ВС РК - Постановление от 19.09.2024 по делу 6001-24-00-6ап/846 (Административное)

ҚАУЛЫ

2024 жылғы 19 қыркүйек 6001-24-00-6ап/846 Астана қаласы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:

төрағалық етуші – алқа судьясы С.Ү.Баймаханов,

судьялар – Ш.Т.Даниярова, Е.Ж.Өмірәлиев болып,

Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының Басқарма прокуроры Б.Саттыбаевтың,

талап қоюшының өкілдері Р.Тілеубайқызының, К.Б.Абашеваның,

жауапкер «Қазақстан Республикасы Қаржы министрілігінің Ішкі мемлекеттік аудит комитетінің Қызылорда облысы бойынша ішкі мемлекеттік аудит департаменті» РММ-нің (бұдан әрі – Департамент) өкілі Ә.С.Ұзақбаевтың,

жауапкер «Қызылорда облысының білім басқармасының Қызылорда қаласы бойынша білім бөлімінің Т.Есетов атындағы №264 мектеп лицейі» КММ-нің (бұдан әрі – №264 мектеп лицейі) өкілдері О.Оспан, Б.С. Тумурзаевтың,

мүдделі тұлға «Исанкулов Д» атауымен әрекет етуші жеке кәсіпкер (бұдан әрі – ЖК) Д.Б.Исанкуловтың, оның өкілі А.А.Сайджаппаровтың қатысуларымен

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында ашық сот отырысында талап қоюшы «Оңдасын и К» ЖШС-нің (бұдан әрі – Серіктестік) жауапкерлер №264 мектеп лицейіне және Департаментке камералдық бақылау нәтижелері бойынша анықталған бұзушылықтарды жою туралы хабарламаларға, мемекеттік сатып алу конкурсы қорытындылары туралы хаттамаларға дау айту жөніндегі әкімшілік іс бойынша қабылданған, Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2023 жылғы 25 желтоқсандағы шешіміне, Қызылорда облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 5 ақпандағы қаулысына Департамент пен мүдделі тұлға ЖК Д.Б.Исанкуловтың кассациялық шағымдарымен келіп түскен әкімшілік істі қарап,

АНЫҚТАҒАНЫ:

Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2023 жылғы 25 желтоқсандағы шешімімен талап қою арызы қанағаттандырылған.

Департаменттің камералдық бақылау нәтижелері бойынша анықталған бұзушылықтарды жою туралы 2023 жылғы 20 қыркүйектегі №431010000КпОПО-31/32-248418 және №431010000-КпОПО-31/32-248464 хабарламалары (бұдан әрі – Хабарламалар) заңсыз деп танылып, күші жойылған.

№264 мектеп лицейінің 2023 жылғы 10 қарашадағы №62199051, №62199179 лоттары бойынша №10441824-ОҚ конкурс қорытындылары туралы хаттамасы заңсыз деп танылып, күші жойылған.

№264 мектеп лицейі мен ЖК Д.Б.Исанкуловтың арасындағы 2023 жылғы 1 желтоқсандағы №69 қызмет көрсету шарты мен 2023 жылғы 13 желтоқсандағы №69/1 қосымша келісім шарттары жарамсыз деп танылған. Серіктестіктің пайдасына Департаменттен 34 500 теңге, №264 мектеп лицейінен 17 250 теңге мемлекеттік баж шығындары өндірілген.

Серіктестікке артық төлеген 73 626 теңге мемлекеттік баж қайтарылған. Қызылорда облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 5 ақпандағы қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімі күшінде қалдырылған.

Департамент пен мүдделі тұлға ЖК Д.Б.Исанкулов кассациялық шағымдарында сот актілерімен келіспейтінін көрсетіп, олардың күшін жойып, талап қою арызын қанағаттандырусыз қалдыруды сұраған.

Қалған сотқа қатысушылардың өкілдері сот алқасының отырысына келмеді, сотқа келмеу себептерін хабарламады.

Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 115-бабының бірінші бөлігіне сәйкес әкімшілік іске қатысатын адамдардың келмеуі оларға тиісінше хабарланған жағдайда сот отырысын өткізуге кедергі болып табылмайды.

Сот алқасы Департаменттің, мүдделі тұлға Д.Б.Исанкулов оның өкілі А.Сайджаппаровтың кассациялық шағымдарды қолдаған, №264 мектеп лицейі мен Серіктестік өкілдерінің пікірлерін, прокурордың сот актілері күшінде қалдырылуға жатады деген қорытындысын тыңдап, іс құжаттарын зерттеп, төмендегідей тұжырымға келеді.

ӘРПК-нің 169-бабына сай кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.

АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес, заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.

Іс бойынша мұндай кемшіліктер орын алмаған.

Сотта анықталған мән-жайларға қарағанда, №264 мектеп лицейінің ұйымдастыруымен «Аз қамтылған отбасылардан шыққан білім алушыларының тамақтануын ұйымдастыру бойынша қызметтерін сатып алу» конкурсы №62199179-КпОПО1, №62199051-КпОПО1 лоттары бойынша жарияланған.

2023 жылғы 30 тамыздағы конкурс қорытындыларымен екі лот бойынша Серіктестік жеңімпаз деп танылған.

Департаментпен әлеуетті өнім берушілердің шағымы негізінде камералдық бақылау жүргізіліп, нәтижесінде анықталған бұзушылықтарды жою туралы Хабарламалары қалыптастырылған.

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2018 жылғы 31 қазандағы №598 бұйрығымен бекітілген «Мемлекеттік орта білім беру ұйымдарында, мектептен тыс қосымша білім беру ұйымдарында білім алушыларды тамақтандыруды ұйымдастыру, сондай-ақ мемлекеттік мектепке дейінгі ұйымдарда, жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған білім беру ұйымдарында, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарында тәрбиеленетін және білім алатын балаларды тамақтандыруды қамтамасыз етуге байланысты тауарларды сатып алу қағидаларының» (бұдан әрі – Қағида) 43-тармағының 4) тармақшасына сәйкес әлеуетті өнім берушілер 2501 және одан да көп білім алушысы бар білім беру ұйымдарында конкурсқа қатысу үшін кемінде 3 аспаз, 7 ас үй жұмысшысының барын растайтын құжаттардың көшірмелерін қоса бере отырып, үлгілік конкурстық құжаттамаға 6-қосымшаға сәйкес нысан бойынша тапсыратыны көрсетілген (конкурс өткізілген уақыттағы мәніні бойынша). №264 мектеп лицейінде 3977 білім алушы бар. Серіктестікпен аталған конкурс бойынша 4 аспаз, 6 ас үй жұмысшысы ұсынылған. Департаменттің Хабарламасы талап қоюшының өтінімі біліктілік талабына сәйкес келмеген деп негізделген. Нәтижесінде конкурстың екі лоты бойынша қорытынды қайта қаралып, ЖК Д.Б.Исанкулов жеңімпаз деп танылған.

Серіктестіктің шағымы Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Ішкі мемлекеттік аудит комитеті» республикалық мемлекеттік мекемесімен (бұдан әрі – Комитет) 2023 жылғы 15 қарашада қанағаттандырусыз қалдырылған.

№264 мектеп лицейі мен ЖК Д.Б.Исанкулов арасында конкурс қорытындылары бойынша 2023 жылғы 1 желтоқсанда №69 қызмет көрсету шарты, 2023 жылғы 13 желтоқсанда №69/1 қосымша келісім шарты жасалған. Бұл мән-жайлар Серіктестіктің жоғарыда көрсетілген талаптармен сотқа жүгінуіне негіз болған.

Соттар талап қоюды қанағаттандырғанда мына мән-жайларды негізді ескерген.

Жергілікті соттар Серіктестікпен талапта көрсетілген 7 ас үй жұмысшысының орнына 6 ас үй жұмысшысы ұсынылғанымен, оның есесіне аспазшыны артық ұсынғанын. Қағида талабына сай аспазшыға біліктілік талап қойылатын болса, ас үй жұмысшысына қандайда бір біліктілік талап қойылмағанын. Департамент аспазшының ас үй жұмысшысы қызметін атқара алатынын ескермеген деп тұжырым жасаған.

ӘРПК-нің 6-бабының төртінші бөлігіне сай әкімшілік рәсімдердің және әкімшілік сот ісін жүргізудің қағидаттарын бұзу оның сипатына және елеулі болуына қарай әкімшілік актілерді, әкімшілік әрекеттерді (әрекетсіздікті) заңсыз деп тануға алып келеді.

ӘРПК-нің 10-бабына сай әкімшілік орган, лауазымды адам әкімшілік қалауды жүзеге асыру кезінде әкімшілік рәсімге қатысушы мен қоғам мүдделерінің әділ теңгерімін қамтамасыз етеді. Бұл ретте әкімшілік акт, әкімшілік әрекет (әрекетсіздік) мөлшерлес, яғни жарамды, қажетті және пропорциялы болуға тиіс. Яғни Хабарламалар аталған қағидаттарға сәйкес келмейді деп қорытынды жасаған.

Сонымен қатар, соттар Д.Б.Исанкуловтың ұсынған диетолог маманның біліктілігін растайтын құжаты болмағанын, оның куәлігінде «емдік тамақтану негіздері» бойынша «мейірген ісі» деп көрсетілгенін. Яғни, конкурстық құжаттаманың 6-қосымшасымен көзделген балаларды тамақтанумен қамтамасыз ету конкурсына қажетті диетолог ұсынбаған деп санаған.

Бұдан басқа Д.Исанкуловтың ұсынған өндірістік басқарушы Б.Өлкенің Түркістан облысының Сауран ауданының мектебімен балаларды тамақтандыру конкурсын ұтып, келісім шартқа отырғаныны расталғандығы ескерілген. Соттардың келтірген негіздемелері сот актілерінде толық көрсетілген. АПК-нің 452-бабының бірінші бөлігіне сәйкес кассациялық сатыдағы соттың қаулысы осы Кодексте апелляциялық сатыдағы сот қаулысы үшiн белгiленген талаптарға сәйкес келуге тиiс.

Осы Кодекстің 426-бабының екінші бөлігіне сай жаңа дәлелдердің болмауына байланысты апелляциялық шағым, прокурордың өтінішхаты қанағаттандырусыз қалдырылған кезде қаулының уәждеу бөлігінде бірінші сатыдағы соттың шешіміне өзгерістер енгізу не оның күшін жою үшін осы Кодексте көзделген негіздердің жоқ екендігі ғана көрсетіледі.

Кассациялық шағымдар иелерінің келтірген уәждеріне дауланған сот актілерінде тиісті құқықтық баға берілген, шағымда жаңа дәлелдер мен негіздемелер келтірілмеген.

Тараптың сот тұжырымымен келіспеуі заңды және істің мән-жайларына сәйкес келетін сот актісін күшін жоюға негіз бола алмайды.

ӘРПК-ның 169-бабын және АПК-нің 451-бабы екінші бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы

ҚАУЛЫ ЕТТІ:

Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2023 жылғы 25 желтоқсандағы шешімі, Қызылорда облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 5 ақпандағы қаулысы күшінде қалдырылсын.

Жауапкер «Қазақстан Республикасы Қаржы министрілігінің Ішкі мемлекеттік аудит комитетінің Қызылорда облысы бойынша ішкі мемлекеттік аудит департаменті» РММ-нің және мүдделі тұлға «Исанкулов Д» атауымен әрекет етуші жеке кәсіпкер Д.Б.Исанкуловтың кассациялық шағымдары қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Төрағалық етуші С. Баймаханов Судьялар Ш. Даниярова Е. Өмірәлиев

Көшірмесі дұрыс

Судья

С. Баймаханов

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.