6003-25-00-2к/4117
Қ А У Л Ы
2026 жылғы 10 ақпан Астана қаласы
Азаматтық істер жөніндегі кассациялық сот құрамында: төрағалық етуші Ж.К. Рустембеков,
судьялар В.Е.Тохтарбаева, Л.Б.Мамырбаева,
талап қоюшы А.М.Токбаевтың және оның өкілі Н.Д.Омарбековтың, жауапкердің өкілі С.К. Мырзакуловтың қатысуларымен,
ашық сот отырысында талап қоюшы Алмат Маратович Токбаевтың жауапкер Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті шекара қызметінің (бұдан әрі - ҰҚК ШҚ) Жамбыл облысы бойынша департаментіне Қазақстан Республикасы ҰҚК ШҚ 2035 әскери бөлім командирінің 2019 жылғы 5 желтоқсандағы №722, 2020 жылғы 3 ақпандағы №141, 2020 жылғы 12 наурыздағы №106 бұйрықтарымен жарияланған тәртіптік жазаларын заңсыз деп танып, қызметтік кәртішкеден алып тастау, 2020 жылғы 2 маусымдағы №10-жқ-қпб жұмыстан босату туралы бұйрығын заңсыз деп санап, бұзу туралы, ҰҚК ШҚ-нің Жамбыл облысы бойынша департаменті бастығының 2020 жылғы 3 маусымдағы №19-қа департамент тізімінен және үлестің барлық түрлерінен шығару туралы бұйрығын заңсыз деп танып, бұзу туралы, бұрыңғы қызметіне қайта орналастыру және мәжбүрлі түрде бос жүрген уақытына орта айлық жалақыны өндіру туралы азаматтық істі
талап қоюшының өкілі Н.Д.Омарбековтың жаңадан ашылған мән-жайлар бойынша Қазақстан Республикасы Әскери сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 29 сәуірдегі ұйғарымына берген кассациялық шағымын қарап,
АНЫҚТАДЫ :
Қазақстан Республикасы Әскери сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 29 сәуірдегі ұйғарымымен осы сот алқасының 2021 жылғы 19 қаңтардағы қаулысын жаңадан ашылған мән-жайлар бойынша қайта қарау туралы арызы қараудан бас тартылған.
Талап қоюшы өкілі кассациялық шағымында сот іс үшін маңызы бар мəн-жайлардың шеңберін дұрыс анықтамағанын, ұйғарымның күшін жойып, бірінші сатыдағы соттың шешімін күшінде қалдыруды сұраған.
Кассациялық сот тараптарды тыңдап келесі тұжырымға келді.
Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болады.
Жергілікті сот мұндай заң бұзушылықтарға жол бермеген.
Қазақстан Республикасы Әскери сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2021 жылғы 19 қаңтардағы қаулысымен Шымкент гарнизоны әскери сотының 2020 жылғы 21 қазандағы шешімі өзгертіліп, сот шешімінің
ҰҚК ШҚ-нің Жамбыл облысы бойынша департаменті бастығының 2020 жылғы 2 маусымдағы №10-жқ-қпб бұйрығымен А.М.Токбаевты жұмыстан босату туралы бұйрығын заңсыз деп тану, ҰҚК ШҚ-нің Жамбыл облысы бойынша департаменті бастығының 2020 жылғы 3 маусымдағы №19-қа А.М.Токбаевты департамент тізімінен және үлестің барлық түрлерінен шығару туралы бұйрығы заңсыз деп тану, талап қоюшы А.М.Токбаев бұрынғы қызметіне - «Қазақстан Республикасы ҰҚК ШҚ Жамбыл облысы бойынша департаменті бастығының қарамағында» қызметіне қайта орналастыру, ҰҚК ШҚ-нің Жамбыл облысы бойынша департаментінен А.М.Токбаевтың пайдасына мәжбүрлі түрде бос жүрген уақыты үшін орташа жалақысы 907 754 теңге өндіру, бұрынғы жұмысына қайта алыну және мәжбүрлі түрде бос жүрген уақытына үш айлық орташа жалақысы 692 355 теңге өндіру туралы бөлігінің күші жойылып, қанағаттандырусыз қалдыру туралы жаңа шешім шығарылған.
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2021 жылғы 6 қыркуйектегі қаулысымен Әскери сотының азаматтық істер жөніндегі апелляциялық сот алқасының қаулысын кассациялық сатыдағы сот отырысында қарау үшін өтінішхатты беруден бас тартылған.
А.М.Токбаев жаңадан ашылған мән-жайлар бойынша қайта қарау туралы арызында істі дұрыс шешу үшін айтарлықтай маңызы бар заңды фактілер ретінде келесі жайттарды көрсеткен.
А.М.Токбаевтың 2024 жылы 31 қаңтардағы Жамбыл облысы полиция Департаментіне жазған арызы негізінде 2024 жылғы 20 ақпанда Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 385-бабының 1-бөлігімен қарастырылған қылмыстық құқық бұзушылық белгілерінің бар болуына байланысты қылмыстық іс қозғалған. Істі тергеу барысында сараптама жүргізілген. 2024 жылғы 3 наурыздағы №372 және 26 наурыздағы №522 сараптама қорытындыларына сәйкес, зерттеуге ұсынылған қызметтік тергеу қорытындыларымен танысу парағындағы және А.М.Токбаевтың түсініктемесіндегі қолтаңбаларынды А.М.Токбаевтың өзімен орындалмаған, оларды орындаған басқа тұлға (тұлғалар) екендігі анықталған. Бұл жайттар жаңадан ашылған мән-жайлар болып табылады деп есептейді.
Қайта қарау негіздері АПК-нің 455-бабында нақты көрсетілген. АПК-нің 455-бабының 2-бөлігінде шешімдерді, ұйғарымдар мен қаулыларды жаңадан ашылған мән-жайлар бойынша қайта қарау үшін заңды күшіне енген сот үкімімен, қаулысымен, қылмыстық қудалау функцияларын жүзеге асыратын мемлекеттік органдардың және лауазымды адамдардың қаулыларымен анықталған куәгердің көрінеу жалған айғақтары, сарапшының көрінеу жалған қорытындысы, көрінеу дұрыс аудармау, заңсыз не негізсіз шешім шығаруға әкеп соққан құжаттардың не заттай дәлелдемелердің
жалғандығы; заңды күшіне енген сот үкімімен, қаулысымен, қылмыстық қудалау функцияларын жүзеге асыратын мемлекеттік органдардың және лауазымды адамдардың қаулыларымен анықталған тараптардың, іске қатысатын басқа да адамдардың не олардың өкілдерінің қылмыстық құқық бұзушылығы немесе судьялардың осы істі қарау кезінде жасаған қылмыстық құқық бұзушылығы; осы шешімді, ұйғарымды немесе қаулыны шығаруға негіз болған сот шешімінің, үкімінің, ұйғарымының немесе қаулысының не өзге де мемлекеттік орган қаулысының күшін жою негіздер болып табылады.
Алайда, А.М.Токбаев апелляциялық сатыдағы соттың қаулысының күшін жоятын АПК-нің 455-бабында қарастырылған дәлелдемелерді сотқа ұсынбаған.
2025 жылғы 30 қаңтардағы сотқа дейінгі тергеп-тексерудің мерзімін үзу туралы қаулысымен мерзім үзілген және бұл қаулы АПК-нің 455-бабында көрсетілген қайта қарау негізі болып табылмайды.
Апелляциялық сот іс бойынша заңды маңызы бар мән-жайларды істі нақты қарау кезінде дұрыс анықтаған.
Сондықтан, дауланып отырған сот актісі күшінде, кассациялық шағым қанағаттандырусыз қалдырылады.
АПК-нің 451-бабы 2-бөлігінің 1) тармақшасын, 452-бабын басшылыққа алып, сот
ҚАУЛЫ ЕТТІ:
Қазақстан Республикасы Әскери сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 29 сәуірдегі ұйғарымы күшінде қалдырылсын.
Талап қоюшы А.М.Токбаевтың өкілі Н.Д.Омарбековтың кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Төрағалық етуші: Ж.К.Рустембеков
В.Е.Тохтарбаева
Судьялар:
Л.Б.Мамырбаева
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.