ВС РК - Постановление от 26.02.2025 по делу 6001-25-00-3ГП/20 (Гражданское)

6001-25-00-3ГП/20

ҚАУЛЫ

2025 жылғы 26 ақпан Астана қаласы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасы құрамында:

төрағалық етуші - Н.К. Шәріповтің, судьялар М.Ж. Бектұрғанов, А.С. Савинова, прокурор Н. Молдахановтың, талап қоюшының өкілі С.Тастыбайдың, жауапкер Л.Е.Конопьянованың және өкілі М. Сатаркуловтың қатысуымен,

ашық сот отырысында мобильді бейне-байланыс құрылғысы арқылы талап қоюшы Астана қаласы әкімдігінің«Астана қаласының тұрғын үй және тұрғын үй инспекциясы басқармасы» мемлекеттік мекемесінің (бұдан әрі - Басқарма) жауапкер жеке кәсіпкер Лэйлэ Ергалиевна Конопьяноваға ақшалай өтемақы төлеу арқылы мемлекет мұқтажы үшін жер учаскесін және онда орналасқан жылжымайтын мүліктен мәжбүрлеп иеліктен шығару, жылжымайтын мүлік объектісін босату туралы талап қоюмен қозғалған азаматтық іс бойынша қабылданған

Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2024 жылғы 29 тамыздағы шешімін, Астана қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 7 қарашадағы қаулысын кассациялық тәртіппен қайта қарау туралы жауапкердің өкілі М. Турубаевтың келтірген өтінішхатымен келіп түскен азаматтық істі қарап,

АНЫҚТАҒАНЫ:

Басқарма сотқа жоғарыда аталған талап қоюмен жүгінген.

Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2024 жылғы 29 тамыздағы шешімімен талап қою ішінара қанағаттандырылған.

ЖК Л. Конопьянованың меншік құқығындағы Астана қаласы, Байқоңыр ауданы, Ш. Уәлиханов көшесі, 22/2 үй мекенжайында орналасқан, кадастрлық нөмірі 21-324-029-150, жалпы ауданы 0,0566 га, оның ішіндегі үлесі 0,0266 га, жер учаскесі мен онда орналасқан жылжымайтын мүлік объектісі 235 731 708 теңге мөлшеріндегі ақшалай өтемақыны төлей отырып, мемлекет мұқтажы үшін мәжбүрлеп иеліктен шығарылған.

ЖК Л. Конопьянова ақшалай өтемақы алғаннан кейін Астана қаласы, Байқоңыр ауданы, Ш. Уәлиханов көшесі, 22/2 үй мекенжайында орналасқан жылжымайтын мүлік объектісін босатуға міндеттелген.

Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2024 жылғы 29 тамыздағы жеке ұйғарымымен «Тәуелсіз сот сараптамасы одағы» ЖШС-нің сарапшысы С. Досмаковтың тарапынан орын алған бұзушылықтар туралы Қазақстан Республикасының әділет министрлігіне хабарланған.

Астана қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 7 қарашадағы қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімі өзгеріссіз қалдырылған.

Өтінішхат иесі қабылданған сот актілерімен келіспей, оларды өзгертіп, жылжымайтын мүлік пен алынатын жер учаскесі үшін ақшалай өтемақы сомасын 449 133 216,8 теңге, жіберіп алған пайда сомасын 279 295 000 теңге, барлығы 728 428 217 теңге мелшерінде айқындауды сұраған.

Жауапкердің өкілі өтінішхатты қолдаған пікірін, талап қоюшы өкілінің қарсылығын, прокурордың өтінішті қанағаттандырусыз қалдыру туралы қортындысын тыңдап, іс-құжаттарын зерттеп, өтінішхат уәждерін талқылап, сот алқасы төмендегі негіздерге байланысты апелляциялық сот алқасы қаулысының күші жойылуға жатады деген тұжырымға келді.

Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.

Аталған азаматтық іс бойынша мұндай заң бұзушылықтарға жол берілген.

Іс құжаттарына сәйкес, Астана қаласы әкімдігінің «Мемлекет мұқтажы үшін жер учаскелерін мәжбүрлеп иеліктен шығару (сатып алу) туралы» 2023 жылғы 22 тамыздағы № 510-1696 қаулысына сәйкес Астана қаласы, «Байқоңыр» ауданы, Ш. Уәлиханов және С. Сейфуллин көшелерінің қиылысында орналасқан, жалпы ауданы 0,4100 га жер учаскесі, сызба мен қосымшаға сәйкес «Абаттандыруға арналған учаске» ретінде іздестіру және жобалау жұмыстарын жүргізу мақсатында мемлекет мұқтажы үшін мәжбүрлеп иеліктен шығаруға (сатып алуға) жатқызылған.

Алынатын жер учаскесінің шекарасында Астана қаласы, «Байқоңыр» ауданы, Ш.Уәлиханов көшесі, 22/2 мекенжайында орналасқан, кадастрлық нөмірі 21-324-029-150, жалпы ауданы 0566 га, оның ішіндегі үлесі 0,0266 га (бұдан әрі - даулы жер учаскесі) алып қоюға (сатып алуға) жататыны анықталған.

Л. Конопьянова даулы жер учаскесінің меншік иесі болып табылады.

Меншік иесіне 2024 жылғы 21 ақпанда жер учаскесінің мемлекет мұқтажы үшін мәжбүрлеп иеліктен шығарылатындығы (сатылатындығы) туралы хабарлама тапсырылған.

2024 жылғы 11 сәуірде иеліктен шығарылатын мүлік үшін жауапкерге 171 007 348 теңге мөлшерінде ақшалай өтемақы ұсынылған.

Л. Конопьянова ұсынылған өтемақы мөлшерімен келіспеген.

Басқарма осы талап қоюмен сотқа жүгініп, соттан жауапкердің меншік құқығындағы даулы жер учаскесін және онда орналасқан жылжымайтын мүлік үшін 171 007 348 теңге мөлшерінде ақшалай өтемақы төлей отырып, мемлекет мұқтажы үшін мәжбүрлеп жауапкердің иелігінен шығаруды және оны босатуға міндеттеуді сұраған.

Бірінші сатыдағы сот, талап қоюды ішінара қанағаттандыру туралы тұжырымын сотпен тағайындалған сот сараптамасының қорытындысымен негіздеген.

Сарапшының 2024 жылғы 26 шілдедегі № 131 қорытындысы бойынша 19 тамыздағы енгізілген түзетулерді қоса алғанда, даулы жер учаскесі мен онда орналасқан жылжымайтын мүліктің нарықтық құны 235 731 708 теңгені құраған.

Апелляциялық сот алқасы соттың бұл тұжырымымен келісіп, шешімді өзгеріссіз қалдырған.

Жоғарғы Соттың сот алқасы материалдық және процесстік құқық нормаларының бұзылуына жол берілуіне байланысты апелляциялық сатыдағы соттың тұжырымдарымен келіспейді.

АПК-ның 88-бабына сәйкес Сараптаманы жүргізуді сарапшы жекедара не сарапшылар комиссиясы жүзеге асырады. Комиссиялық сараптама күрделі сараптамалық зерттеулер жүргізу қажет болған жағдайларда тағайындалады және оны бір мамандығы бар кемінде екі сарапшы жүргізеді. Комиссиялық сот сараптамасын жүргізу кезінде сот сарапшыларының әрқайсысы сот-сараптамалық зерттеуді тәуелсіз және өз бетінше толық көлемде жүргізеді. Сараптама комиссиясының мүшелері алынған нәтижелерді бірлесіп талдайды және ортақ пікірге келе отырып, қорытындыға не қорытынды берудің мүмкін еместігі туралы хабарға қол қояды. Сарапшылар арасында келіспеушілік болған жағдайда, олардың әрқайсысы жеке қорытынды береді не пікірі комиссияның қалған мүшелерінің түйіндеріне сәйкес келмеген сарапшы оны қорытындыда жеке тұжырымдайды.

Ал, қосымша, қайталама сараптама тағайындау негіздері АПК-ның 90-бабында көрсетілген.

Яғни, сарапшы қосымша сараптама қорытындының анықтығы немесе толықтығы жеткіліксіз болған, сондай-ақ алдыңғы зерттеуге байланысты қосымша мәселелерді шешу қажеттігі туындаған кезде тағайындайды. Егер сарапшының қорытындысы жеткілікті түрде негізді болмаса не оның түйіндері күмән туғызса не сараптама жүргізудің тәртібі

мен әдістемесі елеулі түрде бұзылса, дәл сол объектілерді зерттеу және бұрын қойылған сұрақтарға жауаптар алу үшін қайталама сараптама тағайындалады.

Аталған баптың 5-бөлігіне сай қайталама сараптама жүргізу сарапшылар комиссиясына тапсырылады. Алдыңғы сараптаманы жүргізген сарапшылар қайталама сараптама жүргізген кезде оған қатысып, комиссияға түсініктер бере алады, алайда олар сараптамалық зерттеуге және қорытынды жасауға қатыспайды, делінген. Іс-құжаттарына сәйкес сарапшы 2024 жылғы 26 шілдедегі № 131 қорытындысын дайындау кезінде бұл ұстанымды бұзып, өрескел қателіктерге жол беріп, қорытындыға көрінеу анық емес деректерді енгізген.

Апелляциялық алқа сот отырысында сарапшы С. Досмаков қорытындыны нақты мәліметтерге, нақты есептерге сүйене отырып жасағанын, алайда қате жазулар болуына байланысты 19 тамызда ол қателерді түзету жолымен қосымша ұсынған, ал қайталап жолдаған қорытындыны назарға алмауды, себебі ол компьютерінің істен шығуына байланысты қате толтырылып жолданылғанын түсіндіргенін көрсеткен.

Алайда жергілікті соттар сараптама қорытындысына белгілі бір толықтыру немесе өзгерту енгізу көзделмегеніне назар аудармай, аталған фактілерді қабылдаған.

Бірінші сатыдағы сот пен апелляциялық сот алқасы талап қоюды ішінара қанағаттандыру туралы тұжырымын, сотпен тағайындалған сот сараптамасының қорытындысымен негіздеген.

АПК-ның 92-бабының 1-бөлігіне сай сарапшының қорытындысы - бұл сот немесе тараптар сарапшының алдына қойған мәселелер бойынша сараптама объектілерін арнайы ғылыми білімді пайдалана отырып жүргізілген зерттеуге негізделіп, Кодексте көзделген жазбаша нысанда ұсынылған түйіндер.

Жоғарыда көрсетілген нормаларға сәйкес, сарапшы қорытындысына түзетулер енгізуге болмайды, тек қайталама, қосымша сараптама жүргізуге құқылы. Қайталама сараптама кезінде бұрынғы сарапшы сараптамаға қатыса алмайды, делінген.

Алқа, өтінішхат иесінің сарапшының «Сот-сараптама қызметі туралы» Заң талаптарын өрескел бұзғандығы туралы уәжімен келіседі және апелляциялық алқа оған мән-бермей, материалдық, процестік заң нормаларын өрескел бұзды деп санайды.

Кассациялық сатыдағы сот заңдылық мүддесінде өтінішхаттың, ұсынудың немесе наразылықтың шегінен шығуға және шағым жасалған, наразылық келтірілген сот актісінің заңдылығын толық көлемде тексеруге құқылы. Жергілікті соттармен дауды шешуде сарапшының қорытындысы негіз болғанын ескерсек, алқа олармен процессуальдық норма талаптары сақталмаған, іс үшін маңызы бар мән-жайлардың ауқымы толық

айқындалмаған, өтінішхат иесіне өз құқықтары мен мүдделерінін қорғауға апелляциялық алқада мүмкіндік бермеген деген тұжырымға келеді.

Жоғарыдағылар негізінде, Астана қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 7 қарашадағы қаулысының күші жойылып, іс Астана қалалық сотына басқа құрамда жаңадан қарауға жолдануға жатады.

АПК-нің 451-бабы 2-бөлігінің 4) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы

ҚАУЛЫ ЕТТІ:

Астана қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 7 қарашадағы қаулысының күші жойылсын.

Азаматтық іс Астана қалалық сотына басқа құрамда жаңадан қарауға жолдансын.

Жауапкердің өкілі М. Турубаевтың өтінішхаты ішінара қанағаттандырылсын.

Төрағалық етуші

Н.К. Шәріпов

Судьялар

М.Ж. Бектұрғанов

А.С. Савинова

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.