КСАД РК - Постановление от 09.10.2025 по делу 6003-25-00-4к/1737 (Административное)

ҚАУЛЫ

2025 жылғы 9 қазан 6003-25-00-4к/1737 Астана қаласы

Қазақстан Республикасының әкімшілік істер жөніндегі кассациялық соты, құрамында: төрағалық етуші судья Е.М.Нұралиев

судьялар Л.Е.Кудекова, Ш.С.Манжуева болып,

талап қоюшы «Қазақстан темір жолы» Ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамының жауапкер Астана қаласы атқарушылық округінің жеке сот орындаушысы Темірболат Дюсембаевич Ахметовке әрекетті заңсыз деп тану және 2025 жылғы 24 ақпандағы атқарушылық іс жүргізуді қайтару туралы қаулысының күшін жою туралы талабымен қозғалған әкімшілік ісімен,

Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2025 жылғы 8 мамырдағы шешіміне, Астана қаласы сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 4 маусымдағы қаулысына, талап қоюшының берген кассациялық шағымын қарап,

АНЫҚТАҒАНЫ:

Талап қоюшы «Қазақстан темір жолы» Ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамының жауапкер Астана қаласы атқарушылық округінің жеке сот орындаушысы Темірболат Дюсембаевич Ахметовке жоғарыдағы талап қойып, сотқа жүгінген.

Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2025 жылғы 8 мамырдағы шешімімен талап қоюды қанағаттандырудан бас тартылған.

Астана қаласы сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 4 маусымдағы қаулысымен бірінші сатыдағы сот шешімі өзгеріссіз қалдырылған.

Талап қоюшы өзінің кассациялық шағымында, іс бойынша қабылданған жоғарыдағы сот актілерімен келіспейтінін көрсетіп, оның күшін жоюды және талап арызды қанағаттандыру туралы жаңа шешім қабылдауды сұраған.

Тиісті түрде хабарланған тараптар кассациялық саты сотының отырысына келмеді, себебін хабарламады, бұл Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 115-бабының бірінші бөлігіне сай істі мәні бойынша қарауға кедергі келтірмейді.

Кассациялық сот, шағым уәждері мен іс құжаттарын жан-жақты зерттеп, төмендегідей тұжырымға келді.

ӘРПК – нің 169 – бабының бірінші бөлігіне сәйкес, кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.

АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігі бойынша, заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, АПК-нің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.

Іс бойынша мұндай кемшіліктер орын алмаған. Іс құжаттарынан белгілі болғандай, сот орындаушысының 2022 жылғы 21 сәуірдегі қаулысымен «Дезслужба Астаны» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінен (борышкер) (бұдан әрі – Серіктестік) Қоғамның пайдасына 38 726 теңге айыппұл және 1 1662 теңге мемлекеттік бажды (барлығы 40 888 теңге) өндіріп алу туралы Қостанай облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2022 жылғы 14 ақпандағы шешімі негізінде № 409/22-71-4241 атқарушылық іс жүргізу қозғалған.

Сот орындаушысы 2024 жылғы 6 мамырда инкассалық өкім шығарып, екінші деңгейдегі банкке жолдаған, алайда ол өкім шоттағы бар 39 888 теңгеге салық органының ауыртпалығы тіркелгендіктен орындаусыз қалдырылған. Осыған байланысты дауланып отырған 2025 жылғы 24 ақпандағы қаулымен атқару парағы «Атқарушылық iс жүргiзу және сот орындаушыларының мәртебесi туралы» Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі - Заң) 48-бабы 1-тармағының 2) тармақшасы негізінде орындаусыз қалдырылып, өндіріп алушыға қайтарылған.

Заңның 2 және 3-баптарына сәйкес, атқарушылық iс жүргiзудің мiндеттерi атқарушылық құжаттарды мәжбүрлеп орындатуға бағытталған шараларды мiндеттi және уақтылы қолдану бола отырып, заңдылық, атқарушылық іс-әрекеттерді жүргізу мен мәжбүрлеп орындату шараларын қолданудың уақтылы және айқын болу принциптері бойынша жүзеге асырылады.

Заңның 32-бабының 1-тармағына сәйкес, сот орындаушысы атқарушылық құжаттардың орындалуын қамтамасыз ету жөнiнде шаралар қабылдауға мiндеттi.

Іс бойынша анықталғандай, қозғалған атқарушылық іс жүргізу шеңберінде Сот орындаушысы атқарушылық құжатты орындауға бағытталған заңда көзделген барлық қажетті шараларды қабылдаған. Атап айтқанда, уәкілетті органдарға тиісті сұраныстар жолданған, автоматтандырылған ақпараттық жүйелер арқылы тексерулер жүргізілген, сондай-ақ борышкердің атына тіркелген мүлік, кіріс, банк шоттарындағы ақша қаражаттары мен бағалы қағаздар туралы мәліметтер сұратылған.

Жүргізілген шаралардың нәтижесінде борышкердің меншігінде өндіріп алуға жататын жылжымалы және жылжымайтын мүлік немесе бағалы қағаздар тіркелмегені анықталған.

Екінші деңгейдегі банкке жолданған инкассалық өкім салық органының ауыртпалығы тіркелгендіктен, орындаусыз қайтарылған.

Сот орындаушысы Заңның 48-бабы 1-тармағының 2) тармақшасын басшылыққа ала отырып, борышкердің өндіріп алу қолданылуы мүмкін мүлкі, оның ішінде ақшасы, бағалы қағаздары немесе табыстары болмаса және сот орындаушысы оның мүлкін немесе табыстарын анықтау жөнінде қолданған, заңда көзделген барлық шаралар нәтиже бермегендіктен, атқарушылық құжат өндіріп алушыға негізді себептермен дұрыс қайтарған. Кассациялық шағымдағы сот орындаушысы борышкердің мүлкін анықтау үшін барлық шараларды қабылдамаған деген уәждері негізсіз болып табылады.

Кассациялық сот, бірінші және апелляциялық сатыдағы соттардың шешімдерін заңды және негізді деп санайды, өйткені олар сотта анықталған нақты мән-жайлар мен заңдылық, әділеттілік принциптері ескеріле отырып қабылданған.

Талап қоюшының кассациялық шағымында көрсеткен уәждері кезінде төменгі саты соттарымен жан-жақты зерттеліп, оларға тиісті құқықтық баға берілген.

Сондықтан, іс бойынша қабылданған бірінші сатыдағы сот шешімінің және апелляциялық сот қаулысының күшін жоюға, сөйтіп, кассациялық шағымды қанағаттандыруға еш негіз жоқ.

ӘРПК-нің 169-бабының бірінші бөлігін, және АПК-нің 451-бабы екінші бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, кассациялық сот

ҚАУЛЫ ЕТТІ:

Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2025 жылғы 8 мамырдағы шешімі, Астана қаласы сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 4 маусымдағы қаулысы осы іс бойынша өзгеріссіз қалдырылсын.

Талап қоюшының кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Төрағалық етуші

Е. Нұралиев

Судьялар

Л. Кудекова

Ш.Манжуева

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.