ҚАУЛЫ
2025 жылғы 28 қазан №6003-25-00-2к/1673 Астана қаласы
Азаматтық істер жөніндегі кассациялық сот құрамында: төрағалық етуші судья Ж.К.Рустембеков, судьялар Л.Б.Мамырбаева, В.Е.Тохтарбаева, прокурор Н.Молдахановтың,
талап қоюшының өкілі Н.С.Утепбергеновтың, жауапкер Е.К.Калдыбековтың қатысуларымен, бейнеконференц байланысы арқылы талап қоюшы Шымкент қаласы әкімінің жауапкер Ербол Кошербаевич Калдыбековқа мемлекет мұқтажы үшін алып қоюға байланысты жер учаскесін мәжбүрлеп иеліктен шығару туралы талап қоюы жөніндегі электрондық форматтағы азаматтық істі талап қоюшы өкілінің Шымкент қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 12 ақпандағы қаулысына берген кассациялық шағымы бойынша қарап,
АНЫҚТАДЫ:
Шымкент қаласының әкімі сотқа жоғарыда аталған талап қоюмен жүгініп, жауапкерге тиесілі жер учаскесі мен онда орналасқан құрылысын 9 317 977 теңгеге сатып алып, мәжбүрлеп иеліктен шығаруды сұраған.
Шымкент қаласының азаматтық істер жөніндегі ауданаралық сотының 2024 жылғы 6 желтоқсандағы шешімімен талап қою ішінара қанағаттандырылған. Жауапкерге тиесілі Шымкент қаласы, Әл-Фараби ауданы, №275 орам, №761 учаскеде орналасқан кадастрлық №19-309-275-761 жалпы алаңы 2,0000 га жер учаскесінің жалпы алаңы 0,1863 га құрайтын жер учаскесі (бұдан әрі - даулы жер учаскесі) мемлекет мұқтажы үшін 4 497 282 теңгеге сатып алынып, мәжбүрлеп иеліктен шығарылған.
Сот шығыстары туралы мәселе шешілген.
Шымкент қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 12 ақпандағы қаулысымен сот шешімі өзгертілген.
Жауапкер Е.К.Калдыбековқа тиесілі даулы жер учаскесі мәжбүрлеп иеліктен шығарылып, мемлекет мұқтажы үшін сатып алу құны 4 497 282 теңгеден 9 317 977 теңгеге дейін ұлғайтылған.
Жауапкердің апелляциялық шағымы қанағаттандырылған.
Шешімнің қалған бөлігі өзгеріссіз қалдырылған.
Талап қоюшы өкілі кассациялық шағымында апелляциялық сот Шымкент қаласы бойынша сот сараптамалары институтының 2024 жылғы 25 қарашадағы №3479 сот құрылыс-тауартану қорытындысымен алып қоюға жататын жер учаскесінің бағалау жүргізу күніне айқындалған нарықтық құны 4 497 282 теңгені құрағанын назарға алмай, 2024 жылғы 5 шілдедегі «VIP ADWISER» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің (бұдан әрі - ЖШС) №SHYMK-1246-24/ГЗ бағалау есебін негізге алып, жер учаскесін сатып алу құнын 9 317 977 теңге мөлшерінде анықтауы заң талаптарына сәйкес
келмейтінін көрсетіп, апелляциялық соттың қаулысының күшін жойып, бірінші сатыдағы соттың шешімін өзгеріссіз қалдыруды сұраған. Кассациялық сот талап қоюшы өкілінің кассациялық шағымды қолдаған түсінігін, жауапкердің шағымға қарсылығын, прокурордың апелляциялық соттың қаулысы заңды деген қорытындысын тыңдап, іс құжаттарын зерделеп, келесі тұжырымға келді.
Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427- бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болады.
Апелляциялық сотпен мұндай заң бұзушылықтарға жол берілмеген.
Іс құжаттарына сәйкес, 2017 жылғы 15 мамырдағы жер учаскесін сатусатып алу шарты бойынша жауапкер Е.Калдыбеков сатушы Н.Жумашовадан жалпы алаңы 2,0000 га жер учаскесін 1 000 000 теңгеге некедегі зайыбы Ф.Бекпатшаеваның келісімімен сатып алған.
Шымкент қаласы әкімдігінің 2022 жылғы 3 наурыздағы №367 және 2023 жылғы 4 қыркүйектегі №2234 қаулыларына сәйкес жауапкерге тиесілі жалпы алаңы 2,0000 га жер учаскесінің жалпы алаңы 0,1863 га құрайтын жер мемлекеттік мұқтажы үшін өтемақы төлеу арқылы алып қою белгіленген.
«VIP ADWISER» ЖШС-нің 2024 жылғы 5 шілдедегі №SHYMK-124624/ГЗ бағалау есебімен жауапкерден алынуға жататын жалпы алаңы 0,1863 га жер учаскесі 9 317 977 теңгеге бағаланған.
Талап қоюшы 2024 жылғы 24 шілдеде жауапкерге осы соманы (9 317 977 теңге) ұсынған. Алайда, тараптардың арасында жер учаскесін сатып алуға келісімге қол жеткізілмеген.
Бірінші сатыдағы соттың ұйғарымы негізінде жүргізілген Шымкент қаласы бойынша сот сараптамалары институтының 2024 жылғы 25 қарашадағы №3479 сот құрылыс-тауартану қорытындысында алып қоюға жататын жер учаскесінің бағалау жүргізу күніне айқындалған нарықтық құны 4 497 282 теңгені құраған.
Қазақстан Республикасының Жер кодексінің 84-бабының 1-тармағына сай, жер учаскесi мемлекет мұқтажы үшiн айрықша жағдайларда, меншік иесінің немесе мемлекеттік емес жер пайдаланушының келісімімен мүлiктің тең құны өтелген кезде не сот шешiмi бойынша мәжбүрлеп иелiктен шығарылуы мүмкін.
Қазақстан Республикасының «Мемлекеттік мүлік туралы» Заңының (бұдан әрі -Заң) 62-1-бабына сай, осы бапқа қатысты тең бағамен өтеу деп алып қойылған кезге дейінгі жер учаскесін және онда орналасқан жылжымайтын мүлікті пайдаланудың қолда бар шарттарын қалпына келтіруге мүмкіндік беретін, мемлекет мұқтажы үшін иеліктен шығарылатын жер
учаскесінің және онда орналасқан жылжымайтын мүліктің (болған кезде) құнын өтеу мөлшерін белгілеу түсініледі. Мемлекет мұқтажы үшін иеліктен шығарылатын жер учаскесі үшін меншік иесіне немесе мемлекеттік емес жер пайдаланушыға тең бағамен өтеу жүргізіледі.
Заңның 67-бабының 1,2,3-тармақтарына сай, меншік иесі мемлекеттен сатып алған, мемлекет мұқтажы үшін иеліктен шығарылатын жер учаскесінің құны (залалдарды есепке алмағанда) нарықтық құн мөлшерінде айқындалады.
Мемлекет мұқтажы үшін иеліктен шығарылатын жер учаскесінің, сондай-ақ жер учаскесінде орналасқан жылжымайтын мүліктің құны жер учаскесіне құқықтардың туындау негіздеріне қарамастан, олардың нарықтық құны мөлшерінде айқындалады.
Жер учаскесін мемлекет мұқтажы үшін алып қоюға байланысты иеліктен шығарылатын жер учаскесінің немесе өзге де жылжымайтын мүліктің нарықтық құнын бағалаушы осы Заңның 208-бабы 1-тармағының ережелерін ескере отырып, бағалау жүргізу күніне айқындайды.
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2006 жылғы 25 желтоқсандағы «Соттардың мемлекет мұқтажы үшін жер учаскелерін еріксіз иеліктен шығару жөніндегі заңдарды қолдануының кейбір мәселелері туралы» №8 Нормативтік қаулысының 6-тармағында соттар осындай істерді шешу кезінде Қазақстан Республикасы Конституциясы 26-бабының 3-тармағын басшылыққа алғандары жөн болатындығы, соған сәйкес, заңмен көзделген ерекше жағдайларда мемлекет мұқтажы үшін мүліктен күштеп айыру оның құны тең бағамен өтелген кезде ғана жүргізілуі мүмкін екендігі көзделген. Апелляциялық сот жоғарыда аталған заңдардың талаптарын негізге алып, бірінші сатыдағы соттың сот сараптамалары институтының қорытындысын басшылыққа алып, жер учаскесін мәжбүрлеп иеліктен шығарып, мемлекет мұқтажы үшін 4 497 282 теңгеге сатып алуға жатады деген тұжырымын негізсіз деп тапқан.
АПК-нің 225-бабының 2-тармағының талабына сәйкес, сот істі талап қоюшы мәлімдеген талаптар шегінде шешеді.
Талап қоюшы сотқа берген талап қоюында 2024 жылғы 5 шілдедегі «VIP ADWISER» ЖШС-нің №SHYMK-1246-24/ГЗ бағалау есебімен алынуға жататын жалпы алаңы 0,1863 га. жер учаскесі 9 317 977 теңгеге бағаланғанын көрсетіп, осы соманы өндіруді сұраған болатын.
Істі бірінші сатыдағы сотта қарау барысында талап қоюшы мемлекет мұқтажы үшін алынуға жататын жер учаскесінің нарықтық құнын 4 497 282 теңге мөлшерінде анықтау туралы талап қоймаған.
Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінің 8-бабының 4- тармағына сай, азаматтар мен заңды тұлғалар өздерiне берiлген құқықтарды жүзеге асырған кезде адал, парасатты және әдiл әрекет жасап, заңдардағы талаптарды, қоғамның адамгершiлiк қағидаттарын, ал кәсiпкерлер - бұған қоса iскерлiк әдептiлiк ережелерiн сақтауға тиiс.
Сондықтан апелляциялық сот талап қоюшымен алғашқы ұсынылған бағалау есебіндегі жер телімінің нарықтық құны адалдық, парасаттылық және әділдік қағидаттарына сәйкес келетінін ескеріп, даулы жер телімінің нарықтық құнын 9 317 977 теңге мөлшерінде дұрыс анықтаған.
Талап қоюшы өкілінің кассациялық шағымда келтірген уәждері дәйексіз, олар апелляциялық соттың қарау нысаны болған және дауланған сот актісінде оларға тиісті құқықтық баға берілген. Кассациялық шағымда жаңа фактілер мен заң талаптарының бұзылу негіздемелер келтірілмеген. Істі қарау барысында апелляциялық сот тарапынан материалдық және процестік құқық нормаларының бұзылуына жол берілмеген. Талап қоюшы өкілінің іс бойынша анықталған мән-жайлармен келіспеуі дауланып отырған сот актісінің күшін жоюға немесе өзгертуге негіз бола алмайды.
Істің мұндай тұрғысында дауланып отырған сот актісі күшінде қалдырылуға жатады.
АПК-нің 451-бабы 2-бөлігінің 1) тармақшасын, 452-бабын басшылыққа алып, сот
ҚАУЛЫ ЕТТІ:
Шымкент қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 12 ақпандағы қаулысы күшінде қалдырылсын.
Талап қоюшы өкілінің кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Төрағалық етуші, судья: Ж.Рустембеков
Судьялар: Л.Мамырбаева
В.Тохтарбаева
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.