№6003-26-00-2к/666 (2) іс
Қ А У Л Ы
2026 жылғы 25 мамыр Астана қаласы
Азаматтық істер жөніндегі кассациялық соты құрамында: төрағалық етуші судья Г.С.Джаппарова, судьялар А.К.Есдаулетов, Н.Б.Ормаханов болып, талап қоюшы Ж.А.Мусиннің,
жауапкер өкілі А.М.Досбергеннің қатысуларымен, бейне-байланыс құрылғысы арқылы ашық сот отырысында, Шалқар аудандық сотының 2025 жылғы 15 қазандағы шешімі мен Ақтөбе облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2026 жылғы 13 қаңтардағы қаулысына талап қоюшының кассациялық шағымымен түскен,
талап қоюшы Жаңабай Ақмырзаұлы Мусиннің жауапкер Ақтөбе облысының білім басқармасының «Шалқар ауданының білім бөлімі» мемлекеттік мекемесіне бұйрықты заңсыз деп танып күшін жою, орташа жалақысы мөлшерінде материалдық шығын мен моральдық зиянның өтемақысын өндіру туралы электрондық азаматтық істі қарап,
А Н Ы Қ Т А Д Ы:
Ж.А.Мусин сотқа талап қоюмен жүгініп, онда еңбек құқықтарын өрескел бұзу арқылы 2023 жылғы 15 ақпанда қабылданған № 1-22 жұмыстан босату туралы бұйрықты заңсыз деп тануды және орташа жалақысы мен келтірілген 2 000 000 теңге моральдық зиянның өтемақысын өндіруді сұраған.
Ақтөбе облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2026 жылғы 13 қаңтардағы қаулысымен өзгеріссіз қалдырылған, Шалқар аудандық сотының 2025 жылғы 15 қазандағы шешімімен оның бұл талап қоюы қанағаттандырусыз қалдырылған.
Оған, соттардың іс бойынша талап қою мерзімінің дәлелді себепсіз өтіп кеткені жөнінде тұжырымға келуі негіз болған.
Талап қоюшы кассациялық шағымында, сот актілерінде баяндалған сот түйіндерінің істің мән-жайларына сәйкес келмеуіне, материалдық құқық нормаларының бұзылуына, жұмыстан айыптау үкімі шыққанға дейін босатылуына және талап қою мерзімін өткізіп алудың дәлелді себептеріне дұрыс баға берілмегендіктен, талап қоюды қанағаттандыру туралы жаңа шешім шығаруды сұраған.
Кассациялық сот істегі бар дәлелдемелерді зерттеп, сотқа қатысушылардың түсініктерін тыңдап, кассациялық шағымның дәлелдерi шегiнде соттар шығарған сот актiлерiнiң заңдылығын тексерiп, оның уәждерін талқылап, төмендегідей тұжырымға келді.
Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әріАПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы, заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.
Істі қарауда соттармен мұндай бұзушылықтарға жол берілмеген.
Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің (бұдан әрі - Кодекс) 52бабының 1-тармағының 14) тармақшасына сәйкес тәрбиелеу функцияларын атқаратын жұмыскер осы жұмысын жалғастырумен сыйыспайтын, моральға қайшы қылықтар жасаған жағдайларда еңбек шарты жұмыс берушінің бастамасы бойынша бұзылуы мүмкін.
Істің даусыз мән-жайларына қарағанда Ж.А.Мусиннің жұмыстан шығарылуына, оған қатысты Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің (бұдан әрі-ҚК) 366-бабының 2-бөлігі негізінде қозғалған қылмыстық іс аясында, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Ақтөбе облысы бойынша Департаментінің 2023 жылғы 6 ақпандағы ұсынуы негіз болған.
Кейіннен, бұл қылмыстық іс бойынша Ж.А.Мусинге қатысты 2023 жылғы 3 сәуірде айыптау үкімі шығып, үкім осы жылы 19 сәуірде заңды күшіне енген.
Сот үкімімен Ж.А.Мусин «№6 жалпы орта білім беретін мектебі» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің директоры лауазымын атқарып жүріп, пара алғаны үшін сотты болған.
Сотта анықталғандай, аталған ұсыныстың қаралуы қорытындысымен даулы жұмыс берушінің 2023 жылғы 15 ақпандағы бұйрығымен Ж.А.Мусин жұмыстан босатылған, бұйрықпен ол сол күні таныстырылған.
Яғни, талап қоюшы өз құқығының бұзылғаны туралы сол күннен бастап білген немесе білуге тиіс болған, алайда осы талап қоюмен сотқа тек 2025 жылғы 4 тамызда жүгінген.
Өз кезегінде, Кодекстің 160-бабының талаптарына сәйкес келісу комиссиясына немесе сотқа жеке еңбек дауларын қарау бойынша жүгіну үшін мынадай мерзімдер белгіленеді: жұмысқа қайта алу туралы даулар бойынша – еңбек шартын тоқтату туралы жұмыс беруші актісінің көшірмесі келісу комиссиясына табыс етілген немесе табыс етілгені туралы хабарламасы бар тапсырысты хатпен пошта арқылы жіберілген күннен бастап бір ай, ал сотқа жүгіну үшін – реттелмеген даулар бойынша жүгінген кезде не еңбек шарты тарапы келісу комиссиясының шешімін орындамаған кезде келісу комиссиясы шешімінің көшірмесі табыс етілген немесе табыс етілгені туралы хабарламасы бар тапсырысты хатпен пошта арқылы жіберілген күннен бастап екі ай.
Сотта істі қарауда бұл мерзімді өткізіп алудың дәлелді себептері анықталмаған. Мерзімді қалпына келтіруге негіз болатындай ерекше жағдайлар, талап қоюшының жеке басына байланысты мән-жайлар (ауыр науқас, дәрменсiз халде болу, сауатсыздық және тағы басқа) болмағандықтан, талап қою мерзiмi өтiп кетуiнiң себебiн соттар орынсыз деп дұрыс таныған.
Іс бойынша заңда көзделген талап қою мерзiмiнiң өтуiн тоқтата тұруға немесе оның өтуiне үзiлiс болатын негіздер анықталмаған, Ж.А.Мусиннің талабы, талап қою қолданылмайтын талаптар қатарына жатпайды.
Кассациялық шағымда көрсетілген тергеп-тексерудің жүргізілуі, бас бостандығынан айыру жазаны өтеу, мерзiмдi өткізіп алудың дәлелді себебі бола алмайды.
Өз кезегінде, Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің 179бабының 3-тармағына сәйкес талап қойғанға дейiн талап қою мерзiмiнiң өтiп кетуi соттың талаптан бас тарту туралы шешiм шығаруына негiз болады.
Басты талап бойынша талап қою мерзiмiнiң бiтуiне байланысты қосымша талаптарды қанағаттандыруға құқық негіздер болмаған.
Сондықтан талап қоюдың сотқа жүгіну мерзімі дәлелді себептерсіз өткізіп алынғандықтан, сотпен іс бойынша өзге де іс жүзіндегі мән-жайлар зерттелмей, талап қоюдан бас тарту туралы заңды шешім қабылданған.
Осыған байланысты сот актілеріне өзгеріс енгізуге не оның күшін жоюға заңда көзделген негіздер болмағандықтан кассациялық шағым қанағаттандырусыз қалдырылуға жатады.
АПК-нің 451-бабының 2-бөлігінің 1)-тармақшасын басшылыққа алып, кассациялық сот
Қ А У Л Ы Е Т Т І:
Шалқар аудандық сотының 2025 жылғы 15 қазандағы шешімі мен Ақтөбе облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2026 жылғы 13 қаңтардағы қаулысы күшінде, талап қоюшы Жаңабай Ақмырзаұлы Мусиннің кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Төрағалық етуші Г.Джаппарова
Судьялар Н.Ормаханов
А.Есдаулетов
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.