ВС РК - Постановление от 14.03.2024 по делу 6001-23-00-6ап/2972 (Административное)

ҚАУЛЫ

2024 жылғы 14 наурыз 6001-23-00-6ап/2972 Астана қаласы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:

төрағалық етуші – алқа судьясы С.Ү. Баймаханов,

судьялар – Ғ.Ө. Әлжанов, Ш.Т. Даниярова болып,

жауапкер «Шымкент қаласының Қаржы басқармасы» мемлекеттік мекемесінің (бұдан әрі – Қаржы басқармасы) өкілі А[...],

жауапкер Шымкент қаласының әкімінің өкілі Ө[...],

жауапкер «Шымкент қаласының энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасы» ММ-нің өкілі М[...],

«Ш[...]» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің (бұдан әрі - ЖШС) өкілі Б[...] қатысуларымен,

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында ашық сот отырысында талап қоюшы Шымкент қаласының прокуратурасының жауапкерлер Қаржы басқармасы» ММ, Шымкент қаласының әкіміне, «Шымкент қаласының Энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасы» ММ, «Ш[...]» ЖШС және серіктестіктің құрылтайшысы С[...], басшысы Қ[...] 2019 жылғы 4 маусымдағы электрондық аукционның № 124976 хаттамасын заңсыз деп тану, 2019 жылғы 10 маусымдағы № 11503-ЭТП сатып алу-сату келісімшартын жарамсыз деп тану, шығынды өндіру туралы әкімшілік іс бойынша қабылданған,

Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2023 жылғы 3 мамырдағы шешіміне, Шымкент қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 8 қыркүйектегі қаулысына Қаржы басқармасы және «Ш[...]» ЖШС-нің кассациялық шағымдарымен келіп түскен әкімшілік істі қарап,

АНЫҚТАҒАНЫ:

Талап қоюшы сот берген талап қоюында:

  • 2019 жылғы 4 маусымдағы электрондық аукционның №124976

  • хаттамасын заңсыз деп тану (бұдан әрі - № 1 талап);

  • 2019 жылғы 10 маусымдағы №11503-ЭТП сатып алу-сату келісім-

  • шартын жарамсыз деп тану (бұдан әрі - № 2 талап);

  • келтірілген шығынды «Ш[...]» ЖШС-нен өндіруді

  • (бұдан әрі - № 3 талап) сұраған.

Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2023 жылғы 3 мамырдағы шешімімен талап қою арызы ішінара қанағаттандырылған.

Қаржы басқармасының «ЛТ[...]» ЖШС-нің жарғылық капиталындағы үлесін сату туралы 2019 жылғы 4 маусымдағы электрондық аукционның №124976 хаттамасы заңсыз деп танылған.

Қаржы басқармасы мен «Ш[...]» ЖШС арасында жасалған «ЛТ[...]» ЖШС-нің жарғылық капиталындағы үлесін сату туралы 2019 жылғы 10 маусымдағы №11503-ЭТП сатып алу-сату туралы келісім-шарты жарамсыз деп танылған.

«Ш[...]» ЖШС-нен мемлекеттің пайдасына келтірілген шығын 373 795 696 теңге өндірілген.

Талап қоюдың қалған бөлігін қанағаттандырудан бас тартылған.

«Ш[...]» ЖШС-нен мемлекеттің пайдасына 11 217 050 (он бір миллион екі жүз он жеті мың елу) теңге мемлекеттік баж алымы өндірілген.

Шымкент қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 8 қыркүйектегі қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімі күшінде қалдырылған.

Қаржы басқармасы және «Ш[...]» ЖШС өздерінің кассациялық шағымдарында сот актілерімен келіспейтінін көрсетіп, олардың күштерін жоюды сұраған.

Мүдделі тұлға «Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігі Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Шымкент қаласы бойынша департаменті» РММ-нің өкілінен істі оның қатысуынсыз қарау туралы арызы түсті.

Қалған сотқа қатысушылардың өкілдері Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының (бұдан әрі – сот алқасы) отырысына келмеді, сотқа келмеу себептерін хабарламады.

Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 115-бабының бірінші бөлігіне сәйкес әкімшілік іске қатысатын адамдардың келмеуі оларға тиісінше хабарланған жағдайда сот отырысын өткізуге кедергі болып табылмайды.

Кассациялық шағымдар берушілер өкілдерінің шағымдарын қолдаған, басқа жауапкер өкілдерінің пікірлерін тыңдап, іс құжаттарын зерттеп, сот алқасы төмендегідей тұжырымға келеді.

ӘРПК-нің 169-бабына сай кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.

АПК-ның 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.

Іс бойынша мұндай кемшіліктер орын алған.

Даудың мән-жайларына қарағанда, «ЛТ[...]» ЖШС-нің қатысушылары Шымкент қаласы әкімдігінің атынан «Шымкент қаласының энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасы» ММ (жарғылық капиталындағы үлесі 49%) және «ЭС[...]» ЖШС (үлесі 51%) болып табылады.

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2011 жылғы 30 желтоқсандағы №1141 қаулысы негізінде жекешелендірудің 2016-2020 жылдарға арналған кешенді жоспарының 6-қосымшасына сәйкес бәсекелес ортаға беруге ұсынылатын коммуналдық меншіктегі ұйымдардың тізбесіне «ЛТ[...]» ЖШС енген.

«АК[...]» ЖШС бағалау компаниясының 2018 жылғы 27 желтоқсандағы №785 есебіне сәйкес «ЛТ[...]» ЖШС нарықтық бағасын 414,5 миллион теңгеге бағалаған.

2019 жылғы 15 сәуірдегі, 15 мамырдағы Шымкент қаласының коммуналдық меншіктегі объектіні жекешелендіру комиссиясының №5,7 хаттамаларына сәйкес «ЖНҚ4МТКЖТӘББҚ52МТДБЭАШ2Ж4МЭАХСТ[...]» ЖШС-нің жарғылық капиталындағы мемлекет үлесі «Ш[...]» ЖШС-не 212 794 154 теңгеге сатылған.

2019 жылғы 10 маусымда Қаржы басқармасы мен «Ш[...]» ЖШС-нің арасында осы жөнінде сатып алу-сату туралы №11503-ЭТП санды келісім-шарт жасалынған. Прокурор ӘРПК-нің 9-бабының 2-бөлігіне сәйкес берілген талап қоюын аталған аукционды өткізу барысында Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2011 жылғы 9 тамыздағы №920 қаулысымен бекітілген «Жекешелендіру объектілерін сату қағидасының» (бұдан әрі - Қағида), Қазақстан Республикасының «Қазақстан Республикасындағы бағалау қызметі туралы» Заңының (бұдан әрі - Бағалау қызметі туралы Заң), Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2018 жылғы 5 мамырдағы «Бағалау стандарттарын бекіту» туралы №519 бұйрығының 5-қосымшасының «Бизнесті бағалау және бизнеске қатысу құқығы» бағалау стандартының (бұдан әрі – Бағалау стандарты) талаптарының бұзылғандығымен негіздеген.

Соттар № 1 және № 2 талап қоюларды қанағаттандырғанда мына мәнжайларды негізге алған.

Қағиданың 4-тармағына сай жекешелендіру объектілерін сату жекешелендіру объектісінің нарықтық құны бойынша жүзеге асырылады, ол жекешелендіру объектісінің теңгерімдік құнынан төмен болуы мүмкін. Қазақстан Республикасының Бағалау қызметі туралы Заңының 1-бабы 1- тармағы 8-тармақшасына сәйкес бағалау туралы анық емес есеп – осы Заңның 14-бабының 2-тармағында көзделген жағдайды қоспағанда, Қазақстан

Республикасының бағалау қызметi туралы заңнамасының талаптарын бұза отырып, бағалау объектiсiнiң нарықтық немесе өзге құнын бұрмалауға алып келетін анық емес деректердi пайдаланып жасалған жазбаша құжат.

Бағалау есебіне сәйкес «ЛТ[...]» ЖШС-нің тек жылжымайтын мүлкінің баланстық құны 64 681 234 теңге құрайтын 3 дана жер учаскелері 55 437 195 теңгеге бағаланған, яғни құны 9 244 069 теңгеге негізсіз төмендетілген.

Бағалау стандартының 10-тармағына сәйкес бизнесті бағалау және бизнеске қатысу құқығы туралы есепті дайындау процесі кәсіпорынның нарықтық (сыртқы) ортасын талдау, кәсіпорынның ішкі ортасын талдау және кәсіпорын басшысының одан арғы қызметі бойынша жоспарларын талдау рәсімдерін қамтуы тиіс. «АК[...]» ЖШС бағалау компаниясы жоғарыда көрсетілген рәсімдерді жүргізбеген, яғни жылжымайтын мүлік және автотехникалық құралдар бойынша салыстырмалы әдісті, ағымдағы жай-күйі мен келешекте оның перспективаларын толық бейнелеу үшін қажетті мәліметтерді қолданбаған.

2019 жылғы 8 мамырда аукционға екі қатысушыдан төмен болуына байланысты электрондық аукцион өткізілмеген.

2019 жылғы 15 мамыр комиссияның №7 хаттамасына сай екінші рет сауда-саттық аукционға бағаны төмендету әдісімен шығарылған.

Алайда, Қаржы басқармасы Қағиданың 25-тармағының 3 және 4 тармақшаларының талаптары сақтамай, бағалау объектісі туралы барлық қолжетімді ақпараттарды және сатуға қойылатын жекешелендіру объектiлерiнiң бастапқы және ең төменгі бағаларын жарияламаған.

Қазақстан Республикасы Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаменті талдау жүргізіп жоғарыда көрсетілгендей мемлекеттік органдар тарапынан бәсекелестікті қорғау заңнамасының бұзылу фактісін анықтаған, нәтижесімен Қаржы басқармасына 2022 жылдың 8 маусымында хабарлама жолдаған. Алайда, Қаржы басқармасы хабарлама бойынша тиісті жұмыстар атқармаған.

Сонымен қатар, сот отырысында аукционға қатысуға өтінім берген тендерге қатысушылар «Ш[...]» ЖШС мен З[...] өзара үлестес тұлғалар болып танылатыны, З[...] осы серіктестіктің құрылтайшысы С[...] ұлы екендігі анықталған.

Сол сияқты, «ЭСТ[...]» ЖШС-нің 30% үлесі құрылтайшы С[...] тиесілі болған. 21.06.2018 жылдан бастап «Ш[...]» ЖШС-нің құрылтайшысы С[...] болған, жарғылық үлесі - 100%. 27.09.2021 жылдан бастап «Ш[...]» ЖШС-нің құрылтайшылары Д[...] мен З[...] болған, екеуінің жарғылық үлестері -50 %

болған.

Осылайша, бәсекелестікке жол берілмей «ЛТ[...]» ЖШС-нің жарғылық капиталын сату тендеріне өзара үлестік мүдделі «Ш[...]» ЖШС мен З[...] қатысуға жіберілген. Соттардың № 1 және № 2 талаптар бойынша келтірген негіздемелері сот актілерінде толық көрсетілген.

АПК-ның 452-бабының бірінші бөлігіне сәйкес кассациялық сатыдағы соттың қаулысы осы Кодексте апелляциялық сатыдағы сот қаулысы үшiн белгiленген талаптарға сәйкес келуге тиiс.

Осы Кодекстің 426-бабының екінші бөлігіне сай жаңа дәлелдердің болмауына байланысты апелляциялық шағым, прокурордың өтінішхаты қанағаттандырусыз қалдырылған кезде қаулының уәждеу бөлігінде бірінші сатыдағы соттың шешіміне өзгерістер енгізу не оның күшін жою үшін осы Кодексте көзделген негіздердің жоқ екендігі ғана көрсетіледі.

Кассациялық шағым иелерінің № 1 және № 2 талаптар бойынша келтірген уәждеріне дауланған сот актілерінде тиісті құқықтық баға берілген, шағымда жаңа дәлелдер мен негіздемелер келтірілмеген.

Сондықтан талап қоюлардың осы бөлігінде келтірілген кассациялық шағымдар қанағаттандырылуға жатпайды.

Бірақ, № 3 талап бойынша соттар қолданылуға жатпайтын заң нормаларын қолданып, осы талапты қанағаттандыру жайлы қате шешім қабылдаған.

Соттар аукционның қорытындысы заңсыз болғандықтан тиісінше «Ш[...]» ЖШС-нің тапқан табысы мемлекетке келтірілген шығын ретінде осы серіктестіктен өндірілуге жатады деп тұжырымдаған.

Осы талап қоюды қарағанда соттар мына мән-жайларды ескермеген.

ӘРПК-нің 3-бабында осы Кодекс мемлекеттік органдардың ішкі әкімшілік рәсімдерін, әкімшілік рәсімдерді жүзеге асыруға байланысты қатынастарды, сондай-ақ әкімшілік сот ісін жүргізу тәртібін реттейтіні. Мемлекеттік органдар, әкімшілік органдар, лауазымды адамдар, сондай-ақ жеке және заңды тұлғалар осы Кодексте реттелетін қатынастардың қатысушылары болып табылатыны көрсетілген.

ӘРПК-нің 4-бабының бірінші бөлігіне сәйкес осы Кодексте қамтылған ұғымдар мынадай мағынада қолданылады:

  1. әкімшілік орган – Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес әкімшілік актіні қабылдау, әкімшілік әрекет жасау (әрекетсіздік таныту) жөнінде өкілеттіктер берілген мемлекеттік орган, жергілікті өзін-өзі басқару органы, мемлекеттік заңды тұлға, сондай-ақ өзге ұйым;

  2. жауапкер – сотта талап қою берілген әкімшілік орган немесе лауазымды адам.

Яғни, көрсетілген нормаларға сай әкімшілік сот ісін жүргізу тәртібімен қаралатын істер бойынша әкімшілік актіні қабылдаған, әкімшілік әрекет (әрекетсіздік) жасаған әкімшілік орган, лауазымды адам ғана жауапкер бола алады.

Қаралып отырған іс бойынша даулы әкімшілікті қабылдаған орган Каржы басқармасы негізгі жауапкер болып табылады, ал «Ш[...]» ЖШС-гі болса іс бойынша жауапкер емес , іске мүдделі тұлға ретінде ғана тартылуы тиіс болатын. ӘРПК-нің 107-бабының үшінші бөлігінің талаптарына сай әкімшілік актімен, әкімшілік әрекетпен (әрекетсіздікпен) ұштасқан жауапкер келтірген залалды өтеу туралы талапты мамандандырылған аудандық және оған теңестірілген әкімшілік сот қарайды.

Сондықтан келтірілген залалды жауапкер емес тұлғадан өндіру туралы талап әкімшілік сот ісін жүргізу тәртібімен қарауға жатпайды. Бұл талап азаматтық іс жүргізу тәртібен қойылуы мүмкін.

ӘРПК-ның 3-бабының жетінші бөлігінің 2) тармақшасына сай іс жүргізу тәртібі Қазақстан Республикасының қылмыстық-процестік, азаматтық процестік заңнамасында және Қазақстан Республикасының әкімшілік құқық бұзушылық туралы заңнамасында көзделген істер әкімшілік сот ісін жүргізу тәртібімен қаралуға жатпайды.

ӘРПК-нің 138 бабының екінші бөлігінің 11) тармақшасына сәйкес сот іс әкімшілік сот ісін жүргізу тәртібімен қарауға жатпаса талап қоюды қайтару туралы ұйғарым шығарады.

Істің бұл тұрғысында, сот актілерінің «Ш[...]» ЖШСнен залалды өндіру туралы бөлігі қайтарылған, тиісінше «Ш[...]» ЖШС-нен мемлекеттік бажды өндіру жөніндегі бөлігінің де күші жойылуға жатады.

Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы (Салық кодексі) Қазақстан Республикасының Кодексінің 616-бабының 17) тармақшасына сай мемлекеттiк мекемелер және орта білім беретін мемлекеттік оқу орындары – үшiншi тұлғалардың мүдделерiн қорғау жағдайларын қоспағанда, талап қойған және сот шешiмдерiне шағым жасаған кезде соттарда мемлекеттік баж төлеуден босатылады.

Яғни мемлекеттік мекемелер жауапкер болған жағдайда соттарда мемлекеттік баж төлеуден босатылмаған.

АПК-нің 117-бабының бірінші бөлігіне сәйкес талап қоюшы төлеуден босатылған мемлекеттік баж, сондай-ақ іс бойынша іс жүргізуге байланысты шығындар сот мемлекет кірісіне шығыстарын төлеуден босатылмаған жауапкерден толық немесе талап қоюдың қанағаттандырылған бөлігіне пропорционалды өндіріліп алынады.

Сол себепті талап қойылған кезде төленуге тиісті болған мелекеттік баж жауапкер Қаржы басқармасынан өндірілуге жатады.

ӘРПК-ның 169-бабын және АПК-ның 451-бабының екінші бөлігінің 8) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы

ҚАУЛЫ ЕТТІ:

Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2023 жылғы 3 мамырдағы шешімі мен Шымкент қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 8 қыркүйектегі қаулысы өзгертілсін.

Сот актілерінің «Ш[...]» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінен мемлекеттің пайдасына 373 795 696 (үш жүз жетпіс үш миллион жеті жүз тоқсан бес мың алты жүз тоқсан алты) теңге өндіру жөніндегі бөлігінің күші жойылсын.

Талап қою арызының осы бөлігі қайтарылсын.

Сот актілерінің ШымкентСпецКомплекс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінен мемлекеттің пайдасына 11 217 050 (он бір миллион екі жүз он жеті мың елу) теңге мемлекеттік баж алымы өндіру бөлігінің күші жойылсын.

Жауапкер «Шымкент қаласының Қаржы басқармасы» мемлекеттік мекемесінен мемлекеттің пайдасына 15 315 (он бес мың үш жүз он бес) теңгеге мемлекеттік баж алымы өндірілсін.

Сот актілерінің қалған бөлігі өзгеріссіз қалдырылсын.

Жауапкерлер «Шымкент қаласының қаржы басқармасы» мемлекеттік мекемесінің кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын. Жауапкер «Ш[...]» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің кассациялық шағымы ішінара қанағаттандырылсын.

Төрағалық етуші С. Баймаханов

Судьялар

Ғ. Әлжанов

Ш. Даниярова

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.