ВС РК - Постановление от 05.03.2025 по делу 6001-24-00-6ап/2186 (Административное)

6001-24-00-6ап/2186

ҚАУЛЫ

2025 жылғы 5 наурыз Астана қаласы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:

төрағалық етуші – судья Г.Б. Дуйсенбаев, судьялар – Г.К. Нұрбаев, Е.Ж. Өмірәлиев,

прокурор Н.Молдахановтың қатысуларымен,

өзінің ашық сот отырысында Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының сот мәжіліс залында талап қоюшы Жумабике Жолдасовна Калиеваның жауапкер «Атырау қаласы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасы» республикалық мемлекеттік мекемесінің 2023 жылғы 19 сәуірдегі хабарламасын заңсыз деп тану туралы әкімшілік ісі бойынша қабылданған,

Атырау облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 14 наурыздағы шешіміне және Атырау облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 12 маусымдағы қаулысына жауапкердің кассациялық шағымымен түскен әкімшілік істі қарап,

АНЫҚТАҒАНЫ:

Талап қоюшы Ж.Ж.Калиева жоғарыда аталған талап арызбен сотқа жүгінген.

Атырау облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 14 наурыздағы шешімімен талап арыз толық көлемде қанағаттандырылған.

Атырау облыстық сотының әкімшілік істері жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 12 маусымдағы қаулысымен бірінші сатыдағы сот шешімі өзгеріссіз қалдырылған.

Жауапкер кассациялық шағымда іс бойынша қабылданған сот актілерімен келіспей, жергілікті соттардың материалдық және процестік құқық нормаларын дұрыс қолданбағанын көрсете отырып, олардың күшін жоюды және талап арызды қанағаттандырудан бас тарту туралы жаңа шешім қабылдауды сұраған.

Тиісті түрде хабарланған тараптар кассациялық саты сотының отырысына келмеуі Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 115-бабының бірінші бөлігіне сай істі мәні бойынша қарауға кедергі келтірмейді.

Сот алқасы кассациялық шағым уәждері мен іс құжаттарын жан-жақты зерттеп, төмендегідей тұжырымға келді.

ӘРПК-нің 169-бабының бірінші бөлігіне сәйкес кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.

АПК-нің 426-бабының екінші бөлігіне сай, жаңа дәлелдердің болмауына байланысты апелляциялық шағым, прокурордың өтінішхаты қанағаттандырусыз қалдырылған кезде қаулының уәждеу бөлігінде бірінші сатыдағы соттың шешіміне өзгерістер енгізу не оның күшін жою үшін осы Кодексте көзделген негіздердің жоқ екендігі ғана көрсетіледі.

АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.

Іс бойынша мұндай кемшіліктер орын алмаған.

ӘРПК-нің 5-бабының 2-бөлігіне сәйкес әкімшілік сот ісін жүргізудің міндеті жария-құқықтық қатынастарда жеке тұлғалардың бұзылған немесе дау айтылатын құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін, заңды тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделерін тиімді түрде қорғау және қалпына келтіру мақсатында әкімшілік істерді әділ, бейтарап және уақтылы шешу болып табылады.

Іс материалдарына қарағанда, талап қоюшы Ж.Калиева 2017 жылғы 17 сәуірде сату-сатып алу шарты негізінде жалпы алаңы 19,20 шаршы метр, Атырау қаласы, Әди Шарипова көшесі, 32 үй, 47 пәтерді Н.Гадильбековадан сатып алған.

2021 жылғы 11 қарашада Атырау қаласының әкімінің қаулысымен Атырау қаласы, Әди Шарипова көшесі №32-А үй, Верхний өткелі №1,3 үйлер мемлекеттің мұқтажы үшін алынған.

Осыған байланысты, 2021 жылғы 20 желтоқсанда талап қоюшы мен «Атырау қаласының Қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және тұрғын үй инспекциясы бөлімі» мемлекеттік мекемесі арасында №3087 келісім шарты жасақталып, келісім шартқа сәйкес талап қоюшыға мемлекет мұқтажы үшін алынған пәтердің орнына жалпы көлемі 38,6 шаршы метр, Атырау қаласы, Нұрсая ықшам ауданы, 116 үй, № 184 пәтер мекен жайынан 1 бөлмелі пәтер (бұдан әрі -№ 184-пәтер) берілген.

2022 жылғы 21 ақпанда талап қоюшы жоғарыда аталған №184-пәтерді сату-сатып алу шарты негізінде 10 600 000 теңгеге сатып жіберген.

2023 жылғы 19 сәуірде жауапкер Атырау қаласы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасымен талап қоюшының атына №17000178694 салықтық есептілікті тапсыру туралы хабарлама жолдаған.

Қазақстан Республикасы «Салық және бюджетке төленетін басқа міндетті төлемдер туралы» кодексінің (бұдан әрі – Салық кодексі) 331бабының 2-тармағына сай, осы баптың 1-тармағының 1)-7) тармақшаларында көрсетілген мүлікті өткізу кезінде мүлікті өткізу бағасы (құны) мен оны сатып алу бағасы (құны) арасындағы оң айырма құн өсімінен түсетін кіріс болып табылады. Осы тармақтың ережелері осы баптың 5, 6 және 7-тармақтарына сәйкес айқындалатын өтеусіз алынған мүлікті өткізу кезінде құн өсімінен түсетін кіріске қолданылмайды.

Іс құжаттарынан белгілі болғандай, талап қоюшыға салық объектісі болып танылған № 184 - пәтер құзырлы органнан өтеусіз бұрынғы Атырау қаласы, Әди Шарипова көшесі, 32 үй, 47 пәтердің орнына берілген.

Яғни, талап қоюшы салық объектісі болып танылған № 184 –пәтерді сатып алмаған, өтеусіз мемлекет мұқтажы үшін алынған бұрынғы пәтерінің орнына алған.

Аталған жағдай талап қоюшы мен «Атырау қаласының Қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және тұрғын үй инспекциясы бөлімі» ММ арасында жасақталған 2021 жылғы 20 желтоқсандағы №3087 келісім шартпен дәлелденеді.

Жергілікті соттар талап арызды қанағаттандыру туралы шешім қабылдағанда, талап қоюшыға жаңадан берілген № 184- пәтер мемлекеттің мұқтажы үшін алынған бұрынғы талап қоюшының иелігінде болған пәтердің орнына берілгені ескерілмеген, сондай-ақ, жоғарыда аталған пәтерді сатуына байланысты құн өсімінен түсетін кіріс сомасын төлеуге міндеттеу әділдікпен парасаттылық, мөлшерлес, яғни жарамды қағидаттарына жатпайды, сондықтан жауапкердің әкімшілік актісі заң талаптарына сәйкес келмейді деген тұжырымға келген.

Салық кодексінің 331-бабының 7-тармағына сай, осы баптың 6- тармағында көрсетілген жағдайда осы баптың 1-тармағының 1)-7) тармақшаларында көрсетілген өткізілген мүлікке меншік құқығы туындаған күнге айқындалған нарықтық құны болмаған кезде не нарықтық құнды айқындаудың осы баптың 6-тармағында белгіленген мерзімі сақталмаған кезде, сондай-ақ осы баптың 6-тармағында көрсетілмеген, мүлікті сатып алу бағасы (құны) болмаған басқа да жағдайларда, мыналар құн өсімінен түсетін кіріс болып табылады: 1) осы баптың 1-тармағының 1) тармақшасында көрсетілген мүлік бойынша – мүлікті өткізу бағасы (құны) мен бағалау құны арасындағы оң айырма. Бұл ретте "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы өткізілген мүлікке меншік құқығы туындаған жылдың 1 қаңтарына мүлік салығын есептеу үшін айқындаған құн бағалау құны болып табылады.

Демек, Салық кодексінің 331-бабының 7-тармағының талабы меншік құқығы туындаған күнге айқындалған нарықтық құны болмаған кезде қолданылатыны көзделген.

«Атырау қаласының Қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және тұрғын үй инспекциясы бөлімі» ММ-нің анықтамасына сәйкес, талап қоюшыға табысталған даулы пәтердің баланстық құны 7 957 144 теңгеге бағаланған. Жауапкер аталған пәтердің баланстық құны 7 957 144 теңгеге бағаланғанын ескермей, «Азаматтарға арналған үкімет мемлекеттік корпорациясы» комерциялық емес акционерлік қоғамының мүлік салығын есептеу үшін айқындалған 2 980 914 теңгені қате негізге алған. Істің мұндай тұрғысында жергілікті соттар іс үшін маңызы бар мәнжайлар ауқымын дұрыс айқындаған, материалдық заң нормалары дұрыс қолданылған деп сот алқасы есептейді.

Жауапкердің кассациялық шағымында көрсетілген уәждері төменгі саты соттарымен жан-жақты зерттеліп, оларға тиісті құқықтық баға берілген, ал тараптардың сот тұжырымдарымен келіспеуі сот актілерін өзгертуге немесе оның күшін жоюға негіз болып табылмайды.

Сондықтан, сот алқасы жауапкердің кассациялық шағымын қанағаттандыруға негіздер жоқ деп тапты.

ӘРПК-нің 169-бабын және АПК-нің 451-бабының екінші бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы

ҚАУЛЫ ЕТТІ:

Атырау облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 14 наурыздағы шешімі және Атырау облыстық сотының әкімшілік істері жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 12 маусымдағы қаулысы күшінде қалдырылсын. Жауапкер «Атырау қаласы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасы» республикалық мемлекеттік мекемесінің кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Төрағалық етуші

Дуйсенбаев Г.Б.

Нұрбаев Г.К.

Судьялар

Өмірәлиев Е.Ж.

Көшірмесі дұрыс. Судья

Дуйсенбаев Г.Б.

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.