Кассационный суд Республики Казахстан по гражданским делам - Постановление от 08.05.2026 по делу 6003-26-00-2к/944 (Гражданское)

Қ А У Л Ы

2026 жылғы 8 мамыр №6003-26-00-2к/944 Астана қаласы

Азаматтық істер жөніндегі кассациялық соты құрамында төрағалық етуші судья Г.Б.Бастаубаев, судьялар М.Т.Кадырова, Н.О.Косанов,

арыз беруші А[...], қаржы басқарушысы К[...], мүдделі тұлға өкілі Қ[...] бейнебайланыс арқылы қатысуларымен,

ашық сот отырысында арыз беруші А[...] (бұдан әрі - арыз беруші) банкроттық рәсімін қолдану туралы азаматтық істі арыз берушінің Шымкент қаласының азаматтық істер жөніндегі ауданаралық сотының 2025 жылғы 3 қазандағы шешімі мен Шымкент қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 3 желтоқсандағы қаулысына берген кассациялық шағымымен қарап,

Арыз беруші сотқа аталған арызбен жүгініп, оны өзінің төлем қабілеттілігінің жоқтығымен негіздеген.

Апелляциялық сот алқасының қаулысымен өзгеріссіз қалдырылған бірінші сатыдағы сот шешімімен арызды қанағаттандырудан бас тартылған.

Арыз беруші кассациялық шағымында соттармен материалдық және процестік құқық нормалары бұзылғанын көрсетіп, аталған сот актілерінің күшін жоюды, арызды қанағаттандыру жөнінде жаңа шешім шығаруды сұраған.

Кассациялық сот істегі дәлелдемелерді зерттеп, іске қатысушылардың жауаптарын тыңдап, кассациялық шағым уәждерін зерделеп, төмендегі тұжырымға келді.

Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы, заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.

Мұндай бұзушылықтар іс бойынша орын алмаған.

Жергілікті соттар «Қазақстан Республикасының азаматтарының төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және банкроттығы туралы» Қазақстан Республикасы 2022 жылғы 30 желтоқсандағы Заңының (бұдан әрі - Заң) талаптарын дұрыс қолданып, іс үшін маңызы бар мән-жайлар шеңберін нақты және дұрыс айқындаған, осы дау бойынша қолдануға жататын материалдық және процестік құқық нормаларын ескере отырып, тараптардың уәждері мен қарсылықтарын тексеруге заңмен көзделген барлық шараларды жасаған.

Заңның 24-бабының 2-тармағына сай борышкер төлемге қабілетті және төлем қабілеттілігін қалпына келтіру немесе сот арқылы банкроттық рәсімін қолдануға негіздер жоқ деген тұжырымдарды қамтитын қорытындыны қаржы

басқарушысы осы Заңның 6-бабында көзделген бір немесе бірнеше мән-жай болмаған кезде жасайды.

Арыз берушінің кредиторлық қарызы 11 923 996 теңгені құрайды, оның ішінде «Kaspi Bank» акционерлік қоғамына 2 195 340 теңге, «Bereke Bank» акционерлік қоғамына 9 429 364 теңге, «Alatau Citi Bank» акционерлік қоғамына 241 245 теңге

Шымкент қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті басшысының 2025 жылғы 10 қыркүйектегі №517 бұйрығымен қаржы басқарушысы болып К[...] тағайындалған. Қаржы басқарушысының 2025 жылғы 26 қыркүйектегі қорытындысына сәйкес арыз беруші төлемге қабілетті және сот арқылы банкроттық рәсімін қолдануға негіздер жоқ.

Заңның 6-бабының 2-тармағының 3) тармақшасына сай сот арқылы банкроттық рәсімін қолдану туралы арыз беруге осындай арыз берілген күні қатарынан он екі ай ішінде кредиторлар алдындағы міндеттемелерді өтеудің болмауы негіз болып табылады.

Іске тіркелген тыйым салынған мүлікті сатып алу-сату туралы 2025 жылғы 11 ақпандағы шартқа қарағанда арыз беруші өзінің меншігіндегі «Chevrolet Onix» үлгісіндегі, мемлекеттік тіркеу нөмірі [...], автокөлігін азамат Б[...] 4 142 750 теңгеге сатқаны, бұл шарт жеке сот орындаушысының қатысуымен арыз берушіден «Bereke Bank» акционерлік қоғамының пайдасына 10 460 458 теңге өндіру жөніндегі 2024 жылғы 11 желтоқсандағы №5566/24-75-6520 атқарушылық өндіріс бойынша жасалғаны көрінеді.

2025 жылғы 27 қаңтардағы жеке сот орындаушысы Т[...] өндірілген қаржыны бөлу туралы қаулысына сай аталған сома арыз берушінің қарыздарын ішінара жабуға, оның ішінде жеке сот орындаушысының қызметін төлеуге (414 275 теңге), алимент бойынша берешекті өтеуге (3 243 384 теңге) және «Bereke Bank» акционерлік қоғамының алдындағы қарызды ішінара төлеуге (485 091 теңге) жұмсалған.

Яғни, арыз беруші сотқа банкроттық рәсімін қолдану туралы арызбен жүгінгенге дейін он екі ай ішінде кредиторлар алдындағы міндеттемелерін ішінара өтеген, тиісінше ол банкроттық рәсімін қолдануға болатын тұлғалардың қатарына жатпайды.

Одан бөлек, Шымкент қаласы Ішкі істер департаментінің Әкімшілік полиция басқармасының 2025 жылғы 18 қыркүйектегі мәліметі бойынша арыз берушінің атына «LEXUS [...]» үлгісіндегі, мемлекеттік тіркеу нөмірі [...], автокөлік 2020 жылғы 15 мамырда тіркеліп, 2020 жылғы 28 мамырда тіркеуден шығарылған.

Істің мән-жайларына сай соттар арыз берушінің жұмыс жасауға қабілетті екенін, жұмыссыз ретінде тіркелмегенін және қарызды өтеу бойынша өз еркімен нақты шара қолданбағанын, бұрын атына екі автокөлік тіркелгенін

ескере отырып, Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің 8-бабының 4, 6 және 7-тармақтарына сәйкес азаматтардың өздерінің құқықтарын жүзеге асырған кезде адал, парасатты және әдiл әрекет жасауы тиістігі, бұл талап сақталмаған жағдайда соттың адамға тиесілі оның құқығын қорғаудан бас тарта алатыны туралы тұжырымға дұрыс келген

Сонымен қатар, соттармен Заңның 4-бабына сәйкес азаматтарға сот арқылы банкроттық рәсімін қолдану қағидаттарының қатарына азаматтардың адалдығы жататыны да ескерілген.

Апелляциялық сатыдағы соттың отырысында арыз беруші Шымкент қаласының білім басқармасында қызмет атқаратынын, 200 000 теңге көлемінде жалақы алатынын, оның 50% алиментке ұсталатынын, қалғаны өзінің жүріп тұруына, тамағына жетпейтінін көрсетсе, кассациялық сот отырысында бүгінгі күні «ӨҚС[...]» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде жұмыс жасайтынын, айына 100 000 теңге жалақы алатынын, оның 50% алиментке ұсталатынын көрсеткен.

Істің мұндай тұрғысында, арыз қанағаттандыруға жатпайды деген жергілікті соттардың тұжырымы заңды әрі негізді болып табылады.

Кассациялық шағым уәждері соттардың тұжырымдарын теріске шығармайды, істің мән-жайлары жан жақты зерттеліп, оларға құқықтық бағасы берілген, қосымша тексеруді қажет ететін фактілер көрсетілмеген, шағымдалған сот актілерінің күштерінің жойылуына немесе өзгертілуіне әкеліп соғатын құқық нормаларының бұзылу деректері анықталған жоқ. Дегенмен, соттармен арыз берушіден қаржы басқарушысының пайдасына сыйақы негізсіз өндірілген.

Заңның 1-бабының 1) тармақшасына сай қаржы басқарушысының сыйақысы ағымдағы шығыстарға жатады, бұл дегеніміз азаматтың төлем қабілеттілігін қалпына келтіру немесе сот арқылы банкроттық рәсімін қолдану туралы арызды сот қабылдаған күннен кейін пайда болған шығыстары.

Сонымен қатар, Заңның 23-бабының 1-1-тармағында қаржы басқарушысының өкілеттіліктері айқындалған.

Заң нормаларының мазмұнына сәйкес сот арқылы банкроттық рәсімін жүргізген қаржы басқарушысының сыйақысы ағымдағы шығыстарға жатады, бұл сыйақы кезектен тыс борышкердің мүлкінен (қаражаты есебінен) төленуі тиіс, сыйақы төлеу сот арқылы банкроттық рәсімдері аяқталғаннан кейін тоқтатылуға жатпайтын міндеттеме болып табылады.

Бұл жағдайда сот арқылы банкроттық рәсімін қолданудан бас тартылғанын, іс жүзінде орын алған шығыстардың болмағанын, қаржы басқарушысы Заңмен көзделген өкілеттіліктерін толық көлемде атқармағанын, сыйақы сот шығыстарына жатпайтынын ескеріп, арыз берушіден қаржы басқарушысының пайдасына сыйақы өндіруге құқықтық негіздер жоқ.

Осыған орай, сот шешімі мен алқа қаулысы күшінде, кассациялық шағым қанағаттандырусыз қалдырылуға, бірінші сатыдағы сот шешімінің

қарар бөлігінен арыз берушіден қаржы басқарушысының пайдасына сыйақы өндіру жөніндегі сөйлем алынып тасталуға жатады. АПК-тің 451-бабының 2-бөлігінің 1) тармақшасын, 452-бабын басшылыққа алып, сот

Қ А У Л Ы Е Т Т І:

Шымкент қаласының азаматтық істер жөніндегі ауданаралық сотының 2025 жылғы 3 қазандағы шешімі мен Шымкент қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 3 желтоқсандағы қаулысы күшінде қалдырылсын.

Шымкент қаласының азаматтық істер жөніндегі ауданаралық сотының 2025 жылғы 3 қазандағы шешімінің қарар бөлігінен «А[...] қаржы басқарушысы К[...] пайдасына 85 000 (сексен бес мың) теңге өндірілсін.» деген сөйлем алынып тасталсын.

Арыз беруші А[...] кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Төрағалық етуші Г.Бастаубаев

Судьялар М.Кадырова

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.