Кассационный суд Республики Казахстан по гражданским делам - Постановление от 12.03.2026 по делу 6003-25-00-2к/5617 (Гражданское)

Қ А У Л Ы

2026 жылғы 12 наурыз №6003-25-00-2к/5617 Астана қаласы

Азаматтық істер жөніндегі кассациялық соты құрамында төрағалық етуші судья Г.Б.Бастаубаев, судьялар М.Т.Кадырова, Н.О.Косанов,

талап қоюшы өкілі А.М.Сембаевтың, жауапкер өкілі А.Сахиұлының қатысуларымен,

ашық сот отырысында талап қоюшы Қазақстан Республикасы Көлік министрлігі Азаматтық авиация комитетінің «Қазаэронавигация» шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорыны (бұдан әрі - Кәсіпорны) жауапкер «Атамұра-Жусуп» жауапкершілігі шектеулі серіктестігін (бұдан әрі - Cеріктестік) мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушысы деп тану туралы электрондық азаматтық істі Серіктестіктің Ұлытау облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2025 жылғы 22 сәуіріндегі шешімі (бұдан әрі - сот шешімі) мен Ұлытау облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 24 шілдедегі қаулысына (бұдан әрі - алқа қаулысы) берген кассациялық шағымымен қарап,

А Н Ы Қ Т А Д Ы :

Кәсіпорны сотқа аталған талап қоюмен жүгініп, оны Серіктестік шартпен көзделген міндеттемелерін тиісінше орындамағанымен негіздеген.

Алқа қаулысымен өзгеріссіз қалдырылған сот шешімімен талап қою қанағаттандырылып, Серіктестік мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушысы деп танылған және одан мемлекет пайдасына 1 966 теңге мемлекеттік баж өндірілген.

Cеріктестік кассациялық шағымында соттармен материалдық және процестік құқық нормалары бұзылғанын көрсетіп, аталған сот актілерінің күшін жоюды, талапты қанағаттандырудан бас тарту жөнінде жаңа шешім шығаруды сұраған.

Кассациялық сот істегі дәлелдемелерді қарап, іске қатысушылардың жауаптарын тыңдап, кассациялық шағым уәждерін зерделеп, төмендегі тұжырымға келді.

Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы, заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.

Мұндай бұзушылықтар іс бойынша орын алмаған.

Жергілікті соттар Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің (бұдан әрі - АК) 272, 273, 277-баптарын және тараптар арасында құқықтық қатынастар туындаған кезде қолданыста болған «Мемлекеттiк сатып алу туралы» Қазақстан Республикасы 2015 жылғы 4 желтоқсандағы №434-V ҚРЗ Заңының талаптарын дұрыс қолданып, іс үшін маңызы бар мән-жайлар

шеңберін нақты және дұрыс айқындаған, осы дау бойынша қолдануға жататын материалдық және процестік құқық нормаларын ескере отырып, тараптардың уәждері мен қарсылықтарын тексеруге заңмен көзделген барлық шараларды жасаған.

Анықталғаны, 2024 жылғы 20 тамызда тараптар арасында №263/24 құрылыспен байланысты емес жұмыстарды мемлекеттік сатып алу туралы шарт (бұдан әрі - Шарт) жасалған, оған сәйкес Серіктестік Шартқа қол қойылған күннен бастап 120 күнтізбелік күн ішінде, яғни 2024 жылғы 18 желтоқсанға дейін жалпы бағасы 60 338 880 теңге құрайтын Ақмола облысы, Көкшетау қаласындағы орналасқан Кәсіпорынның Көкшетау филиалының ғимараттарын, құрылыстарын және техникалық үй-жайларын таңбалап бояуды қоса алғанда, ғимараттар мен құрылыстарды ағымдағы жөндеу түрде сәндікәрлеу жұмыстарын орындауға міндеттенген.

2024 жылғы 29 қазандағы, 6 және 31 желтоқсандағы тараптардың қолдары қойылған атқарылған жұмыстар жөніндегі актілер бойынша Серіктестікпен жалпы бағасы 29 925 567 теңге құрайтын жұмыстар жасалған. Демек, Серіктестік Шартпен белгіленген мерзімде жұмыстарды толық орындамаған, бұл мән-жайлар іс құжаттарымен қатар тараптармен де жоққа шығарылмаған.

Бұл жағдайда жергілікті соттар Серіктестіктің әрекетіне дұрыс құқықтық бағасын берген, себебі Шарт талаптары айқындалған тәртіпте орындалуы тиіс (АК-тің 272-бабы) болса, мiндеттеменi орындаудан бiржақты бас тартуға жол берілмейді (АК-тің 273-бабы).

Істің мұндай тұрғысында, яғни Серіктестік өзінің Шарт бойынша міндеттемелерін тиісті түрде орындамағанын ескере отырып, талап қою қанағаттандырылуға жатады деген жергілікті соттардың тұжырымы заңды әрі негізді болып табылады.

Серіктестіктің 2025 жылғы 23 шілдедегі қабылдау-тапсыру актісі бойынша Шартпен көзделген жұмыстарды толығымен аяқтап, Кәсіпорынға тапсырылғаны, соңғысымен атқарылған жұмыстарға қатысты қандай да бір шағым жасалмағаны, сол себепті сот актілерінің күшін жоюды сұраған уәждері қабылдануға жатпайды. Өйткені, Кәсіпорын талап қоюмен сотқа 2025 жылғы 10 қаңтарда жүгінген, ол кезде жұмыстар толық орындалмаған, Серіктестікпен жұмыстарды сот шешімі шыққаннан кейін кешіктіріліп орындағаны сот актілерін бұзуға сөзсіз негіз бола алмайды.

Одан бөлек, бүгінгі күні Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2025 жылғы 26 қыркүйектегі шешімімен Серіктестік мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушысы деп танылған.

Кассациялық шағымның басқа уәждері соттардың тұжырымдарын теріске шығармайды, істің мән-жайлары жан жақты зерттеліп, оларға құқықтық бағасы берілген, қосымша тексеруді қажет ететін фактілер

көрсетілмеген, шағымдалған сот актілерінің күштерінің жойылуына немесе өзгертілуіне әкеліп соғатын құқық нормаларының бұзылу деректері анықталған жоқ.

Сол себепті, сот шешімін өзгеріссіз қалдырған алқа қаулысы күшінде, кассациялық шағым қанағаттандырусыз қалдырылуға жатады. АПК-тің 451-бабының 2-бөлігінің 1) тармақшасын, 452-бабын басшылыққа алып, сот

Ұлытау облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 24 шілдедегі қаулысы күшінде, жауапкер «Атамұра-Жусуп» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Төрағалық етуші Г.Бастаубаев

Судьялар М.Кадырова

Н.Косанов

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.