№6003-25-00-2к/4142
ҚАУЛЫ
2026 жылғы 19 қаңтар Астана қаласы
Азаматтық істер жөніндегі кассациялық сот құрамында: төрағалық етуші судья Г.С.Джаппарованың, судьялар А.К.Есдаулетовтың, Н.Б.Ормахановтың, талап қоюшы Н.К.Шиналиевтың, жауапкердің өкілі А.Б.Орманованың қатысуларымен,
ашық сот отырысында бейне-байланыс құрылғысы арқылы талап қоюшы Нуриддин Каримжанович Шиналиевтің жауапкер «Жолаушылар тасымалы» акционерлік қоғамына бұйрықты заңсыз деп танып, жұмысқа қайта орналастыру, лажсыз бос жүрген уақытына жалақы мен моральдық зиянды өндіру туралы талап қоюы бойынша Алматы қаласы Жетісу аудандық сотының 2025 жылғы 14 сәуірдегі шешімі мен Алматы қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 2 шілдедегі қаулысына жауапкердің кассациялық шағымымен түскен азаматтық істі қарап,
АНЫҚТАДЫ:
Н.К.Шиналиев сотқа аталған талап қоюмен жүгінген.
Алматы қаласы Жетісу аудандық сотының 2025 жылғы 14 сәуірдегі шешімімен талап қою ішінара қанағаттандырылып, «Жолаушылар тасымалы» акционерлік қоғамының Н.К.Шиналиевпен еңбек шартын бұзу туралы 9 қазан 2024 жылғы № 878 бұйрығы заңсыз деп танылып, талап қоюшы бұрынғы жұмысына қайта орналастырылған. Жауапкерден талап қоюшының пайдасына лажсыз бос жүрген уақытына орташа жалақысы ретінде 1 694 628 теңге, моральдық зиян 100 000 теңге және сот шығындары өндірілген. Талап қоюдың қалған бөлігі қанағаттандырусыз қалдырылған.
Алматы қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 2 шілдедегі қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімі өзгеріссіз қалдырылған.
Шағымда жауапкер өкілі іс бойынша шығарылған сот актілерімен келіспей, соттардың тұжырымдары істің мән-жайларына сәйкес келмейтінін, іс үшін маңызы бар мән-жайлар ауқымы дұрыс айқындалып анықталмағанын, себебі соттар еңбек тәртібін бұзу фактілерін, актілерді, қызметтік тексеру нәтижелерін, комиссия қорытындыларын және ұжым мен жолаушылар үшін қауіптің болуын ескермеген. Талап қоюшының әрекеттері еңбек тәртібін жүйелі әрі әдейі бұзуды көрсетеді. Дәлелсіз себептермен жұмысқа шықпау, құжаттар ұсынбау еңбек міндетін орындаудан саналы түрде жалтару екенін дәлелдейді. Талап қоюшының агрессивті әрекеттері әріптесіне дене жарақатын келтіру, суицидпен қорқыту еңбек тәртібін ғана емес, жалпы қауіпсіздік пен еңбек қатынастарының адалдығын бұзады. Мұндай әрекеттер жұмыс берушінің сенімін жоққа шығарып, қоғамдық тәртіп пен еңбекті қорғау нормаларын бұзатынын көрсетіп, дау айтылған сот актілерінің күшін жойып, талап қоюды қанағаттандырудан бас тарту туралы жаңа шешім қабылдауды сұраған.
Кассациялық сот істегі дәлелдемелерді зерттеп, іске қатысушылардың түсініктерін тыңдап, кассациялық шағым уәждерін талқылап, төмендегі тұжырымға келді.
Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) 449-бабының 1-бөлігіне сай істi кассациялық тәртiппен қарау кезiнде сот iстегі материалдар бойынша кассациялық шағымның дәлелдерi шегiнде соттар шығарған сот актiлерiнiң заңдылығын тексередi.
АПК-нің 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы, заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.
Іс бойынша мұндай заң бұзушылықтарға жол берілмеген.
Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің (бұдан әрі - Кодекс) 52-бабы 1-тармағының 8) тармақшасына сәйкес, жұмыскермен еңбек шарты жұмыс берушінің бастамасы бойынша, жұмыскер бір жұмыс күні (жұмыс ауысымы) ішінде дәлелді себепсіз үш және одан да көп сағат бойы жұмыста болмаған жағдайларда бұзылуы мүмкін.
Кодекстің 53-бабының 6-тармағына сәйкес, осы Кодекстің 52-бабы 1- тармағының 8), 9), 10), 11), 12), 14), 15), 16), 17) және 18) тармақшаларында көзделген негіздер бойынша еңбек шартын бұзу осы Кодекстің 65-бабында көзделген тәртіптік жаза қолдану тәртібі және осы Кодекстің 66-бабының талаптары сақтала отырып жүргізіледі.
Іс құжаттарынан анықталғандай, талап қоюшы Н.К.Шиналиев 2012 жылғы 27 маусымдағы бұйрық пен еңбек шарты негізінде «Жолаушылар тасымалы» АҚ-ның «Оңтүстік» филиалында жолсерік болып жұмыс істеген.
2024 жылғы 2 тамызда жалақыға қосымша төлемдерге байланысты туындаған дауға орай, жауапкер 2024 жылғы 5 тамызда қызметтік тергеу жүргізу туралы бұйрық шығарып, талап қоюшыны тергеу аяқталғанға дейін жұмысқа жібермеген.
Қызметтік тергеу актісі 2024 жылғы 3 қыркүйекте жасалып, талап қоюшы онымен 2024 жылғы 11 қыркүйекте таныстырылған.
2024 жылғы 9 қазанда жауапкердің № 878 бұйрығымен талап қоюшымен еңбек шарты Кодекстің 52-бабы 1-тармағының 8) тармақшасы негізінде бұзылған.
Бірінші және апелляциялық сатыдағы соттар еңбек шартын бұзу кезінде жауапкер тарапынан Кодекстің 53 және 65-баптарында көзделген тәртіптік жаза қолдану тәртібі сақталмағанын дұрыс анықтаған.
Атап айтқанда, талап қоюшыдан жазбаша түсініктеме талап етілмеген, түсініктеме беру туралы талаптың табысталуы немесе одан бас тартқаны жөнінде заңда көзделген тәртіппен актілер жасалмаған.
Сонымен қатар, іс құжаттарынан талап қоюшының 2024 жылғы 20 тамыз бен 11 қыркүйек аралығында қызметтік тергеуге байланысты жұмысқа
жіберілмегені, ал 12 қыркүйектен кейін де рейске шығу туралы нақты хабарлама алмағаны анықталған. Бұл жайттар мобильді оператордан алынған қоңыраулар детализациясымен, сондай-ақ рейске шығатын жолсеріктер тізімінде талап қоюшының болмауымен расталады.
Осы мән-жайларды ескере отырып, соттар жауапкердің талап қоюшы 2024 жылғы 12 қыркүйек пен 8 қазан аралығында жұмыста себепсіз болмады деген уәждері тиісті, жарамды және жеткілікті дәлелдемелермен расталмаған деген негізді қорытындыға келген.
Кассациялық шағымда келтірілген талап қоюшының психоэмоционалдық жағдайына қатысты уәждер даулы бұйрықта көрсетілмеген және еңбек шартын бұзудың құқықтық негізі ретінде рәсімделмеген мән-жайлар болып табылады, сондықтан олар сот актілерін кассациялық тәртіпте қайта қарауға негіз бола алмайды.
Кодекстің 161-бабының 1-тармағын қолдану кезінде соттар талап қоюшының лажсыз бос жүрген кезеңін дұрыс айқындап, орташа жалақы мөлшерін заң талаптарына сәйкес есептеген.
Сондай-ақ соттар Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің 951, 952-баптарын және «Соттардың моральдық зиянды өтеу жөніндегі заңнаманы қолдануы туралы» Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2015 жылғы 27 қарашадағы №7 нормативтік қаулысының талаптарын негізге ала отырып, моральдық зиянды өндіру туралы дұрыс қорытынды жасаған.
Осылайша, қабылданған шешімнің негіздері мен себептері дау айтылған сот актілерінде заң нормаларына сілтеме жасалына отырып толық көрсетілген, шағымда аталған уәждер соттармен толығымен зерделенген, жаңа уәждер шағымда келтірілмеген.
Мұндай жағдайда дау айтылған сот актілерінің күшін жоюға негіз жоқ.
Сол себепті, сот шешімін өзгеріссіз қалдырған алқа қаулысы күшінде, кассациялық шағым қанағаттандырусыз қалдырылуға жатады.
АПК-нің 451-бабының 2-бөлігінің 1)-тармақшасын басшылыққа алып,
сот
ҚАУЛЫ ЕТТІ:
Алматы қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 2 шілдедегі қаулысы күшінде, кассациялық шағым қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Төрағалық етуші Г.Джаппарова Судьялар А.Есдаулетов Н.Ормаханов
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.