ВС РК - Постановление от 10.01.2025 по делу 6001-24-00-6ап/2424 (Административное)

№6001-24-00-6ап/2424

ҚАУЛЫ

2025 жылғы 10 қаңтар Астана қаласы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:

төрағалық етуші – алқа судьясы С.Ү.Баймаханов,

судьялар – Е.Д.Өмірәлиев, Ш.Т.Даниярова болып,

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында ашық сот отырысында талап қоюшы Бакыткуль Абдуллаевна Нуртаеваның жауапкер «Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Қызылорда облысының Полиция департаменті» мемлекеттік мекемесіне әрекетке дау айту туралы әкімшілік іс бойынша қабылданған,

Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 12 маусымдағы ұйғарымы мен Қызылорда облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 17 шілдедегі ұйғарымына талап қоюшының өкілі Т.У.Умиржановтың келтірген кассациялық шағымымен келіп түскен әкімшілік істі қарап,

АНЫҚТАҒАНЫ:

Б.А.Нуртаева жоғарыда көрсетілген талап қоюмен сотқа жүгінген.

Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 12 маусымдағы ұйғарымымен талап қою кері қайтарылған.

Қызылорда облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 17 шілдедегі ұйғарымымен бірінші сатыдағы ұйғарымы өзгеріссіз қалдырылған.

Талап қоюшы кассациялық шағымда іс бойынша соттар материалдық және процестік құқық нормаларын елеулі түрде бұзғанын көрсетіп, сот актілерінің күшін жоюды сұраған.

Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 115 - бабының бірінші бөлігіне сай әкімшілік іске қатысатын адамдардың келмеуі оларға тиісінше хабарланған жағдайда сот отырысын өткізуге кедергі болып табылмайды.

Сот алқасы кассациялық шағымның уәждерімен іс құжаттарын зерттеп, төмендегідей тұжырымға келеді.

ӘРПК-нің 169 - бабының бірінші бөлігіне сай кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.

АПК-нің 452-бабының бірінші бөлігіне сай, кассациялық сатыдағы соттың қаулысы осы Кодексте апелляциялық сатыдағы сот қаулысы үшiн белгiленген талаптарға сәйкес келуге тиiс. АПК-нің 426-бабының екінші бөлігіне сай, жаңа дәлелдердің болмауына байланысты апелляциялық шағым, прокурордың өтінішхаты қанағаттандырусыз қалдырылған кезде қаулының уәждеу бөлігінде бірінші сатыдағы соттың шешіміне өзгерістер енгізу не оның күшін жою үшін осы Кодексте көзделген негіздердің жоқ екендігі ғана көрсетіледі.

АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.

Іс бойынша мұндай кемшіліктерге соттармен жол берілмеген.

Іс материалдарынан анықталғандай, талап қоюшы сотқа қойған талабында жауапкердің жеке сот орындаушының қаулысын орындамау әрекетін даулаған.

Жергілікті соттар, талап қоюды кері қайтарып, полиция органдарының жеке сот орындаушының талаптарын орындамауы әкімшілік іс жүргізу тәртібімен заңсыз деп танылуға жатпайды деген дұрыс тұжырымға келген. Соттардың бұл тұжырымы заңды болып табылады.

Сонымен қатар, сот орындаушысының заңды талаптарын орындамау, атқарушылық құжаттарды орындау жөніндегі функцияларды жүзеге асыруға кедергі келтіру Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жауаптылыққа әкеп соғады. Мұндай жағдайда жеке сот орындаушысы талапты орындамаған тұлғаны жауаптылыққа тарту мәселесін қарастыруы тиіс.

ӘРПК-нің 138-бабы екінші бөлігінің 11) тармақшасына сай, сот, іс әкімшілік сот ісін жүргізу тәртібімен қарауға жатпаса, сот талап қоюды қайтару туралы ұйғарым шығарады. Кассациялық шағым өзінің мазмұны мен мәні талап қоюда келтірілген дәлелдермен, уәждермен сонымен қатар сот отырысында берілген түсіндірмелермен біріңғай. Бұл дәлелдемелерге соттармен тиісті құқық баға берілген, сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болатын материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы орын алмаған.

Бұндай жағдайда, кассациялық шағымда жаңа дәлелдердің жоқтығын ескере отырып, іс бойынша соттарда анықталған мән-жайларға баға бере отырып, сот алқасы дауланып отырған сот актілері ақылға қонымды, парасатты және мөлшерлестік қағидатына сай қабылданған деп санайды. Сондықтан сот актілерінің күшін жоюға негіздер жоқ. ӘРПК-нің 169 бабын және АПК-нің 451-бабы 2-бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы

Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 12 маусымдағы ұйғарымы мен Қызылорда облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 17 шілдедегі ұйғарымы күшінде қалдырылсын.

Талап қоюшының өкілі Т.У.Умиржановтың кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Төрағалық етуші Судьялар

С. Баймаханов Е. Өмірәлиев Ш. Даниярова

Көшірмесі дұрыс. Судья Ш. Даниярова

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.