Кассационный суд Республики Казахстан по гражданским делам - Постановление от 28.05.2026 по делу 6003-26-00-2к/1768 (Гражданское)

Қ А У Л Ы

2026 жылғы 28 мамыр №6003-26-00-2к/1768 Астана қаласы

Азаматтық істер жөніндегі кассациялық соты құрамында төрағалық етуші судья Г.Б.Бастаубаев, судьялар М.Т.Кадырова,

Н.О.Косанов,

талап қоюшы өкілі А.Жұмабайұлының, жауапкер өкілі М.С.Мадияровтың, үшінші тұлғалар Ш.Ш.Жалгасбаеваның және Н.Ю.Абдуллаеваның бейнебайланыс арқылы қатысуларымен,

ашық сот отырысында талап қоюшы Райкуль Юлдашевна Арынова (бұдан әрі - талап қоюшы) жауапкер Табиғат Сартайқызы Пірішеваға (бұдан әрі - жауапкер) сатып алу-сату шартын жарамсыз деп танып, тараптарды бастапқы қалпына келтіру туралы электрондық азаматтық істі талап қоюшының Қызылорда қалалық сотының 2025 жылғы 17 маусымдағы шешіміне және Қызылорда облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 10 қыркүйектегі қаулысына берген кассациялық шағымымен қарап,

А Н Ы Қ Т А Д Ы :

Талап қоюшы сотқа аталған талап қоюмен жүгініп, оны жауапкер сатылған жер учаскесінің ақшасын төлемегенімен негіздеген.

Апелляциялық сот алқасының қаулысымен өзгеріссіз қалдырылған бірінші сатыдағы соттың шешімімен талап қою қанағаттандырудан бас тартылған.

Талап қоюшы кассациялық шағымында соттармен материалдық және процестік құқық нормалары бұзылғанын көрсетіп, аталған сот актілерінің күшін жоюды, талапты қанағаттандыру жөнінде жаңа шешім шығаруды сұраған.

Кассациялық сот істегі дәлелдемелерді зерттеп, іске қатысушылардың жауаптарын тыңдап, кассациялық шағым уәждерін зерделеп, төмендегі тұжырымға келді.

Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы, заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.

Мұндай бұзушылықтар іс бойынша орын алмаған.

Жергілікті соттар Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің (бұдан әрі - АК) 159, 188, 272-баптарын, 406-бабының 1-тармағын дұрыс қолданып, іс үшін маңызы бар мән-жайлар шеңберін нақты және дұрыс айқындаған, осы дау бойынша қолдануға жататын материалдық және процестік құқық нормаларын ескере отырып, тараптардың уәждері мен қарсылықтарын тексеруге заңмен көзделген барлық шараларды жасаған.

«Соттардың азаматтық процестік заңнаманың кейбір нормаларын қолдануы туралы» Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2003 жылғы 20

наурыздағы № 2 нормативтік қаулысының 9-тармағына сай істің заң бойынша белгілі бір дәлелдемелермен расталуға тиісті мән-жайы ешқандай да басқа дәлелдемелермен расталуға тиіс емес (мысалы, егер мәміленің нақты жағдайлары бойынша дау туындайтын болса, ол келісім-шартпен дәлелденеді).

Анықталғаны, 2022 жылғы 24 қаңтарда талап қоюшы (сатушы) және жауапкер (сатып алушы) арасында Қызылорда қаласы, Тасбөгет кенті, Сабалақ өңірі, құрылыс 18 мекенжайында орналасқан жалпы алаңы 1,0 га (кадастрлық нөмірі:10:156:087:1205) жер учаскесін 25 000 000 теңгеге нотариалды куәландырылған сатып алу-сату шарты (бұдан әрі - даулы шарт) жасалған.

Даулы шарттың 3-тармағында аталған жер телімінің 25 000 000 теңгеге сатылғаны, ақшаны сатып алушы сатушыға даулы шартқа қол қойғанға дейін толығымен және қолма қол нақты ақшамен нотариус кеңсесінен тыс жерде төленгені көрсетілген.

Даулы шарт жасалған соң жер учаскесі жауапкердің меншігіне тіркеліп, соңғысы оған билік еткен.

Сотта даулы шартты жарамсыз деп тануға негіз болатын нақты дәлелдемелер ұсынылған жоқ және ондай мән-жайлар анықталмады, талап қоюшы жауапкер тарапынан өзіне қатысты заңсыз әрекеттер жасағаны жөнінде бүгінге дейін құқық қорғау органдарына шағымданбаған, сотқа даулы шарт жасалғаннан кейін үш жылға жуық уақыт өткен соң ғана жүгінген, даулы шарт жасалған кезде нотариуспен барлық заң нормалары сақталған (шарттың мазмұны мен салдары түсіндірілген, тараптардың іс-әрекетке қабілеттілігі тексерілген, жеке бастары мен ниеттері анықталған және т.б.).

Талап қоюшымен ұсынылған 2025 жылғы 17 наурызда нотариуспен куәландырылған «Whats App» қосымшасындағы ақпаратты тексеру хаттамасын жергілікті соттар дәлелдеме ретінде негізді қабылдамаған. Өйткені, ұсынылған хат алмасудан тараптар арасында нақты даулы шарт бойынша және сатылған жер учаскесі туралы әңгіме болғаны көрінбейді, бұл хат алмасу даулы шарт жасалғаннан кейін екі жыл өткен соң жүргізілген, осы екі жыл ішінде тараптар арасында басқа да құқықтық қарым-қатынастар болу немесе саудаға байланысты шарттар жасалу мүмкіндігі жоққа шығарылмайды.

Бұл жағдайда жергілікті соттар жауапкерлердің әрекеттеріне дұрыс құқықтық бағасын берген, себебі даулы шарт талабына сай сатушы жер учаскесін табыстаған, ол үшін сатып алушы қаражатын төлеген.

Істің мұндай тұрғысында, яғни талап қоюшының уәждері сотта өз дәлелін таппағанын ескере отырып, талап қою қанағаттандырылуға жатпайды деген жергілікті соттардың тұжырымы заңды әрі негізді болып табылады. Кассациялық шағым уәждері соттардың тұжырымдарын теріске шығармайды, істің мән-жайлары жан жақты зерттеліп, оларға құқықтық бағасы берілген, қосымша тексеруді қажет ететін фактілер көрсетілмеген, шағымдалған сот актілерінің күштерінің жойылуына немесе өзгертілуіне әкеліп соғатын құқық нормаларының бұзылу деректері анықталған жоқ.

Сол себепті, бірінші сатыдағы сот шешімі және апелляциялық алқа қаулысы күшінде, кассациялық шағым қанағаттандырусыз қалдырылуға жатады.

АПК-тің 451-бабының 2-бөлігінің 1) тармақшасын, 452-бабын басшылыққа алып, сот

Қ А У Л Ы Е Т Т І:

Қызылорда қалалық сотының 2025 жылғы 17 маусымдағы шешімі және Қызылорда облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 10 қыркүйектегі қаулысы күшінде, талап қоюшы Райкуль Юлдашевна Арынованың кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Төрағалық етуші Г.Бастаубаев

Судьялар М.Кадырова

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.