6001-21-00-3ГП/516
ҚАУЛЫ
2021 жылғы 21 желтоқсан Нұр-Сұлтан қаласы
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасы құрамында:
төрағалық етуші судья Ғ.Мырзаке,
судьялар А.Ескендіров, Ж.Қашқынбаева,
жауапкер «Саңыраулардың қазақ қоғамы» қоғамдық бірлестігінің «Тараз оқу-өндірістік кәсіпорыны» мекемесінің өкілі Н[...],
даудың нысанасына дербес талаптарын мәлімдемейтін талап қоюшының жағындағы үшінші тұлға «Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Ішкі мемлекеттік аудит комитетінің Жамбыл облысы бойынша ішкі мемлекеттік аудит департаменті» республикалық мемлекеттік мекемесінің (бұдан әрі - Департамент) өкілі Р[...] қатысуымен,
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында мобильді бейнеконференцбайланыс құрылғысы арқылы ашық сот отырысында талап қоюшы «Мойынқұм ауданы Бірлік ауылдық округі әкімінің аппараты» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің (бұдан әрі – М[...], Тапсырыс беруші) жауапкер «Саңыраулардың қазақ қоғамы» қоғамдық бірлестігінің «Тараз оқуөндірістік кәсіпорыны» мекемесіне (бұдан әрі – Кәсіпорын, Мердігер) даудың нысанасына дербес талаптарын мәлімдемейтін талап қоюшы тарапынан үшінші тұлға Департаментті тарта отырып:
-мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушысы деп тану;
-1 509 815 теңге залал өндіру туралы талап қою арызымен қозғалған
азаматтық ісі бойынша қабылданған
Жамбыл облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2021 жылғы 25 наурыздағы шешімін, Жамбыл облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2021 жылғы 7 шілдедегі қаулысын кассациялық тәртіппен қайта қарау туралы Кәсіпорынның өтінішхатымен келіп түскен азаматтық ісін қарап,
АНЫҚТАҒАНЫ:
М[...] қатысты жоғарыда көрсетілген талап қою арызымен сотқа жүгінген.
Жамбыл облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2021 жылғы 25 наурыздағы шешімімен талап қою арызы ішінара қанағаттандырылған.
Кәсіпорыннан мемлекет пайдасына 1 221 732 теңге залал өндірілген. Сот шығыстары бөлінген.
Талап қою арызының қалған бөлігі қанағаттандырусыз қалдырылған.
Жамбыл облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2021 жылғы 7 шілдедегі қаулысымен бірінші сатыдағы сот шешімі өзгеріссіз қалдырылған.
Арызданушы өтінішхатында қабылданған сот актілерімен келіспей, іс бойынша соттың тұжырымдары істің мән-жайына сәйкес келмейтінін, материалдық құқық нормаларының бұзылғанын көрсетіп, олардың күшін жойып, талап арызды қанағаттандырусыз қалдыру туралы жаңа шешім қабылдауды сұраған.
Сот алқасы Мердігердің өкілі Н[...] өтінішхатты қолдаған түсінігін, үшінші тұлғаның өтінішхатқа қарсылығын тыңдап, өтінішхат уәждерін талқылап, іс құжаттарын зерделеп, келесідей тұжырымға келді.
Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болады. Алайда, жергілікті соттармен мұндай заң бұзушылықтарға жол берілмеген.
Іс құжаттарынан анықталғандай, 2016 жылғы 14 мамырда М[...] мен Кәсіпорынның арасында жалпы бағасы 2 350 000 теңгені құрайтын «А[...] атындағы Жеңіс саябағын абаттандыру жұмыстары» бойынша мемлекеттік сатып алу туралы №24 шарт жасалған (бұдан әрі-Шарт).
Шарттың №1 қосымшасымен орындау мерзімі сәуір-маусым аралығы де көрсетіліп, Шарт қазынашылық органында тіркелген.
2016 жылғы 27 маусымдағы атқарылған құрылыс-монтаждау жұмыстарын қабылдау Актісіне сәйкес абаттандыру жұмыстары сол кездегі Бірлік ауылдық округінің әкімі М[...] қабылданған. Шартпен айқындалған 2 350 000 теңге Кәсіпорынға толық төленген. Алайда 2020 жылғы 12 мамырдағы Департаментпен жүргізілген тексеру нәтижесінде Шартпен белгіленген жұмыстардың жауапкермен толық аяқталмағаны анықталып, оның көлемі 1 509 815 теңгені құраған. Жергілікті соттар талап қою арызды ішінара қанағаттандыру туралы шешімін, талап қоюшының жауапкермен мемлекеттік сатып алу туралы заңнамасын бұзу фактісі туралы күнтізбелік отыз күннен кешіктіріп, сотқа өнім берушіні мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушы деп жүгінгенімен, сонымен қатар, онымен шарт міндеттемелері тиісті түрде орындалмағанымен негіздеген.
Сот алқасы жергілікті соттардың бұл тұжырымдарын келесі мән-жайлар бойынша негізді деп санайды.
«Сот шешiмi туралы» Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2003 жылғы 11 шілдедегі № 5 нормативтік қаулысының 5-тармағында түсіндірілгендей АПК-нің 224-бабына сәйкес сот шешiмi заңды және негiздi болуға тиiс.
Шешiм iс жүргiзу құқығының нормалары сақтала отырып және осы құқықтық қатынасқа қолдануға жататын материалдық құқық нормаларына толық сәйкестiкте шығарылғанда немесе ұқсас қатынасты реттейтiн заңның қажеттi негiздерiн қолданғанда не азаматтық заңнаманың жалпы бастауларынан
және мәнiнен, адалдық, парасаттылық пен әдiлдiк (Қазақстан Республикасы Азаматтық Кодексiнiң (бұдан әрі-Азаматтық кодекс) 5-бабы және АПК-нің 6-бабы) талаптарынан туындағанда, заңды болып табылады.
Iс үшiн маңызы бар фактiлер, заң талаптарына сай сот отырысында өндiрiлген осы фактiге қатысты жол берiлген және шынайы дұрыс дәлелдермен құпталса немесе дәлелдеудi қажет етпейтiн жалпыға мәлiм мән-жайларға сәйкес келсе немесе iс бойынша жинақталған дәлелдемелер дауды шешу үшiн жеткiлiктi болса, ондай шешiм негiздi болып саналады.
АПК-нің 412-бабына сәйкес апелляциялық шағым, прокурордың өтінішхаты бойынша апелляциялық сатыдағы сот істе бар және осы Кодекстің 413-бабы 2-бөлігінің талаптарына сәйкес ұсынылған материалдар бойынша істің нақты мән-жайларының анықталуының, материалдық құқық нормаларының қолданылуы мен түсіндірілуінің дұрыстығын, сондай-ақ істі қарау мен шешу кезінде азаматтық процестік заң нормаларының сақталуын тексереді.
АПК-нің 413-бабының 1, 2-бөліктерінде көзделгендей сот істi апелляциялық тәртiппен қарау кезiнде бiрiншi сатыдағы сот шешiмiнiң заңдылығы мен негiздiлiгiн толық көлемде тексередi. Апелляциялық сатыдағы сот істе бар, сондай-ақ осы Кодекстің 404-бабының 2-бөлігіне сәйкес ұсынылған дәлелдемелерге мәлімделген талап қою шегінде баға береді.
Жергілікті соттармен жоғарыда көрсетілген азаматтық процестің құқық нормалары сақталған. Соттардың М[...] талап қою арызының қанағанаттандырылған бөлігінде негізді деген тұжырымдары іс үшін маңызы бар мән-жайларға сәйкес келеді және материалдық құқық нормаларының дұрыс қолданылуына негізделген.
Азаматтық кодексітің 616-бабының 1-тармағына сәйкес мердiгерлiк шарты бойынша бiр тарап (мердiгер) екiншi тараптың (тапсырысшының) тапсырмасы бойынша белгiлi бiр жұмысты атқаруға және белгiленген мерзiмде оның нәтижесiн тапсырысшыға өткiзуге мiндеттенедi, ал тапсырысшы жұмыс нәтижесiн қабылдап алуға және оған ақы төлеуге (жұмыстың бағасын төлеуге) мiндеттенедi. Егер заң актiлерiнде немесе шартта өзгеше көзделмесе, жұмыс мердiгердiң тәуекелiмен орындалады.
Азаматтық кодексітің 272-бабында көрсетілгендей мiндеттеме - мiндеттеме шарттары мен заң талаптарына сәйкес тиiсiнше орындалуға тиiс, ал мұндай шарттар мен талаптар болмаған жағдайда - iскерлiк қызмет өрiсiндегi әдеттегi құқықтарға немесе әдетте қойылатын өзге де талаптарға сәйкес орындалуға тиiс.
М[...] бойынша міндеттемелерін орындап, Мердігерге жұмыстың ақысын толық төлеген.
Өз кезегінде, Мердігер мiндеттеме шарттарын тиiсiнше орындамаған.
Бұл мән-жайлар дәлелдемелердің қатыстылығы, жарамдылығы, анықтығы ескеріле отырып, ал барлық жиналған дәлелдемелер жиынтығы азаматтық істі
шешу үшін жеткіліктілігі тұрғысынан жергілікті соттармен тиісті түрде бағаланған.
Келтірілген залал бойынша айырмашылықтар анықталғандықтан, Шарт бойынша келтірілген залалдың көлемі мен бағасын анықтау үшін бірінші сатыдағы сотпен сот сараптамасы тағайындалған.
Жамбыл облысы бойынша сот сараптамалары институтының 2021 жылғы 3 наурыздағы №217 сот құрылыстық-экономикалық сараптамасының қорытындысымен 2019 жылы Шарт бойынша бағасы 455 263 теңгеге абаттандыру жұмыстары жасалған, ал жалпы Шартпен белгіленген абаттандыру жұмысының орындалмаған көлемінің бағасы 1 221 732 теңгені құрағаны анықталған.
Істің мұндай тұрғысында алқа дау айтылған сот актілері заңды және негізді деген тұжырымға келеді.
Жергілікті соттармен іске қатысты барлық құқықтық маңызы бар мән-жайлар дұрыс айқындалған. Тараптардың уәждері толығымен тексерілген және ұсынылган дәлелдемелерге тиісті құқықтық баға берілген.
Сот актілерінде көрсетілген соттардың тұжырымдары іс бойынша маңызы бар мән-жайларға және даулы қатынастарға қолданылған материалдық құқық нормаларына сәйкес келеді.
АПК-нің 451-бабы 2-бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы
ҚАУЛЫ ЕТТІ:
Жамбыл облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2021 жылғы 25 наурыздағы шешімі, Жамбыл облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2021 жылғы 7 шілдедегі қаулысы күшінде қалдырылсын.
«Саңыраулардың қазақ қоғамы» қоғамдық бірлестігінің «Тараз оқуөндірістік кәсіпорыны» мекемесінің өтінішхаты қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Төрағалық етуші:
Ғ. Мырзаке
А. Ескендіров
Судьялар
Ж. Қашкынбаева
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.