарма) жауапкерлер М[...], Н[...], Д[...], Х[...], У[...], Сайрам ауданының әкімдігіне, «Сайрам аудандық жер қатынастары бөлімі» мемлекеттік мекемесіне (бұдан әрі – Жер қатынастар бөлімі), «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамының (бұдан әрі - КеАҚ) Түркістан облысы бойынша филиалының тіркеу және жер кадастры бойынша Сайрам аудандық бөлімшесіне, нотариус А[...], нотариус А[...], дербес талаптарын мәлімдемейтін үшінші тұлға «Сайрам ауданының сәулет және қала құрылысы бөлімі» ММ-не Сайрам ауданы әкімдігінің қаулысын, жер учаскесіне өтеулі уақытша қысқа мерзімді жер пайдалану құқығын беретін сәйкестендіру актісін, жауапкерлердің арасында жасалған келісім шарттарын жарамсыз деп тану туралы талап қою арызымен қозғалған азаматтық іс бойынша қабылданған

Түркістан облысы Сайрам аудандық сотының 2020 жылғы 5 маусымдағы шешімін, Түркістан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2020 жылғы 27 тамыздағы қаулысын қайта қарау туралы жауапкер Х[...] өкілі – Д[...] келтірген өтінішхатын істі алдырту арқылы алдын-ала қарап,

АНЫҚТАҒАНЫ:

Басқарма сотқа талап арызбен жүгініп, онда Сайрам ауданы әкімдігінің 2015 жылғы 23 маусымдағы № 464 қаулысын (бұдан әрі – № 464 қаулы), жер учаскесіне өтеулі уақытша қысқа мерзімді жер пайдалану құқығын беретін кадастрлық нөмірі [...] сәйкестендіру актісін (бұдан әрі - жер актісін), Жер қатынастар бөлімі мен М[...], Х[...], Н[...], Д[...] арасындағы 2015 жылғы 26 маусымдағы № 243 келісім шартын (бұдан әрі – даулы келісім шарт), М[...], Н[...], Д[...] пен Х[...] арасында 2015 жылы 3 қарашада жасалған сату-сатып алу келісім шартын (бұдан әрі - сату-сатып алу келісім шарты) жарамсыз деп тануды сұраған.

Сайрам аудандық сотының 2020 жылғы 5 маусымдағы ұйғарымымен Басқарманың жер учаскесіне жеке меншік құқығын беретін жер актісін жарамсыз деп тану туралы талап арыздың бөлігі бойынша іс жүргізу тоқтатылған.

Аталған соттың 2020 жылғы 5 маусымдағы шешімімен талап қою арызы ішінара қанағаттандырылған. № 464 қаулы жарамсыз деп танылып, Жер қатынастар бөлімі мен М[...], Х[...], Н[...], Д[...] арасында 2015 жылы 26 маусымда жасалған келісім шарты және М[...], Н[...], Д[...] пен Х[...] арасында жасалған сату-сатып алу келісім шарты жарамсыз деп танылған.

Түркістан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2020 жылғы 27 тамыздағы қаулысымен бірінші сатыдағы сот шешімі өзгеріссіз қалдырылған.

Өтінішхатта арызданушы іс бойынша қабылданған сот актілерімен келіспей, соттың тұжырымдары істің мән-жайына сәйкес келмейтінін көрсетіп, материалдық және процестік құқық нормаларының бұзылғанына сілтеме жасап, олардың күшін жойып, талап арызды толығымен қанағаттандырусыз қалдыру туралы жаңа шешімді қабылдауды сұраған.

Өтінішхатта төмендегі мән-жайлар көрсетілген.

Сайрам ауданы әкімдігінің 2015 жылғы 26 ақпандағы № 161 қаулысына сәйкес, М[...], Д[...], Н[...], Х[...] шаруа қожалығын жүргізу үшін Сайрам ауданы, Қарабұлақ ауылдық округі, «Рабочий» өндірістік кооперативінің жер пайдалануынан жалпы көлемі 6,93 га жер учаскесі алынып, уақытша өтеулі жерді ортақ үлестік жер пайдалану (жалдау) құқығымен 48 жылға ұзақ мерзімге берілген.

Бөлінетін жер учаскесінің құқы иеліктен шығарылмайтын өтеулі уақытша ортақ үлестік жер пайдалану түрінде белгіленген. Х[...] 0,72 га, М[...] 2,07 га, Н[...] 2,22 га, Д[...] 1,92 га берілген.

Жер қатынастар бөліміне осы қаулыға сәйкес аталған азаматтарға уақытша өтеулі жер пайдалану туралы келісім шарт жасасу және аталған бөлімге бұл азаматтарға жер учаскесіне уақытша өтеулі жер ортақ үлестік пайдалану құқығын беретін акт беру міндеттелген.

Аталған жер учаскесіне берілген жер актісінде жердің санаты ауыл шаруашылық мақсатындағы жерлер, нысаналы мақсаты шаруа қожалығын жүргізу үшін берілгені көрсетілген.

Жер қатынастар бөлімі мен М[...], Д[...], Н[...], Х[...], арасында 2015 жылы 27 ақпанда № 77 жер учаскесін жалға беру шарты түзілген.

№ 464 қаулымен Сайрам ауданы, Қарабұлақ [...] кварталында орналасқан Х[...], М[...], Н[...] және Д[...] пайдалануындағы шаруа қожалығын жүргізу үшін уақытша (ұзақ мерзімді, қысқа мерзімді) өтеулі жер пайдалану (жалға алу) құқығымен берілген жалпы көлемі 6,93 га жер учаскесінің нысаналы мақсаты өзгертіліп, ауылшаруашылығы базары, мал дәрігерлік дәріхана, қоғамдық дәмхана, құс фабрикасы және әкімшілік ғимаратының құрылысын жүргізу үшін ортақ үлестік меншік құқығы түрінде белгіленген.

Х[...] жалпы көлемі 0,72 га, М[...] жалпы көлемі 2,07 га, Н[...] жалпы көлемі 2,22 га, Д[...] жалпы көлемі 1,92 га бөлінетін жер учаскесінің құқы ортақ үлестік меншік түрінде белгіленген.

Жер қатынастар бөлімімен жер учаскесіне құқық беру туралы қаулы қабылданған күннен бастап он жұмыс күні мерзімінде сатып алу-сату туралы келісім шартын жасасу (4 тармақ) және жер учаскесінің бекітілген кадастрлық (бағалау) құны 12 370 050 теңге қаржыны Қазақстан Республикасының Қазынашылық комитеті мемлекеттік мекемесінің есеп шотына КZ24070105КSN0000000, БСК ККМFRZA2A.КОД 303101, СТН 58110001622, ЖСН [...] (бұдан әрі – Қазынашылық есеп шот), Сайрам ауданы бойынша Мемлекеттік кірістер басқармасына төлеу (5 тармақ) міндеттелген.

Қаулының 1-тармағында көрсетілген азаматтар жерді ауыл шаруашылығына қатысы жоқ мақсаттарға пайдалану үшін ауыл шаруашылығының жерінен алынуына байланысты өндіріске келтірілген 1 987 524 теңге зиянды Қазынашылық есеп шотына, ауыл шаруашылығы өндірісіндегі шығасы жер учаскесіне құқық беру туралы қаулы қабылданған немесе ауыл шаруашылығы алқаптарының нысаналы мақсаты өзгерген кезден бастап алты ай мерзімде Сайрам ауданы бойынша Мемлекеттік кірістер басқармасына төлеу міндеттелген.

Аталған қаулымен уақытша (ұзақ мерзімді, қысқа мерзімді) өтеулі жер пайдалану (жалға) алу құқығын беретін № 2950422876 актісі жарамсыз деп есептелген, Жер қатынастар бөлімі қаулының 1-тармағында көрсетілген азаматтарға 6,93 га жер учаскесіне ортақ үлестік меншік құқығын беретін акт беруді қамтамасыз ету тапсырылған.

Жоғарыда көрсетілген № 464 қаулы негізінде Жер қатынастар бөлімі мен М[...], Д[...], Н[...], Х[...], Қарабұлақ ауылдық округінде орналасқан көлемі 6,93 га, нысаналы мақсаты - ауылшаруашылық базары, мал дәрігерлік дәріхана, қоғамдық дәмхана, құс фабрикасы және әкімшілік ғимаратының құрылысын жүргізу үшін 2015 жылы 26 маусымда № 243 жер учаскесін сатып алу-сату келісім шарты түзілген, жер учаскесінің сатып алу құны 12 370 050 теңге деп көрсетілген.

Аталған қаулы мен сатып алу-сату шарты Сайрам аудандық әділет басқармасында 2015 жылы 29 қазанда тіркеуден өтіп, аталған азаматтардың 6,93 га жер учаскесіне меншік құқығы пайда болған.

№ 464 қаулының 6-тармағына сәйкес, жер учаскесінің бекітілген құны 12 370 050 теңге қаржы Қазынашылық есеп шотына, Сайрам ауданы бойынша Мемлекеттік кірістер басқармасына төленген.

Н[...].А[...] куәландырылған жер учаскесін сатусатып алу келісім шартына сәйкес, М[...], Н[...] және

Д[...] аталған 6,93 га жер учаскесінің өздеріне тиесілі 6,2100 га бөлігін Х[...] сатқан.

2015-2016 жылдары Қарабұлақ ауыл тұрғындарының мал базары ауыл ортасында қалып қойып, жергілікті халықтың мал базарын ауыл сыртына көшіру туралы ұсынысына сәйкес, жергілікті әкімдікпен жеке кәсіпкер Х[...] арасында 2016 жылы 20 қаңтарда ауылшаруашылық базарын ауыл сыртына көшіру жөнінде меморандум түзілген.

Осы келісімге сәйкес, Х[...] 143 693 000 теңге мөлшерінде қаржы жұмсап ауылшаруашылық базарының құрылысын бітіріп, мемлекеттік сәулет құрылыс басқармасының қатысуымен 2018 жылғы 14 тамызда объектіні қабылдау актісі негізінде пайдалануға қабылдаған, акті Сайрам аудандық әділет басқармасында 2019 жылы 23 қаңтарда тіркеуден өткен.

Бұл объектіге Х[...] меншік құқығы тіркелген.

Жер учаскесінің жер актісіне сәйкес, жердің санаты өнеркәсіп, көлік, байланыс, ғарыш қызметі, қорғаныс, ұлттық қауіпсіздік мұқтажына арналған жер және ауыл шаруашылығына арналмаған өзге де жер, нысаналы мақсаты ауыл шаруашылығы базары, мал дәрігерлік дәріхана, қоғамдық дәмхана, құс фабрикасы және әкімшілік ғимаратының құрылысын жүргізу үшін берілген деп көрсетілген.

Өз кезегінде, Х[...] 2017 жылғы 28 қарашадағы нотариус А[...] куәландырылған жер телімін сату-сатып алу келісім шартына сәйкес, өз меншігіндегі 6,93 га У[...] 12 500 000 теңгеге сатқан.

2018 жылғы 17 тамыздағы келісім шартты бұзу туралы келісімге сәйкес, Х[...] пен У[...] арасындағы 2017 жылғы 28 қарашадағы сатусатып алу келісім шарты бұзылған.

Сот Х[...] талап қойғанға дейін талап қою мерзімінің өтіп кеткені туралы өтінішхаты бойынша шешім қабылдамады, жер учаскесіне нысан құрылысы оның нысаналы мақсаты өзгертілгеннен кейін салынды, жауапкерлер жер учаскесіне келтірілген шығасыны өтеді, сотпен даулануға жатпайтын № 464 қаулы заңсыз жарамсыз деп табылды, меншік иесіне келтірілген шығынды өтеу жөніндегі сұрақ шешілмеді деп көрсеткен.

Жергілікті соттар № 464 қаулымен жауапкерлерге Қарабұлақ ауылдық округі 042 кварталында орналасқан жалпы көлемі 6,93 гектар жер учаскесін ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерде, суармалы егістік тыңайған жерлерде мал шаруашылығы кешендерін салуға, мал шаруашылығына арналған уақытша құрылыстарды салуға болмайтынын біле тұра, жер учаскесінің нысаналы мақсатын өзгерту туралы заңға қайшы шешім қабылдап, Жер кодексінің 97-бабының 3-тармағының талаптары бұзылған, сол себепті сатусатып алу шарттары жарамсыз деп танылуға жатады деген тұжырымға келген.

Жоғарыда келтірілген және басқа да өтінішхатта көрсетілген уәждердің негізінде, судья сот актілерін қайта қарауға негіз бар екенін басшылыққа алып, азаматтық істі алқа отырысында қарау үшін беру қажет деп санайды.

АПК-нің 444-бабының 1-бөлігінің 1) - тармақшасын басшылыққа алып, судья

ҚАУЛЫ ЕТТІ:

Жауапкер Х[...] өкілі – Д[...] Түркістан облысы Сайрам аудандық сотының 2020 жылғы 5 маусымдағы шешімін, Түркістан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2020 жылғы 27 тамыздағы қаулысын қайта қарау туралы өтінішхаты іспен бірге Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасына қарау үшін берілсін.

Қаулының көшірмесі өтінішхатты берген тұлғаға жолдансын.

Судья Б.Ералиева

Көшірмесі дұрыс Судья

Б.Ералиева

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.