6001-23-00-6ап/2530
Қ А У Л Ы
2024 жылғы 17 қазан Астана қаласы
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:
төрағалық етуші судья Г.Б.Дуйсенбаев,
судьялар Г.К.Нұрбаев, Е.Д. Өміралиев болып,
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында талап қоюшы Аршабаев Жанадил Усеновичтың жауапкер Алматы облысының жеке сот орындаушысы Досаев Абзал Қабылбековичтың талап қоюшыны тиісті дәрежеде хабардар етпей және жеке сот орындаушысының ісәрекетіне даулауға мүмкіндік бермей, адал емес ниетте жасалған іс әрекетін заңсыз деп тану; атқару парағы негізінде мәжбүрлеп өндірілген соммаларды қайтарып беруді мәжбүрлеу туралы әкімшілік ісі бойынша,
Алматы облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2023 жылғы 14 шілдедегі ұйғарымына, Алматы облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 28 тамыздағы ұйғарымына талап қоюшы берген кассациялық шағымымен түскен әкімшілік істі қарап,
АНЫҚТАҒАНЫ:
Талап қоюшы Ж.У. Аршабаев жоғарыда аталған талап қоюмен сотқа жүгінген.
Алматы облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2023 жылғы 14 шілдедегі ұйғарымымен талап қою арызы талап қоюшыға қайтарылған.
Алматы облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 28 тамыздағы ұйғарымымен бірінші сатыдағы соттың ұйғарымы күшінде қалдырылған.
Талап қоюшы кассациялық шағымында іс бойынша қабылданған бірінші және апелляциялық саты соттарының сот актілерімен келіспейтінін көрсетіп, олардың күшін жойып істі мәні бойынша қарау үшін бірінші саты сотына жіберуді сұраған.
Тараптар Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының (бұдан әрі – сот алқасы) отырысына келмеді.
Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 115-бабының бірінші бөлігіне сәйкес әкімшілік іске қатысатын адамдардың келмеуі оларға тиісінше хабарланған жағдайда сот отырысын өткізуге кедергі болып табылмайды.
Іс құжаттарын зерттеп, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының сот алқасы (бұдан әрі – сот алқасы) төмендегідей тұжырымға келеді. ӘРПК-нің 169-бабына сай кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.
АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.
Іс бойынша мұндай кемшіліктер орын алмаған.
Іс құжаттарынан анықталғандай, Медеу аудандык сотының 2023 жылғы 16 мамырдағы № 7517-22-00-2/19507-2 атқару парағы негізінде А.Б.Алдашовадан, кепiлдiк берушi Ж.У.Аршабаевтан, А.И. Нусупбаевадан бірлескен тәртіппен «KMF КМФ Микроқаржы ұйымы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі пайдасына жалпы соммасы 409768,42 теңге өндіріп алу туралы 2023 жылғы 17 мамырда № 682/23-19-4135 жеке сот орындаушысы (бұдан әрі – ЖСО) А.К. Досаевпен атқару өндірісі қозғалған.
2023 жылғы 17 мамырда ЖСО А.К. Досаевпен талап қоюшының +7 702 532 40 07 ұялы телефонына оған қатысты атқарушылық өндіріс қозғалғандығы жөнінде хабарлама жіберілген.
2023 жылғы 25 мамырда ЖСО А.К. Досаевпен бірлескен (ортақтасқан) борышкер Ж.У. Аршабаевтың банкттердегі ақшалай соммаларынан 409 762,42 теңге қарызды өндіріп алу туралы инкассолық өкiм шығарылып, аталған сомма өндірілген.
ӘРПК-нің 9 бабына сәйкес әркім бұзылған немесе дау айтылатын құқықтарын, бостандықтарын немесе заңды мүдделерін қорғау үшін осы Кодексте белгіленген тәртіппен әкімшілік органға, лауазымды адамға немесе сотқа жүгінуге құқылы.
Ж.У. Аршабаевтың өзінің шотынан қарыз ақшаны алумен келіспей ЖСО А.К. Досаевтан өндірілген сомманы қайтару туралы талабымен сотқа жүгінген. Сонымен бірге, Ж.У. Аршабаев ЖСО А.К. Досаевтың тиісті дәрежеде хабардар етпей, сот орындаушысының іс-әрекеттеріне даулауға мүмкіндік бермеу әрекеттерін заңсыз деп тануды сұраған.
Жоғарыда көрсетілгендей 2023 жылғы 17 мамырда атқарушылық өндіріс қозғалған, сол күні талап қоюшыға тиісті хабарлама жолданған. Талап арыз сотқа 2023 жылғы 1 маусымда берілген.
ӘPПК-ПК-ң 136 бабының 4 бөлігіне сәйкес, сот орындаушысының атқарушылық құжаттарды орындау жөніндегі әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) талап қою әрекет жасалған (әрекет жасаудан бас тартылған) күннен бастап немесе сот орындаушысының әрекет жасау уақыты мен орны туралы хабарланбаған өндіріп алушыға немесе борышкерге ол туралы белгілі болған күннен бастап он жұмыс күні ішінде сотқа беріледі.
Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінің 335-бабына сәйкес олай болмаған жағдайда өз кезегiнде мiндеттеменi орындаған кепiлдiк берушi немесе кепiл болушы несие берушiден негiзсiз алынғанды өндiрiп алуға, не борышкерге керi талап қоюға құқылы.
ӘPПК-нің 3-бабына сәйкес, іс жүргізу тәртібі Қазақстан Республикасының қылмыстық-процестік, азаматтық процестік заңнамасында және Қазақстан Республикасының әкімшілік құқық бұзушылық туралы заңнамасында көзделген істер әкімшілік сот ісін жүргізу тәртібімен қаралуға жатпайды. ӘРПК-нің 138-бабының 2-бөлігінің 11) тармағына сәйкес іс әкімшілік сот ісін жүргізу тәртібімен қарауға жатпаса сот (судья) талап қоюды қайтару туралы ұйғарым шығарады.
Осыған байланысты, жергілікті соттар талап қоюды негізді қайтарған. Оның үстіне, Алматы қаласының Наурызбай аудандық сотының 2024 жылғы 7 тамыздағы №7585-24-00-2/932 шешімімен талап қоюшы Ж.У. Аршабаевтың борышкер А.Б. Алдашовадан ақша соммасын өндіру туралы талап қоюы толығымен қанағаттандырылған. АПК-ның 452 бабының бірінші бөлігіне сәйкес кассациялық сатыдағы соттың қаулысы осы Кодексте апелляциялық сатыдағы сот қаулысы үшiн белгiленген талаптарға сәйкес келуге тиiс.
Осы Кодекстің 426 бабының екінші бөлігіне сай жаңа дәлелдердің болмауына байланысты апелляциялық шағым, прокурордың өтінішхаты қанағаттандырусыз қалдырылған кезде қаулының уәждеу бөлігінде бірінші сатыдағы соттың шешіміне өзгерістер енгізу не оның күшін жою үшін осы Кодексте көзделген негіздердің жоқ екендігі ғана көрсетіледі.
Кассациялық шағым иесінің келтірген уәждеріне дауланған сот актілерімен тиісті құқықтық баға берілген, шағымда жаңа дәлелдер мен негіздемелер келтірілмеген.
Тараптың сот тұжырымымен келіспеуі заңды және істің мәнжайларына сәйкес келетін сот актісін қайта қарауға негіз бола алмайды.
ӘРПК-нің 169-бабын және АПК-нің 451-бабы екінші бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы
ҚАУЛЫ ЕТТІ:
Алматы облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2023 жылғы 14 шілдедегі ұйғарымы және Алматы облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 28 тамыздағы ұйғарымы өзгеріссіз, талап қоюшының кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Төрағалық етуші Дуйсенбаев Г.Б. Судьялар Нұрбаев Г.К.
Көшірмесі дұрыс
Өміралиев Е.Д. Г.К. Нұрбаев
Судья
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.