6001-22-00-6ап/34
ҚАУЛЫ
2022 жылғы 10 наурыз Нұр-Сұлтан қаласы
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:
төрағалық етуші судья С.Ү.Баймаханов,
судьялар Г.К.Нурбаев, Е.Ж.Өміралиев болып, талап қоюшының өкілі К[...], жауапкердің өкілі Н[...] қатысуыларымен,
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында мобильді бейнеконференцбайланыс құрылғысы арқылы ашық сот отырысында талап қоюшы «МК[...]» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің (бұдан әрі – «МК[...]» ЖШС-гі, Серіктестік) жауапкер «Қазақстан Республикасы Қаржы Министрлігінің Қазынашылық комитеті» республикалық мемлекеттік мекемесіне (бұдан әрі – Қазынашылық комитеті) бұйрықтың күшін жою туралы әкімшілік іс бойынша қабылданған
Маңғыстау облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2021 жылғы 3 қыркүйектегі шешімі мен Маңғыстау облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2021 жылғы 17 қарашадағы қаулысына жауапкердің келтірген кассациялық шағымымен келіп түскен әкімшілік істі қарап,
АНЫҚТАҒАНЫ:
«МК[...]» ЖШС-гі жауапкер Қазынашылық комитетінің Серіктестікті мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушылар тізіліміне енгізу туралы 2021 жылдың 10 шілдегі № 112398-07-21 санды бұйрығының (бұдан әрі - Бұйрық) күшін жою жайлы талап арызбен сотқа жүгінген.
Маңғыстау облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2021 жылғы 17 қарашадағы қаулысымен күшінде қалдырылған Маңғыстау облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2021 жылғы 3 қыркүйектегі шешімімен талап арыз қанағаттандырылған. Бұйрықтың күші жойылған.
Қазынашылық комитеті кассациялық шағымында іс бойынша соттар шешім қабылдағанда материалдық және процестік құқық нормаларын елеулі түрде бұзылғанын көрсетіп сот актілерінің күшін жойып, талап қоюшының талабын қанағаттандырусыз қалдыруды сұраған.
Жауапкер өкілінің кассациялық шағымды қолдаған, талап қоюшы өкілінің сот актілерін күшінде қалдыру туралы пікірлерін тыңдап, іс құжаттарын зерттеп, сот алқасы төмендегідей тұжырымға келеді. Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 169 бабына сай кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.
АПК-нің 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.
Іс бойынша мұндай кемшіліктер орын алмаған.
Сотта анықталған мән-жайларға қарағанда «МК[...]» ЖШС-гі 2021 жылғы 30 маусымда 750 теңгеге кеңселік желім мен 3 000 теңгеге кеңселік қайшыны мемлекеттік сатып алудың жеңімпазы болып танылған.
2021 жылғы 3 шілдеде тапсырыс беруші «Сам ауылдық округі әкімінің аппараты» ММ-і тауарларды мемлекеттік сатып алу туралы шартты талап қоюшыға 2021 жылдың 10 шілдесіне дейін қол қою үшін жолдаған.
Қазақстан Республикасы «Мемлекеттік сатып алу туралы» Заңының (бұдан әрі - Заң) 43-бабына, 44-бабының 1-тармағына сәйкес мемлекеттік сатып алудың жеңімпазы мемлекеттік сатып алу туралы шарттың жобасы қоса берілген хабарлама мемлекеттік сатып алу веб-порталына келіп түскен күннен бастап үш жұмыс күні ішінде тапсырыс берушіге мемлекеттік сатып алу туралы қол қойылған шартты ұсынбаса немесе мемлекеттік сатып алу туралы шарт жасасып, мемлекеттік сатып алу туралы шарттың орындалуын қамтамасыз етуді және (немесе) осы Заңның 26-бабына сәйкес соманы (ол болған кезде) енгізбесе, онда мұндай әлеуетті өнім беруші мемлекеттік сатып алу туралы шарт жасасудан жалтарды деп танылады.
Бұл жағдайда Заңның 12-бабының 5-тармағына сай мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушылар тізілімі уәкілетті органның әлеуетті өнім берушілерді мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушылар деп тану туралы шешімі негізінде қалыптастырылады.
Серіктестік келісім шартқа заңда көзделген мерзімде қол қоймаған. Осыған байланысты Қазынашылық комитетінің Бұйрығымен Серіктестік мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушылар тізіліміне енгізілген.
«Мемлекеттік сатып алу туралы» Қазақстан Республикасының Заңының 12-бабының 7-тармағына сай әлеуетті өнім беруші мемлекеттік сатып алудың жосықсыз қатысушылардың тізіліміне енгізу туралы шешімге шағым жасау құқығы көзделген.
Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің 359-бабына сәйкес борышқор кiнәлi болған кезде, егер заңдарда немесе шартта өзгеше көзделмесе, мiндеттеменi орындамағаны және (немесе) тиiстi дәрежеде орындамағаны үшiн жауап бередi. Егер борышқор мiндеттеменi тиiстi дәрежеде орындау үшiн өзiне байланысты шаралардың барлығын қолданғанын дәлелдесе, ол кiнәсiз деп танылады. Жергілікті соттардың Серіктестіктің шартты орындауға толық мүмкіндігі болғанын, оның шарт жасасудан жалтаруға ниеті болмағаны жөнінде тұжырымға келіп, талап арызды қанағаттандыруы іс құжаттарына негізделген.
Соттар шешім қабылдағанда «МК[...]» ЖШС-нің басшысы 2021 жылдың 7 - 9 шілде аралығында науқас болғаны еңбекке уақытша жарамсыз парағымен бекітілгенін, Серіктестік 2021 жылдың 4 – 9 шілде аралығында электрондық порталда әрекет жасамағанын, мемлекеттік сатып алудың сомасының аз мөлшерде екендігін, Серіктестік 2016 жылдан бері мемлекеттік сатып алу саласында жұмыс жасап келе жатқанын, салықтық қарыздары жоқтығын, шартты орындауға толық мүмкіндігінің болғанын ескерген.
Сонымен қатар, жеңімпаздан кейін екінші орын алған әлеуетті өнім берушімен шарт жасалып, ол орындалғаны, яғни талап қоюшының шартқа уақытылы қол қоймауының нәтижесінде тапсырыс берушіге елеулі зиян келтірілмегені де назарға алынған.
Сот алқасы ӘРПК-нің 2-тарауына сай әкімшілік рәсімдердің және әкімшілік сот ісін жүргізу қағидаттарының бірі мөлшерлестік қағидаты болып табылатынын назарға алады.
Осы Кодекстің 6-бабына сәйкес әкімшілік рәсімдер мен әкімшілік сот ісін жүргізу осы тарауда баяндалған қағидаттар негізінде жүзеге асырылады. Осы тарауда белгіленген әкімшілік рәсімдердің қағидаттары түпкілікті болып табылмайды және құқықтың басқа да қағидаттарын қолдануға кедергі болмайды. Азаматтық сот ісін жүргізу қағидаттары, егер бұл осы тарауда баяндалған қағидаттарға қайшы келмесе, әкімшілік сот ісін жүргізуде қолданылады. Әкімшілік рәсімдердің және әкімшілік сот ісін жүргізудің қағидаттарын бұзу оның сипатына және елеулі болуына қарай әкімшілік актілерді, әкімшілік әрекеттерді (әрекетсіздікті) заңсыз деп тануға, сондай-ақ шығарылған сот актілерінің күшін жоюға алып келеді.
ӘРПК-нің 10-бабында әкімшілік орган, лауазымды адам әкімшілік қалауды жүзеге асыру кезінде әкімшілік рәсімге қатысушы мен қоғам мүдделерінің әділ теңгерімін қамтамасыз етеді. Бұл ретте әкімшілік акт, әкімшілік әрекет (әрекетсіздік) мөлшерлес, яғни жарамды, қажетті және пропорциялы болуға тиіс екендігі көзделген.
Іс бойынша сотта анықталған мән-жайларға баға бере отырып сот алқасы дауланып отырған сот актілері ақылға қонымды, парасатты және мөлшерлестік қағидатына сай қабылданған деп есептейді.
Сондықтан сот актілерінің күшін жоюға негіздер жоқ.
ӘРПК-нің 169 бабын және АПК-нің 451-бабының 2-бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы
Қ А У Л Ы Е Т Т І:
Маңғыстау облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2021 жылғы 3 қыркүйектегі шешімі мен Маңғыстау облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2021 жылғы 17 қарашадағы қаулысы күшінде қалдырылсын.
«Қазақстан Республикасы Қаржы Министрлігінің Қазынашылық комитеті» РММ-нің кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Төрағалық етуші
С. Баймаханов
Г. Нурбаев
Судьялар
Е. Өміралиев
Көшірмесі дұрыс. Судья
С. Баймаханов
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.