Кассационный суд Республики Казахстан по гражданским делам - Постановление от 02.06.2026 по делу 6003-26-00-2к/1070 (Гражданское)

ф №6003-26-00-2к/1070

ҚАУЛЫ

2026 жылғы 2 маусым

Астана қаласы

Азаматтық істер жөніндегі кассациялық сот құрамында: төрағалық етуші судья Ж.К.Рустембеков, судьялар Л.Б.Мамырбаева, А.О.Тогумбетова, прокурор К[...], аудармашы Т[...],

талап қоюшының өкілі К[...], жауапкерлердің өкілі К[...], үшінші тұлғаның өкілі С[...] қатысуларымен, бейнеконференциялық байланыс арқылы, ашық сот отырысында

талап қоюшы «Қазақстан Республикасы [...] ресурстарын басқару комитеті Ақмола облысының Жер ресурстарын басқару Департаменті» республикалық мемлекеттік мекемесінің (бұдан әрі - Департамент) жауапкерлер «Көкшетау қаласының жер қатынастар, сәулет және қала құрылысы бөлімі» мемлекеттік мекемесіне (бұдан әрі - Жер қатынастар бөлімі), Ж[...], Т[...] мәмілелерді жарамсыз деп тану туралы электрондық форматтағы азаматтық істі жауапкер өкілінің Ақмола облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 20 тамыздағы қаулысына берген кассациялық шағымы бойынша қарап,

АНЫҚТАДЫ:

Департамент жоғарыда аталған талап қоюмен сотқа жүгінген.

Ақмола облысы Көкшетау қалалық сотының 2025 жылғы 13 маусымдағы шешімімен талап қоюды қанағаттандырудан бас тартылған.

Ақмола облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 20 тамыздағы қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімінің күші жойылып, іс бойынша талап қоюды қанағаттандыру туралы жаңа шешім шығарылған.

Жер қатынастары бөлімі мен Ж[...] арасында жасалған 2021 жылғы 20 желтоқсандағы №31833 уақытша жер пайдалану (жалдау) құқығын сатып алу-сату шарты; Ж[...] мен Т[...] арасында жасалған 2021 жылғы 29 желтоқсандағы №4902 уақытша жер пайдалану құқығын сатып алу-сату шарты; Жер қатынастары бөлімі мен Т[...] арасында жасалған 2023 жылғы 30 қаңтардағы №24 жер учаскесіне жеке меншік құқығын сатып алу-сату шарты жарамсыз деп танылған. Сот шығыстары туралы мәселе шешілген.

Жауапкер Т[...] кассациялық шағымында оның меншігіндегі жазғы алаң орналасқан даулы жер учаскесінің аумағы жалпыға ортақ пайдаланатын жер болып танылмағанына, бұл жер учаскесі елді мекендердің жер санатына жататындығына апелляциялық сот назарға алмағанын, іс үшін

маңызы бар мән-жайларға дұрыс құқықтық баға берілмегенін, материалдық және процестік құқық нормаларының бұзылғанын көрсетіп, апелляциялық соттың қаулысының күшін жойып, бірінші сатыдағы соттың шешімін күшінде қалдыруды сұраған.

Іске қатысушы тұлғалардың түсініктерін, прокурордың сот қаулысы заңды деген қорытындысын тыңдап, іс материалдарын зерделеп, кассациялық сот келесі тұжырымға келді.

Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес, заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.

Апелляциялық сотпен мұндай заң бұзушылықтарға жол берілмеген.

Азаматтық істің құжаттарына қарағанда Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2008 жылғы 24 қазандағы №986 қаулысымен бекітілген Көкшетау қаласының бас жоспарына сәйкес, Көкшетау қаласы, Ғ[...] көшесі, 73А мекенжайы бойынша жер учаскесі көгалдандырылған аумақтар аймағында орналасқан.

Көкшетау қаласы әкімдігінің 2021 жылғы 22 қыркүйектегі №А-9/1753 қаулысының негізінде Ғ[...] көшесі, 73А мекенжайы бойынша, жазғы алаң ретінде пайдалану үшін нысаналы мақсатымен алаңы 0,0150 га жер учаскесінің сауда-саттығының ағылшын әдісімен электрондық аукцион өткізілген (бұдан әрі - даулы жер учаскесі).

2021 жылғы 15 желтоқсандағы №229016 электрондық аукцион хаттамасымен Ж[...] жеңімпаз деп танылған.

2021 жылғы 20 желтоқсанда Жер қатынастары бөлімі мен Ж[...] арасында даулы жер учаскесіне 5 жыл мерзімге (2026 жылғы 22 қыркүйекке дейін) 4 474 354 теңгеге даулы жер учаскесін жалдау құқығын сатып алу-сату туралы шарт жасалған.

2021 жылғы 29 желтоқсанда Ж[...] мен Т[...] арасында даулы жер учаскесіне уақытша өтеулі жер пайдалану (жалдау) құқығын 4 474 354 теңгеге сатып алу-сатудың нотариалды куәландырылған шарты жасалған.

2022 жылдың 23 маусымында Т[...] Көкшетау қаласы, Ғ[...] көшесі, 73А мекенжайы бойынша орналасқан жылжымайтын мүлік - жазғы алаңды өз бетінше пайдалануға енгізген. Нысанға техникалық паспорт дайындалған.

2022 жылғы 26 шілдеде «Азаматтарға арналған үкімет» коммерциялық емес акционерлік қоғамында көрсетілген нысанға меншік құқығы Т[...] атына тіркелген.

2023 жылғы 26 қаңтардағы Көкшетау қаласы әкімдігінің №А/159 қаулысымен Т[...] жазғы алаңға қызмет көрсету үшін нысаналы мақсатымен даулы жер учаскесіне жеке меншік құқығы берілген.

2023 жылғы 30 қаңтарда Жер қатынастары бөлімі мен Т[...] арасында №24 сатып алу-сату шарты жасалып, оған сәйкес жазғы алаңды күтіпұстау мақсаты үшін даулы жер учаскесіне жеке меншік құқығы 315 000 теңге сомасына берілген.

«Қазақстан Республикасындағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы» Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі - Заң) Заңның 51-бабының 1-тармағына сай, елдi мекендердегi рекреациялық аймақтар халықтың демалыс орындарын ұйымдастыру мен жайғастыруға арналған және бақтарды, орманды парктердi, парктер мен саябақтарды, хайуанаттар парктерiн, су тоғандарын, жағажайларды, аквапарктердi, ландшафтық сәулет объектiлерiн, өзге де демалыс және туризм орындарын, сондай-ақ бос уақытты өткізу және (немесе) сауықтыру мақсатындағы үйлер мен ғимараттарды қамтиды.

Заңның 51-бабының 3-тармағы рекреациялық аймақтың аумағына жаңа өнеркәсiптiк, коммуналдық және қойма объектілерiн, рекреациялық аймақтың жұмыс iстеуiне тiкелей байланысы жоқ тұрғын үй-азаматтық мақсаттағы үйлер мен ғимараттарды орналастыруға (салуға) және олардың жұмыс iстеп тұрғандарын кеңейтуге жол берiлмейтінін көздейді.

Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінің (бұдан әрі - АК) 158бабының 1-тармағына сәйкес, мазмұны заңнама талаптарына сәйкес келмейтін мәміле, сондай-ақ құқықтық тәртіп негіздеріне көрінеу қайшы келетін мақсатпен жасалған мәміле, егер осы Кодексте және Қазақстан Республикасының өзге де заңнамалық актілерінде өзгеше көзделмесе, дауланатын мәміле болып табылады және сот оны жарамсыз деп тануы мүмкін. Қазақстан Республикасының Жер кодексінің (бұдан әрі - Жер кодексі) 109-бабының 1-тармағына сай, қалалардың, кенттердiң, ауылдық елдi мекендердiң барлық жерi олардың бас жоспарларына, егжей-тегжейлі жоспарлау мен құрылыс салу (ондай жобалар болған жағдайда) жобаларына және аумақтың жер-шаруашылық орналастыру жобаларына сәйкес пайдаланылады.

Елдi мекендерде орналасқан жер учаскелерінің нысаналы мақсаты осы Кодекстің 107-бабының 3-тармағында көзделген функционалдық аймақтарға

сәйкес белгіленеді және жергілікті атқарушы органдардың жер учаскесіне құқық беру туралы шешімдерінде және сәйкестендіру құжаттарында көрсетіледі.

Жер кодексінің 109-бабының 2-тармағы тротуарлар мен велосипед жолдарын қоспағанда, ортақ пайдаланылатын жерден жер учаскелерi азаматтар мен заңды тұлғаларға ортақ пайдалануға нұқсан келтiрмей, жеңiл үлгiдегi құрылысжайларды (сауда шатырларын (павильондарды), тұрмыстық қатты қалдықтарды бөлек жинауға арналған контейнерлік алаңдарды және қайталама шикізатты қабылдау пункттерін, киоскiлердi, сыртқы (көрнекі) жарнама объектiлерiн және басқа да сервис объектiлерiн), сондай-ақ электрқуаттау станцияларын орналастыру үшiн уақытша жер пайдалануға берiлуi мүмкiн екендігін көздейді.

Ортақ пайдаланудағы жерден жер учаскелерi жеке меншiкке оларды ортақ пайдаланудағы жер құрамынан шығарғаннан кейiн ғана берiлуi мүмкiн.

Жер кодексінің 33-бабының 2-тармағының 1) тармақшасына сәйкес, жер пайдаланушылардың ортақ пайдаланудағы жер пайдалану құқығына қатысты мәмiлелер жасасуына жол берiлмейдi.

Жер кодексінің 65-бабының 4-тармағына сай, жер учаскесiн пайдаланудың нысаналы мақсаты мен режимiн, сервитуттар мен нормативтiк құқықтық актiлер негiзiнде белгiленген басқа да пайдалану талаптарын жер учаскесi меншiк иесiнiң немесе жер пайдаланушының өз бетiнше өзгертуiне болмайды.

Заңның 1-бабының 9-3) тармақшасына сәйкес, жасыл екпелер - елді мекендердің аумақтарында қорғаныштық, санитариялық-гигиеналық, әлеуметтік, эстетикалық және өзге де функцияларды орындайтын ағаш-бұта және шөптесін өсімдік екпелері.

Апелляциялық сот жоғарыда аталған заңдардың нормаларын және істің мән-жайын зерделей келе, даулы жер учаскесі ортақ пайдаланудағы жерлерге жататындығын, 2021 жылғы 20 желтоқсандағы №31833 және 2021 жылғы 29 желтоқсандағы №4902 уақытша өтеулі жер пайдалану құқығын сатып алу-сату шарттары Жер кодексінің 33-бабының 2-тармағының 1) тармақшасының талаптарын бұза отырып жасалғанын анықтаған.

Сондай-ақ, бас жоспарға сәйкес даулы жер учаскесінің нысаналы мақсаты жасыл екпе аймағы деп белгіленген.

Алайда, Жер қатынастары бөлімі жер учаскесінің нысаналы мақсатын өзгертпей, оны коммерциялық мақсаттағы учаске жазғы алаң ретінде пайдалану

үшін Ж[...] бес жылға заңсыз сатқан.

Жер кодексінің 109-бабының 2-тармағы мен 65-бабының 4-тармағын бұза отырып, Т[...] нысаналы мақсатын өз бетінше өзгертіп, даулы жер учаскесінде жазғы алаңды салған, оны пайдалануға енгізіп, жылжымайтын мүлікке меншік құқығын «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясында тіркеген.

Істің мұндай тұрғысында апелляциялық сот Жер қатынастар бөлімі даулы жер учаскесінің нысаналы мақсатын өзгертпей, оны ортақ пайдаланудағы жерлер құрамынан шығармай, Жер кодексінің 109-бабының 1 және 2- тармақтары мен 65-бабының 4-тармағының талаптарын бұза отырып 2023 жылғы 30 қаңтардағы №24 заңсыз сатып алу-сату шартын Т[...] жасағаны туралы дұрыс тұжырымға келген.

Бірінші сатыдағы сот жасыл екпе аймағы рекреациялық аймақтың құрамына кіреді, сондықтан жасыл екпе аймағын жазғы алаң ретінде пайдалануға жол беріледі деген қате қорытындыға келген.

Заң шығарушы рекреациялық аймақтың ішінде жасыл екпе аймағы мен құрылыс жүргізуге рұқсат етілетін аймақтардың болуын көздеген.

Сондықтан кассациялық сот апелляциялық соттың бұл көрсетілген аймақтардың әрқайсысының шекарасы бар және «рекреациялық аймақ» пен «жасыл екпе аймағы» ұғымдары бірдей емес деген тұжырымын негізді деп санайды. Бірінші сатыдағы сот жауапкер Т[...] ортақ пайдаланудағы жерлерде орналасқан жылжымайтын мүлікке меншік құқығын тіркегенін назарға алмаған.

Дауланған сот актісінде жауапкердің уәждеріне тиісті құқықтық баға берілген, кассациялық шағымда жаңа фактілер мен негіздемелер келтірілмеген, апелляциялық соттың тұжырымдары жоққа шығарылмаған және де нақты қандай заң нормаларының бұзылуы орын алғаны көрсетілмеген.

Істі қарау барысында апелляциялық сотпен материалдық және процестік құқық нормаларының бұзылуына жол берілмеген.

АПК-нің 451-бабы 2-бөлігінің 1) тармақшасын, 452-бабын басшылыққа алып, сот

ҚАУЛЫ ЕТТІ:

Ақмола облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 20 тамыздағы қаулысы күшінде қалдырылсын.

Жауапкер Т[...] кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Төрағалық етуші, судья: Ж.Рустембеков Судьялар: Л.Мамырбаева

А.Тогумбетова

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.