6001-22-00-6ап/842
ҚАУЛЫ
2022 жылғы 11 казан Астана қаласы
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:
төрағалық етуші – алқа судьясы С.Ү.Баймаханов,
судьялар - Ш.Т.Даниярова, Е.Д.Өмірәлиев,
талап қоюшы С[...], оның өкілі - Д[...], жауапкердің өкілі – Ж[...],
«Атырау қалалық жер қатынастары бөлімі» мемлекеттік мекемесінің өкілі – Д[...],
«Атырау облысы жердің пайдалануы мен қорғалуын бақылау басқармасы» мемлекеттік мекемесінің өкілі – А[...],
«Атырау қаласы сәулет және қала құрылысы бөлімі» мемлекеттік мекемесінің өкілі – С[...],
«Азаматтарға арналған үкімет мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамының өкілі – А[...] қатысуыларымен,
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында мобильді бейнеконференцбайланыс арқылы ашық сот отырысында талап қоюшы С[...] жауапкер Атырау қалалық әкіміне жер учаскесін беруден бас тарту туралы қаулының күшін жою және жер учаскесін беруді міндеттеу туралы әкімшілік іс бойынша қабылданған,
Атырау облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 29 наурыздағы қаулысына талап қоюшының өкілі Д[...] келтірген кассациялық шағымымен келіп түскен әкімшілік істі қарап,
АНЫҚТАҒАНЫ:
Талап қоюшы С[...] жауапкер Атырау қалалық әкіміне Атырау қаласы Н.Н[...] көшесі аумағында орналасқан көлемі 0,0034 гектар жер учаскесін беруден бас тарту туралы 2021 жылғы 10 маусымдағы қаулының (бұдан әрі – даулы қаулы) күшін жойып, көлемі 0,0034 гектар қосымша жер учаскесін беруді міндеттеу туралы талап қоюмен сотқа жүгінген.
Атырау облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2021 жылғы 3 қарашадағы шешімімен талап қою қанағаттандырылған. Даулы қаулы заңсыз деп танылып, күші жойылған. Атырау облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 29 наурыздағы қаулысымен бірінші сатыдағы сот шешімінің күші жойылып, талап қою қанағаттандырудан бас тарту туралы жаңа шешім қабылданған.
Талап қоюшы С[...] кассациялық шағымында іс бойынша апелляциялық сот алқасы шешім қабылдағанда материалдық және процестік құқық нормаларын елеулі түрде бұзғанын көрсетіп, апелляциялық сот алқа қаулысының күшін жойып, талап қоюды қанағаттандыру туралы жаңа шешім шығаруды сұраған.
Талап коюшы өкілінің кассациялық шағымды қолдаған, жауапкер және мүдделі тұлғалар өкілдерінің апелляциялық сот алқасының қаулысын күшінде қалдыру туралы пікірлерін тыңдап, іс құжаттарын зерттеп, сот алқасы төмендегідей тұжырымға келеді.
Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 169 - бабының бірінші бөлігіне сай кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.
АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.
Іс бойынша апелляциялық сот алқасымен мұндай кемшіліктерге жол берілмеген.
Сотта анықталған мән-жайларға қарағанда, 2006 жылғы 29 тамыздағы №3634307 сатып алу сату шарты бойынша С[...] В.С. Финкельштейннен Атырау қаласы, Н[...] көшесі аумағында орналасқан кадастр №[...] 0,0072 гектар көлікжай үшін берілген жер учаскесін сатып алған. 2006 жылғы 25 қыркүйегінде жер учаскесіне жеке меншік құқығын беретін акт берілген. 2021 жылғы 25 мамырында С[...] Атырау қаласының әкіміне көлемі 0,0072 гектар жер учаскесін кеңейту үшін қосымша 0,0034 гектар жер учаскесін беру жөнінде арыз тапсырған.
Жеке және заңды тұлғалардың Атырау қаласы аумағындағы жер мәселелері жөніндегі жер комиссиясының 2021 жылғы 8 маусымдағы №23 хаттамасымен С[...] жер учаскесін кеңейтуге бас тартылған. Бас тартуы жер учаскесі орналасқан аумақ Атырау қаласының бас жоспарына сәйкес, тұрғын үй-жайлық құрылыс аумағы үшін қарастырылғаны және Атырау қаласы бойынша көлікжай алаптарының жер учаскелерін мемлекеттік қажеттілікке алу жұмыстары жүргізіліп жатқанымен негізделген.
2021 жылғы 10 маусымдағы №1705 Атырау қаласы әкімінің қаулысымен талап қоюшыға қосымша 0,0034 гектар жер учаскесін беруден бас тартылған.
Аталған қаулымен талап қоюшы келіспеген. Бірінші сатыдағы сот талап қоюды қанағаттандыруына жер комиссиясының отырысының аудио және бейне жазба түсірілімінің жоқтығы, Атырау қаласы бойынша көлікжай алаптарының жер учаскелерін мемлекеттік қажеттілікке алу жұмыстары жүргізілгені туралы қаулы қабылданбағаны, көшпелі сот отырысында талап қоюшының қосымша сұраған жер учаскесіне тұрғын үй-жайлық құрылыс аумағы үшін қарастырылғаны туралы уәждері расталмағаны, аяқталған құрылысты бұзу талап қоюшыны елеулі материалдық шығынға келтіретіндіктен экономикалық жағынан негізсіздігі себеп болу туралы тұжырымға келген. Апелляциялық сот алқасы аталған шешіммен келіспей, шешімнің күшін жойып, талап қою қанағаттандырудан бас тарту туралы жаңа шешім қабылдаған.
Онда жергілікті атқарушы органның қабылданған даулы қаулысы заңды, талап қоюшыға жер учаскесін беруден бас тарту туралы шешімі өз құзыреті шегінде жасалған.
Апелляциялық сот алқасының бұл тұжырымы негізді және іс құжаттарымен қуатталған.
Қазақстан Республикасының Жер кодексінің 43-бабының екінші тармағына сәйкес жер учаскелерiн меншiкке немесе жер пайдалануға берудi облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың, аудандардың, облыстық маңызы бар қалалардың жергiлiктi атқарушы органдары, аудандық маңызы бар қалалардың, кенттердiң, ауылдардың, ауылдық округтердiң әкiмдерi өздерінің құзыретi шегiнде жүзеге асырады. Жер учаскесін беру туралы шешім жер комиссиясының оң қорытындысы және жерге орналастыру жобасы негізінде қабылданады. Жер комиссиясының отырысы, егер оған комиссия құрамының жалпы санының кемінде үштен екісі қатысса, құқыққа сыйымды деп есептеледі. Дауыс беру нәтижелері отырысқа қатысып отырған жер комиссиясы мүшелері жалпы санының көпшілік даусымен айқындалады және егер оған жер комиссиясы мүшелерінің көпшілігі дауыс берсе, шешім қабылданды деп есептеледі.
Демек, жер комиссиясының отырысы, егер оған комиссия құрамының жалпы санының кемінде үштен екісі қатысса, құқыққа сыйымды деп есептеледі. 2021 жылғы 8 маусымдағы №23 хаттамалық шешімге сай, С[...] қосымша жер учаскесін сұрау туралы арызы, заңды құраммен қаралып көпшілік дауыспен бас тартылған. АПК-ның 76-бабының екінші бөлігіне сәйкес, соттың бұрын қаралған азаматтық іс бойынша заңды күшіне енген шешімімен немесе қаулысымен анықталған мән-жайлар сот үшін міндетті. Мұндай мән-жайлар тап сол тұлғалар қатысатын басқа да азаматтық істерді талқылау кезінде қайта дәлелденбейді.
Атырау облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2021 жылғы 10 тамыздағы қаулысымен күшінде қалдырылған Атырау қалалық сотының 2021 жылғы 16 маусымдағы шешімімен С[...] өз бетімен иемденген 0,0040 гектар жер учаскесін босату міндеттелген.
Аталған шешіммен С[...] артық жер учаскесі пайдаланып отырғаны «Атырау облысы жердің пайдаланылуы мен қорғауын бақылау басқармасы» мемлекеттік мекемесімен тексеріс жүргізу барысында анықталған.
Бұл жағдайда, атқарушы органның шешімі өз құзыреті шегінде жасалған.
Мұндай жағдайда, апелляциялық сот алқасы даулы қаулының күшін жоюға негіздер жоқ екені туралы дұрыс тұжырымға келген.
ӘРПК-нің 8-бабының 1-тармағына сәйкес әкімшілік орган, лауазымды адам және сот әкімшілік істі қарау кезінде объективтілік пен бейтараптықты сақтай отырып, әкімшілік іске қатысушылардың әрқайсысына олардың әкімшілік істің мән-жайларын жан-жақты және толық зерттеуге құқықтарын іске асыруына тең мүмкіндік пен жағдайды қамтамасыз етуге міндетті.
ӘРПК-нің 10-бабының 1-тармағына сәйкес, әкімшілік орган, лауазымды адам әкімшілік қалауды жүзеге асыру кезінде әкімшілік рәсімге қатысушы мен қоғам мүдделерінің әділ теңгерімін қамтамасыз етеді.
Бұл ретте әкімшілік акт, әкімшілік әрекет (әрекетсіздік) мөлшерлес, яғни жарамды, қажетті және пропорциялы болуға тиіс.
Сот алқасы ӘРПК-нің 2-тарауына сай әкімшілік рәсімдердің және әкімшілік сот ісін жүргізу қағидаттарының бірі мөлшерлестік қағидаты болып табылатынын назарға алады.
Осы кодекстің 6-бабына сәйкес әкімшілік рәсімдер мен әкімшілік сот ісін жүргізу осы тарауда баяндалған қағидаттар негізінде жүзеге асырылады. Осы тарауда белгіленген әкімшілік рәсімдердің қағидаттары түпкілікті болып табылмайды және құқықтың басқа да қағидаттарын қолдануға кедергі болмайды. Азаматтық сот ісін жүргізу қағидаттары, егер бұл осы тарауда баяндалған қағидаттарға қайшы келмесе, әкімшілік сот ісін жүргізуде қолданылады. Әкімшілік рәсімдердің және әкімшілік сот ісін жүргізудің қағидаттарын бұзу оның сипатына және елеулі болуына қарай әкімшілік актілерді, әкімшілік әрекеттерді (әрекетсіздікті) заңсыз деп тануға, сондай-ақ шығарылған сот актілерінің күшін жоюға алып келеді.
Іс бойынша сотта анықталған мән-жайларға баға бере отырып сот алқасы дауланып отырған апелляциялық сот алқасының сот актісі ақылға қонымды, парасатты және мөлшерлестік қағидатына сай қабылданған деп санайды.
Сондықтан аталған сот актісінің күшін жоюға негіздер жоқ.
ӘРПК-нің 169 бабын және АПК-нің 451-бабының 2-бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы
Қ А У Л Ы Е Т Т І: Атырау облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 29 наурыздағы қаулысы күшінде қалдырылсын.
Талап қоюшының өкілі Д[...] кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Төрағалық етуші Судьялар
С. Баймаханов Ш. Даниярова Е. Өмірәлиев
Көшірмесі дұрыс. Судья
Ш. Даниярова
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.