ВС РК - Постановление от 09.04.2025 по делу 6001-25-00-3ГП/93 (Гражданское)

6001-25-00-3ГП/93

ҚАУЛЫ

2025 жылғы 9 сәуір Астана қаласы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасы құрамында:

төрағалық етуші судья Шәріпов Н.К. судьялар Молдахметова Т.А., Савинова А.С., прокурор Молдаханов Н.А., талап қоюшының өкілі А.Б.Суюндуковтың, жауапкер өкілдері Б.Ж.Онгарованың, Р.Ә.Берниязовтың және М.Б.Оразалиевтің қатысуларымен Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында бейнеконференцбайланыс арқылы өткізілген ашық сот отырысында

талап қоюшы Ерлан Есенбекович Отаровтың жауапкер «Маңғыстау облысының полиция департаменті» мемлекеттік мекемесіне (бұдан әрі – Департамент) жұмыстан босату туралы бұйрықты заңсыз деп танып, оны күшін жою, бұрынғы жұмысына қайта орналастыру туралы азаматтық ісі бойынша қабылданған

Маңғыстау облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 20 тамыздағы қаулысын кассациялық тәртіппен қайта қарау туралы Е.Е.Отаровтың өкілі Р.Өмірболаттың өтінішхаты бойынша азаматтық істі қарап,

АНЫҚТАҒАНЫ:

Отаров Е.Е. сотқа жоғарыда көрсетілген талап қоюмен жүгінген. Ақтау қаласының № 2 сотының 2024 жылғы 4 мамырдағы шешімімен талап қою қанағаттандырылған.

Департаменттің 2023 жылғы 27 қарашадағы № 597 ж/қ бұйрығының Е.Е.Отаровқа тиісті бөлігі заңсыз деп танылып, күші жойылған.

Отаров Е.Е. Департаменттің Ақтау қаласының полиция басқармасының жергілікті полиция қызметі бөлімі бастығы қызметіне жұмысқа қайта орналастырылған.

Департаменттен Е.Е.Отаровтың пайдасына бос жүрген күндеріне 1 952 450 теңге мөлшерінде жалақы, еңбек шартын бұзу кезінде төленген өтемақы, жеке табыс салығы және зейнеткерлік төлемдер (міндетті төлемдер) алынып, өндірілген.

Маңғыстау облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 20 тамыздағы қаулысымен сот шешімінің күші жойылып, талап қоюды қанағаттандырусыз қалдыру туралы жаңа шешім қабылданған.

Өтінішхатта арыз беруші істі қарау барысында материалдық құқық нормаларының бұзылуына байланысты азаматтық іс бойынша қабылданған

апелляциялық сатыдағы сот актісінің күшін жойып, бірінші сатыдағы сот шешімін күшінде қалдыруды сұраған.

Сот алқасы прокурордың апелляциялық сот сатысының қаулысын өзгеріссіз қалдыру туралы қорытындысын, талап қоюшы өкілінің өтінішхаттағы уәждерін қолдаған түсініктерін, жауапкер өкілдерінің өтінішхатты қанағаттандырусыз қалдыру туралы пікірін тыңдап, іс құжаттарын зерделеп, дауланып отырған сот актісі төмендегі негіздерге байланысты күшінде қалдырылуға жатады деген тұжырымға келді.

Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес, заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.

Іс бойынша апелляциялық сот сатысымен мұндай заң бұзушылықтарға жол берілмеген.

Іс құжаттарынан анықталғандай, Отаров Е.Е. 2022 жылғы 25 қарашадан бастап Ақтау қаласы полиция басқармасының жергілікті полиция қызметі бөлімі бастығы қызметін атқарған.

2023 жылғы 27 қарашада Департаменттің өзіндік қауіпсіздік басқармасына арызданушы Есбосинов Д., 2023 жылы 27 қарашада сағат 02:00 шамасында Ақтау қаласы, Шығыс-2 шағын ауданында орналасқан «Эльдивино» ресто-барының жер төле автотұрағында Мұнайлы ауданы полиция басқармасының патрульдік полиция ротасының командирі Н.Мақзамов пен Е.Е.Отаров өзін себепсізден себепсіз бірнеше рет ұрыпсоғып, дене жарақаттарын салғаны туралы арызданып, болған оқиғаның орын алуы туралы түсініктеме берген. 2023 жылғы 27 қарашада аталған дерек бойынша Департаменттің өзіндік қауіпсіздік басқармасында Қазақстақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің (бұдан әрі - ҚК) 293-бабы 2-бөлігінің 1) тармағымен сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің біріңғай тізіміне № 234769031000022 қылмыстық іс тіркелген.

2023 жылғы 27 қарашада қызметтік тергеу қорытындысымен Отаров Е.Е. Қазақстан Республикасының 2011 жылғы 6 қаңтардағы «Құқық қорғау қызметі туралы» заңының (бұдан әрі - Заң) 16-бабы 1-тармағының 1) тармақшасын, 54-бабтың 1-тармағын, Қазақстан Республикасы Президентінің 2023 жылғы 2 қаңтардағы № 81 Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасының құқық қорғау органдары, азаматтық қорғау органдары және мемлекеттік фельдъегерлік қызметі қызметкерлерінің Әдеп кодексінің 3 тарауының талаптарын, Заңның 80-бабы 1-тармағының 13) тармақшасымен құқық қорғау органынан теріс қылықпен шығару мәселесі Департаменттің тәртіптік комиссия отырысында қарау туралы шешім қабылдаған.

Департаменттің тәртіптік комиссиясы 2023 жылғы 27 қарашада Ақтау қаласының полиция басқармасының жергілікті полиция қызметінің бөлімі

бастығы Е.Е.Отаровты ішкі істер органынан теріс қылықпен босату туралы шешім қабылдаған.

Жауапкердің 2023 жылғы 27 қарашадағы № 597 ж/қ бұйрығымен Отаров Е.Е. тәртіптік комиссияның шешімінің негізінде Заңның 80-бабы 1-тармағының 13) тармақшасына сәйкес жұмыстан босатылған.

Маңғыстау облысы прокурорының орынбасарымен 2024 жылғы 13 қаңтарда бекітілген сотқа дейінгі тергеп-тексеруді тоқтату туралы қаулысымен Е.Е.Отаровқа қатысты қылмыстық іс ҚК-нің 293-бабының 2-бөлігінің 1) тармағымен көзделген қылмыстық құқық бұзушылық белгілерінің құрамының болмауына байланысты тоқтатылған.

Жұмыстан шығарылуымен келіспеген Отаров Е.Е. сотқа талап қоюмен жүгінген.

Бірінші сатыдағы сот талап қоюды қанағаттандыру туралы тұжырымға келген. Талап қоюшы бұрынғы қызметіне қайта орналастырылған.

Апелляциялық сатыдағы сот, бірінші сатыдағы соттың тұжырымымен келіспей, талап қою қанағаттандырусыз қалдыруға жатады деген қорытынды жасаған.

Қазақстан Республикасының «Құқық қорғау қызметі туралы» заңының (бұдан әрі – Заң) 56-бабының 1-тармағына сай, қызметкердің тәртіптік теріс қылық жасауы тәртіптік жаза қолданудың негізі болып табылады.

Заңның 1-бабының 15)-тармақшасында тәртіптік теріс қылық ұғымы деп – қызметкердің өзіне жүктелген міндеттерді құқыққа қайшы, кінәлі атқармауы немесе тиісінше атқармауы, лауазымдық өкілеттіктерін асыра пайдалануы, қызметтік және еңбек тәртібін бұзуы, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызметшілерінің ар-намыс кодексін (Мемлекеттік қызметшілердің қызмет әдебі қағидаларын) не ар-намыс кодекстерін (құқық қорғау органдарында қолданыстағы қызмет әдебі қағидаларын) бұзуы, сол сияқты құқық қорғау қызметінде болуға байланысты белгіленген шектеулерді сақтамауы танылатындығы көрсетілген.

Заңының 16-бабының 1-тармағының 1), 5), 7)- тармақшаларына сай қызметкерлер: Қазақстан Республикасының Конституциясын және Қазақстан Республикасының заңнамасын сақтауға; қызметтік және еңбек тәртiбiн сақтауға; Қазақстан Республикасының Президенті бекітетін Қазақстан Республикасы құқық қорғау органдары қызметкерлерінің әдеп кодексінің талаптарын сақтауға міндетті.

Заңның 80-бабының 2-тармағында мынадай әрекеттер, оның ішінде қызметтік міндеттерін атқарумен байланысты емес, бірақ азаматтардың алдында құқық қорғау қызметінің қадір-қасиеті мен беделіне нұқсан келтіретін әрекеттер, атап айтқанда: қызметкерлердің қоғамдық орындарда алкогольдік және (немесе) есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйде (құқық қорғау органына тиесілігі айналадағыларға анық белгілі) болуы; есірткіні, психотроптық заттарды, сол тектестерді, прекурсорларды медициналық емес мақсатта тұтыну; алкогольдік және (немесе) есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйде көлік құралын басқару; қызметкердің

алкогольдік және (немесе) есірткілік және (немесе) психотроптық және (немесе) уытқұмарлық масаң күйін медициналық куәландырудан бас тартуы; қызмет бабын жеке пайдакүнемдік мақсатта пайдалану; құқық қорғау органдарының білім беру ұйымдары қызметкерлерінің, курсанттарының арасында жарғыға сәйкес келмейтін, жағымсыз қоғамдық резонанс тудырған қарым-қатынастары құқық қорғау органына кір келтіретін теріс қылықтар болып табылатындығы көзделген.

Анықталғандай, даулы бұйрықты қабылдауға Департаменттің өзіндік қауіпсіздік бөліміне арызданушы Д.Ж.Есбосыновтың өзін Мұнайлы ауданы полиция бөлімінің командирі Н.М.Макзамов пен Ақтау қаласы полиция бөлімінің жергілікті полиция қызметі бөлімінің бастығы Е.Е.Отаровтың ұрыпсоғып, дене жарақаттарын келтіргені туралы арызы бойынша жүргізілген 2023 жылғы 27 қарашадағы қызметтік тергеу қорытындысы негіз болған.

Отаров Е.Е. қызметтік тергеу қорытындысымен сол күні қол қойып танысқан.

Аталған қорытындымен полиция бөлімінің командирі Макзамов Н.М. 2023 жылғы 23 қарашадан бастап еңбекке жарамсыздық парағын аштыра тұра, Ақтау қаласы аумағындағы «Эльдивино» түнгі клубында көңіл көтергендігі, ал Ақтау қаласы полиция бөлімінің жергілікті полиция қызметі бөлімінің бастығы Отаров Е.Е. Ақтау қаласы аумағында 2023 жылғы 20-30 қараша аралығында жүргізіліп жатқан «Қоғамдық тәртіп» жедел іздестіру шарасына байланысты қала аумағында күшейтілген нысандағы қызмет ету туралы нұсқаманы бұзып, өз қызметіне салғырт қарап, «Эльдивино» түнгі клубында көңіл көтеріп, кейін ол жерде азамат Д.Ж.Есбосыновпен жан-жалдасып, Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызметшілерінің әдептілік нормаларын және мінез-құлық қағидаларының талаптарына сай, құқық қорғау қызметкерлеріне жанаспайтын іс-әрекеттер жасағандары анықталған.

Е.Е.Отаровтың оқиға орын алған күні еңбекке жарамсыз болғаны, жауапкер еңбекке уақытша қабілетсіз кезеңде жұмыстан шығарғаны туралы уәждері іс құжаттарындағы 2023 жылғы 27 қарашадағы қызметтік тергеу қорытындымен және 2024 жылғы 13 қаңтардағы сотқа дейінгі тергептексеруді тоқтату туралы қаулымен теріске шығарылған.

Атап айтқанда, арызданушы Есбосинов Д.Ж. өз түсініктемесінде оқиға орын алған жерден Отаров Е.Е. мемлекеттік белгісі 032АС12 қызметтік автокөлікпен кетіп қалғанын көрсеткен.

Бұған қоса, қызметтік тергеу қорытындысында Е.Е.Отаровтың еңбекке уақытша жарамсыз болғаны көрсетілмеген. Яғни, қызметтік тексеріс жүргізілген күні Е.Е.Отаровқа қатысты еңбекке уақытша жарамсыздық парағы болмаған.

Е.Е.Отаровтың 2023 жылғы 27 қарашада Жетібай ауылдық ауруханасының жалпы хирургия бөлімшесінде 2023 жылғы 25 қараша мен 5 желтоқсан аралығында стационарлық ем алғаны шындыққа жанаспайды. Өйткені стационарлық емделу барысында науқас тәулік бойы медициналық бақылау жасалатын медициналық ауруханада емделуі шарт.

Істің мұндай тұрғысында, апелляциялық сот алқасымен Е.Е.Отаровтың сотқа дәлел ретінде ұсынған № 9147157 еңбекке уақытша жарамсыздық парағы іс бойынша басқа дәлелдемелер жиынтығымен үйлеспеуі, бекімеуі себепті жарамды дәлелдеме ретінде қабылданбауы негізді.

Бұдан бөлек, апелляциялық сот алқасының отырысында жауапкер өкілі 2023 жылғы 27 қарашада Е.Е.Отаров оқиға болған уақытта мемлекеттік белгісі 032АС12 қызметтік автокөлікті басқарғанын, қызметтік тергеу барысында Отаров Е.Е. өзінің еңбекке уақытша жарамсыз болғандығы жөнінде дәлелдеме ұсынбағанын растап, Е.Е.Отаровтың 2023 жылы 25 қарашада Ақтау қаласының полиция басқармасы бастығының міндетін атқарушы А.Булекбаевқа еңбекке жарамсыздық парағын аштырғанын хабарлаған баянатты жазған уақытта Булекбаев А. Ақтау қаласының полиция басқармасының бастығының міндетін атқарушы болып табылмағанын айтқан.

Отаров Е.Е. құқық қорғау саласының қызметкері бола тұра, өз ісәрекеттерімен мемлекеттік биліктің беделін, азаматтар мен қоғамның мемлекет институттарына сенімін нығайтуға ықпал етуге, құқық қорғау органдарының беделін түсіретін, қоғамдық теріс резонанс тудыратын әрекеттердің жасалуына жол берген. Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызметшілерінің әдептілік нормаларын және мінез-құлық қағидаларының талаптарын сақтау талаптарын бұзған. Орын алған жағдай әлеуметтік желіде тарап құқық қорғау органына кір келтіретін жағымсыз пікір туындатқан.

Істің мұндай тұрғысында, апелляциялық сот алқасының талап қоюды қанағаттандырудан бас тарту жөніндегі тұжырымы негізді және күшінде қалдырылуға жатады.

АПК-нің 451-бабы 2-бөлігінің 2) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы

ҚАУЛЫ ЕТТІ:

Маңғыстау облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 20 тамыздағы қаулысы күшінде қалдырылсын.

Е.Е.Отаровтың өкілі Р.Өмірболаттың өтінішхаты қанағаттандырсыз қалдырылсын.

Төрағалық етуші Н. Шәріпов

Судьялар

Т. Молдахметова

А. Савинова

Көшірмесі дұрыс Судья Т. Молдахметова

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.