ВС РК - Постановление от 05.10.2023 по делу 6001-23-00-6ап/1271 (Административное)

6001-23-00-6ап/1271

Қ А У Л Ы

2023 жылғы 5 қазан Астана қаласы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:

төрағалық етуші судья Г.Б. Дуйсенбаев,

судьялар Ғ.Ө. Әлжанов, Н.Ү. Қайыпжан болып,

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында талап қоюшы С[...] жауапкер «Қазақстан Республикасының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Атырау облысы бойынша департаменті» республикалық мемлекеттік мекемесіне жауап хаты мен әрекетін заңсыз деп тану, әкімшілік актінің күшін жою, лауазымның мемлекеттік қызметке теңестірілмеген деген жауап беруді міндеттеу, әкімшілік істі жол берілген бұзушылықтарды және оларды жою жөніндегі ұсыныстарды көрсете отырып жүзеге асыру үшін әкімшілік рәсімді әкімшілік актісіне, әкімшілік әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) шағым жасалатын әкімшілік органға, лауазымды адамға жіберу туралы әкімшілік ісі бойынша,

Атырау облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2023 жылғы 24 қаңтардағы ұйғарымына, Атырау облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 3 сәуірдегі ұйғарымына талап қоюшы өкілінің кассациялық шағымымен түскен әкімшілік істі қарап,

АНЫҚТАҒАНЫ:

Талап қоюшы С[...] жауапкерге жоғарыда көрсетілген талап қою арызымен сотқа жүгінген.

Атырау облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2023 жылғы 24 қаңтардағы ұйғарымымен талап арыз кері қайтарылған.

Атырау облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 3 сәуірдегі ұйғарымымен бірінші саты сотының ұйғарымы өзгеріссіз қалдырылған.

Талап қоюшының өкілі Х[...], кассациялық шағымында бірінші және апелляциялық саты сотының іс бойынша қабылдаған сот актілерін заңсыз деп танып күшін жоюды, талап арызды әкімшілік сотқа негізінен қарауға жолдауды міндеттеу туралы шешім қабылдауды сұраған.

Тиісті түрде хабарланған іске қатысушы тараптардың кассациялық саты сотының отырысына келмеуі Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдікпроцестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 115-бабының бірінші бөлігіне сай істі мәні бойынша қарауға кедергі келтірмейді. Сот алқасы кассациялық шағым уәждерін және іс құжаттарын жан-жақты зерттеп, төмендегідей тұжырымға келеді.

ӘРПК-нің 169-бабының 1-бөлігіне сәйкес кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларымен айқындалады.

АПК-нің 438-бабының 5-тармағына сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы, заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.

Осы іс бойынша аталған заң бұзушылықтарға жол берілмеген.

Іс құжаттарына қарағанда, адвокат Х[...] «Атырау облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті» РММ-не (бұдан әрі – Салық департаменті) және «Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Атырау облысы бойынша департаменті» РММ-не (бұдан әрі – Агенттік) адвокаттық сауалдар жолдап, қорғауындағы ҚТЖ-нің «Атырау магистралдық желі бөлімшесі» филиалының басшысы С[...] лауазымы мемлекеттік қызметшілерге теңестірілгені немесе теңестірілмегені жөнінде ақпарат сұраған.

Агенттік ҚТЖ-нің «Атырау магистралдық желі бөлімшесі» филиалының басшысы мемлекеттік қызметші болып табылмайтынын, алайда, мемлекеттік қызметшіге теңестірілген тұлға туралы ақпарат ұсыну Агенттіктің құзыретіне кірмейтінін түсіндіре отырып, Х[...] жолданымын құзыреттілігі бойынша Департаментке жолдаған.

2022 жылғы 8 қазанда Департамент С[...] квазимемлекеттік сектор субъектісінде басқарушылық функцияны дербес орындаған адам болуына байланысты мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген адамға теңестірілген адам болып саналатыны туралы түсіндірме беріп, хат жолдаған.

Талапкер өкілі Х[...] аталған жауаппен келіспей, «Қазақстан Республикасының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет» РММ-не шағым жолдаған. Аталған шағым 2022 жылғы 21 қазанда құзыреті шегінде жауап беру үшін Департаментке жолданған.

Талап қоюшы С[...] аталған талап қоюмен сотқа жүгініп, уәждерінде Департамент оның хатына жауап беруге құзыретті орган еместігін және жауапкердің әрекеттерімен өзінің мүддесі шектелгенін, жағымсыз салдары бар екендігін көрсеткен.

Жергілікті соттар талапкердің талап арызын кері қайтарып, оны ӘРПК-нің 138-бабы 2-бөлігінің 11)-тармақшасының негізінде іс әкімшілік сот ісін жүргізу тәртібімен қарауға жатпайтындығымен негіздеген.

Сот алқасы төменгі саты соттарының тұжырымдары материалдық және процестік құқық нормаларына сай дұрыс қабылданған деп таниды.

ӘРПК-нің 102-бабының 2-бөлігіне сәйкес, жария-құқықтық қатынастардан туындайтын даулар әкімшілік сот ісін жүргізу тәртібімен қаралатыны қарастырылған.

ӘРПК-нің 138-бабының 2-бөлігінде, егер тараптар арасындағы дау әкімшілік сот ісін жүргізу тәртібімен қарауға жатпаса, сот талап қоюды қайтару туралы ұйғарым қабылдау қажет екені көзделген.

Сотта анықталған мән-жайларға қарағанда тараптар арасындағы дау жария-құқықтық қатынастардан емес, осыған орай жергілікті соттардың талап арызды қайтару туралы тұжырымдары заңды әрі негізді болып табылады.

Талапкер өкілінің кассациялық шағымында келтірген уәждерін, сот алқасы негізсіз деп санайды, себебі олар жалпылама көрсетіліп, қандайда бір дәлелдемелермен бекітілмеген.

Жоғарыда аталғандар негізінде төменгі саты соттары тарапынан материалдық және процестік заңның нормаларын қолдануда қателіктерге жол бермегенін ескеріп, сот алқасы іс бойынша қабылданған сот актілерінің күшін жоюға немесе өзгеріс енгізуге негіздер жоқ деп санайды. Мұндай жағдайда талапкер өкілінің кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылуға жатады.

ӘРПК-нің 169-бабының бірінші бөлігінің, АПК-тің 451-бабының екінші бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы

ҚАУЛЫ ЕТТІ:

Атырау облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2023 жылғы 24 қаңтардағы ұйғарымы, Атырау облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 3 сәуірдегі ұйғарымы өзгеріссіз, талап қоюшы өкілінің кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Төрағалық етуші

Г.Б. Дуйсенбаев Ғ.Ө. Әлжанов Н.Ү. Қайыпжан Г.Б. Дуйсенбаев

Судьялар

Көшірмесі дұрыс. Судья

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.