Кассационный суд Республики Казахстан по гражданским делам - Постановление от 02.06.2026 по делу 6003-26-00-2к/769 (Гражданское)

№6003-26-00-2к/769

ҚАУЛЫ

2026 жылғы 2 маусым

Астана қаласы

Азаматтық істер жөніндегі кассациялық сот құрамында: төрағалық етуші судья Ж.К.Рустембеков, судьялар Л.Б.Мамырбаева, А.О.Тогумбетова, прокурор А.Е.Кадылбековтың,

жауапкердің өкілі Н.М.Касимбековтың, жауапкер Сайрам аудандық жер қатынастар бөлімінің өкілі Д.М.Елеубектің, үшінші тұлға Сайрам аудандық құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімінің өкілі Б.С.Салибековтың қатысуларымен, бейнеконференциялық байланыс арқылы, ашық сот отырысында

талап қоюшы «Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің Жер ресурстарын басқару комитеті Түркістан облысының жер ресурстарын басқару Департаменті» республикалық мемлекеттік мекемесінің (бұдан әрі -Департамент) жауапкерлер Қайрат Ерменұлы Ерменге, Сайрам ауданының Ақсукент ауылдық округі әкіміне, «Сайрам аудандық жер қатынастар бөлімі» мемлекеттік мекемесіне (бұдан әрі - Жер қатынастар бөлімі) округ әкімінің шешімін жарамсыз деп тану және сатып алу-сату келісім шартын жарамыз деп тану туралы электрондық форматтағы азаматтық істі жауапкер Қ.Е.Ерменнің Түркістан облысы Сайрам аудандық сотының 2025 жылғы 6 қазандағы шешіміне және Түркістан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 18 желтоқсандағы қаулысына берген кассациялық шағымы бойынша қарап,

АНЫҚТАДЫ:

Департамент жоғарыда аталған талап қоюмен сотқа жүгінген.

Сайрам аудандық сотының 2025 жылғы 6 қазандағы шешімімен жауапкер Жер қатынастар бөлімі мен Қ.Е.Ермен арасында жасалынған 2022 жылғы 22 желтоқсандағы №440 жер учаскесін сатып алу-сату келісім шарты жарамсыз деп танылған.

Осы соттың осы күнгі ұйғарымымен Ақсукент ауылдық округі әкімінің 2022 жылғы 12 желтоқсандағы №314 шешімін жарамсыз деп тану туралы талап қоюының бөлігі бойынша іс өндірісі азаматтық сот ісін жүргізу тәртібімен қарауға жатпайтындықтан Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі -АПК) 277-бабының 1) тармақшасына сәйкес тоқтатылған.

Түркістан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 18 желтоқсандағы қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімі өзгеріссіз қалдырылған.

Жауапкер кассациялық шағымында оның пайдалануындағы жер учаскесінің нысаналы мақсаты заң талаптарына сай өзгертілгенін, талап

қоюшымен дауланып отырған шарт жер заңнамасының талаптарына көрінеу қайшы жасалмағанын, жергілікті соттар істің мән-жайын дұрыс анықтамағанын, материалдық заң нормалары бұзылғанын көрсетіп, сот актілерінің күшін жойып, талап қоюды қанағаттандырусыз қалдыру туралы жаңа шешім қабылдауды сұраған.

Жауапкер өкілінің кассациялық шағымды қолдаған түсінігін, талап қоюшы өкілінің шағымға қарсылығын, прокурордың сот актілері заңды деген қорытындысын тыңдап, іс құжаттары мен кассациялық шағымның уәждерін зерделеп, кассациялық сот келесі негіздерге байланысты дауланып отырған сот актілерін күшінде қалдыру қажет деген тұжырымға келді.

АПК-нің 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес, заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болады.

Жергілікті соттармен мұндай заң бұзушылықтарға жол берілмеген.

Қазақстан Республикасының Жер кодексінің (бұдан әрі -Жер кодексі) 44-бабының 1-тармағына (жер учаскесінің нысаналы мақсаты өзгертілген кезеңде қолданыста болған редакцияда) сәйкес облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың, ауданның, облыстық маңызы бар қаланың жергілікті атқарушы органдары, аудандық маңызы бар қаланың, кенттің, ауылдың, ауылдық округтің әкімдері елді мекен аумағының бекітілген бас жоспарларының не орналасу схемаларының мүлтіксіз сақталуын қамтамасыз етуге тиіс.

Жер кодексінің 109-бабының 1-тармағына сай, қалалардың, кенттердiң, ауылдық елдi мекендердiң барлық жерi олардың бас жоспарларына, егжейтегжейлі жоспарлау мен құрылыс салу (ондай жобалар болған жағдайда) жобаларына және аумақтың жер-шаруашылық орналастыру жобаларына сәйкес пайдаланылады.

«Қазақстан Республикасындағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы» Заңының 47-бабының 1, 2-тармақтарына сай, елдi мекендердiң аумақтарын дамыту және оған құрылыс салу белгiленген тәртiппен бекiтiлген бас жоспарлар негiзiнде жүзеге асырылады.

Елдi мекендердiң бас жоспарлары қаланы, кенттi, ауылды не басқа да қонысты дамытуды кешендi жоспарлауды айқындайтын және аумақты ұйымдастырудың бекiтiлген бас схемасы мен аймақтардың қала құрылысын жоспарлаудың кешендi схемасына сәйкес әзiрленетiн негiзгi қала құрылысы құжаты болып табылады.

267-бабының 1-бөлігіне сай, егер мемлекеттік органның не лауазымды адамның заңдарға сәйкес келмейтiн қалыпты немесе жеке құжат шығаруы салдарынан меншiк иесiнiң және басқа адамдардың өзiне тиесiлi мүлiктi

иелену, пайдалану және оған билiк ету жөнiндегi құқықтары бұзылса, мұндай құжат меншiк иесiнiң немесе құқығы бұзылған адамның талап қоюы бойынша сот тәртiбiмен жарамсыз деп танылады.

Іс материалдарына қарағанда, Сайрам ауданы әкімінің 2006 жылғы 31 шілдедегі №1080 қаулысымен Қарасу ауылдық округі аумағында орналасқан арнаулы жер қорынан З.Убайдуллаевке жалпы көлемі 6,0 гектар суармалы жер шаруа қожалығын жүргізу үшін 48 жылға ұзақ мерзімге жалға беріліп, кадастрлық №19-295-057-1826 (№19-295-204-1143) сәйкестендіру актісі рәсімделген.

2012 жылғы 19 сәуірдегі заң бойынша мұраға құқық туралы куәлік негізінде 2010 жылы 20 маусымда қайтыс болған З.Убайдуллаевтың мүлкін баласы Н.З.Убайдуллаев мұраға алған.

2012 жылы 19 сәуірдегі №3790 сатып алу-сату келісім шарты бойынша Сайрам ауданы, Қарасу ауылдық округі, 057 орамда орналасқан 6,0 гектар жер телімі Н.З.Убайдуллаевтен Қ.Е.Ерменнің пайдалануына өткен.

Сайрам ауданы, Ақсукент ауылдық округі әкімінің 2022 жылғы 12 желтоқсандағы №314 шешімімен (бұдан әрі - Округ әкімінің шешімі) Қ.Е.Ерменнің пайдалауындағы уақытша өтеулі жер пайдалану құқығымен берілген кадастрлық №19-295-057-1826 (№19-295-204-1143), көлемі 6,0 гектар жер учаскесінің (бұдан әрі -даулы жер учаскесі) нысаналы мақсаты «кәсіпкерлік үшін үй-жайларға (құрылыстар мен ғимараттарға) құрылыс жүргізу және қызмет көрсету үшін (мектеп және спорт сауықтыру кешені құрылысына) деп өзгертілген, сәйкесінше жеке меншік құқығы енгізілген.

Бірінші сатыдағы сотта даулы жер учаскесі Сайрам аудандық маслихатының 2016 жылғы 22 желтоқсандағы №10-64/VII шешімімен бекітілген бас жоспарға сәйкес аз қабатты тұрғын үйлер аумағында орналасқаны анықталған.

Округ әкімінің шешімімен жоғарыда аталған заңдардың талаптары бұзыла отырып, даулы жер учаскесінің нысаналы мақсатын кәсіпкерлік үшін үй-жайларға (құрылыстар мен ғимараттарға) қызмет көрсету үшін (мектеп және спорт сауықтыру кешені құрылысына) деп өзгертілген.

Округ әкімінің осы заңсыз шешімі негізінде Жер қатынастар бөлімі мен Қ.Е.Ерменнің арасында 2022 жылы 22 желтоқсанда №440 жер учаскесін сатып алу-сату туралы шарты жасалған.

АК-нің 158-бабының 1-тармағына сай, мазмұны заңнама талаптарына сәйкес келмейтін мәміле, сондай-ақ құқықтық тәртіп негіздеріне көрінеу қайшы келетін мақсатпен жасалған мәміле, егер осы Кодексте және Қазақстан Республикасының өзге де заңнамалық актілерінде өзгеше көзделмесе, дауланатын мәміле болып табылады және сот оны жарамсыз деп тануы мүмкін.

Бірінші сатыдағы соттың Жер қатынастар бөлімі мен Қ.Е.Ерменнің арасында 2022 жылы 22 желтоқсанда №440 жер учаскесін сатып алу-сату

туралы шарты заңсыз Округ әкім шешімі мен жоғарыда аталған заңдардың талаптарына көренеу қайшы мақсатпен жасалғандықтан оны жарамсыз мәміле деп тануы негізді. Соттың бұл тұжырымы талап қоюшы тарапынан сотқа ұсынылған дәлелдемелерге және қаралған дауды реттейтін материалдық құқық нормаларына негізделген.

Істі қарау барысында даулы жер учаскесі Округ әкімі шешімінде көрсетілген мақсатта ұзақ уақыт пайданалымағаны және қазіргі кезде жер учаскесі бірнеше бөліктерге бөлініп, оларды жеке меншікке сату жоспарланғаны анықталған.

Апелляциялық сот істің мән-жайын тексеріп, бірінші сатыдағы соттың бұл тұжырымымен толықтай келіскен.

Жауапкердің кассациялық шағымында келтірген уәждері дәйексіз, олар соттардың қарау нысаны болған және дауланған сот актілерінде оларға тиісті құқықтық баға берілген. Кассациялық шағымда жаңа фактілер мен негіздемелер келтірілмеген. Істі қарау барысында жергілікті соттар тарапынан материалдық және процестік құқық нормаларының бұзылуына жол берілмеген.

Жауапкердің іс бойынша анықталған мән-жайлармен келіспеуі дауланып отырған сот актілерінің күшін жоюға немесе өзгертуге негіз бола алмайды.

Сондықтан кассациялық сот дауланып отырған сот актілері күшінде қалдырылуға жатады деген қорытындыға келді.

АПК-нің 451-бабы 2-бөлігінің 1) тармақшасын, 452-бабын басшылыққа алып, сот

ҚАУЛЫ ЕТТІ:

Түркістан облысы Сайрам аудандық сотының 2025 жылғы 6 қазандағы шешімі және Түркістан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 18 желтоқсандағы қаулысы күшінде қалдырылсын.

Жауапкер Қ.Е.Ерменнің кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Төрағалық етуші, судья: Ж.Рустембеков

Судьялар: Л.Мамырбаева

А.Тогумбетова

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.