6001-24-00-6ап/2598 6001-24-00-6ап/2598 (2) 6001-24-00-6ап/2598 (3)
ҚАУЛЫ
2025 жылғы 10 сәуір Астана қаласы
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:
төрағалық етуші – судья Ғ.Ө. Әлжанов, судьялар – Б.Т.Нажмиденов, Ж.Б.Ермагамбетова болып, талап қоюшы А.С.Ақылбековтің
жауапкерлердің өкілдері:
«Қызылорда облысының білім басқармасының Сырдария ауданы бойынша білім бөлімі» коммуналдық мемлекеттік мекемесі Ж.А.Бегайдарованың, «№135 А.Тоқмағанбетов атындағы орта мектебі» коммуналдық мемлекеттік мекемесі Н.М. Курманалиевтің,
мүдделі түлға Ғ.Б. Бағдатовтың және оның заңды өкілі Н.Н.Айтамбаевтің қатысуларымен,
ашық сот отырысында талап қоюшы Азамат Серікболұлы Ақылбековтың жауапкерлер «Қызылорда облысының білім басқармасының Сырдария ауданы бойынша білім бөлімі» коммуналдық мемлекеттік мекемесіне (бұдан әрі - Білім бөлімі), «№135 А.Тоқмағанбетов атындағы орта мектебі» Қызылорда облысының білім басқармасының Сырдария ауданы бойынша білім бөлімінің коммуналдық мемлекеттік мекемесіне (бұдан әрі - №135 орта мектеп) қойған педагогтың бос лауазымына кандидаттарды қабылдау комиссиясының 2022 жылғы 11 қазандағы хаттамасын, 2022 жылғы 5 қыркүйектегі апелляциялық комиссия хаттамасын заңсыз деп тану және күшін жою туралы әкімшілік ісі бойынша қабылданған,
Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2023 жылғы 21 сәуірдегі шешіміне, Қызылорда облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 30 шілдедегі қаулысына талап қоюшы және мүдделі түлғаның келтірген кассациялық шағымдарымен келіп түскен әкімшілік істі қарап,
АНЫҚТАҒАНЫ:
А.С.Ақылбеков сотқа жауапкерлер «Қызылорда облысының білім басқармасының Сырдария ауданы бойынша білім бөлімі» коммуналдық мемлекеттік мекемесіне, «№135 А.Тоқмағанбетов атындағы орта мектебі» коммуналдық мемлекеттік мекемесіне қойған педагогтың бос лауазымына кандидаттарды қабылдау комиссиясының 2022 жылғы 11 қазандағы хаттамасын, 2022 жылғы 5 қыркүйектегі апелляциялық комиссия хаттамасын заңсыз деп танып, күшін жою туралы талап қою арызымен жүгінген.
Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2023 жылғы 21 сәуірдегі шешімімен талап қоюшының талабы қанағаттандырылған.
Сырдария ауданы бойынша білім бөлімінің жанынан құрылған апелляциялық комиссиясының 2022 жылғы 5 қыркүйектегі №1 хаттамалық шешімі заңсыз деп танылып, күші жойылған.
«№135 А.Тоқмағанбетов атындағы орта мектебі» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің педагогтың бос немесе уақытша бос лауазымына кандидаттарды қарау комиссиясының 2022 жылғы 11 қазандағы №3 хаттамалық шешімі заңсыз деп танылып күші жойылған.
«№135 А.Тоқмағанбетов атындағы орта мектебі» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің педагогтың бос немесе уақытша бос лауазымына кандидаттарды қарау комиссиясының 2022 жылғы 15 қыркүйектегі №2 хаттамалық шешімінің күші жойылған.
«№135 А.Тоқмағанбетов атындағы орта мектебі» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің Ғазиз Бағдатұлы Бағдатовты жұмысқа қабылдау туралы 2022 жылғы 11 қазандағы №95-ЖҚ бұйрығының, Азамат Серікболұлы Ақылбековтың еңбек шартын тоқтату туралы 2022 жылғы 11 қазандағы №94-ЖҚ және оған өзгеріс енгізу туралы 2022 жылғы 1 желтоқсандағы №113-ЖҚ бұйрықтарының күші жойылған.
Қызылорда облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 26 қыркүйектегі қаулысымен сот шешімінің күші жойылып, әкімшілік талап қою кері қайтарылған.
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 4 маусымдағы қаулысымен Қызылорда облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 26 қыркүйектегі қаулысының күші жойылып, іс Қызылорда облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасына судьялардың өзге құрамында жаңадан қарауына жолданған.
Қызылорда облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 30 шілдедегі қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімі өзгеріссіз қалдырылған.
Талап қоюшы кассациялық шағымында апелляциялық сот актісінің уәждерімен келіспейтінін көрсетіп, бірінші сатыдағы соттың шешімін қалпына келтіруді сұраған.
Мүдделі түлға кассациялық шағымында жергілікті сот актілерімен толығымен келіспей, олардың күшін жойып, талап қоюды толығымен қанағаттандырусыз қалдыру туралы жаңа шешім қабылдауды сұраған.
Сот алқасы тараптардың пікірлерін, кассациялық шағымдардың уәждерін тексеріп, іс құжаттарын зерделеп, төмендегідей тұжырымға келеді. ӘРПК-ның 169-бабына сай кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.
АПК-ның 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.
Іс бойынша мұндай кемшіліктерге соттармен жол берілген.
Іс материалдарына қарағанда жауапкер №135 орта мектеппен бастапқы әскери және технологиялық даярлығының педагог ұйымдастырушы бос лауазымына конкурс жарияланған.
Өз кезегінде талап қоюшы А.С.Акылбеков пен мүдделі тұлға Ғ.Б. Бағдатов конкурсқа қатысуға өтініштер беріп, құжаттарын тапсырған.
Жауапкер № 135 орта мектептің педагогтың бос немесе уақытша бос лауазымына кандидаттарды қарау комиссиясымен мүдделі тұлға Ғ.Б.Бағдатовқа 9 ұпай, талап қоюшы А.С.Ақылбековке 11 ұпай беріліп, 2022 жылдың 29 тамызындағы № 1 хаттамалық шешімімен соңғы жеңімпаз деп танылған.
Осыдан кейін жауапкер №35 орта мектеп директорының 2022 жылдың 31 тамызындағы № 76-ЖҚ бұйрығымен талап қоюшы А.С.Ақылбеков бастапқы әскери және технологиялық даярлығының оқытушы ұйымдастырушы болып жұмысқа қабылданған.
2022 жылдың 1 қыркүйегінде мүдделі тұлға Ғ.Б.Бағдатов конкурс комиссиясының жоғарыда баяндалған 2022 жылдың 29 тамызындағы № 1 хаттамалық шешімін жауапкер Сырдария ауданы бойынша білім бөлімінің жанындағы апелляциялық комиссиясына даулаған.
Жауапкер Сырдария ауданы бойынша білім бөлімінің жанындағы апелляциялық комиссиясының 2022 жылдың 5 қыркүйегіндегі №1 хаттамасымен апелляциялық комиссияның бағалау парағы конкурстық комиссияға қайта қарауға және шешім қабылдауға ұсынылып, қаулыдан туындаған шараларды нормативтік-құқықтық актілерге сәйкес орындау мектеп директорына тапсырылып, түсіндірме жұмыстарын жүргізуге қаулы етілген.
Жауапкер Сырдария ауданы бойынша білім бөлімінің жанындағы апелляциялық комиссиясының 2022 жылдың 5 қыркүйегіндегі бағалау парақтарымен мүдделі тұлға Ғ.Б. Бағдатовқа 15 ұпай, ал талап қоюшы А.С. Ақылбековке 13 ұпай берілген.
2022 жылдың 15 қыркүйегіндегі № 2 хаттамалық шешімімен жауапкер № 135 орта мектебінің конкурс комиссиясы 2022 жылдың 29 тамызындағы №1 хаттамалық шешімін өзгеріссіз қалдырып, бағалау парақтары бойынша талап қоюшы А.С.Ақылбековке 16 ұпай, мүдделі тұлға Ғ.Б.Бағдатовқа 15 ұпай берілген. 2022 жылдың 16 қыркүйегінде мүдделі тұлға Ғ.Б. Бағдатов Қызылорда облысының білім басқармасына және Қызылорда облысының білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаментіне шағымданып, ол шағымдар аталған мекемелермен негізінен шешу үшін жауапкер Сырдария ауданы бойынша білім бөліміне жолданған.
Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту министрлігінің 2022 жылдың 8 қазанындағы №ЖТ-2022-02381603 хатымен мүдделі тұлға Ғ.Б.Бағдатовқа түсіндірме беріліп, онда педагогтың бос лауазымына кандидаттың алдыңғы жұмыс орны педагогика мамандығы бойынша болмаса ескерілмейтіндігін көрсеткен.
Жауапкер Сырдария ауданы бойынша білім бөлімінің басшысы 2022 жылдың 11 қазанындағы № 01-18/3309 хатымен жауапкер №135 орта мектеп директорына жоғарыда аталған Қазақстан Республикасының Оқуағарту министрлігінің 2022 жылдың 8 қазанындағы № ЖТ-2022-02381603 хатына сілтеме жасай отырып, 2022 жылдың 15 қыркүйегіндегі комиссияның хаттамалық шешімін қайта қарауды тапсырған.
Жауапкер №135 орта мектебінің конкурстық комиссиясы 2022 жылдың 11 қазанындағы № 3 хаттамалық шешімімен өзінің 2022 жылдың 15 қыркүйегіндегі шешімінің күшін жойып, конкурс жеңімпазы ретінде Ғ.Б. Бағдатовты ұсынған. Конкурстық комиссиямен талап қоюшы А.С.Ақылбековке 13 ұпай, ал мүдделі тұлға Ғ.Б. Бағдатовқа 15 ұпай берілген.
Жауапкер №135 орта мектебінің директоры конкурс комиссиясының соңғы аталған хаттамалық шешімінің, Қазақстан Республикасының Оқуағарту министрлігінің 2022 жылдың 8 қазандағы № ЖТ-2022-02381603 хатының және жауапкер Сырдария ауданы бойынша білім бөлімі басшысының 2022 жылдың 11 қазанындағы № 01-18/3309 хатының негізінде 2022 жылдың 11 қазандағы № 94-ЖҚ бұйрығымен талап қоюшы А.С.Ақылбековпен жасалған еңбек шартын тоқтатқан.
Және де жоғарыда аталған құжаттардың негізінде жауапкер №135 орта мектебінің 2022 жылдың 11 қазанындағы № 95-ЖҚ бұйрығымен мүдделі тұлға Ғ.Б. Бағдатов бастапқы әскери және технологиялық даярлығының педагог ұйымдастырушысы болып жұмысқа қабылданған. Қызылорда облысының бақылау басқармасының 2022 жылдың 21 қарашасындағы №178 бұзушылықтарды жою туралы нұсқамасы орындауға түсуіне байланысты, 2022 жылдың 1 желтоқсанындағы № 113ЖҚ бұйрығымен 2022 жылдың 11 қазанындағы № 94-ЖҚ бұйрығына өзгерістер енгізіліп, комиссияның 2022 жылдың 29 тамызындағы № 1 және 2022 жылдың 15 қыркүйегіндегі № 2 хаттамаларының күші жойылып, талап қоюшы А.С.Ақылбековпен жасалған еңбек шарты 2022 жылдың 12 қазаннан бастап тоқтатылсын деп өзгертілген.
Жергілікті соттар дауды шешу және талап арызды қанағаттандыра отырып, ӘРПК-ның 155, 156-баптарын, Мемлекеттік білім беру ұйымдарының педагогтерін лауазымға тағайындау, лауазымнан босату Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2012 жылғы 21 ақпандағы №57 бұйрығымен бекітілген Мемлекеттік білім беру ұйымдарының бірінші басшылары мен педагогтерін лауазымға тағайындау, лауазымнан босату қағидаларының 130 және 131-тармақтарын басшылыққа алып, апелляциялық комиссия А.С. Ақылбековты педагогтың лауазымына 2022 жылғы 31 тамыздағы бұйрығымен қабылдау фактісін ескермей, сондай-ақ конкурс комиссиясының 2022 жылғы 29 тамыздағы шешімінің күшін жоймай, конкурс комиссиясының шешімін қайта қарау туралы 2022 жылғы 5 қыркүйектегі заңсыз шешім шығарған деген қорытындыға келген.
Сырдария ауданы бойынша білім беру басқармасы басшысының 2022 жылғы 15 қыркүйектегі комиссияның хаттамалық шешімін қайта қарау туралы нұсқауымен 2022 жылғы 11 қыркүйектегі хатты жолдаудағы әрекеті әкімшілік құзырет шегінен асып түседі. Конкурс комиссиясы жол берген бұзушылықтардың қайта қарауын, тек жоғары тұрған комиссия немесе сот белгілейді. Алайда, конкурс комиссиясы Ереженің талаптарын елемей, жоғарыдағы хатты басшылыққа ала отырып, байқау қорытындысын қайта қараған.
2022 жылғы 11 қазандағы № 3 хаттамалық шешім қабылданған кезде конкурс комиссиясының №1 және 2 хаттамалары, талап қоюшы жұмысқа қабылдау туралы бұйрықтың күші жойылмаған.
Сондай-ақ, ӘРПК-ның 155-бабының үшінші бөлігінің негізінде сот А.С. Ақылбековпен еңбек шартын бұзу және оған өзгерістер енгізу туралы бұйрықтар, Г.Б. Бағдатовты жұмысқа қабылдау туралы бұйрық, сондай-ақ комиссияның 2022 жылғы 15 қыркүйектегі №2 хаттамалық шешімі түріндегі заңсыз қабылданған шешімдердің барлық құқықтық салдарын жойды.
Апелляциялық саты бірінші сатыдағы соттың қорытындысымен келісіп, сот шешімін өзгеріссіз қалдырған. Сонымен бірге, қаулының дәлелдеу бөлігінде комиссияның 2022 жылғы 15 қыркүйектегі №2 хаттамалық шешімінің, А.С. Ақылбековпен еңбек шартын бұзу және оған өзгерістер енгізу туралы бұйрықтарының, Г.Б. Бағдатовтың жұмысқа қабылдау туралы бұйрықтың заңсыз деген сот қорытындысымен келіспей, мұндай талаптар жеке азаматтық іс жүргізуге жатады деген себептермен шешімнен алып тасталған.
Расында да, бірінші сатыдағы сот А.С. Ақылбековпен еңбек шартын бұзу және оған өзгерістер енгізу туралы бұйрықтар мен Г.Б. Бағдатовты жұмысқа қабылдау туралы бұйрықтың күшін жойып ӘРПК-ның 155бабының үшінші бөлігінің ережелерін заңсыз қолданған, себебі жұмыс берушінің актілері азаматтық сот ісін жүргізу тәртібімен даулауына жатады. Сонымен қатар, талап қоюшымен 2022 жылғы 15 қыркүйектегі №2 хаттамалық шешімінің заңсыз деп тану туралы талап қойылмаған. Мәні бойынша қаралған талаптардың қалған бөлігінде жергілікті соттардың қабылдаған қорытындыларымен алқа істің мән-жайына және материалдық құқық нормаларына сәйкес келмеуіне байланысты келіспейді. Осылайша, талап қоюшымен екі талап қойылған:
- бағалау парақтарын қайта қаралып, Г.Б. Бағдатовқа 15 ұпай, А.С. Ақылбековке 13 ұпай тағайындалған апелляциялық комиссияның 2022 жылғы 5 қыркүйектегі №1 хаттамалық шешіміне даулау туралы; 2) 2022 жылғы 15 қыркүйектегі №2 хаттамалық шешімінің күші жойылып, Г.Б.Бағдатовқа 15 ұпай, А.С.Ақылбековқа 13 ұпай тағайындалып, Г.Б.Бағдатовтың байқаудың жеңімпазы деп танылған апелляциялық комиссияның 2022 жылғы 11 қазандағы №3 хаттамалық шешімін даулау туралы.
Сонымен бірге, талап қоюшының апелляциялық комиссияның 2022 жылғы 5 қыркүйектегі №1 хаттамалық шешімінің заңсыз деп тану және күшін жою туралы талабы ӘРПК-ның 138-бабының 11) тармақшасы негізінде қайтарылуға жатады, өйткені талап қою арызын беру кезінде апелляциялық комиссияның талап қоюшымен еңбек қатынастарын тоқтату туралы бұйрыққа негіз болған 2022 жылғы 11 қазандағы №3 жаңа хаттамалық шешім қабылдауына байланысты оның күші жойылған.
Г.Б. Бағдатовқа 15 ұпай, А.С. Ақылбековқа 13 ұпай тағайындалып, Г.Б. Бағдатов байқаудың жеңімпазы деп танылған апелляциялық комиссияның 2022 жылғы 11 қазандағы №3 хаттамалық шешіміне шағым жасау туралы талап қою арызы бойынша сот алқасы төмендегідей тұжырымға келеді.
Апелляциялық комиссияның осы хаттамалық шешімімен конкурс комиссиясының 2022 жылғы 29 тамыздағы №1 хаттамалық шешімін өзгеріссіз қалдырғанын бұрын шығарылған 2022 жылғы 15 қыркүйектегі №2 хаттамалық шешімінің күші жойылғанын (сотпен шағымдану нысанасына жатпайды) атап өткен жөн.
Тиісінше, конкурс комиссиясының 2022 жылғы 29 тамыздағы №1 және 15 қыркүйектегі №2 хаттамалық шешімдері жойылды деп саналады. Қағидалардың 89-тармағына сәйкес мемлекеттік білім беру ұйымындағы педагогтың бос лауазымына орналасуға конкурсты облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың жергілікті атқарушы органдарының қарауындағы мемлекеттік білім беру ұйымы ұйымдастырады. Үміткерлердің құжаттарының біліктілік талаптарына сәйкестігін қарау нәтижелері бойынша конкурс комиссиясы аталған Қағидалардың 11қосымшасына сәйкес, үміткерлердің бағалау парағында көрсеткен ұпайларды есептейді.
Конкурстың қорытындылары туралы шешімді конкурстық комиссия жиналған ұпайлар бойынша қабылдайды. Ең жоғары ұпай жинаған үміткер конкурстан өтті деп есептеледі және мемлекеттік білім беру ұйымының бірінші басшысына тағайындау үшін ұсынылады.
Конкурс комиссиясының шешімі хаттамамен ресімделеді, оған комиссияның төрағасы мен мүшелері, сондай-ақ хаттаманы толтыруды жүргізетін хатшы қол қояды (Қағидалардың 113-118 тармақтары).
Үміткер конкурс комиссиясының шешімімен келіспеген жағдайда, конкурс нәтижелері Қазақстан Республикасының әкімшілік рәсімдікпроцестік кодексінің нормаларына сәйкес шағымдалады.
Конкурс комиссиясының шешімі конкурсқа қатысушылармен жоғары тұрған органның апелляциялық комиссиясына немесе сотқа шағым келтірумен шағымдалады (Қағидалардың 130-131 тармақтары).
Конкурстық комиссияның нәтижелерін апелляциялық комиссияда қарау тәртібі ереженің талаптарына сәйкес, оған қатысушылардың бірі аз ұпай жинаған Г.Б. Бағдатовтың бастамасымен болғаны анықталды. Бұл ретте заңнамада конкурстың нәтижелеріне шағымдануға және конкурс жеңімпазын жұмысқа қабылдау туралы бұйрық шыққаннан кейін оны қайта қарауға тыйым салу қарастырылмаған.
ӘРПК-ның 100-бабының 2) тармақшасының ережелеріне сәйкес шағымды қарайтын орган шағымды қарай отырып, мына шешімдердің бірін шығарады: әкімшілік актінің күшін жою және жаңа әкімшілік актіні қабылдау туралы.
Г.Б.Бағдатовтың шағымын қарап және бұрын өткізілген конкурстың нәтижелерін жойып, апелляциялық комиссия конкурстық комиссиямен оның құқықтары мен заңды мүдделерін бұзды деген қорытындыға келді, өйткені оның білім беру ұйымындағы жұмыс өтілі бойынша А.С. Ақылбековтен артықшылығы болған, бұл оған қосымша жоғары 2 ұпай тағайындауға әкеп соғады (Бағалау парағының 5-тармағына сәйкес).
Сонымен қатар, конкурстық комиссияның «КСБ – Групп» ЖШС-нің 2023 жылғы 23 тамыздағы ұсыныс хатын заңсыз қабылдау және А.С. Ақылбековке негізсіз қосымша 3 ұпай тағайындау фактісі (Бағалау парағының 8-тармағы негізінде) Қазақстан Республикасы Білім министрлігі Орта білім комитетінің 2022 жылғы 8 қазандағы түсіндірме хатымен расталады.
Осыған байланысты жоғары тұрған органның апелляциялық комиссиясының Ғ.Б. Бағдатовқа 15 ұпай, А.С. Ақылбековқа 13 ұпай (3 ұпайға кем) беру туралы қорытындылары Ереженің талаптарына сәйкес, конкурсқа қатысушының бұзылған құқықтары мен мүдделерін қалпына келтіруге бағытталған.
Осылайша, алқа даулы хаттамалық шешім заңды және негізді түрде қабылданған, талап арызды қанағаттандыруға заңды негіздер жоқ деген қорытындыға келеді. Осы орайда соттардың қабылданған сот актілері материалдық және процестік құқық нормаларының бұзылуына және істе бар материалдарға тиісті құқықтық баға берілмеуіне байланысты бұзылуға жатады. Үшінші тұлға Г.Б. Бағдатовтың кассациялық шағымы қанағаттандыруға жатады.
ӘРПК-ның 169-бабын және АПК-ның 451-бабы екінші бөлігінің 5) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы
Қ А У Л Ы Е Т Т І:
Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2023 жылғы 21 сәуірдегі шешімімен Қызылорда облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 30 шілдедегі қаулысының күші жойылып, іс бойынша жаңа шешім қабылдансын.
«№135 А.Тоқмағанбетов атындағы орта мектебі» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің педагогтың бос немесе уақытша бос лауазымына кандидаттарды қарау комиссиясының 2022 жылғы 11 қазандағы №3 хаттамалық шешімі заңсыз деп тану туралы Азамат Серікболұлы Ақылбековтың талап қоюы қанағаттандырудан бас тартылсын.
Талап қоюдың Сырдария ауданы бойынша білім бөлімінің жанынан құрылған апелляциялық комиссиясының 2022 жылғы 5 қыркүйектегі №1 хаттамалық шешімі заңсыз деп тану туралы бөлігі қайтарылсын.
Талап қоюшы Азамат Серікболұлы Ақылбековтің пайдасына мемлекеттік бюджеттен талап қоюдың қайтарылған бөлігіндегі төленген мемлекеттік баж 1035 (бір мың отыз бес) теңге сомасында қайтарылсын.
Талап қоюшы Азамат Серікболұлы Ақылбековтың кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Мүдделі тұлға Ғазиз Бағдатұлы Бағдатовтың кассациялық шағымы қанағаттандырылсын.
Төрағалық етуші
Ғ. Әлжанов
Судьялар Б. Нажмиденов
Ж. Ермағамбетова
Көшірмесі дұрыс Ж.Ермағамбетова
Судья
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.