ҚАУЛЫ
2025 жылғы 2 мамыр 6001-24-00-6ап/3377 Астана қаласы
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:
төрағалық етуші – алқа судьясы С.Ү.Баймаханов,
судьялар – Ш.Т.Даниярова, Е.Ж.Өміралиев болып,
талап қоюшының өкілі Н.Н.Жумабаевтың,
мүдделі тұлға «ДезФумэкс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің (бұдан әрі – ЖШС) өкілі А.Ж.Шуменбаеваның қатысуларымен,
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында ашық сот отырысында талап қоюшы «Достық Спец Транс» ЖШС-нің (бұдан әрі – Серіктестік) жауапкерлер «Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Ішкі мемлекеттік аудит комитетінің Түркістан облысы бойынша Ішкі мемлекеттік аудит департаменті» республикалық мемлекеттік мекемесіне (бұдан әрі – Департамент), «Түркістан облысының мемлекеттік сатып алу басқармасы» мемлекеттік мекемесіне (бұдан әрі – Басқарма) камералдық бақылау нәтижелері бойынша анықталған бұзушылықтарды жою туралы хабарламаны, қорытынды туралы хаттаманы заңсыз деп тану, мемлекеттік сатып алу туралы шартты жарамсыз деп тану, талап қоюшының бұзылған құқықтары мен заңды мүдделерін қалпына келтіруін міндеттеу туралы әкімшілік іс бойынша қабылданған,
Түркістан облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 23 шілдедегі шешіміне, Түркістан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 23 тамыздағы қаулысына және 2024 жылғы 22 қазандағы сот актісін дереу орындауға жіберу туралы ұйғарымына мүдделі тұлға «ДезФумэкс» ЖШС-нің келтірген кассациялық шағымдарымен келіп түскен әкімшілік істі қарап,
АНЫҚТАҒАНЫ:
Түркістан облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 23 шілдедегі шешімімен талап қою арызы қанағаттандырылған.
Департаменттің 2024 жылғы 3 мамырдағы №611010000-4-7-285313 санды камералдық бақылау нәтижелері бойынша анықталған бұзушылықтарды жою туралы хабарлама заңсыз деп танылып, күші жойылған.
Конкурстық комиссияның 2024 жылғы 14 маусымдағы №12614860 ашық конкурсы бойынша қорытындылар туралы шешімінің күші жойылған.
Тапсырыс беруші «Бәйдібек аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі» мемлекеттік мекемесі (бұдан әрі – Бөлім) және «ДезФумекс» ЖШС-нің арасындағы 2024 жылғы 25 маусымдағы №240055 санды мемлекеттік сатып алу туралы шарты заңсыз деп танылып, күші жойылған.
Басқарманың конкурстық комиссияның №12614860 ашық конкурсының қорытындыларын қайта қарауы міндеттелген.
Түркістан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 23 тамыздағы қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімі өзгеріссіз қалдырылып, 2024 жылғы 22 қазандағы сот актілері дереу орындауға жолданған.
Мүдделі тұлға «ДезФумекс» ЖШС-гі кассациялық шағымдарында сот актілерімен, сол сияқты сот актілерін дереу орындауға жіберу туралы ұйғарыммен келіспейтінін көрсетіп, олардың күшін жойып, талап қою арызын қанағаттандырусыз қалдыруды сұраған.
Қалған сотқа қатысушылардың өкілдері Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының сот алқасы (бұдан әрі – сот алқасы) отырысына келмеді, сотқа келмеу себептерін хабарламады.
Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 115-бабының бірінші бөлігіне сәйкес әкімшілік іске қатысатын адамдардың келмеуі оларға тиісінше хабарланған жағдайда сот отырысын өткізуге кедергі болып табылмайды.
Сот алқасы мүдделі тұлға «ДезФумекс» ЖШС-гі өкілінің кассациялық шағымдарды қолдаған, Серіктестік өкілінің кассациялық шағымдарға қарсы болған пікірлерін тыңдап, іс құжаттарын зерттеп, төмендегідей тұжырымға келеді.
ӘРПК-нің 169-бабына сай кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.
АПК-нің 449-бабына сай кассациялық сатыдағы сот заңдылық мүддесiнде өтiнiшхаттың, ұсынудың немесе наразылықтың шегiнен шығуға және шағым жасалған, наразылық келтірілген сот актісінің заңдылығын толық көлемде тексеруге құқылы.
АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес, заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.
Іс бойынша мұндай кемшіліктер орын алған.
Сотта анықталған мән-жайларға қарағанда Басқарма 2024 жылғы 7 ақпанда Түркістан облысы, Бәйдібек ауданы, Көктерек ауылдық округіне қарасты, Кеңестөбе елді мекенінде орналасқан Қостөбе -2,37 км, З.Капалбаев – 0,5 км, М.Серперов – 0,6 км, Қарсыбай батыр – 1,084 км, Т.Бекжігітұлы - 1,303 км көшелерінде орташа жөндеу жұмыстары бойынша конкурс өткізген.
2024 жылғы 20 наурыздағы №11807914 мемлекеттік сатып алудың қорытындыларымен жеңімпаз болып Серіктестік танылған. «ДезФумэкс» ЖШС-нің шағымы Департаментпен қағаттандырусыз қалдырылған.
«ДезФумэкс» ЖШС-гі Департаменттің бұл іс-әрекетіне қатысты Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Ішкі мемлекеттік аудит комитетіне шағымданған (бұдан әрі – Комитет). Шағымды қарау нәтижесі бойынша 2024 жылғы 29 сәуірде сапаны бақылау қорытындысын шығарған. Бұл қорытынды бойынша «ДезФумекс» ЖШС-гі өтінімінде 10-қосымшада көрсеткен 2015, 2016, 2018, 2019, 2023 жылдардағы жұмыс тәжірибесі туралы тапсырған мәліметтері сәйкес келетіндіктен, оның шартты жеңілдігі 5% құрайтынын, сондықтан Департаментке көрсетілген мәліметтерді ескере отырып, хабарлама қабылдану керектігін көрсеткен.
Қорытынды негізінде Департаментпен 2024 жылғы 3 мамырдағы камералдық бақылау нәтижелері бойынша анықталған бұзушылықтарды жою туралы хабарлама (бұдан әрі – Хабарлама) қабылданған. Хабарламада «ДезФумекс» ЖШС-нің жұмыс тәжірибесі бойынша шартты жеңілдігі 5% құрайтынын, ал Серіктестіктің жұмыс тәжірибесі бойынша шартты жеңілдігі 4,8% құрайтынын көрсетілген.
Басқарманың Хабарламаға келтірілген шағымын Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Ішкі мемлекеттік аудит жөніндегі апелляциялық комиссиясы (бұдан әрі – Аппеляциялық аудит комиссия) ішінара қанағаттандырып, «ДезФумэкс» ЖШС-мен соңғы он жылдағы жұмыс тәжірбиесі бойынша түпкілікті қабылдау актілері ұсынғанын. «Ордаинжиниринг» ЖШС-нің маманымен 2024 жылғы 3 сәуірде берген қорытынды түпкілікті қабылдау актілері орташа жөндеу жұмыстарын атқарған жөнінде дәлелдейтін құжаттар болып табылатынын, сондықтан «ДезФумэкс» ЖШС-не шартты жеңілдігі 5% мөлшерде айқындауы дұрыс екендігі туралы қорытынды берілген, ал «Даулет» ЖШС-нің шартты жеңілдігі 4,8% мөлшерде дұрыс саналмағанын, оның шартты жеңілдігін дұрыс санағанда 4% құрайтындығын көрсетіп, шағымды ішінара қанағаттандыру туралы шешім қабылданған.
Нәтижесінде Басқармамен 2024 жылғы 14 маусымда конкурс нәтижелері қайта қаралып Серіктестік пен «ДезФумэкс» ЖШС-нің жұмыс тәжірибелері бойынша шартты жеңілдік 5% мөлшерінде айқындалып, жеңімпаз болып «ДезФумэкс» ЖШС-гі танылған.
Бұл қорытындымен келіспеген Серіктестік жоғарыдағы талаптармен сотқа жүгінген.
Соттар талап қоюды қанағаттандырғанда мына мән-жайларды ескерген. Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2015 жылғы 11 желтоқсандағы №648 бұйрығымен бекітілген «Мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру Қағидаларының» (бұдан әрі – Қағида) 250-тармағы бойынша егер конкурстың нысанасы құрылыспен байланысты емес жұмыстар болып табылған жағдайда, конкурстық комиссия әлеуетті өнім берушінің сатып алынатын жұмыстар нарығында жұмыс тәжірибесі болуының әрбір жылы үшін, оның ішінде конкурстың нысанасы болып табылатын жұмыстардың ұқсас (ұқсас) түрлері бойынша бір пайыз (1%) мөлшерінде шартты жеңілдік береді.
Егер бір жыл ішінде әлеуетті өнім беруші конкурста сатып алынатын, оның ішінде жұмыстардың ұқсас (ұқсас) түрлері бойынша біреуден көп жұмысты орындаған жағдайда, конкурстық комиссия сатып алынатын жұмыстардың түрлеріне ұқсас (ұқсас) келесі орындалған әрбір жұмыс үшін 0,2% мөлшерінде шартты жеңілдік береді. Қағиданың 277-тармағы бойынша егер конкурстың мәні автомобиль жолдарын орташа жөндеу жөніндегі жұмыстар болған жағдайда, жұмыс тәжірибесін растайтын құжаттар болып табылса, орындалған жұмыстар актілерінің тиісті электрондық көшірмелері тапсырыс берушілер болып табылатын объектілер бойынша дауыс беретін акцияларының (жарғылық капиталға қатысты үлестерінің) елу және одан да көп пайызы мемлекеттік органдар, мемлекеттік мекемелер, сондай-ақ мемлекеттік кәсіпорындар, заңды тұлғалар мемлекетке тиесілі және олармен үлестес заңды тұлғалар болып табылады.
«ДезФумекс» ЖШС-гі болса конкурстық құжаттаманың 10қосымшасының 5-тармағының талабына сай растаушы құжаттардың электрондық көшірмелерін қоса бере отырып, ағымдағы жылдың алдыңдағы соңғы он жыл ішінде конкурста сатып алынатындарға ұқсас (сол сияқты) орындалған жұмыстар тәжірибесі туралы мәліметтерді, яғни оларды растайтын құжаттың атауы, күні және нөмірі жөніндегі бағанасын толық толтырмай, орындалған жұмыстардың актілері және түпкілікті қабылдау актілері деп көрсетіп, актілердің күнін және нөмірлерін көрсетпей, тек шыққан жылын ғана көрсетумен шектелген.
Растайтың құжаттардың электрондық көшірмесі (сілтеме) туралы бағанада тіркелген түпкілікті қабылдау актілерінің шығарылған күні көрсетілмеген.
Атап айтқанда, Жамбыл облысы, Байзақ ауданы, Бұрыл ауылында Хамдиева, 9 Мамыр, Белхожа және Д.Қонаев көшелерінің тротуарлардың орташа жөндеу жұмыстарының түпкілікті қабылдау актісінде, оның шығарылған күні, айы, жылы көрсетілмеген. Жамбыл облысы, Байзақ ауданы, Бұрыл ауылында Мира көшесінің орташа жөндеу жұмыстарының түпкілікті қабылдау актісінде, оның шығарылған күні, айы, жылы көрсетілмеген.
Оңтүстік Казақстан облысы, Отырар ауданы, Ш.Қалдаяқов ауылдық округіне қарасты Қарақоңыр ауылындағы Ыбраева көшесінің орташа жөндеу жұмыстарының түпкілікті қабылдау актісінде, оның шығарылған күні, айы, жылы көрсетілмеген деген қорытындыға келген.
Сот алқасы сот актілерінде баяндалған сот түйіндері істің мән-жайларына сәйкес келмейді деп есептейді. Бұл олқылық заңсыз сот актілерін қабылдауға әкеп соқтырған.
Қағиданың 218-тармағына сай талаптарына сай конкурсқа қатысуға арналған өтінімдерді әлеуетті өнім берушілердің біліктілік талаптары мен конкурстық құжаттаманың талаптарына сәйкестігі тұрғысынан қарау кезінде конкурстық комиссия Қазақстан Республикасының «Мемлекеттік сатып алу туралы» Заңының (бұдан әрі - Заң) 27-бабының 5-тармағына сәйкес:
конкурсқа қатысуға өтінімдерді қарауды, бағалауды және салыстыруды оңайлату үшін әлеуетті өнім берушілерден олардың өтінімдеріне байланысты материалдар мен түсіндірулерді веб-портал арқылы сұратады;
конкурсқа қатысуға өтінімдерде қамтылған мәліметтерді нақтылау мақсатында, тиісті жеке немесе заңды тұлғалардан, мемлекеттік органдардан қажетті ақпаратты жазбаша нысанда және (немесе) электрондық құжат нысанында сұратады.
Сол сияқты Қағиданың 228-тармағына сай конкурсқа қатысуға өтінімдерді қайтадан қарау кезінде конкурстық комиссия:
конкурсқа қатысуға алдын ала рұқсат беру туралы хаттаманың тізбесінде көзделген әлеуетті өнім берушілердің конкурсқа қатысуға арналған өтінімдерін конкурсқа қатысуға алдын ала рұқсат беру туралы хаттамада көрсетілген құжаттар тізбесі бойынша олардың біліктілік талаптарына және конкурстық құжаттама талаптарына сәйкестендірудің толықтығы мәніне қайта қарайды;
конкурсқа қатысуға алдын ала рұқсат беру туралы хаттамада көрсетілген құжаттардың толық тізбесін бермеген және біліктілік талаптарына және конкурстық құжаттама талаптарына сәйкестендірмеген әлеуетті өнім берушілерді айқындайды;
Заңның 27-бабы 5-тармағына сәйкес конкурсқа қатысуға өтінім берген әлеуетті өнім берушілерден біліктілік талаптарына және конкурстық құжаттама талаптарына сәйкес келтірілген конкурсқа қатысуға арналған өтінімдерді қарастыруды, бағалауды және салыстыруды оңайлату үшін олардың өтінімдеріне байланысты материалдар мен түсіндірулерді веб-портал арқылы сұратуға құқылы;
Заңның 27-бабы 5-тармағына сәйкес біліктілік талаптарына және конкурстық құжаттама талаптарына сәйкес келтірілген конкурсқа қатысу өтінімдерінде қамтылған мәліметтерді нақтылау мақсатында тиісті мемлекеттік органдардан, жеке және заңды тұлғалардан қажетті ақпаратты жазбаша нысанда және (немесе) электрондық құжат нысанында сұратуға құқылы.
Сонымен қатар Қағиданың 240-тармағында егер конкурсқа қатысуға өтінімде ұсынылған конкурсқа қатысуға өтінімнің мәнін қозғамай түзетуге болатын грамматикалық немесе арифметикалық қателер болса, ол конкурстық құжаттаманың талаптарына сай келеді деп танылатыны тікелей көрсетілген.
Қаралып отырған дау бойынша конкурстық комиссия мен Департамент конкурсты алғашқы қорытындылағанда «ДезФумэкс» ЖШС-нің ұсынған құжаттарының болмашы қателіктерін басшылыққа алып, формальды себептермен жұмыс тәжірибесін есепке алмаған.
Іс жүзінде даулы тәжірибелер бойынша «ДезФумэкс» ЖШС-нің ол нысандарда жұмыс атқарғаны теріске шығарылмаған. Сол себепті Комитет пен Аппеляциялық аудит комиссиясының «ДезФумэкс» ЖШС-гі жөніндегі жұмыс тәжірибесін есепке алу қажеттілігі туралы жасаған қорытындылары дұрыс болып табылады.
Істің бұл тұрғысында істі жаңадан қарауға жібермей талапты қанағаттандырусыз қалдыру туралы жаңа шешім қабылдауға жеткілікті негіздер бар деп санайды.
Шешім мен қаулының күші жойылынуына байланысты сот актісін дереу орындауға жіберу туралы ұйғарымның да күші жойылуға жатады. ӘРПК-нің 169-бабын және АПК-нің 451-бабы екінші бөлігінің 8) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы
ҚАУЛЫ ЕТТІ:
Түркістан облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 23 шілдедегі шешімінің, Түркістан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 23 тамыздағы қаулысы мен 2024 жылғы 22 қазандағы сот актісін дереу орындауға жіберу туралы ұйғарымының күштері жойылсын.
Талап қоюшы «Достық Спец Транс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жауапкерлер «Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Ішкі мемлекеттік аудит комитетінің Түркістан облысы бойынша Ішкі мемлекеттік аудит департаменті» республикалық мемлекеттік мекемесіне, «Түркістан облысының мемлекеттік сатып алу басқармасы» мемлекеттік мекемесіне камералдық бақылау нәтижелері бойынша анықталған бұзушылықтарды жою туралы хабарламаны, қорытынды туралы хаттаманы заңсыз деп тану, мемлекеттік сатып алу туралы шартты жарамсыз деп тану, талап қоюшының бұзылған құқықтары мен заңды мүдделерін қалпына келтіруін міндеттеу туралы талап қоюлары қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Мүдделі тұлға «ДезФумэкс» ЖШС-нің кассациялық шағымдары қанағаттандырылсын.
Төрағалық етуші
С. Баймаханов
Судьялар
Ш. Даниярова Е. Өміралиев
Көшірмесі дұрыс
Судья
С. Баймаханов
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.