КСАД РК - Постановление от 13.08.2025 по делу 6003-25-00-4к/1400 (Административное)

ҚАУЛЫ

2025 жылғы 13 тамыз №6003-25-00-4к/1400 Астана қаласы

Қазақстан Республикасының әкімшілік істер жөніндегі кассациялық соты құрамында:

төрағалық етуші – судья Д.Ә. Әбдіғалиев,

судьялар – Г.М. Ыдырысова, М.А. Қасымов,

мүдделі тұлға К.Ы. Биболованың қатысуымен,

ашық сот отырысында талап қоюшы Ербол Шоймбекович Шоймбековтың жауапкер Жетісу облысы Сарқан ауданының жер комиссиясына (бұдан әрі – Комиссия) қатысты №1 лот бөлігіндегі 2024 жылғы 4 наурыздағы №2 комиссия шешімін заңсыз және оны конкурс жеңімпазы деп тану туралы әкімшілік ісі бойынша қабылданған

Жетісу облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының (бұдан әрі – ӘІжСА) 2024 жылғы 21 қарашадағы қаулысына мүдделі тұлға Б.К. Мусабаевтың берген кассациялық шағымы бойынша әкімшілік ісі қарап,

АНЫҚТАҒАНЫ:

Талап қоюшы аталған әкімшілік талап қоюымен сотқа жүгініп, жер комиссиясы №1 лот бойынша Б.К.Мұсабаевты жеңімпаз ретінде тану үшін негіз болмағанын, себебі комиссия құрамына оның жақын туысы А.К.Мұсабаев қатысып дауыс бергенін көрсете отырып, шешімді заңсыз қабылдағанымен негіздеген.

Жетісу облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының (бұдан әрі – МАӘС) 2024 жылғы 10 маусымдағы шешімімен талап қоюды қанағаттандырудан бас тартылған. ӘІжСА-ның 2024 жылғы 21 қарашадағы қаулысымен МАӘС-тің шешімі өзгертіліп, комиссияның 2024 жылғы 4 наурыздағы №2 шешімінің №1 лотқа қатысты бөлігі заңсыз деп танылып, күші жойылған. Сондай-ақ, заңды салдар ретінде 2024 жылғы 14 наурыздағы №90 әкім қаулысы, 2024 жылғы 18 наурыздағы №139 үлгілік шарт және олардың мемлекеттік тіркелуі заңсыз деп танылып, күштері жойылды. Сот шешімінің қалған бөлігі өзгеріссіз қалдырылды.

Мүдделі тұлғаның өкілі кассациялық шағымда апелляциялық сатыдағы соттың қаулысын жоюды сұрап, комиссияның дұрыс шешім қабылдағанын көрсеткен.

Талап қоюшыдан Астана қаласына бара алмауына байланысты бейнеконференцбайланыс режимінде сот отырысына қосылу туралы өтініш келіп түсті. Алайда бұл өтініш қанағаттандыруға жатпайды, себебі сот отырысы Қазақстан Республикасы әкімшілік істер жөніндегі кассациялық сотының ғимаратында міндетті түрде жеке қатысу арқылы өткізуге тағайындалған, бұл туралы іске қатысушы барлық тұлғалар алдын ала хабарланған. Аталған мән-жай кассациялық сатыдағы сотта сот отырысын өткізу форматын өзгертуге негіз болып табылмайды.

Бірінші және апелляциялық сатыдағы соттарға қатысқан өзге тұлғалар сот отырысының күні, уақыты және форматы туралы тиісті түрде хабардар етілгеніне қарамастан, сотқа келмеген және келмеу себептері туралы сотқа мәлімет бермеген.

Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 115-бабының бірінші бөлігіне сәйкес, әкімшілік іске қатысатын адамдардың келмеуі оларға тиісінше хабарланған жағдайда сот отырысын өткізуге кедергі болып табылмайды.

Кассациялық шағымның уәждерін талқылап, іс материалдарын зерделеп, ұсынылған дәлелдемелерді бағалай келе, кассациялық сот келесі қорытындыға келеді.

ӘРПК-нің 169-бабының бірінші бөлігіне сәйкес, кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы Кодексте өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.

АПК-нің 438-бабы бесінші бөлігіне сай заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, АПК-нің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы АПК-нің 434-бабының бірінші бөлігінде көрсетілген, заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.

Мұндай бұзушылықтарға апелляциялық сатыдағы сот жол бермеген.

Анықталған мән-жайлардан көрінгендей, Жетісу облысы Сарқан ауданы әкімінің 2023 жылғы 11 тамыздағы № 265 қаулысымен жер комиссиясының ережелері мен құрамы бекітілген.

Қаулыға №1 қосымшасында комиссияның келесі 9 (тоғыз) адамнан тұратын жеке және тұрақты құрамы айқындалған:

  • мемлекеттік органдардың 3 өкілі: А.М.Калиаскаров (әкімнің орынбасары), Ж.Т.Өмірсадық (бөлім басшысы), Д.Т.Сабикенов (бөлім басшысы);

  • қоғамдық (мемлекеттік емес ұйымдардың) және жергілікті өзін-өзі басқару органдарының 6 өкілі: Т.С.Жасакпаев (мәслихат депутаты), Т.А.Калыбаев (кәсіпкерлер палатасы), Н.Ж.Маткаримов (қоғамдық кеңес), А.К.Мусабаев (қоғамдық бірлестіктің кәсіподағы), С.Т.Сарбаев (қоғамдық бірлестік кәсіподағы), Б.М.Мухамадиев (қоғамдық бірлестіктің ассоциациясы).

Осы қаулымен, өз аумағында орналасқан жер учаскесіне қатысты мәселелер қаралған жағдайда комиссия мүшесі болатын ауылдық округтердің әкімдері айқындалған. Дауланып отырған №1 лот бойынша конкурсқа 5 адам қатысып, олардың 4 (төртеуіне) (К.К.Акбеков, Б.К.Мусабаев, Е.Ш.Шоймбеков, К.Т.Устембеков) 30 (отыз) баллдан берілген. 2024 жылғы 4 наурыздағы комиссияның №2 хаттамасымен №1 лоттың жеңімпазы ретінде Б.К.Мусабаев танылып, оның кандидатурасын комиссияның 8 мүшесі, соның ішінде А.К.Мусабаевта қолдаған. Дауланып отырған шешім қабылданған кезде комиссия құрамында 13 адам қатысқан, олардың ішінде:

  • 7 мемлекеттік органдардың өкілдері және жергілікті ауылдық округтердің әкімдері: А.М.Калиаскаров, Ж.Т.Өмірсадық, Д.Т.Сабикенов, Б.С.Доланбаев, Ш.Б.Нурханова, Е.С.Абильбеков, Н.Мусабаев;

  • 6 қоғамдық (мемлекеттік емес ұйымдардың) және жергілікті өзін-өзі басқару органдарының өкілдері: Т.С.Жасакпаев, Т.А.Калыбаев, Н.Ж.Маткаримов, А.К.Мусабаев, С.Т.Сарбаев, Б.М.Мухамадиев.

Мемлекеттік меншіктегі жер учаскелерін шаруа немесе фермер қожалығын, ауыл шаруашылығы өндірісін жүргізу үшін беру тәртібі мен ерекшеліктері Қазақстан Республикасының Жер кодексінің (бұдан әрі – Кодекс) 43-1-бабында айқындалған.

«Жер комиссиясы туралы үлгі ережені бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің 2018 жылғы 27 тамыздағы № 359 бұйрығының (бұдан әрі – Бұйрық) 16-тармағына сәйкес, Комиссия отырысы, егер оған оның құрамының жалпы санының кемінде үштен екісі қатысса, заңды деп есептеледі. Бұл ретте қатысатын қоғамдық кеңестер, агроөнеркәсіптік кешен саласындағы мемлекеттік емес ұйымдар және өзге де салалық мемлекеттік емес ұйымдар, Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы, сондай-ақ жергілікті өзін-өзі басқару органдары өкілдерінің саны қатысып отырған жер комиссиясы мүшелерінің жалпы санының кемінде елу пайызын құрауы тиіс. Жер комиссиясының мүшелері оның отырыстарына ауысу құқығынсыз қатысады.

Комиссия мүшесі, егер шешім қабылданған адам оның жұбайы (зайыбы), жақын туысы (ата-анасы, баласы, бала асырап алушы, асырап алынған баласы, ата-анасы бір және ата-анасы бөлек аға-інісі мен апа-сіңлісі (қарындасы), атасы, әжесі, немересі) немесе жекжаты (жұбайының (зайыбының) асырап алған баласы, ата-анасы бір және ата-анасы бөлек ағаінісі мен апа-сіңлісі (қарындасы), ата-анасы және баласы) болса, Комиссия отырысының күн тәртібіне енгізілген мәселені қарау кезінде өздігінен бас тартатынын мәлімдейді.

Өздігінен бас тарту Комиссия отырысы басталғанға дейін жазбаша

түрде мәлімденуі тиіс.

Бірінші сатыдағы сот дауды шеше отырып, Комиссияның әрекеттері дұрыс болғанын, конкурс жеңімпазының туысы болып табылатын қатысушы Бұйрықтың 16-тармағында айқындалған тұлғалар қатарына кірмейтінін көрсеткен.

Апелляциялық сатыдағы сот шешімді өзгертіп, Комиссияның сандық және сапалық құрамына қойылатын талаптар бұзылғандықтан, рәсімдік бұзушылықтардың бар екенін атап өткен.

Кассациялық сот ұсынылған дәлелдемелерді бағалай келе, жалпы алғанда апелляциялық сатыдағы сот қаулысының заңдылығын, оның негізіне алынған мән-жайлар талап қоюды ішінара қанағаттандыру туралы қорытындылары дұрыс деген тұжырымға келеді.

Анықталған мән-жайлардан 2024 жылғы 4 наурызда Комиссия Сайран ауданы Алмалы ауылдық округі бойынша жер пайдалану құқығын беру жөніндегі қорытындыларды шығарып, жеңімпаз ретінде Б.К.Мусабаевты танығаны көрінеді.

Бұйрықтың 16-тармағының ережелерінде Комиссияның сандық және сапалық құрамы нақты белгіленген.

Атап айтқанда, Бұйрықтың 16-тармағының нормаларына сәйкес, егер жер комиссиясы құрамында қатысып отырған қоғамдық кеңестердің, агроөнеркәсіптік кешен саласындағы және өзге де салалық мемлекеттік емес ұйымдардың, Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасының, сондай-ақ жергілікті өзін-өзі басқару органдарының өкілдерінің саны қатысып отырған комиссия мүшелерінің жалпы санының 50% (елу пайызынан) кем болмайтын болса, Комиссия өкілетті және шешім қабылдауға құқылы деп танылады.

Комиссия отырысына 13 (он үш) мүше қатысып, олардың 7 (жетеуі) мемлекеттік органдардың өкілдері мен жергілікті ауылдық округтердің әкімдері болса, қалған 6 (алтауы) қоғам өкілдері (мемлекеттік емес ұйымдар) мен жергілікті өзін-өзі басқару органдарының өкілдері болған. Осылайша, қаралып отырған жағдайда Комиссия шешім қабылдауға құқылы болмаған, себебі қоғам өкілдерінің (мемлекеттік емес ұйымдар) және жергілікті өзін-өзі басқару органдары өкілдерінің құрамы жер комиссиясының отырысқа қатысқан мүшелерінің жалпы санының елу пайызынан кем болған (13 мүшенің 6-ы). Бұл дауланып отырған шешімнің заңдылығына елеулі ықпал еткен рәсімдік бұзушылықтар болып табылады.

Сондықтан апелляциялық сатыдағы соттың Комиссия шешімін заңсыз деп тану және одан кейінгі заңды салдарларды жою туралы қорытындылары дұрыс болып табылады, кассациялық сот бұл қорытындылармен келіседі.

Бұдан бөлек, конкурс жеңімпазы мен комиссия мүшесінің туыстық қатынасына қатысты талаптағы уәждерге де назар аудару қажет болатын, себебі бұл мүдделер қақтығысын айқын түрде туғызған. Анықталған мәнжайлардан конкурс жеңімпазы Б.К.Мусабаев (жиен інісі, ағасының ұлы) мен отырысқа қатысқан комиссия мүшесі А.К.Мусабаев туысқандар екені көрінеді. Аталған жағдай А.К.Мусабаевтың комиссия отырысына қатысуына және өз туысына қатысты оң шешімге дауыс беруіне жол бермеуге тиіс болатын.

А.К.Мусабаев шешім қабылдауға жауапты және конкурс нәтижесіне ықпал ете алатын тұлға бола отырып, комиссия отырысы басталғанға дейін оның отырысына қатысудан өздігінен бас тартуға тиіс еді. Алайда А.К.Мусабаев мұндай әрекет жасамаған және өз туысының пайдасына оң шешімге дауыс берген. Қаралып отырған жағдайда бұл мән-жай оның өзіне жүктелген өкілеттіктері мен функцияларын тиісінше объективті және бейтарап орындауына әсер етуі мүмкін болатын.

Жер қатынастары саласындағы туыстық және жария мүдделерге байланысты бұл қайшылық заңсыз шешім қабылдауға ықпал етуі мүмкін еді.

Комиссия төрағасы «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Қазақстан Республикасы Заңның 15-бабының ережелеріне сәйкес мүдделер қақтығысын жою жөнінде шаралар қабылдауға тиіс болатын.

Сонымен қатар, кассациялық сатыдағы сот апелляциялық сатыдағы соттың Комиссия жалпы саны 39 мүшеден тұрады және оның 2/3 бөлігі осы саннан есептеледі деген қорытындылары негізсіз болып табылатынын және оларды уәждеу бөлімінен алып тастауға жатады деген қорытындыға келеді. Себебі аталған жайт комиссия құрамын бекіту туралы әкім қаулысын дұрыс түсінбеуге байланысты.

Атап айтқанда, 2023 жылғы 11 тамыздағы №265 әкім қаулысымен жер комиссиясының құрамы бекітіліп, оның 9 (тоғыз) мүшесі конкурсқа шығарылған жер учаскесінің орналасқан жеріне қарамастан қатысады. Ауылдық округтердің жергілікті әкімдері тек өз аумағында орналасқан жер учаскесіне қатысты мәселелер қаралған жағдайда ғана қатысады. Сондықтан Алмалы ауылдық округіндегі жер учаскесіне қатысты Комиссия құрамы 39 мүшеден тұрмауға тиіс, басқа ауылдық округ әкімдерінің конкурста қатысуы талап етілмеген.

Апелляциялық сатыдағы сот қаулысынан бұл қорытындыларды алып тастау оның заңдылығына әсер етпейді, өйткені дауланып отырған Комиссия шешімі бастапқыда заңсыз құрамда қабылданған, яғни қоғам өкілдерінің (мемлекеттік емес ұйымдар) және жергілікті өзін-өзі басқару органдары өкілдерінің қажетті саны болмаған.

Комиссияның бұл заңсыз әрекеттері әкімшілік рәсімдерді және Бұйрықтың императивтік нормаларын, сондай-ақ талап қоюшының мәселені әділ әрі объективті қарау жөніндегі заңды мүдделерін елеулі түрде бұзған.

Жоғарыда көрсетілген мән-жайларға байланысты, ӘРПК-нің 6- бабының төртінші бөлігіне сай, әкімшілік рәсім қағидаттарын бұзу оның сипатына және елеулі болуына қарай әкімшілік актілерді заңсыз деп тануға алып келеді. Осыған байланысты апелляциялық сатыдағы соттың шағымданып отырған қаулысы күшінде қалдырылуға, ал мүдделі тұлғаның кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылуға жатады.

АПК-нің 426 және 452-баптарына сәйкес, жаңа дәлелдердің болмауына байланысты шағым қанағаттандырусыз қалдырылған кезде қаулының уәждеу бөлігінде бірінші сатыдағы соттың шешіміне өзгерістер енгізу не оның күшін жою үшін АПК-да көзделген негіздердің жоқ екендігі ғана көрсетіледі.

Іс бойынша мән-жайлар дұрыс анықталып, материалдық және процестік құқық нормаларының бұзылуына немесе дұрыс қолданылмауына жол берілмегендіктен, кассациялық сот апелляциялық сатыдағы сот қаулысының күшін жоюға негіздер жоқ деп санайды.

Осы мән-жайлар бойынша мүдделі тұлғаның кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылуға жатады.

ӘРПК-нің 169-бабының бірінші бөлігін, АПК-нің 451-бабы екінші бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа ала отырып, кассациялық сот

ҚАУЛЫ ЕТТІ:

Осы іс бойынша Жетісу облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 21 қарашадағы қаулысы күшінде қалдырылсын. Мүдделі тұлғаның кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Төрағалық етуші

Д. Әбдіғалиев

Судьялар

Г. Ыдырысова

М. Қасымов

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.