6кп-1-25
Қ А У Л Ы
2025 жылғы 21 ақпан Астана қаласы
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы құрамында:
төрағалық етуші – судья Е.Маукен,
судьялар Н.К.Құрманғалиев, Г.Ғ.Исамберлиева, Қазақстан Республикасы Бас прокурорының аға көмекшісі
А.Төремұратұлының,
Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің Түркістан облысы бойынша Департаментінің өкілі А.З.Сүлейменнің,
адвокат У.О.Мамбетовтің қатысуларымен
кассациялық тәртіппен ашық сот отырысында бейнеконференц байланыс жүйесі арқылы Түркістан облысы Келес аудандық сотының 2024 жылғы 8 қарашадағы қаулысына Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы төрағасының ұсынуымен келіп түскен,
Асан Азретбергенович Хитановқа (Khitanov Asan Azretbergenovovich) қатысты Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің (бұдан әрі - ӘҚБтК) 517-бабының 4-бөлігі бойынша әкімшілік құқық бұзушылық туралы істі қарап,
А Н Ы Қ Т А Д Ы:
Түркістан облысы Келес аудандық сотының 2024 жылғы 8 қарашадағы қаулысымен А.А.Хитанов ӘҚБтК-нің 517-бабының 4-бөлігі бойынша әкімшілік жауаптылыққа тартылып, оған Қазақстан Республикасының шегінен әкімшілік жолмен шығарып жіберу түріндегі жаза қолданылған.
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы төрағасының ұсынуында соттардың құқық нормаларын түсіндіруі мен қолдануында бірізділіктің бұзылуына байланысты соттың қабылдаған қаулысы қайта қарауға жататыны көрсетілген. Ұсыну уәждерін қолдаған әкімшілік жауаптылыққа тартылған тұлғаның адвокатының, уәкілетті орган өкілінің ұсынуға қарсы еместігі туралы пікірлерін тыңдап, іс құжаттарын зерттеп, ұсынудың уәждерін қолдап, сот қаулысын өзгерту және айыппұл жазасын тағайындау туралы прокурордың қорытындысын тыңдап, сот алқасы төмендегідей тұжырымға келеді. ӘҚБтК-нің 851-бабының 5-бөлігіне сәйкес әкімшілік құқық бұзушылық туралы істер бойынша қаулыларды кассациялық тәртіппен қайта қарауға қабылданған қаулы соттардың, уәкілетті органдардың (лауазымды адамдардың) құқық нормаларын түсіндіруі мен қолдануында бірізділікті бұзатын жағдайлар негіз болып табылады.
Іс бойынша мұндай жағдайлар орын алған.
Іс материалдарына сәйкес Өзбекстан Республикасының азаматы А.А.Хитанов 2024 жылғы 9 қазанда Қазақстан Республикасына келіп, заңда белгіленген мерзім өткен соң он тәуліктен асатын кезең ішінде Қазақстан аумағынан шығып кетуден жалтарған. Осы факті бойынша оған қатысты ӘҚБтК-нің 517-бабының 4-бөлігімен әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс қозғалған.
Бірінші сатыдағы сот А.А.Хитановтың кінәсі істегі дәлелдемелер жиынтығымен толық дәлелденген деген негізді тұжырымға келіп, оны әкімшілік жауаптылыққа дұрыс тартқан.
Алайда А.А.Хитановқа ел аумағынан әкімшілік жолмен шығарып жіберу түріндегі жаза тағайындаған кезде сот істің мән-жайларына және заң талаптарына тиісті дәрежеде көңіл бөлмеген.
А.А.Хитановтың ұлты қазақ және оның егізінің сыңары З.А.Бекешова – Қазақстан Республикасының азаматы, Түркістан облысының Келес ауданының тұрғыны. А.А.Хитановтың кәмелетке толмаған ұлы Д.А.Азретбергенов Астана қаласындағы колледждің күндізгі бөлімінде оқиды.
ӘҚБтК-нің 517-бабыү 4-бөлігінің санкциясымен 25 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салу немесе Қазақстан Республикасының шегінен әкiмшiлiк жолмен шығарып жiберу түріндегі әкімшілік жаза қолдану көзделген. Аталған Кодекстің 55-бабының 2 және 3-бөліктеріне сәйкес әкiмшiлiк жаза әдiл, құқық бұзушылықтың сипатына, оның жасалу мәнжайларына, құқық бұзушының жеке басына сай келетiн болуы тиiс. Жеке тұлғаға әкiмшiлiк жаза қолдану кезінде жасалған әкiмшiлiк құқық бұзушылықтың сипаты, кiнәлiнiң жеке басы, оның iшiнде оның құқық бұзушылық жасағанға дейiнгi және одан кейiнгi мiнез-құлқы, мүлiктiк жағдайы, жауаптылықты жеңiлдететiн және ауырлататын мән-жайлар ескерiледi.
Іс материалдарына қарағанда А.А.Хитанов бұрын әкімшілік жауаптылыққа тартылмаған, өзінің кінәсін мойындап, шынайы өкінетіндігін көрсеткен, оның жауаптылығын ауырлататын мән-жайлар анықталмаған. «Халықтың көші-қоны туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 48-бабына сәйкес бұрын Қазақстан Республикасынан шығарып жіберілген көшіп келушілерге соттың шығарып жіберу туралы шешімі орындалған күннен бастап бес жыл бойы Қазақстан Республикасына келуге тыйым салынады.
ӘҚБтК-нің 840-бабының 2) және 4)-тармақшаларына сәйкес судьяның әкімшілік жауаптылық туралы заңды дұрыс қолданбауы және қолданылған жазаның жасалған құқық бұзушылық сипатына, кінәлінің жеке басына сәйкес келмеуі әкімшілік іс бойынша қаулының күшін жоюға немесе өзгертуге негіз болып табылады.
ӘҚБтК-нің 822-бабының 2-бөлігіне сәйкес әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс бойынша қаулы заңды және негізделген болуға тиіс.
Кассациялық сот алқасы бірінші сатыдағы сот тарапынан аталған заң нормаларының бұзылғанын анықтап, сот қаулысы жаза тағайындау бөлігінде өзгертіліп, А.А.Хитановқа ӘҚБтК-нің 517-бабының 4-бөлігінде қарастырылған айыппұл жазасы қолданылуы тиіс деп санайды.
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы төрағасының ұсынуы қанағаттандырылуға жатады.
Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 851-бабын басшылыққа ала отырып сот алқасы,
Қ А У Л Ы Е Т Т І :
Асан Азретбергенович Хитановты (Khitanov Asan Azretbergenovovich) ӘҚБтК-нің 517-бабының 4-бөлігі бойынша әкімшілік жауаптылыққа тарту туралы Түркістан облысы Келес аудандық сотының 2024 жылғы 8 қарашадағы қаулысы өзгертілсін.
А.А.Хитановқа (Khitanov Asan Azretbergenovovich) тағайындалған Қазақстан Республикасының шегінен әкiмшiлiк жолмен шығарып жiберу туралы әкімшілік жаза 92 300 (тоқсан екі мың үш жүз) теңге айыппұл жазасына өзгертілсін.
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы төрағасының ұсынуы қанағаттандырылсын.
Төрағалық етуші Е.Маукен Судьялар Н.Кұрманғалиев Г.Исамберлиева Көшірмесі дұрыс Г.Исамберлиева
Судья
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.