6001-24-00-3гп-416
Қ А У Л Ы
2024 жылғы 8-қазан Астана қаласы
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасы құрамында:
төрағалық етуші – алқа төрағасы Н.К.Шәріпов, судьялар Б.Р.Ералиева, Ғ.Ж.Мырзакенің,
прокурор Б.И.Саттыбаевтың, талап қоюшының өкілі Д.Б.Амангелдінің, жауапкерлер «Chemical Solutions» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің өкілі М.О.Шейконың, «ОралНефтеГазСтрой» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің өкілі А.С.Турсуновтың,
аудармашы К.Б.Мурсалимованың қатысуларымен,
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында ашық сот отырысында талап қоюшы Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті «Маңғыстау облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің Ақтау қаласы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасы» республикалық мемлекеттік мекемесінің (бұдан әрі – Мекеме, Салық органы), жауапкерлер «Chemical Solutions» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне (бұдан әрі – ЖШС), «ОралНефтеГазСтрой» ЖШС-не келісім шартты жарамсыз деп тану туралы талап қоюмен қозғалған электрондық азаматтық іс бойынша қабылданған
Маңғыстау облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2024 жылғы 12-наурыздағы шешімін, Маңғыстау облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 19-маусымдағы қаулысын қайта қарау туралы «Chemical Solutions» ЖШС-нің өкілі А.Г.Бастаубайдың келтірген өтінішхатымен келіп түскен азаматтық ісін қарап,
А Н Ы Қ Т А Ғ А Н Ы:
Мекеме сотқа жоғарыда көрсетілген талап қоюмен жүгініп, онда жауапкерлер арасындағы айналым сомасы 299 730 871 теңге, қосымша құн салығы (бұдан әрі-ҚҚС) 35 967 704 теңгені құрайтын 2017 жылы 10-ақпанда жасалған № 02-03/12 келісім шартты жарамсыз деп тануды сұраған.
Маңғыстау облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2024 жылғы 12-наурыздағы шешімімен Мекеменің талап қоюы қанағаттандырылып, жауапкерлердің арасында 2017 жылы 10-ақпанда жасалған келісім шарт (бұдан әрі-Даулы шарт) жарамсыз деп танылған.
«Chemical Solutions» ЖШС мен «ОралНефтеГазСтрой» ЖШС-нің әрқайсысынан мемлекет кірісіне 1 846 теңгеден мемлекеттік баж өндірілген.
Маңғыстау облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 19-маусымдағы қаулысымен бірінші сатыдағы сот шешімі өзгеріссіз қалдырылған.
Өтінішхатта «Chemical Solutions» ЖШС-нің өкілі А.Г.Бастаубай жергілікті соттардың сот актілерімен келіспей, іс үшін маңызы бар мәнжайлардың ауқымының дұрыс айқындалмауы және анықталмауына байланысты олардың күшін жойып, істі қайта қарауды сұраған.
Сот алқасы іс бойынша «Chemical Solutions» ЖШС мен «ОралНефтеГазСтрой» ЖШС-нің өкілдері М.О.Шейко мен А.С.Турсуновтың өтінішхатты қолдаған түсініктерін, талап қоюшы Мекеменің өкілі Д.Б.Амангелдінің дауланған сот актілерін күшінде қалдыруды сұраған түсініктерін, прокурордың өтінішхатты қанағаттандырусыз қалдыруды сұраған қорытындысын тыңдап, өтінішхат уәждерін талқылап, іс құжаттарын зерделеп, келесідей тұжырымға келді.
Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес заңсыз сот актісін шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулі түрде бұзылуы осы кодекстің 434-бабының 1-бөлігінде көрсетілген, заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негіздер болып табылады.
Сот алқасы бұл іс бойынша мұндай негіздер бар деп санайды. Іс құжаттарынан анықталғандай «ОралНефтеГазСтрой» ЖШС 2022 жылы 10-тамыздан бастап Ақтау қаласы бойынша Мекемеге тіркелген, қызметінің негізгі түрі-кез келген спецификациясыз тауарлардың кең ассортиментін көтерме сату-белгіленген. ҚҚС төлеушісі ретінде тіркелген.
Салықтық есептілікті өңдеу жүйесіне (бұдан әрі-СЕӨЖ) сәйкес Мекеме «ОралНефтеГазСтрой» ЖШС-ң 2021 жылға жазылған электрондық шот-фактуралардың (бұдан әрі-ЭШФ) айналым сомасы 299 730 871 теңгені құрағанын, жеке табыс салығы және әлеуметтік салық бойынша декларациясында (200.00 нысанда) қызметкерлер саны 1 адам екені, 2021 жылға көлік құралдары салығы, жер және мүлік салығы бойынша салықтық декларацияларын (700.00, 701.00 нысандарын) ұсынбағанын, жалпы 2021-2022 жылдарға төленген салығы 327 372 теңге екенін көрсеткен.
«Chemical Solutions» ЖШС-і 2012 жылдың 26-сәуірінде «Атырау қаласы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасы» республикалық мемлекеттік мекемесінде тіркелген, қызметінің негізгі түрі-басқа да негізгі органикалық химиялық заттарды өндіру. ҚҚС төлеушісі ретінде 2016 жылғы 1-қазаннан бастап тіркеуге тұрған. Басшысы Б.Е.Қасенова, құрылтайшысы Ш.М.Альмухаметов.
СЕӨЖ сәйкес Мекеме «Chemical Solutions» ЖШС-ң 2021 жылға табыс етілген 300.00 нысанында айналым сомасы 60 446 320 теңгені құрағанын, жеке табыс салығы және әлеуметтік салық бойынша декларациясында (200.00 нысанда) қызметкерлер саны 15 адам екені, жалпы 2021-2022 жылдарға төленген салығы 36 025 055 теңге екенін көрсеткен. Сондықтан Мекеме талап қоюында жауапкерлердің арасындағы құрылыс жұмыстарының айналым сомасы 299 730 871 теңге болатын Даулы шарт күмән тудыратынын келтірген.
Бірінші сатыдағы сот талап қоюды қанағаттандыра отырып, «ОралНефтеГазСтрой» ЖШС-ң көрсеткен қызмет бойынша салықтарды есептеп төлемегенін, сол себепті «Chemical Solutions» ЖШС сатып алушының ҚҚС сомасын есепке жатқызуының заңсыздығын көрсеткен.
Апелляциялық сатыдағы сот бірінші сатыдағы соттың түйінімен келісіп, оны өзгеріссіз қалдырған.
Жергілікті соттардың бұндай тұжырымдарымен келісуге болмайды, өйткені олар алдын ала, іс үшін маңызы бар мән-жайлар дұрыс анықталмай тұрып жасалған.
АПК-нің 73-бабының 2-бөлігіне сәйкес салық органының талап қоюын дұрыс шешу үшін қаржы-шаруашылық операциялардың іс жүзінде орындалуын, алғашқы құжаттардың шынайылығын, еңбек және материалдық ресурстардың жеткілікті болуын анықтау қажет, ал бұл жергілікті соттармен анықталмаған.
Қазақстан Республикасының «Салық және бюджетке төленетін міндетті төлемдер туралы» (Салық кодексі) кодексінің (бұдан әрі – Салық кодексі) 8-бабының 4-тармағына сай, салық төлеуші (салық агенті) жол берген Қазақстан Республикасының салық заңнамасын бұзушылық салықтық тексерулер жүргізу барысында сипатталған болуға тиіс. Тұжырымдарды негіздеу және Қазақстан Республикасының салық заңнамасын бұзу фактісін айғақтайтын мән-жайларды ашып көрсету салық органдарына жүктеледі.
Даулы шарт 2017 жылдың 10-ақпанында жасалған.
Ол бойынша тараптар инвестициялық жобамен «Chemical Solutions» ЖШС-ң (тапсырыс беруші) өндіріс химиялық зауытын (бұдан әрі-нысан) қайта құрып, жаңғырту үшін мердігер «ОралНефтеГазСтрой» ЖШС-і (мердігер) жобалау, құрылыс монтаждау, технологиялық жабдықтау жұмыстарын алдын ала техникалық тапсырмаға сай орындауы қажет болған. Жұмысты бітіру мерзімі 2018 жылдың 31-тамызына дейін.
Жұмысты аяқтау мерзімі 2019 жылдың 31-мамырына дейін созылған.
Аталған жоба бойынша жұмыстар атқарылып, нысан 2020 жылдың 28-қаңтарында іске қосылған.
Қажетті жұмыстардың 2018-2019 жылдары істелгенін дәлелдейтін құжаттар ретінде тапсырыс беруші техникалық және авторлық қадағалаушылардың қатысуымен жасалған бірнеше жасырын жұмыстарды
куәландыру, металл конструкциялары мен трубалардың төзімділігін тексерген актілерді ұсынған.
Жасалған жұмыс жобасының мемлекеттік сараптамадан оң қорытынды алғанын растайтын құжатын да берген.
Бірақ соған қарамастан жергілікті соттар, жауапкерлердің Даулы шарт бойынша келтірген уәждерін тексермей, берілген құжаттарға заң талабына сай баға бермей, тек Мекеменің талап қоюындағы негіздерді ескере отырып сот актілерін шығарған.
Сот отырысында жауапкерлердің өкілдері М.О.Шейко мен А.С.Турсунов Даулы шарт бойынша негізгі жұмыстардың 2019 жылы біткенін, одан кейін тапсырыс беруші тарапынан мердігерге ешқандай төлемдер төленбегенін, 2021 жылы мердігер жұмыс барысында жіберген кейбір кемшіліктерін жойғанын, атқарылған жұмыстар бойынша салықтардың толық көлемде төленгенін көрсеткен.
Апелляциялық сатыдағы сот жауапкерлердің уәждерін толық тексермей, Даулы шарт бойынша төленген салықтарды тексеру үшін Мекемеден 2017-2021 жылдар аралығындағы салық декларацияларын (нысандар бойынша) сұратып алып, тексермей, іске тіркелген құжаттарға баға бермей, оларды назарынан тыс қалдырып, бірінші сатыдағы соттың шешімін өзгеріссіз қалдырған.
Іске Даулы шарт жасалғаннан кейінгі жауапкерлер арасындағы жұмыстардың орындалғанын растайтын актілер, шот-фактуралар (қағаз жүзіндегі), 299 730 871 теңге (ҚҚС 35 967 704 теңге) айналымына қойылған электронды шот-фактуралар, төленген төлемдерді дәлелдейтін және салық төлегенін немесе төлемегенін куәландыратын құжаттар, салық декларациялары (нысандар бойынша) тіркелмеген.
Мекеме өзінің талап қоюын СЕӨЖ АЖ бағдарламасына сәйкес 2021 жылға жауапкерлерде қызметкерлер, көлік құралдары, мүліктер болмағанын алға тартып, салық деларациялары ұсынылмаған деп көрсеткен.
Алайда, жауапкерлердің уәждері бойынша жұмыстар қағаз жүзінде жазылған шот-фактуралардың кезінде және 2017-2020 жылғы уақыттар аралығында өткізілген салық декларациялары бойынша өткен.
Мекеме талап қоюында нақты 2017 жылғы 10-ақпандағы айналым сомасы 299 730 871 теңге, ҚҚС сомасы 35 967 704 теңгені құрайтын Даулы шартты жарамсыз деп тануды сұраған, ал негізінде аталған шарттың бағасы шамамен 770 000 000 теңгені құрайды.
Соттар не себепті Мекеме жауапкерлер арасындағы айналымды тек қана 299 730 871 теңгеге (ҚҚС сомасы 35 967 704 теңге) жарамсыз деп тануы керек екенін, ол сома қайдан алынғанын тексермеген.
Егер ол жерге «ОралНефтеГазСтрой» ЖШС мен басқа үшінші тұлғалар арасындағы шарттар немесе айналым сомасы кіретін болса, онда неге сол тұлғалар іске тартылмағанына көңіл бөлінбеген.
Демек, апелляциялық сатыдағы сот істі дұрыс қарау және шешу үшін маңызы бар мән-жайларға тиісті құқықтық баға бермеген.
Сондықтан алқа, жауапкерлердің келтірген уәждері заң талабына сай тексеріліп, оларға баға беріліп, жоққа шығарылмаған деп есептейді.
Істің мұндай тұрғысында, сот алқасы өтінішхаттағы «Chemical Solutions» ЖШС-нің келтірген уәждерімен келіседі және оны заң талабына сай тексеру үшін апелляциялық сатыдағы сот қаулысының күшін жойып, сол сотқа басқа құрамда істі жаңадан қарау үшін жібереді.
Істі жаңадан қараған кезде жоғарыда көрсетілген кемшіліктерді жойып, істің мән-жайын толық, жан-жақты және объективті түрде тексеріп, жиналған дәлелдемелерге материалдық және процестік құқық нормаларына сәйкес дұрыс баға беріп, заңды және негізді шешім қабылдау керек.
АПК-нің 451-бабы 2-бөлігінің 5) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы
Қ А У Л Ы Е Т Т І:
Маңғыстау облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 19-маусымдағы қаулысының күші жойылып, іс жаңадан басқа құраммен қаралуға сол сотқа жолдансын. «Chemical Solutions» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің өкілі А.Г.Бастаубайдың өтінішхаты ішінара қанағаттандырылсын.
Төрағалық етуші Судьялар
Н.К.Шәріпов Б.Р.Ералиева Ғ.Ж.Мырзаке
Көшірмесі дұрыс: Судья Б.Р.Ералиева
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.