6001-25-00-3гп-121
2025 жылғы 29-сәуір Астана қаласы
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасы құрамында:
төрағалық етуші - алқа судьясы Б.Р.Ералиева, судьялар М.Г.Боровик пен Ғ.Ж.Мырзакенің,
талап қоюшының өкілі Г.А.Алматованың,
жауапкердің өкілі С.Ж.Дарысбаевтың қатысуларымен,
талап қоюшы «Атырау облысы Мемлекеттік сатып алу және коммуналдық меншік басқармасы» мемлекеттік мекемесінің (бұдан әрі - Басқарма) жауапкер «АГК Групп» жауапкершілігі шектеулі серіктестігін (бұдан әрі - Серіктестік) мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушы деп тану туралы талап қоюмен қозғалған азаматтық іс бойынша қабылданған Атырау облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 30-қазандағы қаулысына Басқарманың келтірген өтінішхатымен келіп түскен азаматтық ісін қарап,
А Н Ы Қ Т А Ғ А Н Ы:
Басқарма сотқа жоғарыда көрсетілген талап қоюмен жүгінген.
Атырау облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2024 жылғы 12-шілдедегі шешімімен талап қою қанағаттандырылған.
Серіктестік мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушы деп танылған.
Атырау облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 30-қазандағы қаулысымен бірінші сатыдағы сот шешімінің күші жойылып, іс бойынша талап қоюды қанағаттандырусыз қалдыру туралы жаңа шешім қабылданған.
Өтінішхатта Басқарма апелляциялық сатыдағы соттың түйіні істің мәнжайына сәйкес келмейтінін көрсетіп, оның күшін жойып, бірінші сатыдағы сот шешімін күшінде қалдыруды сұраған.
Даудың нысанасына дербес талаптарын мәлімдемейтін үшінші тұлғалар «Атырау облысы Исатай аудандық тұрғын үй коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі» мемлекеттік мекемесінің, дара кәсіпкер У.К.Рспаевтың өкілдері кассациялық сатыдағы сот отырысының уақыты мен орны туралы хабарламаны дер кезінде алса да, сот отырысына қатыспады және оның қатыспау себептерін хабарламады, істің қаралуын өздерінің қатысуынсыз өткізуді сұрамады.
Алқа, аталған үшінші тұлғалардың өкілдерінің сотқа қатыспауын дәлелсіз себептермен деп есептеп, сот отырысын олардың өкілдерінің қатысуынсыз өткізді.
Сот алқасы іс бойынша Басқарма өкілі Г.А.Алматованың өтінішхатты қолдаған түсінігін, Серіктестіктің өкілі С.Ж.Дарысбаевтың, дауланған сот актісін күшінде қалдыруды сұраған түсінігін, өтінішхат уәждерін талқылап, іс құжаттарын зерделеп, келесідей тұжырымға келді.
Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес заңсыз сот актісін шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулі түрде бұзылуы осы кодекстің 434-бабының 1-бөлігінде көрсетілген, заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негіздер болып табылады.
Сот алқасы бұл іс бойынша мұндай негіздер жоқ деп санайды.
Іс құжаттарына қарағанда Басқарма құрылыспен байланысты емес жұмыстарды сатып алуға ашық конкурс жариялаған.
Конкурстық құжаттамада оған қатысушы әлеуетті өнім берушінің ұқсас жұмыстар түрлері бойынша сатып алынатын жұмыстар нарығында бір жыл тәжірибесінің болуы біліктілік талаптарының бірі болып белгіленген.
Сол себепті Серіктестік әлеуетті өнім беруші ретінде конкурсқа қатысуға өтінімдер беріп, өзінің жұмыс тәжірибесін бекітетін құжат ретінде Атырау облысы, Исатай ауданында орналасқан объектіде 2023 жылғы қараша айында жұмыс істегенін, тапсырыс берушісі дара кәсіпкер (бұдан әрі - ДК) Утемис Калиевич Рспаев болғанын, оны растайтын құжат ретінде 2023 жылғы 15-қарашада орындалған жұмыстар актісін ұсынған.
Осы мәліметті нақтылау үшін Басқарма «Атырау облысы Исатай ауданының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімі» мемлекеттік мекемесіне (бұдан әрі - Бөлім) хат жолдаған. Аталған мемлекеттік тапсырушының жауабына сәйкес мердігер ДК У.К.Рспаевпен жасалған келісім шарт бойынша орындаушы тарапынан қосалқы мердігерлердің тартылмағаны туралы ақпарат берген.
Осылайша талап қоюшы жауапкердің конкурстық құжаттамаға біліктілік талаптары және (немесе) конкурстық баға ұсынысына әсер ететін құжаттар бойынша өтінім бергенде анық емес ақпарат берген деген негізбен сотқа талап қоюмен жүгінген. Бірінші сатыдағы сот талап қоюды қанағаттандыру туралы шешім қабылдау кезінде ДК У.К.Рспаевтың Исатай ауданында орналасқан объектіде тапсырыс беруші ретінде қосалқы мердігер тартуға жазбаша келісім алмағанымен және қосалқы мердігер туралы ақпарат ұсынбағанымен негіздеген.
Сонымен қатар сот жауапкермен сот отырысында дәлелдеме ретінде ұсынылған ДК У.К.Рспаев пен Серіктестіктің арасында жасалған шартты негізге алмаған. Өйткені шарт бойынша жұмыс көлемі орындалғанымен, оның ақысын төлегені туралы шот-фактуралар немесе есеп-шоттарға ақшаның аударылғанын растайтын құжаттар ұсынылмағанын, яғни, шарттың 2.3, 2.4 тармақтарында көзделген талаптар орындалмағанын көрсеткен.
Өз кезегінде, апелляциялық сатыдағы сот бірінші сатыдағы соттың түйіндерімен келіспей, сотта Серіктестік шарт бойынша мердігер ретінде 2023 жылғы қараша айында Исатай ауданында орналасқан объектіде жұмыстарды орындағанын және шартта ДК У.К.Рспаевтың тапсырыс беруші екені, сол себепті шарт бойынша жұмыстар толық орындалған деген қорытындыға келген.
Сонымен қатар, алқа, Серіктестіктің ұсынған құжаттарын жалған және оларды дәлелдеме ретінде қабылдамауға негіз жоқ деген түйінге келіп, талап қоюшының келтірген уәждерін негізсіз деп тапқан.
Қазақстан Республикасы «Мемлекеттік сатып алу туралы» Заңының 2-бабының 1) және 8) тармақшаларына сай анық емес ақпарат-әлеуетті өнім берушінің конкурсқа (аукционға) қатысуға арналған өтінімінде қамтылған, сол сияқты әлеуетті өнім берушінің берілген өтінімінің шынайы мазмұнын бұрмалайтын және шындығына сәйкес келмейтін түзетулер арқылы енгізілген жалған мәліметтер; жұмыстар-заттық нәтижесі бар қызмет, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жұмыстарға жатқызылған өзге де қызмет болып табылады.
Мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру қағидаларының (бұдан әрі – Қағидалар) 6-қосымшасының 18-тармағының 1) тармақшасына сәйкес, егер әлеуетті өнім беруші жұмыстардың не көрсетілетін қызметтердің қосалқы мердігерлерін (бірлесіп орындаушыларын) тартуды көздеген жағдайда, әлеуетті өнім беруші ұйымдастырушыға тартылатын қосалқы мердігерлердің (бірлесіп орындаушылардың) біліктілік талаптарына сәйкестігін растайтын құжаттардың электрондық көшірмелерін ұсынады; Құрылыспен байланысты емес жұмыстарды мемлекеттік сатып алу туралы үлгілік шарттың (Қағидаларға 36 қосымша) 8.8 тармағына сәйкес қосалқы мердігерлер (бірлесіп орындаушылар) тартылған жағдайда, Мердігер/Орындаушы Тапсырыс берушіге осы Шарт шеңберінде жасалған барлық қосалқы мердігерлік шарттардың көшірмелерін ұсынады.
Сот отырысында үшінші тұлға ДК У.К.Рспаев Серіктестікпен мердігер ретінде жасалған 2023 жылғы 30-тамыздағы № 11/23 шартты (бұдан әрі№ 11/23 Шарт) қуаттап, Атырау облысы Исатай ауданында аудандық маңызы бар жалпыға ортақ пайдаланылатын автомобиль жолдарын күтіп ұстау жөніндегі жұмыстардың толық орындалғанын көрсеткен.
Аталған шарт Бөлім мен ДК У.К.Рспаев арасында 2023 жылы 28-тамызда жасалған «Атырау облысы Исатай ауданында аудандық маңызы бар жалпыға ортақ пайдаланылатын автомобиль жолдарын күтіп ұстау жөніндегі жұмыстар туралы» құрылыспен байланысты емес жұмыстарды мемлекеттік сатып алу туралы № 63 шартты орындау үшін жасалған (бұдан әрі-№ 63 Шарт). Шарттың құны 33 669 728,96 теңгені құрайды.
13-қарашадағы № 161, 19-желтоқсандағы № 181 орындалған жұмыстар туралы актілермен (3 000 000 теңге, 15 000 000 теңге, 15 669 728,96 теңге), барлығы 33 669 728,96 теңгеге бекуін тапқан.
Жұмыстың толық орындалғаны Бөліммен қуатталған.
№ 11/23 Шарттың 2.3, 2.4 тармақтарына сай орындалған жұмыстар бойынша ақы мердігердің тапсырыс берушіге жіберген счет-фактурасы мен орындалған жұмыстар туралы актіге тапсырыс берушімен қол қойылғаннан кейін, мердігердің есеп-шотына аудару арқылы жүзеге асады.
Бірақ Серіктестік ДК У.К.Рспаевпен № 11/23 Шарт бойынша орындалған жұмыстар үшін ақы төлегені жөніндегі дәлелдерді ұсынбаған.
№ 63 Шарттың 8.7 тармағында орындаушы ДК У.К.Рспаев өз міндеттемелерін Тапсырыс берушінің (Бөлімнің) алдын-ала жазбаша келісімінсіз біреуге не толық, не ішінара беруіне рұқсат етілмейді деп көрсетілген.
ДК У.К.Рспаев өз міндеттемелерін толық күйінде Серіктестікке Бөлімнің келісімінсіз берген, оны ол жоққа шығармаған.
Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінің 157 бабының 1-тармағына сай мәміле сот оны осындай деп (дауланатын мәміле) тануына байланысты осы Кодексте немесе өзге де заңнамалық актілерде белгіленген негіздер бойынша не осылай тануына (маңызсыз мәміле) қарамастан, заңнамалық актілерде тікелей көзделген негіздер бойынша жарамсыз болады.
Егер мәміленің маңызсыздығы заңнамалық актілерде көзделмесе, ол даулы мәмілеге жатады.
Мәміленің маңызсыздығы туралы дау туындаған жағдайда, оның жарамсыздығын сот белгілейді.
Сол себепті Серіктестік пен ДК У.К.Рспаевтың арасында жасалған № 11/23 Шарт дауланатын мәмілеге жатады. Сондықтан оның жарамсыздығы тек сотта қаралып, дәлелденуге тиіс.
Ал оған дейін, істегі берілген құжаттарға сәйкес № 11/23 Шарт бойынша құрылыспен байланысты емес қажетті жұмыстардың орындалғаны, оның жарамдылығын білдіреді. Сондықтан апелляциялық сатыдағы сот ДК У.К.Рспаевтың өз міндеттемелерін толық күйінде Серіктестікке Бөлімнің келісімінсіз бергені және № 11/23 Шарт бойынша тараптар арасында төленген шот фактуралардың болмауы, оның анық емес ақпарат екенін дәлелдей алмайды деген түйінге дұрыс келген.
Сонымен қатар, үшінші тұлға ДК У.К.Рспаевтың Серіктестікпен Бөлімнің келісімінсіз шарт жасауы мердігердің кінәсі болып есептелмейді.
Құрылыспен байланысты емес жұмыстарды мемлекеттік сатып алу туралы үлгілік шарттың (Мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру қағидаларына 36-қосымшa) 8.8 - тармақшасына сәйкес қосалқы мердігерлердің болуы Мердігерді/Орындаушыны Шарт бойынша материалдық немесе басқа жауапкершіліктен босатпайды.
Демек, ДК У.К.Рспаевпен жасалған № 11/23 Шарт бойынша соңғы заң алдындағы жауапкершіліктен босатылмайды және оның Бөліммен жасалған шарт талабын бұзуы Серіктестіктің берген актісін анық емес ақпарат деп табуға негіз бола алмайды.
Істі қарау барысында жергілікті соттарға № 11/23 Шарттың дауланғаны туралы деректер берілмеген.
Кассациялық сот алқасында Басқарманың өкілі Г.А.Алматова № 11/23 Шарттың дауланбағанын, оның заңды күшінде екенін жоққа шығармады.
АПК-нің 65-бабының 3-бөлігі бойынша істің заң бойынша белгілі бір дәлелдемелермен расталуға тиіс мән-жайлардың ешқандай басқа дәлелдемелермен расталуы мүмкін емес.
Істің мұндай тұрғысында, сот алқасы өтінішхатта келтірілген Басқарманың уәждерімен келіспейді, себебі апелляциялық сатыдағы сот істің мән-жайын толық, жан-жақты және объективті түрде тексерген, жиналған дәлелдемелерге материалдық және процестік құқық нормаларына сәйкес дұрыс баға берген, сол себепті бірінші сатыдағы соттың шешімінің күшін жою туралы қаулыны заңды және негізді қабылдаған.
АПК-нің 68-бабының 1-бөлігіне сай әрбір дәлелдеме оның қатыстылығы, жарамдылығы, анықтығы ескеріле отырып, ал барлық жиналған дәлелдемелер жиынтығы азаматтық істі шешу үшін жеткіліктілігі тұрғысынан бағалануға тиіс.
Демек, апелляциялық сатыдағы соттың түйіндері істің мән-жайларына сәйкес келеді.
Сондықтан сот алқасы, АПК-нің 427-бабында көрсетілген сот актісінің күшін жоюға немесе өзгертуге негіздер жоқ деген қорытындыға келіп, өтінішхатты қанағаттандырусыз қалдырады.
АПК-нің 451-бабы 2-бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы
Қ А У Л Ы Е Т Т І:
Атырау облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 30-қазандағы осы іс бойынша шығарған қаулысы күшінде қалдырылсын.
«Атырау облысы Мемлекеттік сатып алу және коммуналдық меншік басқармасы» мемлекеттік мекемесінің өтінішхаты қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Төрағалық етуші Б.Р.Ералиева Судьялар М.Г.Боровик Ғ.Ж.Мырзаке
Көшірмесі дұрыс: Судья Б.Р.Ералиева
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.