Қ А У Л Ы
2026 жылғы 12 ақпан №6003-25-00-2к/4600 Астана қаласы
Азаматтық істер жөніндегі кассациялық соты құрамында төрағалық етуші судья К.Р.Айтжанов, судьялар М.Т.Кадырова,
Н.О.Косанов,
талап қоюшы өкілі Б.Ш.Урумбаевтың, жауапкерлер өкілдері С.Н.Айтымбетованың, И.Ж.Медерованың бейнебайланыс арқылы қатысуларымен,
ашық сот отырысында талап қоюшы Айжан Әлібекқызы Кемпірек жауапкерлер Мадина Хабыловна Аманбаеваға, Ғалымжан Талғатұлы Рысхановқа, «Банк ЦентрКредит» акционерлік қоғамына (бұдан әрі - Банк) сатып алу-сату және кепілге беру шарттарын жарамсыз деп тану,
талап қоюшы Банк жауапкер Ғалымжан Талғатұлы Рысхановқа берешек сомасын өндіру және берешекті кепіл мүлкінен өндіріп алу туралы электрондық форматтағы азаматтық істі Банктің Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2025 жылғы 8 сәуірдегі шешімі (бұдан әрі - сот шешімі) мен Шымкент қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 28 шілдедегі қаулысына (бұдан әрі - алқа қаулысы) берген кассациялық шағымымен қарап,
А Н Ы Қ Т А Д Ы :
Талап қоюшы А.Ә.Кемпірек сотқа аталған талап қоюмен жүгініп, оны даулы шарттар жауапкерлердің алдауымен жасалғанына негіздеген.
Банк талап қоюында кепіл шарты заң талаптарына сәйкес жасалғанын көрсеткен.
Алқа қаулысымен өзгеріссіз қалдырылған сот шешімімен талап қоюшы А.Ә.Кемпіректің талап қоюы қанағаттандырылып:
талап қоюшы А.Ә.Кемпірек пен жауапкер М.Х.Аманбаева арасында 2022 жылғы 27 қазанда жасалған Шымкент қаласы, Қаратау ауданы, Қайтпас шағын ауданы, Жұмабеков көшесі, №53 «А» мекен-жайы бойынша орналасқан жылжымайтын мүлікті (бұдан әрі - тұрғын үй) сатып алу-сату шарты (бұдан әрі - 1-Сатып алу шарты),
жауапкерлер М.Х.Аманбаева мен Ғ.Т.Рысханов арасында 2022 жылғы 20 желтоқсанда жасалған тұрғын үйді сатып алу-сату шарты (бұдан әрі - 2- Сатып алу шарты),
жауапкерлер Ғ.Т.Рысханов пен Банк арасында 2022 жылғы 21 желтоқсанда жасалған тұрғын үйді кепілге беру шарты (бұдан әрі - Кепіл шарты) жарамсыз деп танылған,
барлық жауапкерлердің әр қайсысынан талап қоюшы А.Ә.Кемпіректің пайдасына 67 977 теңгеден және мемлекет пайдасына 89 836 теңгеден мемлекеттік баж өндірілген.
Талап қоюшы Банктің талап қоюы ішінара қанағаттандырылып, жауапкер Ғ.Т.Рысхановтан Банктың пайдасына 21 926 102 теңге берешегі және
657 783 теңге мемлекеттік баж өндірілген, талаптың берешекті кепіл мүлкінен өндіру туралы бөлігін қанағаттандырудан бас тартылған.
Банк кассациялық шағымында соттармен материалдық және процестік құқық нормалары бұзылғанын көрсетіп, аталған сот актілерінің күшін жоюды, талап қоюшы А.Ә.Кемпіректің талап қоюын қанағаттандырудан бас тарту, өзінің талабын толық көлемде қанағаттандыру жөнінде жаңа шешім шығаруды сұраған.
Кассациялық сот істегі дәлелдемелерді зерттеп, іске қатысушылардың жауаптарын тыңдап, кассациялық шағым уәждерін талқылап, төмендегі тұжырымға келді.
Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы, заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.
Мұндай бұзушылықтар іс бойынша орын алмаған.
Жергілікті соттар Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің 157-1бабының 2-тармағын, 406-бабының 1-тармағын, «Мәмілелер жарамсыздығының және олардың жарамсыздығының салдарларын соттардың қолдануының кейбір мәселелері туралы» Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2016 жылғы 7 шілдедегі №6 нормативтік қаулысының 12, 21тармақтарын дұрыс қолданып, іс үшін маңызы бар мән-жайлар шеңберін нақты және дұрыс айқындаған, осы дау бойынша қолдануға жататын материалдық және процестік құқық нормаларын ескере отырып, тараптардың уәждері мен қарсылықтарын тексеруге заңмен көзделген барлық шараларды жасаған.
АПК-тің 76-бабының 3-бөлігіне сай соттың қылмыстық іс бойынша заңды күшіне енген, талап қоюды қанағаттандыру құқығы танылатын үкімі өзіне қатысты сот үкімі шығарылған адам әрекеттерінің азаматтық-құқықтық салдары туралы істі қарайтын сот үшін міндетті. Заңды күшіне енген сот үкімі мұндай азаматтық істі қарайтын сот үшін осы іс-әрекеттер орын алды ма және оларды осы адам жасады ма деген мәселелер бойынша да, сондай-ақ үкіммен белгіленген басқа да мән-жайларға және олардың құқықтық бағасына қатысты міндетті.
Анықталғаны, тараптар арасында жасалған екі Сатып алу шарттары негізінде тұрғын үйдің соңғы меншік иесі жауапкер Ғ.Т.Рысханов 2022 жылғы 21 желтоқсанда қарыз шартына сәйкес Банктен 20 000 000 теңге несие алып, Кепіл шартын жасасқан.
Шымкент қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотының 2024 жылғы 20 желтоқсандағы үкімімен С.И.Шабанова Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 190-бабының 4-бөлігінің 2) тармағымен кінәлі деп танылып, бас бостандығынан айыру жазасына сотталған, азаматтық
талап қоюшы А.Ә.Кемпіректің талап қоюы қанағаттандырылып, оның пайдасына азаматтық жауапкер С.И.Шабановадан 20 200 000 теңге өндірілген. Шымкент қалалық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 12 ақпандағы қаулысымен аталған сот үкімі өзгертіліп, азаматтық талап қою қараусыз қалдырылған.
Сот үкімімен анықталғандай сотталған С.И.Шабанова қылмыстық әрекетін жүзеге асыру мақсатында талап қоюшы А.Ә.Кемпіректің сеніміне кіріп, алаяқтық жолмен оған тиесілі тұрғын үйін 1-Сатып алу шартын жасау арқылы кепілге қойған есебінде, жауапкер М.Х.Аманбаевадан сыйақыға қарыз ақша алып, сотталған С.И.Шабанова бас пайдасына жаратқан.
Бұл қылмыстық әрекетімен тоқтамай, сотталған С.И.Шабанова талап қоюшы А.Ә.Кемпіректі ауылшаруашылық мақсатында субсидия алу мүмкіндігін бар екеніне сендіріп, тұрғын үйін жауапкер М.Х.Аманбаеваның атынан жауапкер Ғ.Т.Рысхановтың атына 2-Сатып алу шарты арқылы рәсімдеп, соңғының атынан Банктен 20 000 000 теңге несие алған. Бұл сол соманың ішінен жауапкер Ғ.Т.Рысханов 1 000 000 теңгені өзіне алып, 7 700 000 теңгені жауапкер М.Х.Аманбаеваға беріліп, қалған соманы сотталған С.И.Шабанова иемденген.
Азаматтық істі қарау барысында талап қоюшы А.Ә.Кемпірек тұрғын үйді сату туралы хабарлама бермегені, яғни оны сатуға ниеті болмағаны, 1- Сатып алу шартын жасағаннан кейін де үйді босатпағаны, бүгінгі күні сол үйде тұрып жатып, тиісті ауыртпалықтарын көтергені (коммуналдық төлемдер және т.б.), 2-Сатып алу шарты жасалған кезде сатып алушы жауапкер Ғ.Т.Рысханов ол үйді барып көрмегені, екі мәміле бойынша да сатып алушымен тұрғын үйдің құны берілмегені және сатушымен мүлік өткізілмегені анықталған.
Істің мұндай тұрғысында соттар талап қоюшы А.Ә.Кемпіректің нақтысында мүлкін сатуға ниеті болмаған, мәмілелер ресми түрде рәсімделгенімен іс жүзінде орындалмаған, сондықтан екі сатып алу-сату шарттары жарамсыз деп тану туралы талап қою қанағаттандырылуға жатады деген дұрыс қорытындыға келген.
Сондай-ақ, Банктің қарыз сомасын өндіру туралы талабы соттармен негізді деп дұрыс танылған, себебі жауапкер Ғ.Т.Рысханов банктен алған ақшаға өзінің қалауынша иелік еткен, банктік заем шарты жарамсыз деп танылмаған, 2024 жылғы 29 қарашаға жауапкер Ғ.Т.Рысхановтың Банк алдындағы қарызы 21 926 102 теңгені құраған, тиісінше соңғының Банк алдында міндеттемесі бар екенін ескеріп, ол орындалмауына байланысты Банктің талабы негізді қанағаттандырылған.
Анықталған мән-жайларға сәйкес жауапкер Ғ.Т.Рысханов жосықсыз иеленуші болғандықтан тұрғын үйді кепілге беруге құқығы болмаған, сол себепті Кепіл шартының жарамсыз деп танылу да негізді.
Кассациялық шағым уәждері соттардың тұжырымдарын теріске шығармайды, істің мән-жайлары жан жақты зерттеліп, оларға құқықтық бағасы берілген, қосымша тексеруді қажет ететін фактілер көрсетілмеген, шағымдалған сот актілерінің күштерінің жойылуына немесе өзгертілуіне әкеліп соғатын құқық нормаларының бұзылу деректері анықталған жоқ.
Сол себепті, сот шешімін өзгеріссіз қалдырған алқа қаулысы күшінде, кассациялық шағым қанағаттандырусыз қалдырылуға жатады.
АПК-тің 451-бабының 2-бөлігінің 1) тармақшасын, 452-бабын басшылыққа алып, сот
Шымкент қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 28 шілдедегі қаулысы күшінде, «Банк ЦентрКредит» акционерлік қоғамының кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Төрағалық етуші К.Айтжанов
Судьялар М.Кадырова
Н.Косанов
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.