КСАД РК - Постановление от 04.08.2025 по делу 6003-25-00-4к/402 (Административное)

ҚАУЛЫ

2025 жылғы 4 тамыз № 6003-25-00-4к/402 Астана қаласы

Қазақстан Республикасының Әкімшілік істер жөніндегі кассациялық соты құрамында:

төрағалық етуші - судья Ж.А.Оспанова, судьялар - Л.Е.Каирбаева, М.А.Манабаева болып, прокурор О.С. Пернеев талап қоюшының өкілі Н.Каусбеков жауапкер өкілі Е.С.Құрманбек мүдделі тұлғаның өкілі Н.Т.Кеңес қатысуымен

ашық сот отырысында «OrdaBuilding Company» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің (бұдан әрі Серіктестік) жауапкер «Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті Түркістан облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің Түркістан қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер басқармасы» республикалық мемлекеттік мекемесіне (бұдан әрі–Басқарма) камералдық бақылау нәтижесі бойынша анықталған бұзушылықтарды жою туралы хабарламаны заңсыз деп танып, күшін жою туралы талап қоюы бойынша қабылданған

Түркістан облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 16 мамырдағы шешімі мен Түркістан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 23 қазандағы қаулысына жауапкердің кассациялық шағымымен түскен әкімшілік істі қарап,

АНЫҚТАҒАНЫ:

Серіктестік жоғарыда көрсетілген талап қоюмен сотқа жүгінген.

Түркістан облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 16 мамырдағы шешімімен талап қою қанағаттандырылған.

Камералдық бақылау нәтижелері бойынша мемлекеттік кірістер органдары анықтаған тәуекел дәрежесі орташа бұзушылықтарды жою туралы 2023 жылғы 15 желтоқсандағы №5820VD200003, 2024 жылғы 7 ақпандағы №5820VH100003 және 2024 жылғы 8 ақпандағы №5820VH400004 хабарламалар заңсыз деп танылып, күші жойылған.

Талап қоюшыға сот шығыстары қайтарылған.

Түркістан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімі күшінде қалдырылған.

Сот актілерімен келіспей, олардың күшін жоюды сұрап, Басқарма кассациялық шағым берген. Онда шағым иесі келесі уәждері келтірген:

  • Салық кодексінің 48-бабына сәйкес ескіру мерзімі үш жылды құрайды Мемлекеттік кірістер органдары салық міндеттемесі болған жағдайда ескіру мерзімі ішінде хабарламалар ресімдеуге құқылы;

  • сот шешімінің заңды күшіне енген күні бұзушылық анықталған күнге

теңестірілмейді, сондай-ақ қойылған хабарламаны кері қайтарып алу үшін негіз бола алмайды;

  • Салық кодексінде де, Кәсіпкерлік кодексте де, сонымен қатар Нормативтік қаулыда да хабарламаны ресімдеу мерзімін өткізіп алу салдарынан оны заңсыз деп тануға негіз жоқ.

Кассациялық сатыдағы сот жауапкер өкілінің кассациялық шағымды қолдаған, талап қоюышының сот актілерін өзгеріссіз қалдыруды сұраған түсініктерін, прокурордың қорытындысын тыңдап, іс құжаттарын, шағым уәждерін зерттеп, төмендегідей тұжырымға келді.

Қазақстан Республикасы Әкімшілік іс жүргізу кодексінің (бұдан әрі - ӘРПК) 169-бабының бірінші бөлігіне сәйкес кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің – (бұдан әрі АПК) қағидаларында айқындалады.

АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, АПК-нің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.

Іс бойынша мұндай кемшіліктер орын алмаған.

Сотта анықталған мән-жайларға қарағанда, даулы хабарламалардың қабылдануына Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2023 жылғы 12 шілдедегі, 2023 жылғы 21 тамыздағы, 2023 жылғы 27 қазандағы және 2023 жылғы 30 қазандағы «ШымТоргСтрой» ЖШС-ның, «R-ANSAR» ЖШС-ның, «Ақсәулет» ЖШСның, «Н и Д» ЖШС-ның тіркеуі жарамсыз деп тану жолымен мәжбүрлі тәртіппен тарату және жеке кәсіпкер Г.Андабаеваның қызметін тоқтату туралы заңды күшіне енген шешімдері негіз болған.

Жергілікті соттар талап қоюды қанағаттандырғанда, Қазақстан Республикасының Салық кодексінің (бұдан әрі – Салық кодексі) 94, 96 - баптарын және 114-бабының 2-тармағы 10) тармақшасын, ӘРПК-нің 79 – бабын, 84-бабының 1 және 2 бөліктерін басшылыққа алып, салық органымен белгіленген мерзімнің елеулі бұзылып, хабарламаның қабылдануы, оның заңсыз деп танылуына алып келеді деген дұрыс қорытындыға келген. Жауапкердің Салық кодексінің кодексінің 48-бабына сілтеме жасап, осы бапта көзделген мерзім ішінде салық органының хабарламаны қабылдауға құқығы бар деген уәждерін сот назарға алмайды, себебі «талап қою мерзімі» мен «хабарламаны жіберу мерзімі» екі түрлі мерзімдер болып табылады.

Талап қою мерзімінің сақталуы (Салық кодексінің 48-бабы) жауапкерге заңда белгіленген өзге мерзімдерді, оның ішінде Салық кодексінің 114бабының 2-тармағы 10) тармақшасында көзделген камералдық бақылау нәтижелері бойынша анықталған бұзушылықтарды жою туралы хабарламаны жолдаудың онкүндік мерзімін бұзуға құқық бермейді. Жауапкер шағымында сот шешімінің заңды күшіне енген күні бұзушылық анықталған күнге теңестірілуге жатпайтыны жөнінде уәждер келтіргенімен, мұны тесріске шығаратын, яғни салық есептілігіндегі бұзушылықтың салық органымен анықталған күнін бекітітін дәлелдемелерін сотқа ұсынбаған.

Мұндай дәлелдемелер бірінші сатыдағы сотта да, апелляциялық сатыда да ұсынылмаған.

ӘРПК-нің 129 - бабының екінші бөлігінің 1) тармақшасы және үшінші бөлігі негізінде дәлелдеу ауыртпалығын дау айту жөніндегі талап қою бойынша ауыртпалық түсіретін әкімшілік актіні қабылдаған жауапкер көтереді.

Тиісінше жауапкер өзі қабылдаған әкімшілік актісінің заңдылығын бекіте алмағаннан кейін, сот бұл актіні заңсыз деп таныған.

Жауапкердің Салық кодексінде де, Кәсіпкерлік кодексте де, сонымен қатар Нормативтік қаулыда да хабарламаны ресімдеу мерзімін өткізіп алу оны заңсыз деп тануға алып келетіні көрсетілмегені жайлы уәждерін де сот негізсіз деп есептейді.

Дауланып отырған хабарлама әкімшілік акт ретінде әкімшілік актіге қойылатын талаптарға сай болуы міндетті.Әкімшілік рәсімнің сақталмауы әкімшілік актіні заңсыз деп тануға алып келеді. Жоғарыда баяндалған және соттар анықтаған мән-жайлары аясында кассациялық сот жергілікті соттардың талап қоюды қанағаттандыру туралы тұжырымымен келіседі, өйткені дауланып отырған хабарламалардың заңсыздығы істі қарау барысында өз дәлелін тапқан.

Бұл ретте апелляциялық сатының Серіктестік пен оның контрагенттері арасындағы өзара есеп айырысулардың нақты жүзеге асырылуының дәлелденуі туралы қорытындылары Cалық кодексінің 145бабымен салық органдарына бекітілген тексеру жүргізу құқығына сәйкес жүргізілетін салықтық әкімшілендіру шараларының, оның ішінде салықтық тексерулердің нәтижелерін алдын ала анықтауға жол берілмеуіне байланысты қаулының дәлелді бөлігінен алып тасталуға жатады.

АПК-ның 452-бабының бірінші бөлігіне сәйкес кассациялық сатыдағы соттың қаулысы осы Кодексте апелляциялық сатыдағы сот қаулысы үшiн белгiленген талаптарға сәйкес келуге тиiс.

Осы Кодекстің 426-бабының екінші бөлігіне сай жаңа дәлелдердің болмауына байланысты апелляциялық шағым, прокурордың өтінішхаты қанағаттандырусыз қалдырылған кезде қаулының уәждеу бөлігінде бірінші сатыдағы соттың шешіміне өзгерістер енгізу не оның күшін жою үшін осы Кодексте көзделген негіздердің жоқ екендігі ғана көрсетіледі.

Кассациялық шағым иесінің келтірген уәждеріне дауланған сот актілерінде тиісті құқықтық баға берілген, шағымда жаңа дәлелдер мен негіздемелер келтірілмеген.

Тараптың сот тұжырымымен келіспеуі заңды және істің мәнжайларына сәйкес келетін сот актілерін қайта қарауға негіз бола алмайды.

ӘРПК-нің 169-бабын және АПК-нің 451-бабының 2-бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, кассациялық сот

ҚАУЛЫ ЕТТІ:

Түркістан облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 25 маусымдағы шешімі, Түркістан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 23 қазанындағы қаулысы күшінде қалдырылсын.

Жауапкер «Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті Түркістан облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің Түркістан қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер басқармасы» республикалық мемлекеттік мекемесінің кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Төрағалық етуші

Ж. Оспанова

Л. Каирбаева

Судьялар

М. Манабаева

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.